Нұрлан Нығматулиннің ұлы «ҚазМұнайГаз-Аэро» бас директоры қызметінен босатылды

Нұржан Нұрланов «ҚазМұнайГаз-Аэро» бас директоры қызметінен босатылды деп хабарлады turkystan.kz «ҚазМұнайГаз «Ұлттық компаниясы» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, 19 мамырда «ҚазМұнайГаз-Аэро» ЖШС жалғыз мүшесінің шешімімен компанияның бас директоры болып Шамсутдинов Ильдар Тагирович тағайындалған.

Ильдар Шамсутдинов мұнай-газ саласының білікті маманы. Оның Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының мұнай-газ өндіру кәсіпорындарында, сондай-ақ, халықаралық трейдинг компанияларында сауда, бизнесті дамыту, логистикалық операциялар және келісімшаттар жасасу бағыттары бойынша мол тәжірибесі бар.

И.Шамсутдинов 2000 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын «Қаржы және кредит» мамандығы бойынша, 2004 жылы Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін «Мұнай және газ кен орындарын игеру» мамандығы бойынша тәмамдаған. MBA дәрежесіне ие (РФ Президенті жанындағы Ресей ауыл шаруашылығы және мемлекет қызмет академиясы).

Еңбек жолын 2000 жылы «CNPC-Aktobemunaigas» ААҚ компаниясында мұнай сату инженері, мұнай тасымалдау маманы болып бастады.

2005-2006 жылдары «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС мұнай сату бөлімінің жетекші маманы болып жұмыс істеді.

2006-2007 жылдары «Бұзашы Оперейтинг Лтд» компаниясында маркетинг департаментінің жетекші маманы болған.

2008-2011 жылдары «Назым мұнай-газ барлау экспедициясы» ЖАҚ және «Ханты-Мансийск мұнай компаниясы» ЖАҚ ұйымдарының Мәскеу өкілдігінің басшысы қызметін атқарды.

2010-2017 жылдары «Жайықмұнай» ЖШС логистика департаментінің басшысы болып еңбек етті.

2017 жылдан бастап Exmor Group DMCC/ Enco Trading DMCC/ Supreme Petroleum Pte Ltd компаниялар тобында (Дубай және Мәскеу) логистика менеджері, мұнай өнімдерін сату менеджері және трейдинг пен бизнесті дамыту жетекшісі болып қызмет етті.

Айта кетсек, Нұржан Нұрланов – Мәжілістің бұрынғы спикері Нұрлан Нығматулиннің кенже ұлы, «ҚазМұнайГаз-Аэро» компаниясын 2019 жылдың ақпанынан бері басқарды.

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button