800 млн-ға жөнделген жолдың сиқы сын көтермейді (ВИДЕО)

800 млн-ға жөнделген жолдың сиқы сын көтермейді (ВИДЕО)

800 млн-ға жөнделген жолдың сиқы сын көтермейді (ВИДЕО)
ашық дереккөзі
Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында жақында ғана 800 миллион теңгеге жөнделген жол қирап жатыр деп хабарлады turkystan.kz «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап. Телеарна мәліметінше, жергілікті тұрғындар облыстық тасжолдың жөнделуін 30 жылға жуық күткен. Бір жарым жыл бұрын 30 шақырым учаскеде орташа деңгейдегі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бірақ бүгінде бұл жолда әр 50 метр сайын терең шұңқырлар пайда болған.
«Сұмдық. Айтарға сөзіміз жоқ. Тасжолдың сапасы өте нашар. Көліктер әдеттегідей бұзылады», - деді Қасым Аманжолов ауылының тұрғыны Жаңабек Арапов.
Оның бұл сөзін өзге ауылдастары да қолдайды.
«Сапа - нөл! Ешқандай технология жоқ. Ауыр жүк көліктері тасжол төсеген кезде осындай жолдармен жүрді. Үстінен жай ғана автогрейдермен жүріп өтті. Олар асфальт төсеген кезде шаң болды», - деді ауыл тұрғыны Асылан Жақанов.
Аудандық билік мердігерді сотқа берген.
«Жұмыстар қабылданып, жол пайдалануға берілді. Бірақ, жұмыс кезінде ақаулар пайда болды, яғни шұңқырлар пайда болды. Сот шешімі бойынша, бұл ұйым биыл 1 маусымда ақауларды жою жұмыстарына кірісуге міндеттелді» деп мәлімдеді Қарқаралы ауданы әкімінің орынбасары Дидар Қабаев.
Мердігер жолды қайта өз есебінен жөндеуге мәжбүр. Еске салсақ, бұған дейін облыстық тасжолды қалпына келтіруге бюджеттен 800 миллионнан аса қаражат бөлінген болатын.