Сәбиттің досы Сағи Жылқышиев те төсбелгімен марапатталды

Сәбиттің досы Сағи Жылқышиев те төсбелгімен марапатталды

Сәбиттің досы Сағи Жылқышиев те төсбелгімен марапатталды
ашық дереккөзі
Төтенше жағдайлар министрі елордада терезеден салбырап тұрған сәбиді құтқаруға көмектескен Сағи Жылқышиевті төсбелгімен марапаттады деп хабарлады turkystan.kz. Марапаттау рәсімі бүгін Нұр-Сұлтан қалалық Төтенше жағдайлар департаментінде өтті. С. Жылқышиевке ерлігі үшін ҚР Төтенше жағдайлар министрінің бұйрығымен «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгісі, алғыс хат пен қолсағат табысталды. Еске сала кетсек, 11 мамыр күні Сәбит досымен бірге таңертең жұмысқа бара жатқан кезде адамдардың шоғырланған тобын және 8-қабаттан айғайлап тұрған баланы көрген. Олар дереу подъезге жүгіріп кіріп, көршілер арқылы 7-қабатқа көтерілген. Сәбит пен Сағи құтқару шараларына бірден кіріскен. Себебі әрбір секунд маңызды болды. Сабит терезе арқылы сыртқа шыққан. Ал Сағи бір қолымен досының аяғын, екінші қолымен терезені ұстап тұрды.
«Біз айғайлаған дауыстарды естіп, ілініп тұрған баланы көрдік. Ойымыз тек баланы құтқару болды, ойланбастан жүгірдік», - деп атап өтті Сағи Жылқышиев.
Бұл оқиғаның видеосы желіде кең таралып, ер азаматтардың батыл әрекетіне көпшілік тәнті болды. Төтенше жағдайлар министрінің бұйрығымен алдымен, С.Шонтақбаев «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгісімен марапатталды, Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов оны жеке қабылдап, Локомотив зауытына жұмысқа орналастырылатынын айтты. Ал «G-парк» құрылыс компаниясы Сәбитке үш бөлмелі пәтер сыйға тартты. Кейін көптеген қазақстандықтар мен қоғам белсенділері Сәбитке баланы құтқаруға көмектескен Сағиге де құрмет көрсетілуі керектігін айтты. Солайша, келесі күні Сағи Жылқышиевке GBG құрылыс компаниясы екі бөлмелі үй сыйлады.