10 Сәуір 2015, 15:05 4105 0 Саясат Еркежан ЖҰМАТАЙ

Н. Назарбаев: Жастарға қажырлы еңбек ету керек

Бүгiн Астанада «Елбасымен бірге – жаңа жетістіктерге!» жастар форумы өз жұмысын бастады. Жастар форумына еліміздің барлық өңірінен 2000-нан астам адам жиналды. Олардың қатарында «Жас Отан» жастар қанатының белсенділері, мәслихаттардағы жас депутаттар, кәсіпкерлер, ғалымдар, белгілі спортшылар және белгілі жастар ұйымдарының көшбасшылары бар. Форум барысында Елбасы Н. Назарбаев Қазақстан жастарына жаңа міндеттемелер жүктеді. «Бiзге күнделiктi қажырлы еңбек ету керек. Шындығына келсек, бүгiнде тынымсыз еңбектену жеткiлiксiз, бұған қоса, тиiмдi жұмыс iстеген жөн. Қазiргi заман ағымы солай. Экономика локомативi жылжыған уақытта табыс та болады, адамдар да жақсы өмiр сүредi. Ал экономика дамуы тоқтаған кезде, бiрден мемлекеттiң алға жылжуы да тоқтайды.

Бұрынғы уақытта тиiмсiз мемлекеттер де ұзақ уақыт өмiр сүрсе, бүгiнде бәсекеге дайын емес экономикалар санаулы жылдарда құлдырауы мүмкiн. Өкiнiшке қарай, тарих екi бағаны ғана бiледi – не жеңесiң, не жеңiлесiң. Сондықтан мемлекет жастардың дамуына барлық жағдай жасап отыр. Индустрияны дамытып жатырмыз, өйткенi, нарықтық жағдайда мемлекеттiң алдында тұрған басты мәселе жұмыс орындарын құру болып отыр, ал қалғанын адам өзi жасауы тиiс. Жолдарды, электр желiлерiн салып жатырмыз, аграрлық сектор, бiлiм, денсаулық сақтау салаларын дамытып жатырмыз. Ғылымға жол ашық, инновация, ғылымсыз бiз дамыған 30 елдiң қатарына қосыла алмаймыз», - деп атап өттi Елбасы. Қазақтың жерін мәңгілік ету – бабалардың арманы. Ел тарихының бүгіні мен кешегісінен сыр шерткен Мемлекет басшысы: «Еліміздің мәңгілік темірқазығы болатын идея терең тарихтан бастап алып, бүгінгі күннің мұраттарына сай келуі тиіс еді. Неше ғасыр өтсе де ескірмейтін, мәңгілік болашақпен сабақтасатын идея болуы қажет еді. Кезінде бабаларымыздың мың жылға жететін ұрпаққа өсиетімізді тасқа таңбаладық дегенді «Орхон-Енисей» ескерткіштерінен білесіздер.

Сол өсиеттердің бірі – Тоныкөк абыз айтқан түрік жұртының мұраты «Мәңгілік ел» деген сөз. Біз оны ойлап тапқанымыз жоқ, ата-бабамыздың түпкі ойы сол болатын. Қазақтың жерін мәңгілік ету. Осынау бір ғана сөйлемге барлығы сыйып тұрған жоқ па? Бабалардың арманы бүгінгі еліміз бен болашақ ұрпақтың биік мақсаттарын үндестіріп жатыр», - деді Н.Назарбаев. Елбасы Қазақстанның «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы ата-бабаларымыздың арманынан туындағанын атап өтті.
«Бабаларымыз тасқа басқан өсиеттерін іске асырып, мәңгілік ел болуға бет бұрдық. 2050 жылға дейінгі бағдарламаның мақсаты – 30 өркендеген елдің қатарына қосылу, «Нұрлы жол» бағдарламасы, басқа да шаруаларды сондай мемлекет құру үшін қолға алып жатырмыз. Ұлттық идеяны іске асыруға белсене атсалысатын жас ұрпақтың алғашқы легі – сіздер боласыздар», - деп толықтырды өз ойын ҚР Президенті.

Ел ішінде бірлікті сақтап, алауыздыққа жол бермеу керектігін жастарға мұрат еткен Н. Назарбаевқазақ халқының мыңжылдықтар тоғысында елдіктің алтын арқауын ата-бабаларымыз салып кеткен жаңа мемлекетті құрғанымызға тоқталды. «Батыр бабалалардың арманын ақиқатқа айналдырдық. Тарихымыздың қай кезеңіне көз салсақ та, ол бірліктің жылнамасы. Қазақ әлсіресе өз арасындағы алауыздығынан әлсіреген. Күшейсе, бірлігімен күшейген. Сайын даламызды сақтап қалу үшін ата-бабаларымыз қанша қан төкті, тер төкті, қанша қырғын болды. Сондықтан, бүгінгі келген жақсылық, басымыздағы тәуелсіздік солардың да үлкен шаруасы болып саналады. Бірлігі бар қазақты ешкім жеңе алмаған. Жеңсе, тек қана бір-біріне қазақты айдап салып, әлсіретіп, содан кейін алған», - дейді Н.Назарбаев. Елбасы ел ішінде бірлікті сақтап, алауыздыққа жол бермеудің аса маңыздылығын қадап айтты. «Бұл тарихтың бізге берген тағылымы. Ешуақытта ұмытпауымыз керек», - деп түйіндеді Мемлекет басшысы сөз соңын.

Соңғы жаңалықтар