Керексіз пәннің кесірі, ұлардай шулаған ұстаздар

Керексіз пәннің кесірі, ұлардай шулаған ұстаздар

Керексіз пәннің кесірі, ұлардай шулаған ұстаздар
ашық дереккөзі
Біздің елде соңғы ширек ғасырдан бергі дәуірде «түр­лі сынақтардың полигонына айналған» сала – білім беру саласы. Оны сол салада жүр­гендер ғана емес, жалпы ха­­лық та жақсы біледі. Алдымен оқулықтар кеңестік ке­зең­дегі идеологиядан тазартылды. Бұл ең дұрыс өзгеріс еді. Бірақ кейін өзгеріс енгізу сәнге айналып кетті ме, әйтеуір Білім министрлері ауысқан сайын бір өзгеріс пайда болатын болды. Ал оның зар­да­бын тартатын білім саласында істейтін мұғалімдер мен білім алатын оқу­шылар ғана... Дегенмен соңғы үш жылдан бері еліміздің білім сала­сын ұстаған жаңашыл министр Асхат Аймағамбетов ха­лықтың ғылым-білімге қатысты талап-тілектерін ес­кере отырып оңды өзгерістер жасап жатыр дей аламыз. ОҚУЛЫҚТАР ЖАЙЛЫ ДАУ АЗ ЕМЕС Жасыратыны жоқ, осыдан ширек ғасыр бұрынғы оқу­лық­тар мен қазіргі оқулықтардың арасы жер мен көк­тей. Бұрынғы классикалық түрде білім беретін оқу­лық­тар­дың орнын адамның басын қатыратын тапсырмаларға толы оқулықтар басқан. «Әліппені» «Сауат ашу» деп өзгертіп, пәлен жылда бүкіл халық болып шулап жүріп әрең қайтарып алдық. Ал қазақ мектептерінің ең негізгі пәні – қазақ тілі сабағы бая­ғы­да ғалымдарымыз жазған классикалық оқулықпен өтілмейді. Тілдік ұғымдарды толық түсіндіретін тақырыптар келмеске кеткен. Оның орнына бір, екі абзацтан тұратын болар-болмас үстірт түсініктеме беріліп, жаттығуларды үйіп-төгіп тастаған. Ол жаттығуларының көбі логикалық жаттығу, тілдік құбы­лыстарды түсіндіру үшін емес, адамның басын қатыру үшін жасалғандай... Әдебиет оқулығында бұрын ақын-жазушылар туралы мәліметтермен қатар оның бір шығармасының мәтіні берілсе, қазір мәтін жоқ. Оны мұғалім де, оқушы да кітапханадан не интернеттен тауып оқуы керек. Шамасы, жоғары оқу орындарының жүйесін мектепте сынап көргісі келгендердің ісі болса керек. Шынына келгенде, дәл қазіргі оқулықтар «қазақ тілі мен әдебиеті пәнін ешкім оқымасын» деп жасалған сияқты. Мектеп оқулықтарын жасағанда «Ин­тер­нет заманы, балалардың өздері ізденіп, үйренуге мүмкіндік мол» деген ұстаным болған да шығар, бірақ сол интернет заманында «ба­ла­лардың назары қайда ауып жүр, одан қалай алып шығуға болады?» деп басын қатырып жүрген адам бар ма екен? Әрине, формалды түрде әр жерде мә­­­селелер көтеріледі, газет-журналдарда, сайт­тар­да жазылған болады, бірақ мәселені шешу емес, белгілі бір проблеманы көтеріп, елдің наза­рын аудару үшін ғана жасалатын тірлік. Айтпақшы, оқулық мәселесінде де түрлі «жаңа­лықтар» жүз бергенін де айта кету керек. Орта мектепке негізделген валеология деген пән­нің енгізілуі кезінде көп дау тудырған. Оны «мек­тептен алып тастау керек», «жоқ қалдырыл­сын» деп жақ-жақ болып айтысулар болды біраз. Кейін ол «Салауаттану» пәніне