Гагауз халқының әдебиеті және оның ірі тұлғалары

Гагауз халқының әдебиеті және оның ірі тұлғалары

Гагауз халқының әдебиеті және оның ірі тұлғалары
ашық дереккөзі
Тілдік жағынан түркі халық­тары­ның оғыз тобына жататын ұлт­тың бірі – гагауздар. Гагауз тілі қырым-та­тар, түрік, әзербайжан, түркі­мен тілдеріне жақын. Бірақ ұзақ уақыт бойы бол­гар, балқан-рим және орыс тіл­дері­­нің ық­палында болған гагауз тілі 1957 жыл­дан бастап қана жаз­ба тіл ре­тін­де қол­да­ныла бастады. Бұл тілде сөйлеп жазатындар, не­гізінен, Мол­дова аума­ғын­да, оның ішінде Гагау­зия­да тұрады. Ол аймақта гагауз тілі молдаван жә­не орыс тілдерімен қатар ресми тіл­­­дердің бірі сана­ла­ды. Мек­теп­тер­де оқыту орыс тілінде жүргізіледі, де­­генмен гагауз тілін ана тілім деп та­нитын ха­лық­тың көбі орыс, молдаван, болгар, украин тіл­дерін біледі. Гагаузияның қазіргі тұрғын­дары­ның көпшілігі Балқан тү­бегінен келген және 1806-1812 жыл­дардағы орыс-түрік соғысы бас­талғаннан кейін Бессарабия жер­леріне қоныстана бастаған. Қо­ныс аударушыларға Бессарабияның бес округтен жер беріліп, олар бұл жер­ден кетіп қалған татар-ноғай­лар тұрған аумаққа орналастырыл­ды. Қоныстанушылар грек дінінде бол­ды. Бірақ болгарлар деп таныл­ған бұл халықтың көпшілігі түрік диалектінде сөйлейтін еді. 1940 жылы 11 қарашада Молда­ван КСР аудандары округтерге бө­лін­­генде гагауз халқы, негізінен Кон­газ, Комрат, Цеадир-Лунг және іші­нара Вулканешт аудандарында ор­наласты. 1990 жылдары Приднестровье­дегі соғыс жағдайында Гагаузияның проблемалары салыстырмалы түрде бей­біт шешілді. Біраз уақыт мойын­дал­маған Гагаузия Республикасы бо­лып тұрды. 1994 жылы желтоқсанда Мол­дова Парламенті Гагаузияның (Га­гауз-Йери) ерекше құқықтық мәр­те­бесі туралы заң қабылдады, ол га­гауздар тығыз қоныстанған ай­мақ­қа автономия құқығын берді. 1995 жылы 22 шілдеде Вулканести, Комрат және Чеадир-Лунг аймақ­тары Гагаузияның ішкі аймақтары бол­ды, бірақ аймақтардың ше­кара­лары көршілес Басарабска және Тарак­лия аудандарында өткен ре­фе­рендумнан кейін өзгерді. 1999 жы­лы әкімшілік реформадан кейін Га­гаузия автономды аумақтық құры­лымының мәртебесі Молдова конс­титуциясында бекітілді. Түркі әдебиеттер тобына жа­та­тын гагауз әдебиеті – га­гауз тіліндегі фольклорлық және жаз­ба әдебиет. Гагауз жазба әде­бие­тінің қалыптасуына ауызша халық шы­ғармашылығы айтарлықтай әсер етті. Бұл әдебиеттің алғашқы өр­­кендері 19 ғасырдың ортасында пай­да болды. Дегенмен жоғарыда ай­тып өткеніміздей, 1957 жылдан бас­тап қана жазба әдебиеті қа­лып­таса бастаған гагауз әдебиеті өзге түр­кітілдес халықтармен салыс­тыр­ғанда кешірек дамыған әдебиет бол­ды. Дегенмен бүгінде гагауз тілін сақ­тап, дамытуда ол халықтың жаз­ба әдебиетінің маңызы зор. Сон­дық­тан бұл орайда қазақ оқыр­ман­да­рын белгілі гагауз қаламгерінің шы­ғармашылығымен таныстырып өт­кен жөн болар деп ойлаймыз. НИКОЛАЙ БАБОГЛУ Николай Игнатьевич Бабоглу (2.05.1928-26.08.2008) – га­гауз жазушысы, ақын, фольклоршы, пе­дагог, аудармашы, публицист (аға­сы Игнат Бабоглу