Бүгін Қазақстанда халықаралық музейлер күні аталып өтілуде
Бүгін Қазақстанда халықаралық музейлер күні аталып өтілуде
Қазақстанда Халықаралық музейлер күні атап өтіліп жатыр. Мерекеге орай, БҒМ Ғылым комитетінің музейлері ашық есік күнін ұйымдастырды деп хабарлады turkystan.kz.
Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті жанында «Академик Қ.И. Сәтбаевтың мемориалдық музейі» және «Ғылым ордасы» ғылыми және музей орталығы жұмыс істейді. «Ғылым ордасы» музей кешеніне сирек кітаптар, қазақстандық ғылым тарихы, табиғат және археология мұражайлары кіреді.
«Бүгінгі күні БҒМ ҒК музейлерінде 40 адам жұмыс істейді. Музей қызметкерлері оқу және ғылыми қызметпен айналысады, білім және ғылым саласында инновациялық ғылыми зерттеулер мен ғылыми-техникалық жобаларды әзірлеп, жүзеге асырады. Мысалы, «Ғылым ордасы» РМК Қазақстан ғылымы тарихы музейінің қорында қазақстандық ғалымдардың, ағартушылар мен батырлардың фотоқұжаттары мен жеке заттарынан тұратын 11 мыңға жуық экспонат бар. Музей экспозициясының құрылымында «Қазақ ғылымының ежелгі дәуірден басталуы», «Кеңес дәуіріндегі қазақ ғылымының дамуы мен қалыптасуы» және «Тәуелсіз Қазақстан ғылымы» сияқты тақырыптық бөлімдер бар», - делінген хабарламада.
«Ғылым ордасы» РМК Археология музейі 1973 жылы республиканың археологиялық материалдарын сақтау және тұрақты ғылыми зерттеу нысаны ретінде ашылды. Республикамыздың аумағын мекендеген халық мәдени дамудың жоғары деңгейін және ата-бабаларымыздың әлемдік өркениет қазынасына қосқан үлесін айғақтайтын көптеген ескерткіш қалдырды. Музей экспозициясы төрт үлкен бөлімнен тұрады, ол жерде материалдар аймақтар мен хронологиялық кезеңдер бойынша жүйеленген.
«Академик Қ.И.Сәтбаевтың мемориалдық музейі ұлы ғалымның өмірі мен қызметіне арналған. Музейде академик Қаныш Имантайұлының мемориалдық кабинеті қолдан жасалған жиһаздармен қайта жаңартылған. Экспозиция қонақтарды ғалымның балалық, жасөспірімдік шағымен және оның қызметімен таныстырады, сондай-ақ, Қазақстанның экономикасын, ғылымы мен мәдениетін дамытуға қосқан үлесін көрсетеді. Сонымен бірге музейде еліміздің геологиялық қызметінің ұйымдастырылуын тамашалауға болады»,- делінген хабарламада.
Қазақстандықтар үшін музей экспозицияларына кіру тегін. Музейлер таңғы 9-дан кешкі 18.30-ға дейін жұмыс істейді.