Қазақстандық химиктер жүлделі оралды

Қазақстандық химиктер жүлделі оралды

Қазақстандық химиктер жүлделі оралды
ашық дереккөзі
Биыл 56-шы рет өткізілген Менделеев олимпиадасы Өзбекстанда офлайн форматта өтті деп хабарлады turkystan.kz. Оған ТМД, Балтық және Оңтүстік-Шығыс Еуропаның 16 елінен 100-ден астам оқушы білімін сынады. Қазақстан атынан 12 оқушы қатысты.
– Менделеев олимпиадасының бүкіләлемдік олимпиададан бірқатар айырмашығы бар. Қалай десеңіз, үш турдан тұратын жалғыз олимпиада. Бірінші теориялық турда оқушыларға химияны тереңдетіп оқитын мектептің бағдарламасын толық қамтитын 8 есеп беріледі. Екінші теориялық турда есепті таңдауға мүмкіндік беріледі. Химияның бейорганикалық, аналитикалық, органикалық және т.б саласының әрқайсысынан үш есептен беріледі. Қатысушы үш есептің біреуін таңдап, шығаруы тиіс. Егер үшеуін де шығарсаң, ең сәтті шығарылған саналады. Үшінші турда оқушылардың тәжірибелік біліктілігі мен дағдыларын анықтауға мән беріледі, – деді Қазақстан командасын бастап барған «Дарын» РҒПО зияткерлік іс-шараларды ұйымдастыру және халықаралық ынтымақтастық бөлімінің басшысы Ерболат Аблеметов.
Биылғы Менделеев олимпиадасында қазақстандық оқушылар жоғары жетістікке жетті. Атап айтқандай, Қарағанды қаласындағы «Білім-инновация» мамандандырылған лицей-интернатының оқушысы Мадияр Қасымалы, Ақтау қаласындағы «Білім-Инновация» лицей-интернатының білімпазы Санжар Нұрғалиев және Нұр-Сұлтан қаласының физика-математика бағытындағы «Назарбаев Зияткерлік Мектебі» ДББҰ білімпазы Санжар Бисенәлі күміс медаль алды. Ал, Қарағанды қаласындағы «Білім-инновация» мамандандырылған лицей-интернатының оқушысы Асанәлі Сәлем, Ақтөбе облыстық «Білім-Инновация» мамандандырылған лицей-интернаты оқушысы Айдос Сәрсенбай, Өскемен қаласның «Білім-инновация» мамандандырылған лицейінің талапкері Бекболат Мамырбеков,  Павлодар қаласының химия-биология бағытындағы «Назарбаев Зияткерлік Мектебі» ДББҰ оқушысы Альмира Нұрланова, Нұр-сұлтан қаласының «Білім-Инновация» лицей-интернатының білімпазы Әлихан Смет қола медаль еншіледі.
– ХХІ ғасырда адами капиталды дамытудың маңызы зор. Білім және ғылым министрлігі оқушылардың жан-жақты білім алуына барлық жағдайды жасауда. Елдің үздік жасөспірімдері Франциядағы Дүниежүзілік гимназиадаға аттанғанын жақсы білесіздер. Ташкентте өткен Менделеев олимпиадасында біздің оқушылар жоғары жетістікке жетті. Енді жүлдегерлер қабылдау емтиханын тапсырмай-ақ Ресейдің жетекші жоғары оқу орындарына оқуға түсе алады, – деді «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Тимур Нұркешев.