гагауз тілі оқу­лық­­тарының авторы), гагауз әде­бие­тінің негізін салушы көрнекті тұлғалардың бірі. Болашақ жазушы Молдованың оңтүстігіндегі Буджак дала­сы­ның қақ ортасында орналасқан Коп­шақтың Гагауздардың көркем Га­гауз ауылында шаруа отбасында кел­ген. Әкесі Николайды бала кезі­нен білімге баулиды, кейін бұл тура­лы жазушы «Тәңірдің қалауы» әңгі­месінде суреттеп жазған. Үй ішінің қалауымен теоло­гия­лық семинарияға оқуға бар­са да, Ба­боглу бұл рухани меке­ме­де ұзақ оқи алмады. Өткен ға­сыр­дың қыр­қын­шы жылы Кеңес әс­кер­лері Бес­сарабияға кірген соң бо­лашақ жазу­шы діни мансап жолы­нан бас тар­тып, ауылдық мектептегі қарапайым кеңес мұғалімі болып кетті. Николай Бабоглу жүйелі әде­би қызметпен айналыса бас­тады. 1950 жылы оның алғашқы ақын­дық қадамы сол кезеңдегі кеңестік өзге ұлт ақындарының ішінде ерекше көзге түспеді. Де­ген­мен өз шығармашылығын жетілдіре түс­кен Николай Бабоглу – Пушкин, Лер­монтов, Шолохов, Тургенев, Эми­неску, Креанга, Буков т.б. орыс, ру­мын және молдаван ақын-жа­зушыларының шығармаларын ана тіліне аударды. «Қалампыр қайта гүл­деді» хикаятын, «Денсаулыққа пай­далы шамдар» пьесасын жазды, «Туған жер әндері» жыр жинағын жарыққа шығарды. ДМИТРИЙ ҚАРАЧОБАН Дмитрий Николаевич Қара­чо­бан (1933-1986) - гагауз кеңес ақыны, прозаик, су­рет­ші және кинорежиссер. Бес­сарабияда, қазіргі Молдовадағы Га­гаузия автономды аумақтық құры­лы­­мына қарасты Кагул ауданы, Бе­шал­ма ауылында дүниеге келген. Ол кедей шаруа отбасындағы жал­ғыз бала болды. Кішкен­тай кезінде ол туған жерінен кетіп, Ха­рьков құрылыс техникумына оқу­ға барды, кейін Қиыр Шығыста қыз­мет етті. Мұғалім, кітапханашы бо­лып жұмыс істеді, содан кейін көркемсурет училищесінде, ең соңында М.Горький атындағы Әде­биет институтына түседі. Осы­лай терең білім алған ол алғашқы кә­сіби гагауз жазушысы болды. Оның шығармаларын Молдовада В.Измайлов, К.Шишкан, Б.Мариан, Мәскеуде В.Кузнецов, Ю.Левитанс­кий сияқты қаламгерлер өз тіл­дері­не аударды. 1959 жыл Қарачобан тағдырын­да бетбұрыс болды. Бұл ол үшін тек Әдебиет институтына түскен жыл емес, өлеңдері «Буджактан сесляр» («Буд­жак үндері») атты гагауз әде­биетінің жаңа дәуірін ашқан жи­нақ­та жарық көрді. Араға төрт жыл са­лып, 1963 жылы гагауз тіліндегі «Ильк Лаф» («Алғашқы сөз») атты тұң­ғыш авторлық поэзиялық жи­на­ғы жарық көрді. Ал орыс тіліндегі ««Аз­бука открытий» атты жыр кіта­бы ақын қайтыс болғаннан кейін басылып шықты. 1960 жылдардың басында ол Бе­шал­ма өмірі туралы деректі және қыс­қаметражды көркем фильмдер де түсіре бастады. Сөйтіп ол сце­на­рист, режиссер, актер ретінде «Гагауз романдары» деген жалпы атаумен 20-дан аса фильм түсірді. Ол сурет салумен де айналыс­ты және оны өмірінің ақыр­ғы күндеріне дейін жалғас­тыр­ды. Қарачобан әрдайым өзі жаса­ған нәрселерге сын көзбен қарады. Со­дан болар, бірде ол қолына балға­сын алып, жылдар бойы жасап жүр­ген гипс мүсіндерін қиратып тас­тады. Қарачобан 30 жыл бойы эт­ног­рафиялық материалдар жинады. Сол арқылы жинаған бай кол­лекциясымен ол Бешалмада