Жаңалықтар

Түркі әлемі әдебиеттануындағы ғалым-ұстаз ұлағаты

ашық дереккөзі

Түркі әлемі әдебиеттануындағы ғалым-ұстаз ұлағаты

Түркі өркениеті – адамзат тарихындағы материалдық және рухани мәдениет салаларының әуелгі бастау негіздері қалыптасқан құндылықтар әлемі. Түркітілдес халықтардың ежелгі сақ, ғұн, түркі дәуірлеріндегі ұлыстарының көшпелілік пен отырықшылық мәдениет дәстүрлерін тұтастандырған тұрмысының барлық жетістіктері ғасырлар желісінде Жер шарындағы халықтарға үлгі-өнеге болды. Тұрмыстық-әлеуметтік ортаның мекенжайларының, құрал-жабдықтарының, төрт түлікті бағудың, металл өңдеудің, жерге егін, бау-бақша өсірудің, аңшылық мәдениетінің т.б. сан алуан алғашқы үлгілері түркітілдес халықтардың көпғасырлық тарихындағы әлем өркениетіне пайдалы ықпалының ағартушылық ұлағатын танытты. Қазіргі ХХІ ғасырдың басындағы әлем өркениетінің түркі әлемі кеңістігіндегі түркі мемлекеттерінің екі тобы бар. Біріншісі – Тәуелсіз дербес мемлекеттер: Қазақстан Республикасы, Өзбекстан Республикасы, Әзербайжан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Түркіменстан Республикасы. Екіншісі – автономиялық мемлекеттер: Қарақалпақстан Республикасы, Башқортстан Республикасы, Татарстан Республикасы, Чуваш Республикасы, Саха (Якутия) Республикасы, Хакасия Республикасы, Алтай Республикасы, Қырым Республикасы, Қабардин-Балқар Республикасы, Қарашай-Черкесс Республикасы, Тыва Республикасы, Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы районы, Гагауыз автономиялы округі. Үшіншісі – түркілік этникалық топ­тар: афшарлар, барабиндіктер, бодж­­нур­дин­діктер, долгандар, қарағаштар, қа­раймдар, қарапапахтар, қайқайлықтар, қырым­чақтар, құмықтар, құраминдіктер, қы­зыл­башылар, лобнорлықтар, но­ғай­бақылар, ноғайлықтар, саларлар, Сары-Но­гур­лар, сон­к­орлар, тофалар, трухмендер, тү­ріктер-месхетиндіктер, урумдар, фу­кин­дік қыр­ғыз­дар, халадждар, хорасандықтар, чу­лым­діктер, шахсевендер, шорлықтар, юр­товтық татарлар. Қарақалпақстан Республикасы – 1990 жылдың 14 желтоқсанында Өз­бекстан Республикасының құрамындағы еге­мен мемлекет болып жарияланды. 1992 жыл­ғы 14 желтоқсанда Қарақалпақстан Жо­ғарғы Кеңесінің 11-сессиясында – Мем­лекеттік Туы, 12-сессиясында – Конс­ти­ту­ция­­сы мен Гербі (1993ж. 9 сәуір) қабыл­дан­ды, 1991 жылғы қарашада президенттік бас­­­қару енгізіліп, 1992 жылғы қаңтар айы­нан бастап ел Қарақалпақстан Рес­пуб­ли­касы деп аталды. Қарақалпақ халқының көпғасырлық тарихындағы фольклор мұралары мен классикалық көркем әдебиет шы­ғар­ма­лары – ұлттық және жалпыадам­зат­тық рухани құндылық қазынасы. Қарақалпақ сөз өнерінің көпғасыр­лық әлем әдебиеті дамуы роман­тизм, реализм көркемдік әдістерімен жазылған тарихымен үндес поэзия, проза, драматургия салаларындағы туындылары миллиондаған оқырманға танымал. Әдеби үде­рістегі көркем шығармаларды сарап­та­ған әдеби сын және әдебиеттану ғылымы да қалыптасты. Әдебиеттану мен фольк­лор­тану салалары бойынша алыс, жақын шет­елдерге, әсіресе түркі әлеміне танымал ға­лымдар еңбектері ұлттық және жал­пыа­дам­заттық ғылыми таным қазынасына елеу­лі үлес болып қосылды. Қарақалпақ фо­льклоры мен әдебиетін зерттеуші көр­нек­ті ғалымдардың (Қ.