Аманат арқалаған азамат

Асыл адам
Иә, қазақ асыл деп қымбат, бағалы, аса құнды затты айтады. Ол уақыт­тың, адамның, заманның, табиғаттың сан алуан сынында мұқалмайтын, сынбайтын, бү­лінбейтін бүтін күйінше ұзақ сақ­та­ла­ты­ны­мен құнды. Құнды болған соң асыл. Осын­дай қасиеттер бойына дарыған, құрыш­тай берік, болаттай бекем жандарды да «асыл» дейміз. Асыл сөзі тәніне ғана емес, оның жан дүниесіне де қатысты ай­ты­лады. Рас жасы үлкендердің ақыл есі қарт­тыққа бой алдырса да тәні кәрілікке беріл­меген болса, «сүйегі асыл» екен дейміз. Ал тәні де, жаны да сол қартаймаған, ойы ор­нықты, сөзі тиянақты, кісілігіне кір жұқ­тырмай келе жатқан адамды «жаны асыл», «асыл жан» дейміз. Сондай асыл жанның бірі – Пернебек Момынұлы.

Туған жер
Тегі – асыл адамның әлбетте өзі де асыл. Әр перзент тегінен ғана та­мыр тарт­пайды, туған жерінен да нәр алады. Пернекеңнің туған жері түгін тарт­са, майы шығатын, қазық қақса, қарағаш өсе­тін, әр бұтасы жеміс, әр жапырағы дәрі Оңтүстіктегі Түлкібас ауданына қарасты «Қара­ғаш» деп аталатын өңірде, «Көкбұлақ» ауы­лында дүниеге келген. Тас бұлағы таң­дайын жібіткен, топырағы табанын жы­лыт­қан, саумал самалы тұлымын желпіген, күн­нің нұры ажарын аймалаған баланың бо­лашағына миат болған, қуат берген де осы туған жері екені даусыз.

Заман
Табиғаттың тамылжыған жаймашуақ мезгілі де, қақаған қаңтары да бола­ты­ны секілді тағдырдың да қатал сәттері пен­дені сынға алатыны хақ. Пернекең дү­­ниеге келген жыл – қазақ даласына аш­тық нәубеті жайыла бастаған 1931 жыл бо­латын. Осы зұлматтан аман-есен өтіп, ен­ді ат жалын тартып мінерінде әкесі Мо­мын Әлімқұлұлы (1888-1939) өмірден оз­ды. Бұл жылдар сталиндік-голощекиндік қуғын-сүргін өршіген, елдің зәре-құтын а­лған кез еді. Адамдар бірінен-бірі жас­қанған, сақтанған, қорыққан, әр сәті үрейлі жылдар болатын. Алты жасар Пернебек ба­ла болса да, ағайын туыстың бір-бірімен ара­ласпай қалғанынан осы сұмдықты сезді.

Ана
Отбасына түскен бар ауыртпалықты ана­сы Ырысжан Бердімбетқызы (1906-1992) көтерді. Ырысжан ана халық әуен­дері мен өлеңдерін жадына көп тоқы­ған және соларды шаңқобызбен сүйемелдеп айтып жұртты тамсандыратын өнерпаз бо­латын. Ел басына түскен қиыншылыққа мойы­май ұлдары Балқыбекті, Пернебекті, Молдабекті, Саудабекті қанаттыға қақ­­тыр­май, тұмсықтыға шоқтырмай азамат етіп өсір­ді. Солардың ішінде өнер жолына Пер­не­бек ерекше ықыласымен келді. Оған бір­ден-бір себеп анасының өнерге деген ің­кәрлігі еді.

Бағаның бәрі кілең бес…
Пернекең 1939 жылы Свердлов атын­дағы колхоздың бастауыш мек­тебінде де, 1944 жылдан Каганович атын­дағы орталау метепте де ,1948-51 жыл­дары «Балықты» қазақ мектеп-ин­тер­на­тын­да да, 1951-56 жылдары Алматы мем­ле­­кеттік Құрманғазы атындағы консерва­торияда да үздік оқыды. Оның осы оқу орындарында білім алғаны туралы куә­лік­те, аттестатта, дипломда қойылған бағаның бәрі кілең бес!