әлем­дегі алғашқы гагауздардың тарихи-этнографиялық мұражайын құр­ды. 1966 жылы ашылған мұра­жайда Қарачобанның өзі режиссер, фо­тограф, оператор, мүсінші, сурет­ші, зерттеуші және мұражай қыз­мет­кері қызметін атқарған. Әйелі Зинаида Николаевна дүние салған соң екі күннен кейін жан күйзелісіне шы­дамаған гагауз халқының та­лант­ты ұлы пойыздың астына түсіп, өз-өзіне қол жұмсады. Ерлі-зайып­тылар Бешал­мадағы бір қа­бір­ге жер­ленген. Бүгінде Бешалма ауы­лын­дағы көшелердің бірі Дмитрий Қарачо­бан­ның атымен аталады. ДИОНИС ТАНАСОҒЛЫ Дионис Николаевич Тана­соғлы (07.07.1922-23.08.2006) молдаван-га­гауз ақыны, прозаик, драматург, фольклоршы, гагауз әдебиетіндегі алғашқы романының авторы. Дионис Танасоғлы Чириет Лун­га ауылында (ол кезде Ру­мыния Корольдігіне қарайтын) дү­ниеге келген. Ауыл мектебін бі­тіріп, Ақкерман қаласына барып, пе­дагогикалық училищеге түсіп, му­зыкалық және филологиялық білім алады. 1943 жылы техникумды бітір­ген­нен кейін Танасоғлы Румыния ар­мия­сының қатарына шақыры­лып, кіші офицерлер мектебіне оқу­ға түседі. 1944 жылы тамызда Ру­­­­мынияда төңкеріс жасалып, фа­шис­тік режим құлатылғаннан кейін неміс-венгр әскерлеріне қар­сы шайқастарға қатысты. Соғыс аяқталғаннан кейін Дио­нис Танасоғлы туған ауы­лына оралып, мектепте мұғалім бо­лып жұмыс істейді. 1950 жылдары молдавиялық студенттер тобының құрамында Ленинград театр учи­лище­сіне оқуға барады, кейін бірне­ше жылдан кейін Молдоваға барып, Кишинев педагогикалық институ­ты­ның тарих-филология факульте­тіне оқуға түседі. Дионис Танасоғлы Киши­нев­те оқып жүргенде әдебиет­тің поэзия және проза жанрында жа­за жүріп, гагауз фольклорын жи­нап, зерттей бастайды. Сондай-ақ, ол Николай Арабаджи және Ва­си­лий Арабаджимен бірге гагауз әліпбиінің негізін қалап, ана тілінің кирилл әліпби жобасын дайындады. Соның нәтижесінде 1957 жылы Мол­даван КСР Жоғарғы Кеңесі га­гауз әліпбиі туралы заң қабыл­да­ды. Сөйтіп Дионис Танасоғлының ерік-жігерінің арқасында гагауз тілінде оқытатын мектептер ашылып, га­гауз тілінде радиохабар таратыла бастады, «Молдова социалисте» газе­тінің гагауз тіліндегі қосымшасы шықты. Гагауздардың ұлттық да­муы­ның «гагауз бұлағы» деп аталған барлық осы процестеріне Дионис Танасоғлы белсене қатысты. Оның сол кездегі қызметінің негізгі ба­ғы­ты гагауз тілі мұғалімдерін даяр­лай­тын курстарды ұйымдастыру және өткізу болды. Сонымен бірге Тана­соғлы құрастырушы және редактор ре­тінде «Буджактан сесляр» («Буд­жак үндері», 1959) фольклорлық және поэзиялық жинақ шығарды. 1958 жылы II Республикалық жазу­шылар съезінде Дионис Тана­соғлы жаңа әдебиет – гагауздың дү­­­ниеге келгенін хабарлады. Өзі де ана тілінде шығарма жазды, музы­кант­тармен, әншілермен бірге жұ­мыс жүргізді. Бірнеше кітаптары жа­рық көрді, 1985 жылы гагауз ті­лін­де тұңғыш романы «Узун керван» («Ұзақ керуен») жарық көрді. Дионис Танасоғлы гагауз ұлт­тық болмысын тәрбиелеуде үл­кен рөл атқарған «Буджакта ялин», «Оглала чем Лянка» пье­са­ларын жазды. Дионис Николаевич ұзақ жылдар бойы Молдова