Айымбетов, Н.Дәу­қараев, М.Нұрмұхаммедов, Қ.Мақсетов, А.Тәж­мұратов, И.Сағитов, Б.Қалымбетов, А.Пах­ратдинов, А.Каримов, Қ.Сұлтанов, К.Ал­ламбергенов, Т.Мәмбетниязов, Қ.Ора­зымбетов, Г.Жаңабаева т.б.) іргелі еңбектері ұлт­тық рухани құндылықтарды оқыту мен зерт­теу жұмыстарының ғылыми-теория­лық методологиялық негізін қалыптас­тыр­ды. Қарақалпақ халқының сөз өнері құн­ды­лықтарын фольклортану мен әдебиет­тану, тіл білімі ғылымдары салалары бой­ны­ша дамыта зерттеу-зерделеу ізденістері – қазіргі жал­пытүркілік ортақ дамуға тың серпін бер­ді. Бұл орайда, Қарақалпақстан Рес­пуб­ликасындағы әдебиеттану саласын да­мы­ту­ға өзінің іргелі еңбектерімен үлес қосып ке­ле жатқан көрнекті ғалым, филология ғы­лымдарының докторы, профессор Ора­зым­бетов Қуанышбай Келімбетұлының ғы­лыми шығармашылығы айрықша дара­лана көрінеді. Көрнекті ғалымның ғылыми шығар­ма­шылығы әдебиеттанудың негізгі са­лаларын қамтуымен ерекшеленеді: бірін­шісі – әдебиет теориясы бойынша моногра­фия­лары мен мақалалары; екіншісі – әде­биет тарихының әдеби процесс сипатын тал­дау еңбектері; үшіншісі – әдеби даму­да­ғы жаңа туындыларға арналған әдеби сын аясындағы мақалалары; төртіншісі – әде­биет­тану салаларын оқытуға арналған әдіс­темелік еңбектері. Қуанышбай Келімбетұлы – қарақал­пақ поэзиясындағы лирикалық жанрлар поэтикасын ғылыми-теориялық жүйе­леп зерттеуші ғалым. Әдебиет теория­сының классикалық қисындары аясында бірнеше іргелі ғылыми монография жазды. Мы­салы, «Хазирги қарақалпақ лирика­сын­да көркем формалардың эволюциясы һәм типологиясы» (1970-2000 жылдар лири­ка­сы мысалында) (2004); «Хазирги қара­қал­пақ лирикасында көркем излениушилик (1980 жылдар лирикасы мысалында), 1992 жыл. Ғалым ХХ ғасырдың 70-90-жылдары ара­лығында әдеби үдерісте оқыр­ман­дар ықыласын иеленген көрнекті ақын­дар (И.Юсупов, Т.Маймұратов, Ж.Из­бас­қанов, Х.Дәулетназаров, С.Ибрагимов, Д.Айт­мұра­тов, Ш.Сейтов, К.Каримов, М.Бер­диев, Т.Жұ­ма­мұратов, Б.Генжемұратов, М.Қарабаев, Ш.Аяпов, Х.Тұрымбетов, К.Рахманов, Т.Сәр­сенбаев, Н.Төрешова т.б.) поэзиясының жанр­лық-стильдік ерекшеліктерін ғылы­ми-теориялық талдаулармен жүйелеп ба­ға­лаған. Саралап айтқанда, аталған ақын­дар поэзиясына тән әлем және қарақалпақ поэ­зиясының ықпалдастығы қарақалпақ жә­не Шығыс лирикасының поэтикалық са­бақтастығы мәселелері мәтіндік тал­дау­лар бойынша дәлелденген. Шығыс поэ­зия­сы классикалық үлгілерінің (бәйіт, ғазал, ру­баи, мұстазад, муашшақ) әуелде ХІХ-ХХ ғасырлардағы қарақалпақ ақындарының (Әжинияз Қосыбайұлы, Садық Нұрымбетов т.б.) шығармашылығынан орын алғанына, одан кейін қазіргі әдеби үдерістегі аталған ақындар поэзиясындағы қолданыстарына ғылыми бағалаулар жасаған. Сонымен бір­ге, Еуропаның классикалық лирика жанр­лары­ның (сонет, верлибр т.