Жаңалықтар

Мәжіліс төрағасы ШҚО жұртшылығына референдумның мән-мағынасын түсіндірді

ашық дереккөзі

Мәжіліс төрағасы ШҚО жұртшылығына референдумның мән-мағынасын түсіндірді

Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов референдумның мән-маңызын түсіндіру үшін жұмыс сапарымен Шығыс Қазақстан облысына барды. Алдымен Семей қаласында болып, өңір жұртшылығымен кездесті деп хабарлады turkystan.kz. Ерлан Қошанов жиын барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қазір елімізде ауқымды өзгерістер болып жатқанын айтып, өңір халқын Абай облысының құрылуымен құттықтады. «Семей – Алаш арыстарының басын қосқан қазақ руханиятының қара шаңырағы. Сондықтан тарихи тұрғыдан қарайтын болсақ, аумақтық жағынан, халық саны жағынан алсақ та, әділ шешім болды деп ойлаймын. Ендеше, сіздерді сол тарихи әділеттіліктің орнауымен шын жүректен құттықтаймын», – деді Палата спикері. Сапар барысында Ерлан Қошанов Абай ауданындағы Қарауыл ауылына барып, жұртшылықпен кездесті. Онда Президент бастамаларының мән-маңыздылығын түсіндіріп, ауыл зиялылары мен тұрғындарының пікірін тыңдады. «Елімізде Қарауылды білмейтін қазақ жоқ шығар. Бұл – адамзатқа ғұлама Абайды сыйлаған қасиетті топырақ. Осында сіздермен жүздескеніме қуаныштымын. «Жаңа Қазақстан» құруға бағытталған Мемлекет басшысының саяси реформалары төңірегінде өздеріңізбен әңгімелесу үшін арнайы келдім. Президент ел тағдырын – қалың жұрттың өзі шешкенін қалап отыр. Осынау жауапты кезеңде халық пен билік біртұтас болуымыз керек. Осы жолда Мемлекет басшысына қолдау білдіріп, референдумға бір кісідей атсалысуға, тарихи таңдау жасауға шақырамын», – деді Палата төрағасы. Кездесуге келген зиялы қауым өкілдері Абай ауданы жұртшылығының реформаларды жақсы қабылдап жатқанын және оның маңызын ескере отырып, алдағы референдумға атсалысатындарын айтты. «Бұл реформалардың бәрі халықтың көкейінде жүрген сұрақтарға жауап береді. Біз оны жақсы түсінеміз. Елдің иесі, жердің иесі – халық деген сөз жүрегімізге жақын тиді. Президентіміз жұмысқа кіріскен күннен бастап осы демократиялық процестердің жүзеге асуын сөз етіп жүр. Біз оны толық қолдаймыз», – деді Абай ауданының құрметті азаматы Амантай Мұқатаев. Кездесу соңында жиналғандар Президентке Абай облысын құруға ұйытқы болғаны үшін күллі аудан атынан шынайы алғыс айтты. «Облысымыз құрылып жатыр. Зор мақтанышпен, үлкен үмітпен қарап отырмыз. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлына біздің сәлемімізді жеткізіңіз. Абайлықтар мен Абай ұрпақтары шексіз алғысын білдіреді. Өңіріміздің гүлденуіне бәріміз бір кісідей атсалысамыз», – деді Абай ауданының құрметті азаматы Төлеген Жанғалиев. Сонымен қатар Мәжіліс Төрағасы Қарауылда орналасқан Абай атындағы мектеп-гимназиясын аралап, мұғалімдермен және оқушылармен кездесті.