Гарвард университетінің докторанты: Қазақ тілін үйренемін деушілерге мүмкіндік көп

Гарвард университетінің докторанты: Қазақ тілін үйренемін деушілерге мүмкіндік көп

Гарвард университетінің докторанты: Қазақ тілін үйренемін деушілерге мүмкіндік көп
ашық дереккөзі
Гарвард университеті антропология фа­куль­тетінің докторантура бөлімінде оқитын Алекс Уорбертон өткен жылдың қараша айынан бері Қазақстанда зерттеу жүргізіп жүр. Елдегі тіл сая­сатына, соның ішінде Алматы секілді ірі қа­ла­дағы тұрғындардың сөйлеу стиліне басты на­зар аударып жүрген ол көшпенділер мұра­сына да қызығушылық танытады. Жуырда Aul Inspired жобасы аясында Қазақстан ауылдарын аралап, бар білгенін балаларға үйретпек. Қа­зақша емін-еркін сөйлесе де, өзінің оған көңілі толмайтын Алекске хабарласып, әңгімелескен едік. – Алдымен Қазақстанға зерттеу жүр­гізу үшін арнайы бір жылға келген сіздің қазақ тілін қайдан үйренгеніңізді білгім келеді. – Негізі, өзім Сан-Диего қаласынанмын. Чи­каго университетінде лингвистика фа­куль­тетінде білім алған соң, Fulbright Foreign Language Teaching Assistant бағдарламасы бойын­ша Түркия астанасы Анкараның қа­сын­да орналасқан Қырықкале қаласындағы уни­верситетте сабақ бердім. Оған дейін уни­вер­ситетте оқып жүргенде Түркия мен түрік ті­лін­дегі диалекттер туралы жоба жасайтынмын. Түркияда жұмыс істеп жүріп, түрік тілін меңгердім. Бірақ тек Түркиямен шектелмей, Ор­та Азия аймақтарында, соның ішінде түркітілдес тілдердің бірінде сөйлейтін ортада тұру­ды көздедім. Неге десеңіз, уақыт өте келе адам туған соң немесе қайтыс бол­ған соң қырық күннен кейін жа­салатын салт-дәстүрлер және та­ғы басқа ырымдар туралы бі­ле келе, түркі әлеміне қы­зық­­тым. Түркітілдес ұлт­тар­дың тілдерін үйренгім ке­л­ді. Сосын әлем кар­та­сынан Орта Азия ел­дері­нің орналасқан же­рін қарап әрі тіл бағ­дарламаларының ар­тықшылықтарын ескеріп Қазақстанға баруды ұйғардым. Оның үстіне, Қазақ­стан – аумағы жағы­нан үлкен ел. Мүмкін­дік те көп. Түрік тілін бі­­летіндіктен әрі екі тіл­дің құрылымы бірдей бол­ғандықтан қазақ тілін игеру оңай әрі жылдам шы­ғар деп ойладым. Бірақ бар­лығы мен ойлағандай емес екен (күліп). 2015 жылы Гарвард уни­вер­ситеті антропология факультеті­нің докторантура бөліміне оқуға түстім. Антропологияның түрлі тармақтары бар екені белгілі, мен соның ішінде лингвисти­ка­лық антропологияға қызығамын. Онда тіл­дердің мәдени ортада қолданылуы, адамдар­дың өзара араласуы, өзге тілде сөйлеу стилі зерт­теледі. Қазіргі менің академиялық қызы­ғу­шылығым – осы. Тілде мәдениет элементтері бар. Мейлі ол өте байырғы тіл болсын, тіпті қолданыста болмасын, көп нәрседен хабар бе­реді. Мысалы, қазақ тілін үйрену арқылы көш­пенді дәстүрмен таныстым. Мені қы­зықтырған жайт, қай үйге барсам да, ондағылар мені төр­ге шығарып, ерекше құрмет көрсетеді. Та­бал­дырыққа қарсы бетті төр санайтыны, қо­нақты ерекше сыйлап, оған төрден орын бере­тініне тәнті болдым. Одан бөлек, осын­дағы заманауи мәдениетке, жастардың әңгімесіне қызықтым. Бәлкім, олар мектепте оқымаған