Жаңалықтар

Елімізде әлі күнге дейін сәләфизм-уахабизм идеологиясына ресми тыйым жоқ – Жандәулет СҮЛЕЙМЕНОВ, теолог, сарапшы:

ашық дереккөзі

Елімізде әлі күнге дейін сәләфизм-уахабизм идеологиясына ресми тыйым жоқ – Жандәулет СҮЛЕЙМЕНОВ, теолог, сарапшы:

Мемлекет әрқашан елдің рухани болмысы мен әлеуметтік-психологиялық қалыбына кері әсер ететін әдет, құбылыстарға шектеу қойып, оған қарсы күрес шараларын да ұйымдастырып отыра­ды. Дегенмен, бірнеше жыл көлемінде үздіксіз жүргізіліп келе жатқан күрестердің ішінде ең жиі ай­тылатын екі түрі бар. Біріншісі – жемқорлықпен күрес, екіншісі – терроризмммен күрес. Осы екі ба­ғытқа да жыл сайын қаржы да бөлінеді, түрлі жобалар да өткізіледі. Бірінші бағыт көбіне саяси ба­қы­лауда болса, ал екіншісі саяси бақылаудан бөлек, дін мәселелерімен де ұштасып кетеді. Террорлық ак­ті­лердің пайда болуы, экстремистік, радикалды ағымдардың сипаты туралы толығырақ білу үшін гу­манитарлық сала магистрі, дін саласы бойынша эксперт, теолог Жандәулет Сүлейменов мырзаны сөз­ге тартқан едік. ҚАСТАНДЫҚТАР НЕГЕ 5 ЖЫЛ САЙЫН ҚАЙТАЛАНАДЫ? – Жандәулет Отарбайұлы, сұхбаты­мыз­­дың басында жалпы діни ради­ка­лизм мен экстремистік ағым деген сөз­­дерге анықтама беріп өтсеңіз. Елі­міз­де тір­келмеген қандай теріс бағыт­тағы ұйымдар бар? – Экстремизм қоғамда қалыптасқан ор­­­тақ қағидаларды жоққа шығара оты­рып, шек­тен шығу дегенді білдіреді. Бұ­ны дінге алып келетін болсақ, діни экст­ре­мизм – бел­гілі бір топтардың қоғамда қалыптасқан діни құндылықтарды мойын­дамай, айып­тап және өздерінің теріс пиғылдарын сол қо­ғам­ға сіңдіруге агрес­сивті тұрғыда атса­лы­сатын көзқарас. Демек, діни экстремизм идеологиясы адам­дарды түрлі қылмыстық әрекеттерге итер­мелеп, оның соңы террор­лық акті­лермен аяқталып жатады. Бірақ тер­рорлық акті бір күнде жүзеге аспайды. Байыпты, бейтарапты күйдегі адам бір сәт­те тер­ро­рист болып кетпейді. Жалпы, адамдардың радикализмге ұшырау процесі екі кезеңді қамтиды. Ал­ға­шында адамның теріс ағымға кіріп кеткені аса байқала қоймайды. Өйткені ол әуелі өзіне жеткен экстремистік көзқарастағы идея­лар мен ақпараттарды рухани, діни фи­льтрі дұрыс қалыптасып үлгермеген са­на­сымен қабылдап, бейнебір талдау жаса­ған­дай болады. Соның салдарынан ол субъект қате тұжырымдар мен қате анализ­дер жасайды. Ал екінші кезеңде ол өзінің жа­саған пайымын, дұрыс деп санаған идео­логиясын өзгелерге тарата бастайды. Және олардың көбі тек өз қағидаларын ғана қа­таң ұстанып, басқа көзқарастарды қа­был­дамай, «сен тозақта өртенесің», «қазіргі қоғам адасуда» деген сияқты діни моти­в­тен­ген әңгімелерді эмоционалды, агрессивті түр­де айтатын болады. Яғни басқаларды «то­зақ отынан», «қабірдің азабынан» құт­қару­ға көшеді. Міне, дәл осы кезеңде ғана олар ерекшеленіп, қоғамнан бөлектене бас­тайды. Осылайша олар бірнеше кезеңнен өтіп келіп, соңында вакуумдық тұйыққа тіреледі. Ал елімізде радикализмді ұстанған топ­тар болды, әлі де бар. Тіпті олардың қауіп­ті болғаны сонша, мемлекет «ДАИШ» (ИГИЛ), «Таблиғи жамағат», «Фронта Нусра» «Джабхад ән-Нусра» т.