айналған соң дау тоқ­таған сыңайлы. Ал енді оқулық мәселесінде «қазақстандық оқу­лық», «отандық ақыл-ойдың жемісі» деп талай дәріптеліп, мектепке арнайы пән ретінде кір­гізілген «Өзін-өзі тану» қандай еді? Шынын айту керек, өзің оқушы кезіңде не жоғары оқу орнының студенті ке­зің­де пайдаланып көрмеген пән туралы пікір айту оңай емес. Бірақ оқулықты парақтап көрсең бір­деңе деуге болады. О баста бұл пән туралы мектеп мұғалім­дері­нің «баяғы сынып сағатында айты­ла­тын нәрселер ғой» дегенін есітетін едік. Бақсақ-көр­сек, ол сөздің де жаны бар секілді. Оқулықтағы ма­териалдарың дені сондай, дидактикалық ма­териалдарға құрылған. Ал оның көбі әдебиет, тарих сабағында да өтілетін мәтіндерден құрас­тырылған. Сондай-ақ музыка пәнінен де ән мә­тін­дер беріледі екен. Мәселен, мен өзім жалпы орта білім бере­тін мектептің 8-сыныбына арналған «Өзін-өзі тану» оқулығын парақтап көрдім. Бұл оқу­лық «Қоғамға қызмет ету» жобасы бойынша төрт кезеңге бөліп оқытылады. Бір жылда 34 са­ғат оқытуға арналған. Бұл аптасына бір рет өтеді де­ген сөз. Тақырыптарына қарайық. Бірінші ке­зеңде өтілетін тақырыптар: «Бұл әлемге келген соң», «Ар-ұждан үні», «Шынайы білімнің нұры», «Сүйіспеншілік –таным жолы ретінде». Екінші ке­зең­де өткізілетін тақырыптар: «Қайырымдылық көк­жиектері», «Достық айнасы», «Сыйластық бас­таулары», «Отанға жол». Үшінші кезеңде өте­тін тақырыптар: «Отбасын қадірлеу», «Менің сы­­­ныптасым», «Өз мұратына жету», «Мен әлемді сүйе­мін». Төртінші кезеңнің тақырыптары: «Да­на­лықтан қанып іш», «Қалаулар шегі», «Шығар­ма­шылық қанатында», «Болашақты жасаймыз», «Қан­дай әсем әлем». Көріп отырмыз, тақырыптардың қажетті екеніне дау жоқ. Бірақ ол тақырыптарды тү­сіндіру үшін кітапта ғылыми жағынан түсін­діре­тін теориялық мәтін берілмеген. Тек әдеби, та­рихи және музыкалық мәтіндер. Сосын әр та­қырыптың соңында тапсырмалар, тестер беріл­ген. Оқушыларға бұл пән үшін баға да қойыл­май­ды екен. Сонда «Өзін-өзі тануды мектепке жеке пән ретінде кіргізудің қандай қажеттілігі болды?» деген ой келеді. Біздің ойымызша, қандай да бір пәнді оқы­тудың ғылыми негізі болуы керек. Ал өзін-өзі тану пәнін оқытудың ғылыми негізі бар ма? Ғылыми тұрғыдан алғанда, негізі бар деп айту қиын, өйткені бұл пәннің ғылыми бағыты жоқ. Кеңестік кезеңде орта мектептің 10-сыны­бында жас ұрпаққа өзі өмір сүріп жатқан қоғамның қоғамтану деген пән өтілетін. Қазір оның орнына құқықтану сабағы өтіледі. Міне, осы пәнді баланың жас ерекшелігіне сай адам мен қоғам туралы нақты түсінік беретін етіп 1-11 сыныптар арасында толық оқытылатын пәнге ай­налдырса қалай болар еді? Сонда бір мезгілде бала әрі білім, әрі тәрбие алып өспес пе еді? Әрі өз құқықтары туралы да білер еді. Тек батыстық әсіре­сілтеуге салып, балаға ұрысқаны, бір-екі ша­п­алақ бергені үшін ата-анасын сотқа беруді үйретпей, ұлттық тәрбие