қызықты тарихи деректер білетін шығар. Сондай-ақ, олар­дың ру, жүз туралы не білетінінен хабар­дар болғым келеді. Екі жыл бұрын Fulbright-тың АҚШ аумағынан тыс зерттеу жүргізуге мүм­кіндік беретін грантын жеңіп алдым. Со­дан соң 2020 жылдың ақпан айында Қазақ­стан­ға зерттеу жүргізу мақсатында келгенмін, бірақ әлемді жайлаған пандемия салдарынан наурыз айында Америкаға қайтып кеттім. Жалпы, мен бұған дейін Қазақстанға бес рет келдім. Алғаш рет 2016 жылдың жазында АҚШ Консулдығының арнайы бағдарламасы бойын­ша Алматыға келіп, КИМЕП-те ашылған курста екі ай қазақ тілін үйрендім. Келесі жы­лы жазда Нұр-Сұлтан қаласында Назарбаев уни­верситетінде ашылған курста тағы екі ай қазақ тілі сабақтарына қатыстым. 2018 жылы жазда тағы осында келіп, арнайы курсқа қа­тыспасам да, жеке сабақ алып қайттым. Одан кейінгі жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ұйымдастырылған жазғы екі айлық курсқа тағы қатыстым. Бірақ тілді толық меңгеру маған қиынға соқты, себебі екі ай курс оқыған кезде қазақшамды жетілдіріп аламын, кейін­нен он ай Америкада жүргенде барлық ереже ұмыт қалады да, келесі екі айлық курсқа кел­ген кезде барлығын басынан бастауға тура ке­леді. Бірақ Қазақстанда бір жыл уақыт бо­ла­мын, осы жыл ішінде қазақ тілін меңгеру дең­гейімді жақсартып аламын деп сенемін.  width=– Бірақ сіз қазірдің өзінде емін-еркін сөй­леп тұрсыз. Қазақ тілінде сауатты жа­засыз. Қазақшаңызға неге көңіліңіз тол­майды? – Жоқ, әлі үйренетінім көп. Маған қазақ ті­лінде жазу оңай, себебі мәтінде не жазыл­ға­нын ойлануға уақыт бар. Оған қоса, қазақ ті­лінде сөйлем құрауға қатты қызығамын. Қа­зақ тілінің синтаксисі орыс, ағылшын, бас­қа еуропалық тілдердікінен өзгеше. Тіпті, кей тұста оларға қайшы келетін ережелері де бар. Осының барлығын зерттегім келеді, түркі тіл­дес ұлттардың сөйлем құрастыру құрылы­мын меңгерсем деймін. Биолингвист болудың екі тілге әсері қандай болатынын зерттеу – менің лингвистикалық қызығушылығымның бір түрі. Бірақ қазақ тілінде еркін сөйлеуге аз­дап қиналамын. Сосын қазақ тіліндегі әң­гімені тыңдау өте қиын. Байқағаным, қазақтар қазақ тілін үйреніп жүрген шетелдіктерге қа­лай сөйлеу керек екенін білмейді. Өте жыл­дам сөйлейді. Сондықтан олардың не айтып жат­қанын кейде түсінбей қаламын. Мысалы, мен ағылшын тілін жетік білмейтіндерге жай сөй­леуге, дыбысты нақты шығаруға тырысып, күр­делі, слэнг сөйлемдерді қолданбауға ты­ры­самын. Бірақ қазақтар дәл осылай жасайды деп айта алмаймын. Бұған жүз пайыз көзім жет­ті (күліп).  width=– Былтыр Алматыға келген қараша айында хабарласқанымда «Қазақстанға енді келдім. Бейімделу үшін бірнеше ай керек. Мамыр айында хабарласыңыз» деп едіңіз. Бірақ «барлығы мен ойлағандай оңай емес екен» дегеніңізге қарағанда біраз қиындықтар бар секілді, солай ма? – Өкінішке қарай, бейімделу процесі мен ой­ла­ғаннан да қиын өтіп жатыр. Зерттеуіме көмектесетін қазақ тілін меңгерудегі прог­ре­сіме көңілім толмайды. Оған қоса, қазір орыс ті­лін үйреніп жүрмін. Аптасына үш рет қазақ және орыс тілінен сабаққа