б сияқты деструктивті ағымға қатысы болған 20-дан аса ұйымға сот­тың шешімімен тыйым салынды. Елді іш­тей ыдыратып, оның басты құндылық­тары­на қарсы шығатын, онда өмір сүріп жат­қан адамдардың өміріне қауіп тудыра­тын кез келген идеология, кез келген құры­лымға мемлекет тоқтау салуға міндетті. Алай­да, олар «бізге заңмен тыйым салынған екен, енді тоқтайық» деп ешқашан айтпай­ды, керісінше, жасырын, жария, қандай мүмкіндіктер бар, соның бәрін пайдаланып қалуға тырысады. Мемлекеттің де ел тұр­ғын­дарының қауіпсіздігіне бағытталған ар­найы функциялары бар. Мысалы, Қыл­мыс­тық кодекстегі «Соттың шешімімен тыйым салынған ұйымдардың жұмысына атсалысу» деген арнайы бапты айтуға бо­лады. Осы бап бойынша ұсталып, қыл­мыс­тық жауапкершілікке тартылған қаншама адам­дар бар. – Деструктивті ағымдар мен ұйым­дар көп шоғырланған еліміздің белгілі бір аймақтары бар ма? – Бүкіл Қазақстанда діни радикализм мә­селесіне қатысты идеологиялық проб­ле­малар бар. Кейде батыс аймақтарын «теріс ағымдар шоғырланған өңір» деп жатады. Мұнымен толықтай келісе алмаймыз. Ол өңірлердің менталитеті басқаша және олардың тіке айтудағы өр мінез қасиеттерін қаттылыққа балап жатады. Мүмкін, сол ерекшеліктеріне байланысты олардың арасында діни мотивтенген адам болса, ол одан сайын агрессиялық кейіпке енеді. Мысалы, бірдей деңгейде радикализмге ұшыраған еліміздегі оңтүстік пен батыс өңірінің адамын салыстырсақ, екіншісі міндетті түрде көзге ұрып тұрады. Өйткені жергілікті ерекшелік соны байқатады. Ал жалпылай айтатын болсақ, статистикалық көрсеткіштер бойынша, қай өңірде халық саны көп шоғырланса, экстремистік ба­ғыт­тағы топтарды қолдаушылар да сол өңірде көптеп табылып жатады. Ол – қалыпты тенденция. – Елде болған соңғы жағдайлар ке­зінде біраз басылып қалған «тер­ро­рис­тер» ұғымы қайта бой көтерді. Қазір олардан келетін қауіп қаншалық­ты жоғары? – Қарапайым халыққа олар «басылып қал­ған» сияқты көрінгенімен, біз сияқты тео­лог мамандар террористер мәселесімен үне­мі бетпе-бет келіп жатады. Тарихта бұл топ өкілдеріне «бүлікшілер», «сойқан салу­шылар» деген атау беріліп жүрді. Қазір за­ман­ның дамуына байланысты олардың қыл­мыстық әрекеттерін «вандализм», «тер­рорлық акт» деп, ал өздеріне «ұйым­дас­қан қылмыстық топ» немесе «лаңкестер», «тер­рорлар» деген сияқты құқықтық тұр­ғыдан терминдер беріліп, заңмен бекітіле бас­тады. Ел құлағына олар туралы барлық ақ­парат жете бермегендіктен, бұл дест­рук­тивті топтардың жұмысы саябырлағандай көрінеді. Дегенмен, кешегі қаңтар оқиғасы ке­зінде олардың аттары қайта естіліп, қо­ғам­дық, саяси резонанс тудырды. Бұл нені көрсетеді? Демек, олар кез келген күтпеген уақытта, біз ұмыта бастаған кезде шыға келуі мүмкін. Діни мотивке негізделген лаң­­­кестік әрекеттер елімізде кезең-кезең