негізінде жасалса деген тілек бар. Әйтпесе қазір қазақи тәрбие, ұлттық құн­дылықты қадір тұту деген нәрсе қалып бара жатыр... «ӨЗІН-ӨЗІ ТАНУДЫҢ» ТАҒДЫРЫ ЖӘНЕ 25 МЫҢ МҰҒАЛІМНІҢ ПРОБЛЕМАСЫ «Өзін-өзі тану» бағдарламасы 2001 жылы жыл­дан бері саралаудан өткізіліп, біртіндеп оқу жүйе­сіне енгізіліп, 2010-2011 жылдан жалпы білім беретін мекемелердің барлығына жаппай оқы­тыла бастады. Бірақ біраз жылдан бері ата-ана­лардың да, мұғалімдердің талайы орта мек­тепте жеке пән ретінде өтілетін бұл сабақты пай­­дасыз деп танып, оны орта мектеп бағ­дар­ла­ма­сынан алып тастау жөнінде тиісті орындарға хат жолдап та жататын. Сондықтан халықтың жә­не білім беру мекемелері қызметкерлерінің та­лап-тілегімен санасуды жөн көрген болса ке­рек, жылдың алғашқы тоқсанында Қазақстан Бі­лім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ен­дігіден былай жалпы білім беретін орта мек­тептерде өзін-өзі танудың міндетті пән ретінде оқытылмайтыны жайында мәлімдеген болатын. Үкімет отырысынан кейінгі баспасөз мәсли­ха­тын­да бұл жайында түсінік берген министр: «Қа­зір аталған пән қосымша емес міндетті пән ре­тінде бірнеше жыл оқытылып келді. Жұмасына бір сағат өткізіліп жүр. Жүргізілген талдаулар нә­ти­жесінде осы пәнге қатысты шешімдер қа­был­дадық. Келесі оқу жылынан бастап өзін-өзі тану пәні бір сыныпта ғана оқушылардың таң­дауымен оқытылады. Мысалы, егер 5-сынып оқу­­­шылары осы пәнді оқимыз деп таңдау жасаса тек сол 5-сынып кезеңінде ғана пән кіретін бола­ды. Таңдамаса, міндетті пән ретінде мүлдем оқы­тыл­майды», – деген болатын. Ал бұрыннан өзін-өзі тану пәнін оқытып келе жатқан мұға­лім­дер мен бұл пәннің болашақ мамандары жай­лы Асхат Аймағамбетов: «Оның ең бірінші ма­­­мандығы – әлеуметтік педагог. Сондықтан дип­лом алған жастар әлеуметтік педагог ретінде жұ­мыс істей береді. Ал мектептерде бұл пәннен кө­біне басқа пән мұғалімдері қосымша оқытқан. Олар өз мамандықтарымен сабақ беруді жалғас­тыра­ды. Жоғары оқу орындарында осы маман­дық­тың бастапқы бірінші, екінші курсында оқып жүрген студенттер басқа мамандыққа ауыса алады», – деп пікір білдірді. Ы.Алтынсарин атындағы педагогикалық академия­­ның осы пәнді мектептегі негізгі сабақтан алып тастау ұсынысын қанағаттан­дыр­ған министрдің бұл ұстанымы біраз жылдардан бері «ары тарт та, бері тарт» болып келе жатқан бір оқулыққа қа­тысты дауға нүкте қойғандай болғанымен, ол ше­шімге қарсы болып жатқандар да баршылық. Мә­селен, мұғалім, Білім беру ісінің үздігі Сұлтан Сү­леев өзінің Facebook әлеуметтік желісіндегі па­рақшасында өзін-өзі тану пәнін қолдайтын мек­теп мұғалімдерінің Білім және ғылым ми­нистріне жолдаған хатын жариялады. Хатта бы­лай делінген:
Құрметті Асхат Қанатұлы! Сізге еліміздің әр өңірінен өзін-өзі тану пә­ні­нің мұғалімдері хабарласуда. Әлеу­мет­тік желілерде өзін-өзі тану пәнінің мектеп бағ­дарламасына қажеттілігі туралы мәселе қызу тал­қылануда. Біз, өзін-өзі тану пәнінің мұға­лім­дері, өз пәніміз бірегей, тәрбиелік әлеуеті жоғары деп есептейміз. Ол әр баланың жеке басының ең жақсы қасиеттерін ашуға мүмкіндік береді. Өзін-өзі тану мектеп пәнінің шеңберінен әлдеқашан шы­­­ғып кеткен – бүкіл оқу-тәрбие процесі жал­пыа­­дамзаттық және ұлттық құндылықтарды бірік­­тіру негізінде ұйымдастырылып, өз бойында бі­­лім беру жүйе­сінің қасиеттерін қалып­тас­тырады. Өзін-өзі тану пәнін оқытудың мақ­саты – ұлттық және әлемдік мәдениеттің озық дәс­түрлері бойынша тәрбиеленген, адамгершілігі мол тұлғаны қалыптастыру. Өскелең ұрпақты рухани-адамгершілікке тәрбиелеу – өсіп келе жатқан тұлғаның мейірімділікке, жанашыр­лыққа, Отанға деген сүйіспеншілікке негізделген ішкі мүмкіндіктерін ашуды көздейтін мектептің маңызды міндеттерінің бірі. Бұл әдіс біздің білім беру жүйеміздегі алдыңғы қатарлы бағыттар­дың бірі болып табылады және жеке тұл­ғаның, қоғам мен мемлекеттің игілігіне ба­ғытталған. Бүгінгі таңда адамды рухтандыратын, ұлттың жасампаздық әлеуетін дамытатын, өмірді ру­ханият пен адамгершілік, махаббат пен мейі­рімділік, бейбітшілік пен ізгілік ұғымдарымен то­лықтыратын жанды білім бұрынғыдан да қа­жет. Білім мен тәрбие біртұтас, ажырамас про­цестің бөлігі болып табылады, өйткені мектеп оқушыларына дұрыс адамгершілік тәрбиесінсіз же­місті оқу процесі іс жүзінде мүмкін емес. Өзін-өзі тану пәні мектеп бағдар­ламасынан алынып тасталса немесе факуль­татив санатына ауыс­тырылса, мектептегі ғана емес, қоғамдағы бүкіл білім беру жүйесі зардап шегеді. Елімізде болған қаңтар оқиғасы қалаларымыздың алаңдары мен көшелерінде дүрбелең жасаған лаңкестер, тонау­шылар мен арандатушылар жастайынан адам бойындағы мәңгілік мызғымас құндылықтарды ашып, оның адамгершілік қағидаларын қалып­тастырудың қаншалықты маңызды екенін көр­сетті. Адамгершілік, рухани тәр­бие­сіз агрессивті, қатыгез, жеккөрінішті ұрпақ шы­ға­тыны бар­шамызға ащы сабақ. Жасыратыны жоқ, пәнді басқару мәселелерінде проблемалар бар: әрбір мұ­ғалім өзінің әрбір шәкірті үшін қан­дай жауап­кершілік жүктейтінін әлі түсіне бер­мейді. Дегенмен өзін-өзі тану пәні мұғалімдерінің көп­шілігі – руханият пен имандылық қоз­ға­лысының нағыз көшбасшысы болып табы­ла­тын, өзін толығымен бала тәрбиесіне арнаған адам­дар. Өзін-өзі тану сабағында өзін және әлемді та­нитын Тұлға тәрбиеленеді. Балалар мен ата-ана­лардың көптеген оң пікірлері бұл пәнді оқу бағ­дарламасына міндетті түрде енгізуді ұсынады, өйт­кені ол әрбір адамға өзінің адам­дық тағдырын ашу­ға, отбасындағы, ұжымдағы, қоғамдағы шы­ғармашылық рөлін түсінуге көмектеседі. Өзін-өзі тану пәні – еліміздің қауіп­сіздігінің, бірлігі мен тұтас­тығының кепілі! Құрметті Асхат Қанатұлы! Мем­лекеттік білім стандартына міндетті пәндер­дің қатарында өзін-өзі тану пәнін қалдыруыңыз­ды сұраймыз!