қатысамын. Екі тіл­ді қатар үйрену қиын екен. Бірақ мен дең­гейім­ді көтеру үшін көп жерге, «Батыл бол» се­кіл­ді спикинг клубтарға барамын. Байқа­ға­ным, қазір қалада қазақтар мен өзге ұлт өкіл­дері­нің қазақ тілін үйренуге құлшынысы мол. Олар неліктен осы қаладағы курсты таңда­ға­нын, бұдан қандай пайда тиетінін зерттеп жүр­мін. Сосын Алматыда және қала орта­лық­тарында тұратын тұрғындардың қазақ тілінде сөйлеуіне көңіл бөліп, орыс тілінен қазақшаға ауысуы және екі тілдің элементтері бар түрлі нұсқаларды қалай құрайтыны басты наза­рым­да. Лингвистикада екі тілдің өзара байла­ныс­уын code-switching деп атайды. Сол себепті қа­зір қала тұрғындарының қазақша сөйлеуіне көп мән беремін. Себебі «Қазақ тілін үйреніп жүрмін» десем, көпшілік «Олай болса, Алма­тыға емес, Шымкент, Ақтауға баруың керек» дей­ді. Алматыны орыстілді қала деп айта­ты­нын да байқадым. Бұл – бір жағынан дұрыс пайым, бірақ екінші жағынан мұнымен келіс­пеуге де болады. Алматының басқа бір бұры­шына барсаң, тұрғындардың қазақ тілінде көп сөйлейтінін байқайсың. Десе де кейбірі орыс­ша білмей, тек қазақша сөйлегенді құп көрсе, енді бірі керісінше тек орысша әңгімелескенді қо­лайлы санайды. Содан соң олар қазақ­тіл­ді­лер және орыстілділер деп екіге бөлінеді екен. Осыған байланысты бір қызық жайтты айтып берейін. Бір досым Оралға қарындасының тойы­на шақырды. Онда да айналамдағылар атал­ған қаланың Ресеймен шекаралас орна­лас­қанын, ондағы қазақтар тек орысша сөй­лей­­тінін айтқан еді. Бірақ онда барғанда до­сымның туыстары, жалпы айналасы тек қа­зақша сөйлейтінін байқадым. Елдің ана ай­мағында қазақша сөйлейтіндер, ал мына ай­мағында орыстілділер тұрады деп бөлу дұрыс емес секілді. Ел айтып жүрген сол аймақтарға ба­рып, барлығын көзіңмен көріп, құлағыңмен тыңдап, зерттесең барлығы басқаша екенін тү­сінесің. Оралға барған кезде досым қонақ­тар­ға мен орысша түсінсем де, түсінбейтінімді айтып, барлығының менімен қазақша сөй­лес­кенін қалады. Әлгі досымның Ресейде тұратын аға­сы менің шетелдік екенімді білген соң, орыс­ша сөйлескісі келді. Орыс тілін емес, қа­зақ тілін түсінетінімді білген соң, ол «Кеш­і­рер­сің, бірақ мен Ресейде тұратындықтан қа­зақша сөйлей алмаймын» деді. Бірақ сәлден кейін ол кісінің сол әулеттің үлкені саналатын ата­мен орындықта екі сағаттай қазақша әңгі­ме­лескенін байқадым. Бірде-бір қазақша сөй­лей алмаймын деген кісінің қазақ тілінде әң­гімелесіп отырғанына таңғалдым. Маған мұн­дай жайттар қызық, әсіресе олар қолда­на­тын тіл стилі, өзге тілден екіншіге ауысқандағы сөйлеу мәнері қызықтырады.  width=– Ол кісі ана тілін білсе де, акцентпен сөй­лейтінін ескеріп, сізден ұялған болар. Орыс­тілді ортада өскендердің көбі «қазақ ті­лінде акцентпен сөйлеуге ұяламын, ма­зақ қылады» дегенді алға тартады. – Мен де осыны байқадым. «Акцентпен сөй­лесем, көпшілік сынайды» деп тар­тын­шақтайды екен. Жоғарыда айтып өткен спи­кинг клубқа баруым да осы себептен. «Батыл бол» деп аты айтып тұрғандай, тілді үйренуде ба­тыл болу керек. Ештеңеден ұялмаған абзал. Мұн­дай