бойын­ша жүріп келе жатқанын көрдік. Мә­селен, ең алғашқы террорлық актілер 2011 жылдары әр өңірде дүмпу ала бастады. Одан 5 жыл өткен соң 2016 жылы Ақтөбе қа­ласында көрініс тапты. Ол оқиғадан кейін тағы да 5 жылды артқа салып, 6-жыл­ға аяқ басқан шақта Алматыда ірі көлемдегі лаңкестік шабуыл болды. Елдің үрейін алып, мемлекеттің тыныштығын, конс­ти­туциялық құрылымды бұзуға бағытталған осындай үлкен-үлкен қастандықтардың не­ге әр 5 жыл сайын қайталанатыны сарапшы маман ретінде мені де қатты алаңдатады. Бұл шынымен кездейсоқ па?! «ТАҚИЯ» ТӘСІЛІН ҚОЛДАНАТЫНДАР ТАҚЫРҒА ОТЫРҒЫЗУЫ МҮМКІН – Қаңтар оқиғасына ойыссақ. Рес­пуб­ликалық деңгейде қандай шаралар жү­зеге асырылды? Тосыннан болған бұл жағдай бұрынғы жұмыс жоспары­на өзгерістер әкелді ме? – Қаңтар оқиғасына қатысты тергеу әлі де жүргізіліп жатыр. Тергеу, сот органдары нақ­ты мәліметтер шығарған жоқ. Сол үшін де ол туралы толықтай шешім айтуға әлі ерте. «Ол жерде тек радикалдар, террорис­тер, дінге сенушілер ғана болды» деген жаң­сақ пікірлер бар. Қоғамды құраушы тап­тардың кез келген өкілі алаңда жүрді. Бірақ осы сәтті тиімді пайдаланып қалуға ты­рыс­қан діни экстремистік бағыттағы адам­дардың да ол оқиғаға қатысы болған тә­різді. Кейін күштік құрылымдар тексеру ша­раларын жүргізген кезде үйлеріне үлкен қару-жарақтар жасырған түрлі ағым өкіл­дері ұсталғаны рас. Бәріміз күтіп отырған мем­лекеттік деңгейдегі шешім шыққан кез­де ғана біз діни сарапшы ретінде талдап, бұ­ған қатысты өз пікірлерімізді, тұжырым­да­ма­ларымызды айта аламыз. Дегенмен, тергеудің барлығы бітіп, ақ­парат жария болған жағдайда қазіргі сәлә­филік бағыттағы уахабилік идеология­ны ұстанушылардың осы оқиғаға ықпалы болғаны айтылса, мен таңғалмаймын. Демек, сол кезде теолог, сарапшы маман­дар­дың осыған дейінгі бағамдауы дұрыс де­ген тұжырымдама жасауға болады. Өйт­кені уахабилік-сәләфилік идеология шын­туайтынына келген кезде мемлекеттің заңын қолдамайды, мемлекеттің құнды­лық­тарын мойындамайды, елдің ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрін жоққа шығарады. – Жалпы, сәләфизм бізге қашан кел­ді? Оның уахабизм идеологиясына қаншалықты қа­тысы бар? – Сәләфизм мен уахабизм екеуі де бір ұғым. Алғаш бұл идеологияны араб жерінде Мұ­хаммед ибн-Абдул Уахаб деген адам не­гізін салып, Нәжім деген жерде тарата бас­таған кезде өзіне өңіріндегі ең қатал, дөрекі де­ген адамдарды тартқан. Идеологиясын та­рату жолында дәл соларды әскер етіп, ізі­не ертіп жүрген. Өйткені дөрекі адам­дар­дың күшін қолдану арқылы «дінін» неғұр­лым тез таратуды көздеген. Сол сыртқы жә­не ішкі сипат әлі күнге дейін сақталып қал­ды. Олардың жанына жолап кетсең, агрес­сияның «иісі» мүңкіп шыға келеді. Біздің елімізде бұл идеология тәуел­сіздік жылдары тарай бастады. «Қазақстанға нағыз ислам діні 1991 жылы келді» деген сөз­ді де айтты солардың белді өкілі. Ал ол жыл – елге уахабизм келген уақыт. Соны мең­зеп тұр ғой. Біздің