Әрине, хат иелерінің жанайқайын түсінуге бо­лады. Олардың араларында осы пән бойын­ша ЖОО-да жоғары білім алып, бала оқы­тып нан тауып отырғандары бар. Дегенмен бұл жөнінде біраздан бері талас-тартыс та жоқ емес. Бір ата-аналар бұл пән керексіз деп таныса, енді бір ата-аналар балаларының осы пәнді жақсы көре­тінін айтады. Сондай-ақ мұғалімдер арасын­да да өзін-өзі тану пәнін қалдыруды қолдайтын­дар да, қажетсіз деп санайтындар да аз емес. Қан­ша дегенмен бұл мәселеде мамандардың пі­кірі маңызды ғой, сондықтан өзіміз әлеуметтік желіге осы пән туралы жұрттың пікірін сұрап жаз­ба қалдырып едік, қолдайтын ұстаздардың бір парасы «Өзін-өзі тану пәнін мектепте оқыта беру керек, себебі елімізде бұл пәнге маманданған 25 мың мұғалім бар және осы пән бойынша бола­шақ мамандар оқып жатыр» деген дәлелді алға тартса, қолдамайтындары «Оқулық әдебиет пен тарих және музыка пәндеріне қатысты материал­дардан құрастырыла салған, жеке концепциясы жоқ және бұл пәнді оқығаны үшін балаларға баға қойылмайды, сондықтан оқу процесінде маңызы жоқ» деген тұжырым айтады. Жоғарыда бір топ ұстаздың Білім және жә­не ғылым министріне хатын оқы­саңыз, онда өзін-өзі тану пәнін оқытуды қол­дай­тындардың ортақ пікірі жинақталған. Ал енді бұл пәнді мектепте оқытудың қажеті жоқ деп санайтын мұғалімдердің пікірі қандай? Оларды да тыңдап көрейік: Нұржау Досжанов, Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы Т.Рысқұлов атындағы орта мектептің мұғалімі:
– Жалпы өзін-өзі тану деген пәннің оқы­тылуы­на қарсымын. Неге десеңіз, бақылап көріп бай­қағаным – оқушының өзі бұл пәнге қызы­ғу­шылығы жоқ әрі ол мектепте екінші дәрежелі пән деп қаралады. Мектептің тығыз жұмысы (жи­налыс, дайындық, консультация) болатын бол­са сол пәндермен ауыстыра салады, сондай-ақ бұл пән негізінен соңғы сабақтарға және өзге са­бақтар тығыз болса пәндер арасына қоя са­ла­ды. Ендеше, оқушы өзін-өзі танудан жалық­паған­да қайтеді? Дүниеде баланың сабақтан жалығуы­нан жаман нәрсе жоқ, ол оның басқа сабақтарға де­ген қызығушылығын да төмендетіп тастауы мүмкін. Мен көрген жерде өзін-өзі тануды, көбіне, сертификатпен сабақ жетпеген мұғалім оқы­тып жүр. Сонда оны оқытуда не мән бар? Егер бұл пәннің уақыты босап қалады десе, тіл-әде­биет секілді пәндердің сағатын көбейтсін немесе жас ұрпақты ұлттық дүниетаным мен патрио­тизм­ге тәрбиелейтін ұлттану, мемлекеттану се­кіл­ді пәндерді жасауға болады ғой! Бүгінде қа­зақ­тың көбі қалаларда тұрады, ал қалада өскен ба­лалардың ұлттық тәрбие, әдет-ғұрып, салт-сана тура­лы түсінігі аздау келеді. Оларды «қазақ тілін ша­ла біледі, ұлттық болмыстан алшақтау өседі» деп кінәлаймыз. Сол үшін баланы жасынан қа­зақи болмысқа жақын қыламыз десек, оны ұлт­тық мәдениетке қызықтырудың жолын ойлауы­мыз керек.