Шыңға ұмтылған
Пернекеңнің студент шағында аль­пи­низммен айналысқанын бұрын­ғы­­лар білсе де, кейінгілер біле бермейді.Үс­­тін­де алпинистерге арналған су өт­кіз­бейтін кәстүм, табанында тісі бар қалың да ауыр бәтеңке, арқасында 18-20 келідей сал­мағы бар үрүкзәк, қолында мұзойғыш бал­ға алты сағат табан аудармай тауға өр­ме­леген алғашқы сыннан сүрінбей өткен ол кейін Алатаудың «Солнечный», «Теке» се­­кілді асуларын асып, «Юбилейная» ас­қа­рына шыққан соң теориялық емти­хан­да­рын тапсырып, «Кеңестер одағының 1-дәре­желі альпинисі» деген куәлік алған бо­латын. 1953 жылы «Жастық», «Мәншүк Мә­метова» асқарларын, «Комсомол», «Жас гвар­дия», «Маяковскиий», «Дзержинскиий» шың­дарын бағындырып, одан соң аты жоқ 4 330 метрлік және 4 335 метрлік екі асқар­ға шығып, олардың бірін «Советтік альпи­низм», екіншісін» «Ұшқын» деп атаған са­пар­лар қорытындысы бойынша ІІ дәрежелі спорттық разряд жеңіп алған Пернекең 1954-55 оқу жылында 4 350 метрлік «Егіз­дер», 4 700 метрлік «Ақ–Тау», 4800 метрлік «Са­ланов» асқарларын, «Ақтұз» асуы мен «Корженевскиий», «Горина» мұздықтарын асып барып «Талғар» шыңына көтерілгені кейінгі өмір жолына үлкен өнеге берді. Оның бойына алған бетінен қайтпайтын қайсарлық пен табандылық, еңбекқорлық пен тындырымдылық, намысқойлық пен жігерлілік секілді асыл қасиеттерді сіңірді.

Ұстаз аманаты
Пернекеңнің ұстазы – әйгілі ака­де­мик Ахмет Жұбанов. 1954 жылдың қа­зан айы еді. Бір күні ұстаз Оралық Ко­ми­тет­тің кезекті мәжілісінен жабырқаулы кел­ді. Өзіне етене жақын Пернебек секілді шә­кірттерін жинап алып: – Мен Орталық Ко­митеттің кеңейтілген пленумынан кел­дім кәзір. Пленумды жүргізіп отырған сая­си хатшы Нұрымбек Жангелдин: «ше­тел­дің, орыстың классикалық музыкалық ас­паптарын игереміз, ескінің қалдығы – дом­быра мен қобызда күй тартып, ән салу­ды азайту керек» дегенді айтты. Маған сөз берілмеді. Сендерге айтарым, қарақтарым! Бо­лашақ сендердікі. Қазақ халқы аман бол­са, оның тілі, домбырасы, қобызы өзімен бір­ге болары сөзсіз. Сендерге сенемін. Бо­ла­шақта халқымыздың төл аспаптарын дамыта келе, ұлт мәдениетін әлем елдерінің мәдениетімен теңестіресіңдер!» – деп нық сеніммен сөзін аяқтаған.
Пернебек секілді шәкірттердің жүре­гін сыздатып, санасына салмақ сал­ған аманат шындығында ауыр еді. Өйт­кені оның астарында ұлт мәдениетінің тағ­­дыры тұрды.
Содан бері Пернекең ұстаз аманатына адал­дықпен ұлтымыздың төл мәде­ниетін әлемге әйгілеу мақсатында талмай еңбек етіп келеді.