тарихымызда бол­ған, ислам дінін ұстанған батыр баба­лары­мыз, ақын-жырауларымыздың барлығы – олардың тілінше «адасқандар». Ал негізінен «сәләфтар» деген ислам та­ри­хында бар термин, Пайғамбар ми­ра­сын жеткізуші сахабалардың, одан кейін­гі­лер­дің дәуірі ретінде есте қалды. Ол кез­дегі сәләф болған кісілер шынайы ис­лам­ды ұстанды. Бұлардан кейінгі 10 ғасырға жуық уақыттан соң радикалды діни идея пайда болды да, тарихта жақсы ат­пен қалған қауымды бүркемелеп, «біз де со­лардың қатарынанбыз» деп, басқаша та­ныта бастады. Мәселе осыдан туындайды. – Қазіргі сол бағытты ұстаушылар­дың діттегені не сонда? – Сәләфизмді ұстанушылардың ең бас­ты мақсаты – өздерінің діни бағыттарын на­сихаттаумен қоса, қоғамда үстемдік құру ар­қылы билікті иемдену. Яғни, дінді құрал қылу арқылы саяси мүддеге қол жеткізу. Ал дін – екінші орында. Өздері ұстанған ради­калды жол арқылы өзге топтарға өктемдік жүр­гізу, қол астындағыларға күштеу, мәж­бүр­леу шараларын қолдану арқылы бағын­дыру­ды көздейді. Шариғатта «тақия» деген термин бар. Қа­зақша баламасы «бүркемелеу», ғылымда оны конспирация деп атайды. Яғни, олар өз­дерінің түпкі мақсатын ешқашан ашып айт­пай, оны басқаша безендіреді. Ал ол мақ­сатқа жету үшін не істейді? «Тақия», яғни конспирация әдістерін қолданып, ал­дау-арбауға көшеді. Ол – өте қауіпті. Қа­зақ «бетіңе күліп қарап тұрып, арқадан пы­шақ сұғатын адамнан без» дейді ғой. Сол қор­қынышты типтің бірі – осы сәләфизмді ұстанушылар. Қазір олар түрлі әдіс-тәсіл­дер­ге көшіп жатыр. Қазақстанда олардың бел­сенді қалыптасқан екі тобы бар. Бірін­шісі – такфирлік бағыт, екіншісі – мад­ха­лит­тік бағыт. Бірінші бағыттағылар – қо­ғамға разы емес, агрессиясын ашық көр­се­те­тіндер. Сол үшін де оларды анықтау мем­лекет үшін оңайырақ. Қазіргі қоғамда тер­роризм баптарын ұйымдастыру бойын­ша айыпталып отырған азаматтардың көбі – осы такфирлік идеяны ұстанушы жамағат өкілдері. Олар – ашық түрде адамдарды кәпірлікпен айыптаушылар тобы. Ал екін­ші, мадхалиттік бағытты ұстанушылар өз идеологияларын жасырын ұстайды. Яғни, олар салт-дәстүрді де дәріптейтін түр таны­тады, мемлекетті де мойындайтын кейіп көр­сетеді. Солайша «заңға бағынуға бола­ды», «президент ол – патша, әмір» деген сияқ­­ты бетперде кию арқылы жағынып, «та­қия» тәсілін қолданады. Ал өзара қалған кез­де жеке әңгімелері мүлде басқаша. Бұлардың мемлекеттік қызметке келу жа­ғынан потенциалы мен мүмкіндігі алдыңғы топқа қарағанда өте жоғары. Өзінің ішкі позициясын жасырып, би­лікке жетуді көздейтін тек сәләфилер ғана емес, басқа да топтар бар. Мысалы, түркі мем­лекеттерінен келген діни идеологиялар. Осыны зерттеу, талдау, сақтандыру жұмыс­тарын жүргізу кенже қалып қойды бізде. Мысалы, Түркиядан келген діни ағымдар. Олар мүлде агрессивті үгіт жасамайды, ке­рі­­сінше бейтарап позицияны ұстанып, біз­дің тарихты, дәстүрді, заңды мойындай­ты­нын айтады. Бірақ, мақсаттары – өздері қа­лыптастырған