Түркістанда тұңғыш рет «Қорқыт туралы аңыз» пластикалық спектаклі қойылады

Түркістанда тұңғыш рет «Қорқыт туралы аңыз» пластикалық спектаклі қойылады

Түркістанда тұңғыш рет «Қорқыт туралы аңыз» пластикалық спектаклі қойылады
ашық дереккөзі
Түркістан қаласында 21-22 мамыр күні Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-драматург Ермек Аманшаевтың  либреттосы бойынша қойылған «Қорқыт туралы аңыз» атты пластикалық спектакльдің премьерасы болады деп хабарлады turkystan.kz. Қоюшы-режиссері - белгілі ресейлік балетмейстер, өнертанушы Константин Семенов. Композиторы - дарынды жас композитор Хамит Шанғалиев. Көркемдік жетекшісі - Айнұр Көпбасарова. Қорқыт ата - түркі халықтарының ортақ рухани абызы, ойшыл, жырау, қобызшы. Қорқыт ата өмірде ізі, артында әдеби-музыкалық мұрасы қалған тарихи тұлға. Қазақ философиясы тарихында Қорқыт ата - ел бірлігін нығайтқан кемеңгер қайраткер, түркі дүниетанымының негізін жасаған ғұлама ойшыл, әлемдік ақыл-ой мәдениетінде өзіндік орны бар философ-гуманист ретінде белгілі. Әрі   күйшілік, жыршылық өнерлерінің рухани атасы болып табылады. «Қорқыт туралы аңыз» пластикалық спектаклінде жер дүниені алай-дүлей  дауылдатып, жауындатып, жай ойнатып, адамдарды үрейге орап дүние келген Қорқыт алып қарағаштан ойып қобыз жасайды. Әлемді қобыз  үнімен әлдилеген бабамыз, көрген түсінен шошып, өлімнен қашады. Жерұйық мекенді іздейді. «Қайда барса да, Қорқыттың көріне» кезігіп, ақыры туған жеріне - дүниенің кіндігі саналатын Сыр-Дарияға оралады.  Ұлы өнерін өлімге, жалпы, тіршілік дағдарыстарына қарсы қойып, ізгілік пен жасампаздық нұрын шашқан Қорқыт пен жер бетін үйлесімсіздік пен араздықтың алаңына айналдыруға тырысқан пері қызы - Мартудың арасындағы мәңгілік айқас заманауи хореография тілімен әсерлі бейнеленеді.     Рухани тамырларымыздың алтын өзектері қандай? Замана ағымындағы шынайы өнер миссиясының сыры неде болмақ? Спектакль осындай мағыналы сұрақтарға жауап іздеп, көрерменге ой салады. «Қорқыт туралы аңыз» пластикалық спектаклін қоюға  көптеген тәжірибелі мамандар атсалысты. Қойылымның  сахна суретшісі- Татьяна Вьюшинская, жарық бойынша суретші - Татьяна Мишина, ол Ресейдің «Золотая маска»  ұлттық фестивалінің  жеңімпазы,  видеоконтент бойынша қоюшы суретші-Сергей Рылко, бірнеше ірі жобаларды сәтті шығарған, костюмдер бойынша  талантты суретші-Назым Жайлыбаева және 2021 жылы «Жылдың үздік дизайнеры» жүлдесін жеңіп алған дизайнер, суретші, стилист-Назым Қарпықова, декоратор-суретші - Жанат Көкімбеков, балетмейстер - Дәулет Мұратпеков, грим бойынша суретші – Адэль Нұрқасымова екенін атап айтамыз. «Қорқыт туралы аңыз» пластикалық спектаклінде  ролдерде ойнайтын кәсіби балет әртістері: Еламан  Әбдіқалық,  Еркінбек Әубәкіров,  Ақылай  Сыдығалиева, Алина Ормонбек, Рустам Шайхов, Гүлжанат Қаламғазина, Бақытнұр Дүйсенбаева, Мао Сакаи, Фархад Сәдуақасов, Джозеф  Рахимбаев, Дастан Сәттар, Ақтан Асылбашев, Ильяс  Джарлыкасымов, Елдос  Оспанов, Амина Әбдіқалық, Алуа  Төрегелді, Камила  Алимжанова, Аяжан  Медетхан, Мадина Садубаева. Шынайы декорация, шебердің қолынан шыққан сахналық киімдер,  реквизиттер арнайы дайындалуымен ерекшеленеді. Белгілі композитор Хамит Шаңғалиев, пластикалық қойылым бойы, Қорқыт бабамыздың қыл қобыздан төгілген күй ирімдерін сәтті пайдалана білген. Театр директоры әрі көркемдік жетекшісі Айнұр Көпбасарованың айтуынша: «Алдағы уақытта да пластикалық спектакльдер көрермен назарына ұсынылатын болады. Өйткені, Түркістан музыкалық драма театрындағы балет труппасының шеберлігі мен мүмкіндігі  үлкен дүниелерді қоюға қабілетті».