жайттар адамның қазақ тілін үйре­немін, ол тілде емін-еркін сөйлеймін деп құл­­­­шынып тұрған адамның мысын басып тас­тайды. Өткенде Павлодарда туып-өскен қа­зақ досым Алматыда жол бойы такси жүр­гізу­шісімен қазақша сөйлескенін айтып, қуа­нып қалғанын айтады. Бірақ сөз арасында қа­­­зақша бір сөзді есіне түсіре алмай, орысша сөй­леп қалса, әлгі такси жүргізушісі «Неге орыс­ша сөйлеп тұрсың? Қазақсың ба? Қазақша сөй­ле» деп дүрсе қойыпты. Досым сапар ке­зінде қазақша сөйлесуге тырысты. Бір ғана қа­тесіне болса дереу оны сынға алу дұрыс па? Дос­тарымның айтқан әңгімесінен, осында қа­зақ бола тұра қазақ тілін білмеуді ұят санай­тын­дар көп екенін байқадым. Орысша қате сөй­легендерді сынға алғандарды да көрдім. Өзге ұлт өкілдерінің қазақшаға судай екенін бе­тіне басып, «Ал сен неге білмейсің?» дейтін­дер де баршылық. Тағы да қайталап айтамын, мұ­ның барлығы тілді үйренуге кері әсерін ти­гізеді. Барлығына түсіністік таныту қажет. «Сен үйренуің қажет» деп бұйырмаған абзал. Оларға ауыр сөздер айтып, жазалап, қысым тү­с­ірудің қажеті жоқ. «Қарашы, шетелдіктер се­нің ана тіліңе қызығып, оқып жүр. Бәлкім, сен де бұл істі қолға аларсың» дегендей жылы­лық танытқан жөн. Қазір не көп, қазақтілді кон­тент көп. Қазақ тілін түсінуге қызықтыра тү­сетін туындылар көп. Мысалы, Молданазар, Орын­хан, Желтоқсан, Әли секілді өнер­паз­дар­дың шығармаларын тыңдаған соң, «Маған мына ән ұнап қалды. Мағынасын түсінгім ке­­леді» дейтіндер жетерлік. Менің плей­лис­тімде қазақтілді орындаушылардың зама­науи стильде айтатын әндері көп. Оған қоса, олар­дың концертіне жиі барамын. Жуырда Мол­даназардың ән кешіне бардым. Сонда Әли атты әншінің шығармашылығымен та­нысып, оның жанкүйері болып қайттым. Қа­зақ­станға алғаш рет келгенде осындай стиль­де ән айтатын тек Молданазар ғана се­кіл­ді еді, қазір олардың қатары көбейгенін бай­қадым. Әрине, мұның бәрі қуан­дырмай қоймайды. Мұндай қазақтілді контенттің көп болуы бізге бейтаныс сол тілді үйренуге, түсінуге итермелейді. Сондықтан тілді жетік білмейтін адамды ұялтқаннан гөрі, қателік жасау арқылы оны үйренуге мүмкіндік беру керек деп ойлаймын. Бірақ бұл – менің жеке ойым. Қайсысы тиімді, қайсысы тиімсіз еке­нін зерттеп жүрмін. Антропологияда қа­тысу­шы ретінде бақылау (participant observation) әдісі бойынша барлығын жіті қадағалап жүр­мін. Қазір мен деректер жинау кезеңін­де­мін. Адамдардың түрлі әңгімесін естимін, спи­к­инг клубтарға жиі барамын, қазақтілді кон­тент әзірлейтін медиа продюсерлермен сөй­лесемін. Мысалы, Steppe & World Publishing бас­пасының иегері Раиса Сайранмен байланыс ор­наттым. Олардың калькасыз, таза қазақтілді контент әзірлеп жүргеніне қатты қызықтым. Одан, бөлек, ел ішін аралаймын. Өткенде Шымкентке барып қайттым. Күндіз өте ыстық болғанымен, кеш­ке қала тамаша кейіпке енеді екен. Ол жақта ға­на пісіретін кесе самсаны ұнатып қайттым (күліп). Содан соң Текеліге барып, оның қарасаң көз той­майтын табиғатына тамсандым. Сосын қа­зақ тілінен сабақ беретін мұғалімім Кеген жақ­тағы жайлауға апарып қайтты. Оған дейін жай­лау туралы көп еститінмін, бірақ ондай кере­мет жерді мың рет естігенше, бір рет көріп қайт­қан дұрыс екен. Байқап қарасаңыз, мен бар­ған жерлердің түгелінде қазақ тілін үй­ренудің элементтері бар. Мұның маған көмегі көп тиді. Алдағы уақытта Батыс Қазақстан об­лысына саяхат жасамақпын.  