Қала ішінде көкпар ойнаған алты адам қамалды
Қаскелең полициясы тұрғындардың өміріне қауіп төндірген көкпарға қатысқан алты адамды ұстады. Олар он тәулікке қамауға алынған деп хабарлады turkystan.kz Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Бастапқыда ойын қала сыртында өткені белгілі болды. Бірақ кейінірек қала көшелеріне көшкен. Ал ұйымдастырушы – бір жасар жиенінің құрметіне көкпар ұйымдастырған 66 жастағы зейнеткер.
«Қала тұрғындары мен көлік жүргізушілеріне қауіп төндірген, сондай-ақ оларға материалдық залал келтірген алты көкпаршы ұсталды. Оларға қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігіне сәйкес (ұсақ бұзақылық) әкімшілік іс қозғалды. Әрқайсысына он тәулік мерзімге әкімшілік қамау түріндегі жаза қолданылды. Сондай-ақ 614-баптың 1-бөлігі (көлікке кедергі жасау) бойынша да тіркелді» деп хабарлады Полиция департаментінің баспасөз қызметі.