Рес­публикасының Өнер институтында сабақ берді, содан кейін Комрат мем­лекеттік университетінің бірін­ші ректоры болды (1990-1991). Осы ең­бектері үшін оған «Гагаузияның құр­метті азаматы» атағы берілді. ТОДУР ЗАНЕТ Гагауз әдебиетінің қазіргі көрнекті қаламгерінің бірі – Федор Иванович Занет – Тодур Занет 1958 жылы 14 маусымда туған, Молдавияның Конгаз ауы­лынды дүниеге келген. Белгілі гагауз ақыны, жазушы, драматург, фольк­лор­шы, журналист, аудармашы. Га­гауз мемлекеттік әнұранының ав­торы. Туған ауылындағы орта мек­тепті бітіріп, Кишинев политехникалық институтында (1976-1981 ж.) оқыған соң, әртүрлі жұ­мыстар істеді. Одан соң 1987 жы­лы Молдова Компартиясы Ор­та­лық Комитеті жанындағы Марк­сизм-ленинизм университетін бітірді. 1988-1994 жылдары және 1999 жыл­дан осы күнге дейін гагауз тіліндегі тұңғыш және жалғыз газет Ana Sözü газетінің бас редакторы және шығарушысы болды (газет 1993 жылдың 25 қыркүйегінен бастап латын графикасында шығары­лып келеді). Сонымен қатар 1986-1993 жылдар аралығында бір мез­гілде Bucaan dalgasında («Буцаан тол­қынында») телерадио бағдарла­ма­ларының редакторы, Өнер инс­титутының оқытушысы болып қыз­мет атқарды. 1991-1993 және 2001-2002 жылдарда балаларға арналған Kırlangaç («Қарлығаш») жур­налын шығарды. Сондай-ақ га­гауз жазуын латын әліпбиіне көшіру жолында көп тер төкті. Молдова Журналистер одағының Молдова жә­не Түркі әлемі Жазушылар ода­ғының мүшесі. Жан-жақты қаламгер Тодур За­нет 20-дан астам ән мә­тін­дерінің және 10-нан астам поэ­зия­лық жинақтардың, прозалық, балаларға арналған кітаптардың, драматургиялық шығармалардың және мектеп оқулықтарының ав­торы. Сонымен бірге «Адам құқық­тарының жалпыға бірдей дек­лара­циясын» гагауз тіліне аударып, бас­тырып шығарған. Бұлардан бас­қа ол ондаған ғылыми мақала жа­зып жариялаған. 2010 жылы Молдова Респуб­ли­ка­сы Ғылым Академиясының Фило­логия институты мен Әзербайжан Республикасы Ұлттық Ғылым акаде­миясының фольклор институты баспаға ұсынған гагауз халқының ма­териалдық және рухани мәде­ние­тіне арналған «Гагаузлук: Култура, Рух, Адетләр» ғылыми еңбегін дайын­дап, басып шығарды. P.S. Тағдыр әр халықтың басына әртүрлі тарихи аласапыран дәуірлерден өтуді жазған. Сондайда тұқымы тұздай құрып, жер бетінен ізі мүлде өшіп кеткен халықтар қанша. Ал кейбір халықтар отанынан айырылып, тілін шұбарлап қанша қиындық көрсе де жойылмай, сәті туғанда жоғала қоймаған ұлттық рухының отын маздатып, мына жердің бетінде өздерінің бар екенін дәлелдеп, іргелі елге айналады. Бір кезде ұлы дала төсінде өз тектестерімен бірге атой салып ортақ жауына қарсы шапқан гагауздар бүгінде Шығыс Еуропаның бір мемлекетінің құрамында болса да, нәсілін сақтап, түтін түтетіп отыр. Күллі әлемдегі саны 200 мыңға жақындап қалған гагауздар – түркінің жаңа ғасырмен бірге түлеп, дамып келе жатқан аз санды халқының бірі. Түбі бір, тектес халықтарға әрдайым тілекшіміз. Сондықтан гагауз ұлтынан шыққан аз ғана көрнекті қаламгерлер мен олардың жанқиярлық еңбектері жайлы баяндап беруді жөн көрдік.

Ахмет ӨМІРЗАҚ