«Жалын» телевизиялық жастар байқауының жеңімпаздары анықталды

«Қазақстан» телерадиокорпорация-сы жазушы-публицист, өнертанушы, телевизия қайраткері Камал Смайыловтың 90 жылдығына және тележурналист, жазушы, қоғам қайраткері Сағат Әшімбаевтың 75 жылдығына орай ұйымдастырылған «Жалын» телевизиялық жастар байқауының қорытындысын жариялады.

2022 жылғы 15 сәуірден бастап конкурсқа республикалық, аймақтық телеарналардан, ақпараттық агенттік журналистерінен, жоғары оқу орындарының студенттерінен түрлі жанрда 60-қа жуық шығармашылық жұмыс келіп түсті. Телерадиокорпорация тарапынан арнайы құрылған комиссия 4 үміткердің жұмысын үздік деп таныды.

Әр аталым бойынша байқау жеңімпаздары:

 «Үздік деректі фильм» аталымы бойынша Камал Смайылов атындағы жүлдені Kokshe kontent ақпарат агенттігінің тілшісі Ұлан Зейнелқабден иеленді («Қарағанды лагері – қара таңба» деректі фильмі);

«Үздік режиссерлік жұмыс» аталымы бойынша Камал Смайылов атындағы жүлдемен Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының III курс студенттері Анель Оразгелді және Зере Амангельдинова марапатталды («Бейсен Құранбек» деректі фильмі);

 «Үздік авторлық бағдарлама» аталымы бойынша Сағат Әшімбаев атындағы жүлдені Turkistan телеарнасының тілшісі Айдос Игіліков иеленді («Жедел желі» бағдарламасы «Абақтыдағы ару» шығарылымы);

«Үздік сюжет» аталымы бойынша Сағат Әшімбаев атындағы жүлдені Сәтбаев қалалық Aqsham телеарнасының тілшісі Еркеназ Шоқан иеленді («Төл журналистиканың қамалы» сюжеті»);

Үздік шыққан жоба иегерлері 500 мың теңге қаржылай сыйлықпен марапатталды.

«Біздің мақсатымыз – жас журналистер арасында Қазақ телевизиясының бастауында тұрған тұлғалар есімін ұлықтау және жас әріптестеріміздің шығармашылығына қолдау көрсету. Үздік деп танылған жұмыстардың негізінде Камал Смайылов пен Сағат Әшімбаев кезінде әрбір авторлық жобасында көздеген ұлттық мақсат-мүдде жатыр. Әрбірінде бір тақырып арқылы ауқымды мәселе қамтылған. Келіп түскен жұмыстарды іріктеуде техникалық және шығармашылық ізденістен бөлек, осы жайттарға мән берілді», – деді Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай.

Телевизиялық «Жалын» жастар конкурсы «Қазақстан» телерадиокорпорациясының бастамасымен алғаш рет ұйымдастырылып отыр.

 

 

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button