Түркістанда «Қорқыт туралы аңыз» пластикалық спектаклі қойылады

Түркістанда «Қорқыт туралы аңыз» пластикалық спектаклі қойылады

Түркістанда «Қорқыт туралы аңыз» пластикалық спектаклі қойылады
ашық дереккөзі
Түркістанда 21-22 мамыр күндері Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері, жазушы-драматург Ермек Аман­шаевтың либреттосы бойынша қойылған «Қор­қыт туралы аңыз» атты пластикалық спектакльдің премьерасы болады. Қоюшы-режиссері – белгілі ресейлік балетмейстер, өнертанушы Константин Семенов. Композиторы – дарынды жас композитор Хамит Шанғалиев. Көркемдік жетекшісі – Айнұр Көпбасарова. Қорқыт ата – түркі халық­тары­ның ортақ рухани абызы, ой­шыл, жырау, қобызшы. Қор­қыт ата өмірде ізі, артында әде­­би-музыкалық мұрасы қал­ған тарихи тұлға. Қазақ фи­ло­со­­­фиясы тарихында Қорқыт ата – ел бірлігін нығайтқан ке­­­меңгер қайраткер, түркі дү­ние­танымының негізін жасаған ғұлама ойшыл, әлемдік ақыл-ой мәдениетінде өзіндік орны бар философ-гуманист ретінде бел­гілі. Әрі күйшілік, жыршылық өнерлерінің рухани атасы. «Қорқыт туралы аңыз» атты плас­тикалық спектакльде жер дү­ниені алай-дүлей дауыл­да­тып, жауындатып, жай ойна­тып, адамдарды үрейге орап дү­ниеге келген Қорқыт алып қа­рағаштан ойып қобыз жасай­ды. Әлемді қобыз үнімен әлди­ле­ген бабамыз көрген түсінен шо­шып, өлімнен қашады. Жер­ұйық мекенді іздейді. «Қайда бар­са да, Қорқыттың көріне» ке­зігіп, ақыры туған жеріне – дү­ниенің кіндігі саналатын Сырдарияға оралады. Ұлы өне­рін өлімге, жалпы, тіршілік дағ­дарыстарына қарсы қойып, ізгілік пен жасампаздық нұрын шашқан Қорқыт пен жер бетін үйле­сімсіздік пен араздықтың алаңы­на айналдыруға тырыс­қан пері қызы Мартудың ара­сын­­дағы мәңгілік айқас зама­науи хореография тілімен әсер­лі бейнеленеді. Рухани та­мыр­лары­мыздың алтын өзектері қан­дай? Замана ағымындағы шы­найы өнер миссиясының сыры неде болмақ? Спектакль осын­дай мағыналы сұрақтарға жауап іздеп, көрерменге ой са­лады. «Қорқыт туралы аңыз» плас­тикалық спектаклін қоюға көп­теген тәжірибелі мамандар ат­салысты. Қойылымның сах­на суретшісі – Татьяна Вью­шинс­кая, жарық бойынша сурет­ші – Татьяна Мишина. Ол Ре­сейдің «Золотая маска» ұлт­тық фестивалінің жеңімпазы, видеоконтент бойынша қоюшы су­рет­ші – Сергей Рылко, бір­не­ше ірі жобаларды сәтті шы­ғар­ған. Костюмдер бойынша та­лант­ты суретші – Назым Жай­лыбаева. Ол 2021 жылы «Жыл­дың үздік дизайнері» жүлдесін жеңіп алған дизайнер. Суретші, сти­лист – Назым Қарпықова, де­коратор-суретші – Жанат Кө­кімбеков, балетмейстер – Дәу­лет Мұратпеков, грим бойын­­ша суретші – Адэль Нұр­қа­сымова. Театр директоры әрі көр­кем­­дік жетекшісі Айнұр Көп­ба­сарованың айтуынша, алдағы уа­қытта да пластикалық спек­так­льдер көрермен назарына ұсынылатын болады. Өйткені Түркістан музыкалық драма теат­рындағы балет труппа­сы­ның шеберлігі мен мүмкіндігі үл­кен дүниелерді қоюға қа­бі­летті.

Б.БАЛЫҚБАЙ