Семейде
Семейдегі музыка училищесінің ашыл­ғанына бір-ақ жыл болған. Әй­гілі Ахмет Жұбановтың шәкірті, кон­серватория түлегі Пернебек жастығына қара­мастан осы оқу орнына директорлыққа тағайындалды. Өзі оқыған жоғары оқу ор­нында қазақ тобына музыка сабақтарының бәрі орыс тілінде өтіп еді. Мұнда да дәл со­лай екен. Ең қиыны балалар тұрақты оқи­­тын меншікті оқу ғимараты жоқ. Сту­дент­терге жатақхана жоқ. Оқы­ту­шыларға пә­тер жоқ. Кілең қазақ ортасында қазақ тілінде өтілуі тиіс музыка пәндерінен қа­зақ­ша бағдарлама атымен жоқ. Оқу­шылар са­ны көбейіп үш ауысым бойынша Пио­нер­лер сарайының бөлмелерінде сабақ беру­ге, білім алуға мәжбүр. Осы өзекті мә­се­лелерді Пернебек алдымен қала бас­шы­лы­ғына айтты. Шешілмеді. Облыс бас­шы­лы­ғына жазды, шешімін таппады. Респуб­ликалық деңгейдегі басшылыққа зарын айтты. Естір құлақ болмады. Одақтық дең­­­гейдегі осы сала басшылығына да жаз­ды. Қашан оң жауап алмайынша жас Пер­не­бекте тыным болмады. «Мазасыз дерек­тір» атанды.
Гурьевте
«Мазасыз деректір» көтерген мәселе рес­публикаға тарады. Гурьев облыстық пар­тия комитетінің бірінші хатшысы Нұр­тас Оңдасынов: «Пернебек Момынов кө­тер­ген өзекті мәселені Семейдегілер шеше ал­маса, мен шешемін, маған беріңдер учи­лищені», – депті. Министрлік Семейдегі учи­лищені Гурьевке көшіруді ойластыру мақ­сатымен, «мазасыз деректрді» сол жақ­қа іссапарға аттандырады. Нұртас Оң­да­сы­нов Пернебекті сондағы басшы адам­дар­дың қасына қосып, Сейілхан Құсайыновпен бірге музыка мамандарын даярлауға лайық ғимарат іздеп, таңдауға жібереді. Пернекең Гурьев­те де музыка училище жоқ екенін біліп, бұл мәселеге бар ынтасымен кіріседі де лайықты ғимарат тауып, ол ғимарат ие­лерінің қарсы болғанына қарамастан Оң­дасыновқа барады. «Осы ғимарат лайық. Өйткені мұнда дәліз бар. Бөлмелері бөлек-бө­лек. Әр аспап мамандарының жеке-дара дайындалуына жақсы», – деп дәлелді ұсы­ны­сын нық айтады. Ұсынысын қабылдаған бірінші хатшы Н.Оңдасынов Обком пленумында Гурьевте музыка училищесінің ашылатынын хабарлап, қанша оқушы, не­ше ұстаз және қызметші болатынын, олар­ға жатын орын, асхана, оқу бөлмелері мен жабдықтарын дереу дайындау жөнінде қаулы қабылдатады. Сөйтіп, «мазасыз дерек­тір» іссапарда оншақты күн жүріп, Құр­ман­ғазы мен Динаның туып-өскен жерінде музыка училищесінің ашылуына мұрындық болады. Бұл училищеде оқуға жергілікті жердің де дарынды балаларын жинау науқаны бірден басталып та кеткен еді.

Дәулет Мықтыбаев және Мұқан Төлебаев рухы
Ашығын айтқанда, Пернекең учи­лищені Гурьевке көшіруге іштей қарсы еді, қия­лы қырық бөлініп, енді кімнен музыка учи­лищесін орнында қалдыруды сұрай­ты­нын білмей дал болып Семейіне келген. Кел­се… Семейдегі музыкалық училищені жауып, оқушылар мен мұғалімдерді сонау Гурьев­ке көшіреміз деген Новиков орнынан ке­тіпті. Облысқа бірінші хатшы болып қазақшаға судай М.Сужиков деген келіпті. Келген бетте мәселені қайта қарапты да, училищені қалдыруға, оған барлық жағдай жасауға шешім қабылдапты. Пернебектің қуанышында шек болмады. Бар ынтасымен жұмысқа белсене кірісті. Сабақ кестесіне қазақтың ұлттық аспаптарын кәсіби негіз­де оқыту бағдарламаларын енгізді. Музыка сабақтарын қазақ тілінде оқытуды жолға қойды. Осы жылдары ол қазақ қыл қобы­зының кейінгі ұрпаққа ұласуына алтын көпір болған даңғайыр қобызшы Дәулет Мық­тыбаевтың қызы Тамарамен отау құра­ды. Пернекеңнің түрткі болуымен 1960 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің қаулысы қабылданып, музы­ка­лық училищеге қазақ кәсіби музыкасы­ның негізін қалаушы, композитор Мұқан Төлебаевтың есімі беріледі.
Осыдан кейін Пернекеңінің алдағы өміріне Дәулет Мықтыбаев пен Мұқан Төлебаев рухы жол көрсетер шырақ болып үнемі жарқырап тұрды.