мектептерінің идеоло­гия­с­ын астыртын насихаттап, билікке келу. Заң­мен тыйым салынбағаннан кейін, ол топ­тардың кейбір өкілі заңды тұлға, заңды ме­кеме ретінде тіркеліп, жұмыс жасап отыр. Және ресми тіркелмесе де, өз ұста­нымдарын жасырын жүргізіп отырған да ба­ғыттар бар. Иә, олардан келетін әлеу­мет­тік, діни, ашық радикалды қауіп жоқ болуы мүмкін, алайда ертеңгі күні саяси қауіп туындату ықтималдығы әлдеқайда жоғары. Саяси және діни бағытты қатар ұстанған олар қазір билікке келудің түрлі жолдарын қарастырып жатыр. Түркия мемлекетінің өзі бірнеше жыл бұрын осындай топтың бірі­нен зардап шегіп, үлкен мемлекеттік дең­гейде зардапқа ұшыраған еді. Сол үшін де мемлекет мұны басты назарға алып, діни ахуалға толық талдау, бағалау жұмыстарын жүргізуі қажет. Яғни діни саланың кез кел­ген саяси, әлеуметтік, дәстүрлі бағыттарына ғы­лыми-практикалық баға беріліп, қазір­ден бастап алда болуы мүмкін мәселелерге бол­жам жасалуы керек. Әйтпесе, кешегі қаң­тар оқиғасынан да ауыр зардап тартып қалуымыз әбден мүмкін. Бұған қатысты қол­дан өткен нақты практикалық дәлелдер жоқ, бірақ теориялық өлшемге сүйенсек, кү­тілетін қауіп мөлшері төмен емес. Дедук­циялық мәселеден индукциялық мәселені қарап шығу маңызды. – «Радикализацияға ұшырау, ол сіз­дің қалтаңызға, алған дипломыңыз­ға қарамайды. Алдына келген проб­ле­маны талдай алмаған адам, қандай бі­лім алса да жеткіліксіз» депсіз бір сұх­батыңызда. Демек, деструктивті ағым­ға еріп кету үшін жоғары білімнің жә­не материалдық жағдайдың жақсы болуы да кедергі емес боп тұр ғой? – Қоғамда «оларға көп ақша беру арқы­лы ұйымдарына кіргізіп алады екен» деген қате түсінік бар. Дәл ислам діні ағымдарына осы пікір онша келіңкіремейді. Шамамен жүз адамның тек 5-6-ауына ғана қаржылай көмек берілетін шығар. Демек, бұл жердегі мә­селе басқада. Қанша білімді, қалталы адам болсаң да, діни құбылысқа талдау жа­сау қабілетің қаншалықты кенже болса, оған еріп кету мүмкіндігің соншалықты ж­о­ғары. Ол ағымдардың ішінде байы да, ке­дейі де, оқыған, оқымағаны, тіпті таны­мал спортшылар да бар. Қазақта «Келіннің бетін кім ашса, сол ыс­тық» деген мәтел бар. Оны тура мағынада тү­сінудің қажеті жоқ. Кез келген адам қи­налғанда, жан-жағынан қолдау күткенде, ру­хани күйзеліске ұшырағанда, ең алғашқы болып қолын созған жанды ешқашан ұмыт­пайды. Сондай сәтте оған бір ағымның мық­ты үгітшісі жолыға қалса, соның же­тегінде қалай кеткенін өзі де байқамай қа­лады. Кейде осындай теріс идеология құр­баны болған адамдармен теолог маман­дар 5 жыл, тіпті 10 жыл оңалту жұмысын жүргізіп, ойынан айныта алмай жатады. Есірт­кі, алкоголь тәрізді зиянды әдеттер адам­ның қанына әбден сіңген сайын одан бас тарту қиынға соғатыны сияқты, дес­трук­­тивті уағыздар мен ойлар бойын ден­деп алған адамды да ол ұйықтан шығарып алу оңай емес. Тіпті ақша да құтқара алмай­ды. Оның ақыл-ой қалпын ескере отырып, пси­хологиялық, теологиялық тұрғыдан