Жаңалықтар

Гарвард университетінің докторанты: Қазақ тілін үйренемін деушілерге мүмкіндік көп

ашық дереккөзі

Гарвард университетінің докторанты: Қазақ тілін үйренемін деушілерге мүмкіндік көп

Гарвард университеті антропология фа­куль­тетінің докторантура бөлімінде оқитын Алекс Уорбертон өткен жылдың қараша айынан бері Қазақстанда зерттеу жүргізіп жүр. Елдегі тіл сая­сатына, соның ішінде Алматы секілді ірі қа­ла­дағы тұрғындардың сөйлеу стиліне басты на­зар аударып жүрген ол көшпенділер мұра­сына да қызығушылық танытады. Жуырда Aul Inspired жобасы аясында Қазақстан ауылдарын аралап, бар білгенін балаларға үйретпек. Қа­зақша емін-еркін сөйлесе де, өзінің оған көңілі толмайтын Алекске хабарласып, әңгімелескен едік. – Алдымен Қазақстанға зерттеу жүр­гізу үшін арнайы бір жылға келген сіздің қазақ тілін қайдан үйренгеніңізді білгім келеді. – Негізі, өзім Сан-Диего қаласынанмын. Чи­каго университетінде лингвистика фа­куль­тетінде білім алған соң, Fulbright Foreign Language Teaching Assistant бағдарламасы бойын­ша Түркия астанасы Анкараның қа­сын­да орналасқан Қырықкале қаласындағы уни­верситетте сабақ бердім. Оған дейін уни­вер­ситетте оқып жүргенде Түркия мен түрік ті­лін­дегі диалекттер туралы жоба жасайтынмын. Түркияда жұмыс істеп жүріп, түрік тілін меңгердім. Бірақ тек Түркиямен шектелмей, Ор­та Азия аймақтарында, соның ішінде түркітілдес тілдердің бірінде сөйлейтін ортада тұру­ды көздедім. Неге десеңіз, уақыт өте келе адам туған соң немесе қайтыс бол­ған соң қырық күннен кейін жа­салатын салт-дәстүрлер және та­ғы басқа ырымдар туралы бі­ле келе, түркі әлеміне қы­зық­­тым. Түркітілдес ұлт­тар­дың тілдерін үйренгім ке­л­ді. Сосын әлем кар­та­сынан Орта Азия ел­дері­нің орналасқан же­рін қарап әрі тіл бағ­дарламаларының ар­тықшылықтарын ескеріп Қазақстанға баруды ұйғардым. Оның үстіне, Қазақ­стан – аумағы жағы­нан үлкен ел. Мүмкін­дік те көп. Түрік тілін бі­­летіндіктен әрі екі тіл­дің құрылымы бірдей бол­ғандықтан қазақ тілін игеру оңай әрі жылдам шы­ғар деп ойладым. Бірақ бар­лығы мен ойлағандай емес екен (күліп). 2015 жылы Гарвард уни­вер­ситеті антропология факультеті­нің докторантура бөліміне оқуға түстім. Антропологияның түрлі тармақтары бар екені белгілі, мен соның ішінде лингвисти­ка­лық антропологияға қызығамын. Онда тіл­дердің мәдени ортада қолданылуы, адамдар­дың өзара араласуы, өзге тілде сөйлеу стилі зерт­теледі. Қазіргі менің академиялық қызы­ғу­шылығым – осы. Тілде мәдениет элементтері бар. Мейлі ол өте байырғы тіл болсын, тіпті қолданыста болмасын, көп нәрседен хабар бе­реді. Мысалы, қазақ тілін үйрену арқылы көш­пенді дәстүрмен таныстым. Мені қы­зықтырған жайт, қай үйге барсам да, ондағылар мені төр­ге шығарып, ерекше құрмет көрсетеді. Та­бал­дырыққа қарсы бетті төр санайтыны, қо­нақты ерекше сыйлап, оған төрден орын бере­тініне тәнті болдым. Одан бөлек, осын­дағы заманауи мәдениетке, жастардың әңгімесіне қызықтым. Бәлкім, олар мектепте оқымаған қызықты тарихи деректер білетін