Алматыда
Ол келесі жылы ҚазКСР Орта және жо­ғары оқу орындары министрі Қали Біләловтің келісімімен Алматыдағы Петр Чайковский атындағы музыка училищесіне ауысады. Қанша дегенмен алға қойған мақсаттарға жету үшін астана­да өмір сүрген қолайлы. Алматы білім мен ғылымның және өнердің алтын бесігі бол­ған соң, мұнда үнемі ізденуге мүмкіндік мол. Пернекең «Қазақ операсының даму жолдары» деген зерттеу еңбек жазып қазақ (1962) және орыс (1963) тілдерінде кітап етіп шығарды. Бұл оның тырнақалды туын­дысы еді. Кейін қазақ мектебіндегі 3 сы­ныпқа арналған «Ән музыка сабағы» оқу­лығы (1967), «Музыканы тыңдап, түсіне білу» кітапшасы(1969), 6 сыныпқа арналған «Ән музыка сабағы» оқулығы (1974) жарық көрді. Оның ұлттық музыка мамандарын даярлау ісіндегі ерен еңбегі А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған рес­публикалық музыка мектебінде 13 жыл бойы (1968-1981) директорлық қызметпен жалғасты. Мұнда да ғылыми ізденістерін тоқтатқан жоқ. Нәтижесінде, 1978 жылы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педго­гикалық институтының ғылыми кеңесінде «Қазақстанда жас балаларға музыкалық тәрбие мен білім беру ісінің қалыптасуы мен дамуы» деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын сәтті қорғады. Осы жо­ғары оқу орнында кафедра меңерушісі, де­кан қызметтерін атқарды. Доцент атағын алды. Кейін Т.Жүргенов атындағы мем­лекеттік өнер институтына доцент болып ауысты. Ұтым­ды ұйымдастыру, байыпты басшылық жа­сауға әбден машықтанған Пернекең білім беруді, оқып, үйретуді ғылыммен ұштас­тыру­ды бір сәтке есінен шығарған емес. Бұған оның әр жылдарда шығарған нұсқау­лық­тары, көмекші құралдары, әдісте­ме­ліктері, оқу құралдары, оқулықтары дәлел. Солардың қатарынан «Қазақ музыкасының қысқаша тарихы» атты еңбегін айрықша атап өтуге болады. Бұл еңбек үш томнан тұрады. Біріншісінде жастарға музыкалық-эстетикалық тәрбие беру ісінің өзекті мә­селелері сөз болса, екін­ші және үшінші том­дарында ұлттық музыка тарихының бас­т­ауларынан тартып бүгінгі күнге дейінгі жетістіктері және ұлтымыздың өнері мен мәдениетін биікке көтеріп, әлемге әйгілеген тұлғалар туралы айтылады.

Үшаралда
Алматыға оралған жылдары өзінің ұлы ұс­тазы академик Ахмет Жұбановтың ама­натына адалдығын дәлелдеген тағы бір игі істердің жүзеге асуына мұрындық болға­нын бүгінгі халық біледі.
1963 жылы Мәдениет министрлігінің жауап­ты хатшысы әйгілі ақын әрі сазгер Бә­кір Тәжібаев шақырып алып, Тал­ды­қор­ған облысы Алакөл ауданы өнерпаздары­ның еңбегі мен өнерін көзбен көріп ба­ға­лап, ауданда «халық театрын ашуға бола ма, болмай ма?» деген сұраққа нақты жауап тауып келу керек екенін айтады да, ми­нистр­лік бұл істі музыканың тәжірибелі әрі білімді де білікті маманы Пернебек Мо­мыновқа сеніп тапсырғанын айтады. Сол тапсырма бойынша Пернекең Алакөл ау­данына барып отыздан астам өнерпаздың басын құраған драма үйірмесінің, саз-ас­папты ансамблінің, жекелеген әншілер мен күйшілер, бишілердің, сиқыршылардың, сықақшылардың, суретшілердің 12 күн бойы әр ауылда көрсеткен өнерлерін ерін­бей-жалықпай көріп, саралап, сараптап келіп, «Талдықорған облысы Алакөл ауда­нын­дағы өнерпаздар ұжымына «Халық театры» атағын беруге әбден болады» деп ұсы­ныс жасайды министрлікке. Осы ұсы­ныс нәтижесінде Үшаралда халық театры ресми түрде ашылады. Көп ұзамай Оқу ми­нистрлігінің Республикалық ғылыми-зерт­теу, музыкалық-эстетикалық әдісте­ме­лік кабинеті ашылып, Пернекең соған ал­ғашқы меңгеруші болып тағайындалады. Ке­лесі, яғни 1965 жылы министрлік Пер­не­бек Момыновты тағы да Алакөл ауда­ны­на жібереді. Жіберген себебі – ол ауданда музыка мектебін ашуға бола ма, болмай ма, соны біліп, жан-жақты сараптамамен ұсы­ныс жасау қажет еді. Аудан жұртшылы­ғы­ның сұранысын қанағаттандыру мақса­тын­да бұл жолы да Пернекең өзінің тә­жіри­бесі мен білік-білімін жұмсап, аудан­да­ғы барлық мүмкіндікті тексере, ек­шей келе, «ауданда жеті жылдық музыка мек­тебін ашуға болады» деген ұсынысын жеткізеді басшылыққа. Сөйтіп, бұл ауданда алғашқы музыка мектебінің ашылуына да өз тарапынан ықпал етеді. Бұл ісін – ұстаз аманатын бір мысқал болса да орындаға­ным деп түсінеді Пернекең.

