Сценариін өмірдің өзі жазған фильмдер

Сценариін өмірдің өзі жазған фильмдер

Сценариін өмірдің өзі жазған фильмдер
ашық дереккөзі

Өмірде болған оқиғаларға негізделген фильмдердің іш пыстыруы мүмкін емес. Өйткені мұндай кинолардағы кейіпкерлердің прототиптері - пешенесіне қиын тағдыр, айрықша сезім,тарихи оқиғалар жазылған шынайы адамдар. Төменде көрерменді тәнті еткен шетелдің 7 үздік фильмі топтастырылған. 

Биші қыз/Танцовщица

La danseuse

Талантты жас қыз ұлы актриса атанып, өз дарынымен Американы бағындыруды армандайды.Мария-Луиза мақсатына жетеді: ол өнердің жаңа бағыты - модернді тудырып, өзі ағалы-інілі Люмьер мен Тулуз-Лотректің музасына айналады. Сұлу қыздың өміріндегі жарқын сәттер көрерменді баурамай қоймайды.

Данышпан/Гений

Genius

Екі талантты жігіт – жазушы Томас Вулф пен баспагер Макс Перкинстің достығы жайлы фильм. Тамаша актерлік ойын, тартымды сюжет және керемет юмордың көрермені болғыңыз келсе, бұл фильм сіздің көңіліңізден шығатыны анық.

Эдди - «Қыран»/Эдди - «Орел»

Eddie the Eagle

Эдди бала күнінен Олимпиада ойындарына қатысуды армандайды. Көптеген ұмтылыстар мен сәтсіздіктерден кейін ол британ құрамасының сапына трамплинші болып қосылады. Эдди ақыры танымалдыққа ие болады. Бірақ жеңістің арқасында емес, ішкі рухының мықтылығы мен ешқашан берілмейтін қайсарлығының арқасында. Бұл фильмді көргеннен кейін керітартпалығыңызды ұмытып, асыл арманыңызды жүзеге асыруға құлшынысыңыз оянары сөзсіз.

Сноуден

Snowden

Дүниежүзі тарихындағы ең ірі құпиялардың бірі ашқан адам жайлы фильм. Ол өз елінің тұрғындары мен өзге ел азаматтарының соңынан аңдыған АҚШ агенттерінің құпия материалдарын тауып, әлемге шындықты жайып салды. Алайда бұл шындық Сноуденді мансаптан, сүйіктісін және ең сұмдығы, Отанынан айырады. «Біз өмір сүріп отырған әлемнің заңдылықтары қандай?» деген сауал тастайтын фильм.

Дигнидад колониясы /Колония Дигнидад

Colonia

Неміс журналисі Даниэльді құпия полиция Чилиге ұрлап кетеді. Әбден азаптағаннан кейін оны Үшінші рейх қашқындарының ұясы – Дигнидад  колониясына жібереді. Даниэльдің сүйген қызы Лена жігітін құтқару үшін сол қорқынышты жерге жалғыз аттанады. Эмоционалдық тұрғыда өте ауыр, бірақ көруге тұрарлық фильм.

Ардың айдауымен /По соображениям совести

Hacksaw Ridge

Дезмонд Досс – Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде майдан дәрігері болған америкалық жауынгер. Соғыс кезінде ол қолға қару ұстаудан, кісі өлтіруден үзілді-кесілді бас тартады. Тіпті, өз өміріне қауіп төніп тұрса да, айналасын қатыгездік пен қаныпезерлік қоршаса да, Досс өз ұстанымынан айнымайды. Майдан суреттерін өте шынайы әрі кең ауқымда суреттеген әсерлі фильм.

Даниялық қыз/Девушка из Дании

The Danish Girl

Суретші Герда Вегенер өзінің күйеуі Эйнар Вегенерді әйел модель ретінде қызмет көрсетуін өтінеді. Яғни әйел кейпіне еніп, суретін салып болғанша тапжылмай отырады. Сол картиналардың арқасында Герда кең танымалдыққа ие болады. Ал Эйнар өзіне ұнайтын кәсіп тапқанын түсінеді. Ол   Лили Эльбе деген атпен өмір сүре бастайды және тарихта алғашқы болып хирургиялық жолмен жынысын ауыстырады. Көрерменін бейжай қалдырмайтын күрделі, драмалық фильм.