шығар. Сондай-ақ, олар­дың ру, жүз туралы не білетінінен хабар­дар болғым келеді. Екі жыл бұрын Fulbright-тың АҚШ аумағынан тыс зерттеу жүргізуге мүм­кіндік беретін грантын жеңіп алдым. Со­дан соң 2020 жылдың ақпан айында Қазақ­стан­ға зерттеу жүргізу мақсатында келгенмін, бірақ әлемді жайлаған пандемия салдарынан наурыз айында Америкаға қайтып кеттім. Жалпы, мен бұған дейін Қазақстанға бес рет келдім. Алғаш рет 2016 жылдың жазында АҚШ Консулдығының арнайы бағдарламасы бойын­ша Алматыға келіп, КИМЕП-те ашылған курста екі ай қазақ тілін үйрендім. Келесі жы­лы жазда Нұр-Сұлтан қаласында Назарбаев уни­верситетінде ашылған курста тағы екі ай қазақ тілі сабақтарына қатыстым. 2018 жылы жазда тағы осында келіп, арнайы курсқа қа­тыспасам да, жеке сабақ алып қайттым. Одан кейінгі жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ұйымдастырылған жазғы екі айлық курсқа тағы қатыстым. Бірақ тілді толық меңгеру маған қиынға соқты, себебі екі ай курс оқыған кезде қазақшамды жетілдіріп аламын, кейін­нен он ай Америкада жүргенде барлық ереже ұмыт қалады да, келесі екі айлық курсқа кел­ген кезде барлығын басынан бастауға тура ке­леді. Бірақ Қазақстанда бір жыл уақыт бо­ла­мын, осы жыл ішінде қазақ тілін меңгеру дең­гейімді жақсартып аламын деп сенемін. – Былтыр Алматыға келген қараша айында хабарласқанымда «Қазақстанға енді келдім. Бейімделу үшін бірнеше ай керек. Мамыр айында хабарласыңыз» деп едіңіз. Бірақ «барлығы мен ойлағандай оңай емес екен» дегеніңізге қарағанда біраз қиындықтар бар секілді, солай ма? – Өкінішке қарай, бейімделу процесі мен ой­ла­ғаннан да қиын өтіп жатыр. Зерттеуіме көмектесетін қазақ тілін меңгерудегі прог­ре­сіме көңілім толмайды. Оған қоса, қазір орыс ті­лін үйреніп жүрмін. Аптасына үш рет қазақ және орыс тілінен сабаққа қатысамын. Екі тіл­ді қатар үйрену қиын екен. Бірақ мен дең­гейім­ді көтеру үшін көп жерге, «Батыл бол» се­кіл­ді спикинг клубтарға барамын. Байқа­ға­ным, қазір қалада қазақтар мен өзге ұлт өкіл­дері­нің қазақ тілін үйренуге құлшынысы мол. Олар неліктен осы қаладағы курсты таңда­ға­нын, бұдан қандай пайда тиетінін зерттеп жүр­мін. Сосын Алматыда және қала орта­лық­тарында тұратын тұрғындардың қазақ тілінде сөйлеуіне көңіл бөліп, орыс тілінен қазақшаға ауысуы және екі тілдің элементтері бар түрлі нұсқаларды қалай құрайтыны басты наза­рым­да. Лингвистикада екі тілдің өзара байла­ныс­уын code-switching деп атайды. Сол себепті қа­зір қала тұрғындарының қазақша сөйлеуіне көп мән беремін. Себебі «Қазақ тілін үйреніп жүрмін» десем, көпшілік «Олай болса, Алма­тыға емес, Шымкент, Ақтауға баруың керек» дей­ді. Алматыны орыстілді қала деп айта­ты­нын да байқадым. Бұл – бір жағынан дұрыс пайым, бірақ екінші жағынан мұнымен келіс­пеуге де болады. Алматының басқа бір бұры­шына барсаң, тұрғындардың қазақ тілінде көп сөйлейтінін байқайсың. Десе де кейбірі орыс­ша білмей, тек қазақша сөйлегенді құп көрсе, енді бірі керісінше тек орысша әңгімелескенді қо­лайлы санайды. Содан соң олар