Ахмет Жұбанов
атындағы
мектепте
Қызық. Академик Ахмет Жұбановтың табандылығының арқасында рес­публика аумағындағы ауыл балалары­ның му­зыкалық сауатын ашу мен дарынын же­тіл­діру мақсатында ашылған мамандан­дырыл­ған мектеп- интернатта сабақтың бәрі орысша өтеді, өйткені оқу бағдарла­ма­сының бәрі орысша. Орысша болатын себебі қазақ тілінде оқу бағдарламаларын жасау, қазақтың музыкалық төл аспаптары бойынша сабақ беру жолға қойылмаған. Директор «біз орысша және еуропаша му­зыкалық білім берсек, өркениетке тез жетеміз және мәдениетті боламыз», – дейді екен. Және сол ұстанымынан қайтпайды екен. Бұл ауылдан келген орыс тілін біл­мейтін дарынды қазақ балаларына үлкен салмақ салғаннан бұрын олардың қабіле­тінің жетілуіне үлкен кедергі еді.
Пернекең бұл ұстанымға мүлдем қар­сы болды. Бұл мәселені Респуб­ли­калық ғылыми-зерттеу, музыкалық-эстетикалық әдістемелік кабинет басшысы ретінде талай жерге айтты, жазды да. Тіпті, әлгі директор «домбыра мен қобызды мек­тепте емес, училищеде, консерваторияда оқып, үйренсе де жеткілікті» деп қоймады. Көп ұзамай ол директор орнынан кетіп, Пер­некең өзінің ұлы ұстазы ашқан мек­тепке директор болып келді де, барлық қордаланған мәселелерді шешуді өз қолына алды. Сабақ қазақ сыныптарында таза қазақша өтетін болды. Оқуға қабылдау жә­не байқау, конкурс бағдарламаларына ен­ген тапсырманың үшеуін қазақ, біреуін орыс, біреуін еуропа музыка мәдениетіне бай­ланысты етіп тұрақтандырды.
Қазақты ұлтсыздандыру науқаны­ның қолшоқпарлары «тек кәрі-құр­таңның бақсы-балгердің ғана ұстайтын аспабы» деп мансұқтаған қобыз аспабын мектеп жасынан бастап үйретуді жолға қой­ғаны – Пернебек Момыновтың осы мек­тепте ұлттық музыка өнерінің тари­хында алтын әріптермен жазылатын ұлы еңбегі. Бұған дейін Құрманғазы атындағы қазақ консерваториясының ректоры Ер­ке­ғали Рахмадиев ел ішінен қобызшылар Жап­пас Қаламбаевты және Дәулет Мық­тыбаевты алдырып, студенттерге қобыз үйретуді бастаған еді. Бір жылдан соң Жа­пе­кең өмірден озып, ұлттық төл өнерді қай­та тірілту алдын жауапкершілігі Дәукең­нің мойнында қалады. Дәулет Мықтыбаев алғашқы шәкірттерінің бірі Әбдіманап Жұмабековке А.Жұбанов атындағы мектеп­те тұңғыш ашылған қобыз класына ұстаз­дық етуді тапсырады. Алғашында, әрине қиын болған. Уақыт өте келе игі іс жүйесін тауып, қазақ қобызының бағы ашыла берді. Қазір қазақтың қара қобызын әлем біледі. Әлем оны скрипканың атасы деп мойын­дайды.
Міне, ұлттық өнердің көміліп бара жат­қан бұлағының көзін аршып, ұлы мұхиттарға құюына жол ашқан Перне­бек Момыновтың осы ісін тарих ешқашан ұмытпайды.

Халық қадірлейтін
қайраткер
Өзі еңбек еткен републикалық ар­наулы мамандандырылған мектеп­тер­де ғана емес, Т.Жүргенов атындағы өнер институтында да, Қ. Яссауи атындағы ха­л­ықаралық Қазақ-түрік университетінде де, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында да ұлттық руханият­тың өркендеуіне септігін тигізер игі бас­тамаларымен әрдайым жұрт назарында келе жатқан ҚР еңбек сіңірген қайраткері, педагогика ғылымдарының кандидаты, про­фессор Пернебек Момыновты қазақ өне­рін әлемге әйгілеген мыңдаған шәкір-т­імен бірге бүкіл қазақ елі ерекше құр­меттейді, асыл жан деп қадірлейді.

Сағатбек МЕДЕУБЕКҰЛЫ,
филология ғылымдарының кандидаты,
мәдениет зерттеуші

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button