Қазақ музыканттары Испанияда өткен конкурста бірінші орын иеленді

Қазақ музыканттары Испанияда өткен конкурста бірінші орын иеленді

Қазақ музыканттары Испанияда өткен конкурста бірінші орын иеленді
ашық дереккөзі

Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының ағашты-үрмелі аспаптар квинтеті Испанияда өткен «Open Spain» («Ашық Испания») халықаралық байқауынан бірінші орынды иеленді. Испанияның Ллорет де Мар қаласында өткен байқауға әлемнің 30-ға жуық елінен жүзден аса музыкант қатысты. Жылда дәстүрлі түрде өткізіліп, әлемнің түкпір түкпірінен келген таланттардың басын қосатын «Open Spain» – аспаптық  орындаушылардың ашық халықаралық байқауы. Аталмыш байқауға Испанияның Fiestalonia Milenio фестиваль комитеті, Сант Рома шіркеуі, Жирона консерваториясы, Ллорет де Мар қаласының мэриясы, бас кеңсесі Лондонда орналасқан Fiestalonia International дарынды орындаушылардың продюсерлік орталығы қолдау көрсетеді. Айта кету керек, ағашты-үрмелі аспаптар квинтеті Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық конкурстардың лауреаты, В.А. Моцарт атындағы Еуропалық музыка академиясының түлегі, кларнетші – Жанат  Ермановтың басшылығымен 1997 жылы құрылды. Квинтет артистері Азия құрлығындағы тұңғыш камералық ұжым болып, Марсель қаласындағы (Франция) Анри Томази атындағы халықаралық байқауға екі мәрте шақырылса, 2017 жылы Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы «Belbrand award» халықаралық музыкалық сыйлығының иегері, 2020 жылы Италиядағы 2 турдан тұратын Россини ат.халықаралық байқаудың бірінші орын иегері, 2021 жылы Англияда онлайн өткен «Music Box» халықаралық байқауының бас жүлдегері атанды. Англия, Австрия, Франция, Италия, Ресей елдерінде гастрольдік сапарларда болып, Париж, Берлин, Монако, Будапешт, Лион  және өзге қалалар ансамбльдерінің арасындағы шығармашылық бәсекелестерді жеңіп, камералық музыканы бағалаушыларды тәнті етті. Музыканттар өз тыңдармандарына Бороккодан қазіргі заманауи дәуір бағытындағы туындыларды тарту етсе, концерттерінде классикалық квинтетке арналған, Иоганн Себастьян Бах, Вольфганг Моцарт, Людвиг ван Бетховен, Иосиф Гайдн, Иоганн Штраус, Роберт Шуман, Эллиот Картер, Уильям Шуман, Евгений Боцца, Морли Калверт, Джон Читэм, Барни Чайлдс, Томас Фредриксон, Бернхард Хайден, Ян Куцир, Верн Рейнольдс, Уильям Шмидт, Сергей Рахманинов, Петр Чайковский, Александр Глазунов сынды танымал шетел композиторларының еңбектерін асқан шеберлікпен орындайды. Сондай-ақ, қазақ композиторлары: Б. Баяхуновтың, Ә. Бестібаевтың, Б. Қыдырбектің, Қ. Шілдебаевтың, Б. Аманжоловтың, Е.Андосовтың, А.Тоқсанбаевтың  шығармаларынан рухани ләззат алуға болады. Жанат Ермановтың квинтетке нұсқалап жасаған қазақтың халық музыкасы үлкен ілтипатпен қабылданады. Жалпы квинтет репертуарында 3000-ға жуық музыкалық шығарма бар.