ем­деуге тура келеді. Идеологиялық жұмыс­тың ерекшелігі мен ауырлығы да сонда. – Теологиялық дұрыс көзқарас деп жа­тырмыз. Жауыр болған сұрақ болса да қояйын, теріс идеологияға қарсы им­мунитет қалыптастыру үшін не іс­теу керек? – Кез келген адамның ішінде рухани вакуум бар. Сол вакуумды кім толтырып үл­гер­се, адам соған қызмет етеді. Әр адам өз өміріне, өзінің қауіпсіздігіне бірінші ке­зекте өзі жауапты. Одан кейін мемлекет жауап­ты. Егер кім-кімде болсын осы ради­кал­ды, деструктивті бағыттарға қатысты жеткілікті ақпараты, оған қарсы иммуни­теті болса, соғұрлым бұл мәселеден айна­лып өте алады. Яғни экстремистік пиғыл­дар­ды танып, оны негізгі діннен ажырата алу үшін діни сауаттың дұрыс қалыптасуы маңызды. Ал қандай да бір діни мәліметке тап болғанда, суық ақылға салып сараламай, құлай беріліп, көзсіздікпен қабылдайтын болса, ол адамның болашағы бұлыңғыр. Ал ол бұралаң жолға алғашқы боп жетелеп түсі­ріп жіберген адамды «ұстаз» тұтып, со­ған ғана бас ұрып өтеді. Ал сол «ұстаздары» ең басында «бүлік шығарамыз», «бір жерді жарамыз» деп айтпайды ғой. Жұмақ пен то­зақ, қабір азабы деген сияқты әңгі­ме­лерімен арбап бастайды. Көбіне олардың уағыздары қаттылыққа негізделген. «Дін деген – ең көркем мінез құлық. Ең жақсы мі­нез кімде болса, соның таразысы тартып тұра­ды» дейді пайғамбарымыз. «Өзгеге мейірімділік қылмаған адамның өзі де мейірім­ділік көрмейді» дейді ол тағы да. Ислам – мейрімділік пен бейбітшілікті насихаттайтын дін. Ал егер де кімде-кім Алла­ның жақсы сипаттарын басқа формаға ауы­с­тырып, исламның ізгі идеяларын бұр­малап, қатыгездік, қорқыту-үркіту арқылы біреуді дінге мәжбүрлейтін болса, ол ең қауіпті жол деген сөз. Қатыгездіктің үстіне құрыл­ған діннің ғұмыры ешқашан ұзақ бол­майды. Кейін инерцияның заңды­лы­ғы­мен ол қаттылықтың ұшы субъекттің өзі­не келіп тиеді. 100 АДАМНЫҢ 85-І ИНТЕРНЕТ АРҚЫЛЫ АРБАЛАДЫ... – Қазір әлеуметтік желілердің үс­тем­дік құрып тұрған заманы. Демек, интернеттің бар мүмкіндіктерін пай­даланып, қоғамдағы діни түсініктерге қатысты ақпараттық анықтама беруге, ағартушылық жұмыстарын жүргізуге болады ғой? – Теріс ағымға кірген 100 пайыз адам­ның 85 пайызы интернет арқылы арбалады. Де­мек, онда радикалды уағыздар қолже­тім­ді деген сөз. Бұғаттау шаралары арнайы ор­гандар арқылы тәулік бойы жүргізіліп жа­тыр. Соған сәйкес олар да уағыз платфор­ма­ларын жаңадан ашып жарысады. Бүгін біреуін жапсаң, ертең екеуін ашады. Техни­каның дамыған мүмкіндіктерін пайдала­нып, домендерді лақтырып отырады, фейк аккаунттарды қолданады. Мысалы, кав­каздық уағызшы Костекский кемі 3 жыл кө­­­­лемінде интернетте, әлеуметтік желі­лер­де еркін уағыз таратып келді. Мен теріс ағым­ды насихаттаған, сол бойынша түр­ме­ге түскен адамдармен жұмыс істеймін. Соң­ғы сотталушылардың көбі осы Костекс­кий­ді тыңдаған болып шығады. Демек, оның уағыздары біздің елімізде де қол­же­тімді болған. Оны бір апта бұрын ғана