қазақ­тіл­ді­лер және орыстілділер деп екіге бөлінеді екен. Осыған байланысты бір қызық жайтты айтып берейін. Бір досым Оралға қарындасының тойы­на шақырды. Онда да айналамдағылар атал­ған қаланың Ресеймен шекаралас орна­лас­қанын, ондағы қазақтар тек орысша сөй­лей­­тінін айтқан еді. Бірақ онда барғанда до­сымның туыстары, жалпы айналасы тек қа­зақша сөйлейтінін байқадым. Елдің ана ай­мағында қазақша сөйлейтіндер, ал мына ай­мағында орыстілділер тұрады деп бөлу дұрыс емес секілді. Ел айтып жүрген сол аймақтарға ба­рып, барлығын көзіңмен көріп, құлағыңмен тыңдап, зерттесең барлығы басқаша екенін тү­сінесің. Оралға барған кезде досым қонақ­тар­ға мен орысша түсінсем де, түсінбейтінімді айтып, барлығының менімен қазақша сөй­лес­кенін қалады. Әлгі досымның Ресейде тұратын аға­сы менің шетелдік екенімді білген соң, орыс­ша сөйлескісі келді. Орыс тілін емес, қа­зақ тілін түсінетінімді білген соң, ол «Кеш­і­рер­сің, бірақ мен Ресейде тұратындықтан қа­зақша сөйлей алмаймын» деді. Бірақ сәлден кейін ол кісінің сол әулеттің үлкені саналатын ата­мен орындықта екі сағаттай қазақша әңгі­ме­лескенін байқадым. Бірде-бір қазақша сөй­лей алмаймын деген кісінің қазақ тілінде әң­гімелесіп отырғанына таңғалдым. Маған мұн­дай жайттар қызық, әсіресе олар қолда­на­тын тіл стилі, өзге тілден екіншіге ауысқандағы сөйлеу мәнері қызықтырады. – Гарвард университетіне 2015 жылы оқу­ға түскеніңізді айттыңыз. Сіздерде док­торантура бөліміндегі оқу Еуропа­дағыдай үш жыл емес пе? Қазір Қа­зақ­стан­да зерттеу жүргізіп жүрген тілдік сая­сат туралы диссертация жазуға қанша уа­қыт беріледі? – Әдетте біз жақта докторантура бөлімін­дегі оқу бес жылға жалғасады. Бірақ оқу мер­зімі мамандыққа байланысты әртүрлі. Мы­са­лы, біз – антропологтар алты, кейде тіпті жеті жыл оқимыз. Дала зерттеуін (field research) жүр­гізуді талап ететін мамандық болған соң оқу ұзаққа жалғасады. Оған қоса, докторан­тур­а­да оқу арқылы магистр дәрежесін алып шығасың. Мысалы, менде магистрлік диплом жоқ. Бірақ осы оқуды бітіргенде әрі магистр әрі докторлық дәреже қоса берілетін болады. Алдағы қазан айында АҚШ-қа оралған соң жи­ған деректерімді сараптап, бір-бірімен бай­ланыстыра отыра сипаттап, диссертация жа­зуға кірісемін. Бірақ кейін аз уақытқа Қа­зақстанға қайта оралып, сұхбат жүргізуім мүм­кін. Өзіңіз білетіндей, диссертация жазу үл­кен кітап жазғанмен тең. Көп уақыт алады. Бір­ақ қазір маған қиынға соғып жатыр, себебі мен таңдаған тақырыпта түрлі элемент пен идея бар. Олардың барлығын бір арнаға қалай топ­тастыратынымды білмеймін. – Зерттеу жұмысы сіз ойлағаннан да баяу жүріп жатыр ма? – Иә, мен жоспарлағандай емес, жұмыс бары­сы баяу жүріп жатыр. Қараша айында келгенде екі ай ішінде қазақ тілін дамытып ала­мын, орыс тіліне ден қоямын деп жос­пар­ла­ған едім. Оған қазақстандықтарды дүрлік­тір­ген қаңтар оқиғасы кедергі болды. Сосын ақ­пан айында ковид жұқтырып, ауырып қал­дым. Десе де қолымнан келгеннің барлы­ғын істеп жатырмын. Барлығы жақсы болады деп сенемін.