Бағила Дощанова, Ақтау қаласындағы №3 жал­пы білім беретін мектептің қазақ тілі мен әде­биеті пәнінің мұғалімі, педагог-зерттеуші:
– Білім және ғылым министрі Асхат Айма­ғам­бетовтің мәлімдемесінен соң өзін-өзі тану пә­ні туралы мұғалімдер пікірі екіге бөлінді. Бұл пән керек дейтіндер, әрине осы пәнді оқытып жүр­гендер. Негізі, бұл пәннің материалдары көбіне әде­биет пәнінде өтілетін туындыларға ұқ­сайды, сондық жұрттың көбі өзін-өзі тануды әде­биеттің көшірмесі деп ұғады. Жеке пән ре­тінде оқытылғанмен балалардың білімі тек­сері­ліп, қорытылып, баға қойылмайтын болған соң оқушылар оған жауапкершілікпен қарамайды. Сон­дықтан мұндай сабақ негізгі пән емес, фа­культатив сабақ түрінде оқытылғаны дұрыс бо­лар еді. Ал оны мектептен алып тастаса осы са­бақ­ты оқытып жүрген мұғалімдер жұмыссыз қа­ла қоймас, министрлік оның шешудің жол­да­рын қарастырып жатқан шығар деп ойлаймын. Тәуелсіздіктен кейін орта білім саласына жүйесіз көп эксперимент жасалды, со­ның бірі – осы өзін-өзі тану сабағының кіргі­зілуі. Ал оқушыға аса қажет бейнелеу, сызу деген пән­дер жойылып кетті. Жалпы эксперимент жа­сап бір пәнді кіргізіп, бір пәнді алып тастап не­месе оқулықтарды қайта-қайта өзгерте берген дұрыс емес. Бұл – оқу жүйесіне зиянын тигізетін құ­былыс. Мектепте қандай пән өтілсе де ғылыми не­гізі бар, оқулығы баланың санасына шектен тыс салмақ түсірмейтін пәндер оқытылса дұрыс болар еді деймін.
Міне, өзін-өзі тану пәні керексіз деп са­най­тын жалпы жұрттың пікірі жоғарыда біз ойларын беріп отырған екі ұстаздың сөзімен қабысады. Байқағанымыз, өзін-өзі тану пәнінің оқытыла беруін қолдайтындар сөзінің дәйегі – ба­лаға қажетті рухани білім беретін оқулықты сақ­тау, осы пән мұғалімдерін жұмыссыз қалдыр­мау керектігі болса, ал оқытылмау керек дейтін­дер­дің дәлелі – өзін өзі тану пәні ғылыми негізі, же­ке бағыты жоқ, балаға білім дағдыларын қа­лып­­тастыруға тигізетін пайдасы жоғын көр­се­теді. Біз екі жақтың да пікірін жоққа шығар­ғы­мыз келмейді. Дегенмен бұл жайлы тиісті орындар түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, мә­се­ленің нақты шешімін айтса дейміз. Әйтпесе ми­­нистрлікке шағым жасап, хат жолдаудың тоқ­тайтын түрі көрінбейді.