Түр­кияда Интерпол қызметі қолға түсірді. Ал ол осы кезге дейін неге ұсталған жоқ? Сон­да, мұның астарында саяси ойындар жүріп жатыр ма? Бір топтарға керек болған солай жасау, оған еркіндік берген. Айналып келгенде, ел азаматтарының қауіпсіздігі үшін олардың теріс пиғылға сеніп сот­тал­мауына жағдай жасау керек. Ал мұндай «уа­ғызшылар» тарала беретін болса, әлі қан­шама адамдар қылмысқа баруы мүмкін. – Мұндай теріс ағымдардан сақ­тан­дыру үшін теолог, ғалым мамандар ар­найы платформалар ашып, таным­дық-ағарту жұмыстарын жүргізуі керек сияқты. Әлде оларды ешкім қарамай ма? – Ондай платформалар ашылған және өте көп. YouTube-ке салған 1 бейнеақ­па­рат­тың қаралым саны 100 мың, 200 мыңға дейін же­теді. Демек, осыншама адам сол ради­кал­ды бағыттардағы ағымдарға еруден аман қалып, теріс идеологиядан құтқарылып жа­тыр деген сөз. Біздегі қағида, баға беру бас­қаша. Мысалы, қанша адам құтқарылып қал­ды? Білмейміз. Ал қаншасы құтқа­рыл­ма­ды? Оны айта аламыз. Мыншасы соттал­ды, мыншасы қолға түсті деп. Қаншама мем­лекет қанша терактінің алдын алды? Оны ешкім көре алмайды. Ал теракті болса, біз тез көреміз. Жалпы құбылыс солай. Құт­­­қарушылар мен арбаушылардың ара­сында үздіксіз екі жақты текетірес, ақ­парат­тық майдан болып жатады. Оны қара­пайым халық көре алмауы мүмкін. Ру­хани күйзеліп, діннен пана іздеген адам­ға осы екі тараптың қайсысының ақпараты бірін­ші жетеді, мәселе сонда. Сол үшін мем­лекет үнемі даярлық үстінде отырады. Осы бағытта жұмыс істейтін арнайы дін ға­л­­ымдарының pool-ы бар. – Діни экстремизм мен терроризмге қар­сы күресте 2016 жылдан бері қа­лыптасып қалған бір жоспардың өз­гер­мегенін, дін істері бойынша «жаңа­ша» форматқа негізделген реформалар қабыл­дау керектігін айтып жүрсіз. Бұған қатысты құзырлы органдардан жауап болды ма? – 2016 жылдан осы 2022 жылға дейін сол бір жалпылама әдіспен келе жатырмыз әлі. Қаңтар оқиғасы болды, діни сипаттағы шаралар болды, әлі күту үстіндеміз. Жылдар бұрын 2013-2017-ге арналған бағдарлама қабылданған, ол бітті. Қазір 2017-2022 жылдарға арналған, діни экстремизм мен оның алдын алуға ба­ғытталған мемлекеттік бағдарлама аяқ­та­лып жатыр. Демек, 5-5 жылдан 10 жыл­дық бағдарламаны бітірдік. Бұл аз уақыт емес. Толыстық, жетілдік, кемшілігімізді де, артықшылығымызды да көрдік. Бірақ мұ­нымен тоқтап қалуға болмайды. Енді ал­да­ғы жылдарға арнап қандай бағдарлама жасауымыз керек деген мәселеге үңілуге тиіспіз. Үлкен кешенді, барлығын қам­титын метабағдарламаларды құрастыру керек. Оған құқықтық тұрғыдан баға беруді де ұмытпаған жөн. Былтыр осындай шара, кон­ференция өткіздік, биыл да солай бол­сын деген қағида мүлде іске аспайды. Қа­зіргі уақыт ағымына сай техника да, адамға ақпаратты жеткізу тәсілдері де дамып жа­тыр. TikTok бар, Instagram бар, мысалы. Дәс­түрлі форма да керек, бірақ тек сонымен ғана жүре беруге болмайды. Оған қатысты біздің тараптан ұсыныстар берілді. Алдағы