width=– Гарвард университетіне 2015 жылы оқу­ға түскеніңізді айттыңыз. Сіздерде док­торантура бөліміндегі оқу Еуропа­дағыдай үш жыл емес пе? Қазір Қа­зақ­стан­да зерттеу жүргізіп жүрген тілдік сая­сат туралы диссертация жазуға қанша уа­қыт беріледі? – Әдетте біз жақта докторантура бөлімін­дегі оқу бес жылға жалғасады. Бірақ оқу мер­зімі мамандыққа байланысты әртүрлі. Мы­са­лы, біз – антропологтар алты, кейде тіпті жеті жыл оқимыз. Дала зерттеуін (field research) жүр­гізуді талап ететін мамандық болған соң оқу ұзаққа жалғасады. Оған қоса, докторан­тур­а­да оқу арқылы магистр дәрежесін алып шығасың. Мысалы, менде магистрлік диплом жоқ. Бірақ осы оқуды бітіргенде әрі магистр әрі докторлық дәреже қоса берілетін болады. Алдағы қазан айында АҚШ-қа оралған соң жи­ған деректерімді сараптап, бір-бірімен бай­ланыстыра отыра сипаттап, диссертация жа­зуға кірісемін. Бірақ кейін аз уақытқа Қа­зақстанға қайта оралып, сұхбат жүргізуім мүм­кін. Өзіңіз білетіндей, диссертация жазу үл­кен кітап жазғанмен тең. Көп уақыт алады. Бір­ақ қазір маған қиынға соғып жатыр, себебі мен таңдаған тақырыпта түрлі элемент пен идея бар. Олардың барлығын бір арнаға қалай топ­тастыратынымды білмеймін. – Зерттеу жұмысы сіз ойлағаннан да баяу жүріп жатыр ма? – Иә, мен жоспарлағандай емес, жұмыс бары­сы баяу жүріп жатыр. Қараша айында келгенде екі ай ішінде қазақ тілін дамытып ала­мын, орыс тіліне ден қоямын деп жос­пар­ла­ған едім. Оған қазақстандықтарды дүрлік­тір­ген қаңтар оқиғасы кедергі болды. Сосын ақ­пан айында ковид жұқтырып, ауырып қал­дым. Десе де қолымнан келгеннің барлы­ғын істеп жатырмын. Барлығы жақсы болады деп сенемін.  width=– Ал Қазақстанда ауылда тұратын ба­ла­лардың білімін жетілдіруге бағыт­тал­ған Aul Inspired жобасына қалай қо­сыл­дыңыз? – 2020 жылы Қазақстанда болған аз уақыт ішін­де балаларға арналған OYLA ғылыми жур­налында еңбек ететін жұмыс тобымен бай­ланыс орнатқанмын. Сол кезде Aul Inspired жо­­­ба­сының жетекшісі, Гарвард универ­си­те­ті­нің түлегі Әлия Шайхинамен танысқанмын. Кейін ол ма­ған хабарласып, жобаның мақсатын тү­сін­діріп, бірлесіп жұмыс істеу туралы ұсыныс айтты. АҚШ-та балаларды әлеуметтік-эмо­цио­нал қарым-қабілетін дамытуға көп көңіл бө­ле­ді. Онда бала эмоцияны тыю, тайм-ме­недж­ментке, табысты болу секілді мектепте үйрене алмайтын қарым-қабілетті үйрене алады. Қайыра айтқанда, ауыл балаларының қолы жете бермейтін біліммен нәрлендіріп, оларға не қажет екенін түсінуге тырысамыз. Осы мақ­сатта алдағы айда ауылдарды араламақпыз. Сол кезде де ауыл балаларымен қазақша сөй­лесу­ге мүмкіндік болады. – Сұхбаттасқаныңызға рақмет! Ісіңіз­ге сәттілік тілейміз!

Әңгімелескен Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