қа­былданайын деп жатқан «Ұлттық жо­ба­дан» күтетін жаңашылдықтарымыз көп. Заманның дамуына байланысты осы саладағы кейбір қызметтерді жаңалауды қажет етіп отырғанымыз рас. Өйткені, 10 жыл бұрынғы діни ахуал қай күйде болды, 10 жыл бұрынғы діни қатынастарға қа­тысты қабылданған заң қандай болды, әлі сол жолмен келе жатырмыз біз. 1-2 жылдың ішін­де кейбір тармақтар толықтырыл­ғанымен, үлкен-үлкен өзгерістер бола қой­ған жоқ. 2018 жылы ол заң толық кө­лем­де, аналитикалық тұрғыдан талданып, жаңаланады деп күтіліп еді, алайда белгілі бір себептерге байланысты оны тоқтатып тастады. Бірақ 2011 жылы қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестік» атты құ­қықтық заңнамада дәл осы деструктивті бағыттарға арналған баптарды жетілдіру керек. Өйткені жыл ішінде көп нәрсе өзгер­ді, көп дүниеге басқаша ракурста қарау керек боп тұр. Әрбір адам мемлекетте бүлік, тер­рор­лық әрекеттер болғанын, қоғамның жайсыз күй кешкенін емес, керісінше, ешқандай содырлардың ортаға шықпағанын, елдің ты­ныш болғанын, алға дамығанын қалай­ды. Солай ете тұра, осы бағыттағы жұмыс­тар­дан тез нәтиже көргісі келеді. Темір торға түскен сотталушы тез райынан қайт­са, онымен жүргізілетін психологиялық-тео­логиялық оңалту шаралары тек оң ба­ғыт­та өрбісе, қоғамда ешқандай теріс пи­ғыл­ды адам қалмаса деп тілейді. Бірақ, өз­ге­рістің неғұрлым жылдам болғанын қа­ла­саң, онда күткен нәтижеңе сәйкес сон­шалықты тез әрі ұтымды шешімдер қабыл­дауға тура келеді. Ол не? Уахабилік бағытты ұстанушы сәләфизм ағымына сотпен тыйым салу керек. – Оларға әлі күнге дейін тыйым са­лын­баған ба сонда? – Иә, елімізде «сәләфизм-уахабизм» идео­логиясына ресми тыйым жоқ. Тыйым салынғандар ті­зі­мінен олардың атауын таппайсыз. Жақсы, егер саяси, халықаралық деңгейдегі ұста­ным­дарға қайшы келеді деген пікірді еске­ре­тін болсақ та, оған жетелейтін жолдарды тоқ­татуға болады ғой. Сөз бен әрекет әр­қа­шан бір жерден табылғаны дұрыс. «Қо­ғамда тыныштық болсын» десек, сол тыныш­тық­ты бұзуға, іштей ыдыратуға бағыттайтын ка­нал­дардың жолын кесу керек. Сосын, бір процесс өте ұзақ мерзімде жа­салып, бірақ одан мәселе шешілмей жат­са, бір жерден кінәрат кетті деген сөз. Мы­са­лы, «алдын алу керек», «тоқтату керек» де­ген сөздер айтылады, бірақ терактілер басылмайды. Мен мұны бір салаға ба­ғыттап емес, ғылыми тұжырымдарға сүйе­ніп айтып отырмын. Кез келген жоба 100 пайыз идеалды болмайды. Кемшілігі болуы мүмкін, бірақ оның бәрі тәжірибе барысында жөнделіп отырады. «Тәуекел тү­бі жел қайық, өтесің де кетесің» деген сөз бар ғой қазақта. Құндылық айқындалды ма, жоспар бар ма, алға қарай жүре беру керек. Ол кемшіліктерді мүлде болдырмаймыз деп, процесті бір орында ұстап тұруға бол­майды. «Жоқ, бұған құқықтық баға беріп алайық» немесе «терең зерттеп, талдай тұ­райық» десек, көп уақытты жоғалтамыз. Ал ра­дикалдар ешқашан тоқтамайды. – Әңгімеңізге көп рақмет!

Сұхбаттасқан Әсем БЕКТЕМІРҚЫЗЫ