б.) да қарақалпақ лирикасында жаңғыра жырлануы назарға алынған. Зерттеуші қазіргі қарақалпақ әдебие­тіндегі лириканың кіші формалары (екі қатарлы, үш қатарлы қосықтар), төрт­лик­лер (рубаилар), алтылықлар, сегиз­лик­лер, онлықлар) да ұлттық поэзияның өзін­дік ерекшелігі тұрғысында байыптал­ған. Талдау нысанына алынған аталған ақындар поэзиясындағы лирикалық қо­сық­тардың құрылысы мен типологиясы, лирикалық қосықтардың ұйқастары және оның мазмұнға қатысы, лирикалық топ­лам­ның көркем формалық сипаты – бәрі де қарақалпақ поэзиясындағы классикалық үлгілердің жаңғыра, жаңаша жырлануы екендігі ғылыми тұжырымдалған. Көрнекті әдебиеттанушы ғалымның оқу құралдары – Қарақалпақ Рес­пуб­ли­касындағы жоғары білім беру жүйесі са­лаларындағы (бакалавриат, магистратура, докторантура) оқытушы ұстаздарға да, бі­лім алушыларға да пайдалы қызмет ат­қару­да. Атап айтқанда, ғалымның респуб­ли­ка­ның орта және жоғары оқу орындарына ар­­­налған сабақлықлары (2006, 2010ж.) ай­рықша маңызды болды. Онда қарақалпақ фольклоры мен әдебиеті тарихының (ХІҮ-ХІХ ғ.ғ. және ХХ ғ.) шығармалары оқу-әдіс­темелік талапқа сәйкес жинақталған. Са­бақ­лық жинақта көрнекті ақын-жазу­шы­лардың әдеби шығармашылық портреттері, поэ­зия, проза, драматургия салаларының ХХ ғасырдың 20-80-жылдарындағы кеңес­тік кезеңдегі сипаты да жүйеленген. Ал еге­мендік дәуіріндегі әдеби даму шы­ғар­ма­лары да тарихи жаңаша көзқарасқа сәйкес ірік­телген. Білім алушылардың меңгеруіне ұсынылған оқу-әдістемелік, дидактикалық-педагогикалық бағдарлы материалдар да ғалым-ұстаздың қазіргі заманғы оқыту тех­нологияларды меңгерген әдіскерлік ше­берлігін айғақтайды. Ғалымның әде­биет­тану мен оқыту әдістемесі салаларын­дағы барлық еңбектеріне тән ортақ ерек­шелік – қарақалпақтың ұлттық сөз өнерін жал­пыәлемдік көркем ойлау мен тарихи таным тұтастығы құрамында бағалау. Ұстаз-ғалымның «Қосық теориясы» ат­ты оқыту әдістемесіне негізделіп дайын­дап, жарыққа шығарған «Қосық тео­риясы» оқу қолланбасы да білім алушылар үшін пайдалы қызмет атқарып келеді. Оқу қолланбада қосық құрылысының негізгі мә­селелері (ырғақ, ұйқас, өлшем, бәнт) тео­­риялық талдаулар үлгілерімен ұсы­ныл­ған. Қосық құрылысындағы аталған мә­селелерді нақты мәтіндер бойынша тал­даулар арқылы білімгерлердің өзіндік әде­би-сыншылық, әдістемелік көзқарас­ы­ның қалыптасуына ықпал жасалады. Өлең поэтикасын саралау – әде­биеттанушы ұстаздар үшін өзек­ті мә­се­ле. Ұстаз-ғалым­ның әдіскерлік мұра­ты – сөз өнерінің көр­кемдік-эстети­калық си­па­тын тереңдете меңгерту. Филология ғылымдарының докторы, профессор Қуанышбай Келімбет­ұлы Оразымбетов – туысқан түркітілдес ха­лықтардың бірлігіне елеулі үлес қосып жүр­ген қайраткер ғалым. Әсіресе, Қара­қал­пақстан Республикасындағы және Қа­зақ­стан Республикасындағы қазақ халқының фо­­льклор мұралары мен әдебиеті дамуы­ның өзіндік өзекті мәселелері үнемі на­зарын­да жүреді. 2018 жылы Абай атындағы Қа­зақ Ұлттық педагогикалық универ­си­те­тін­де көрнекті ақын Қайнекей Жар­мағам­бетовтің 100 жылдығына арналған Халық­аралық конференцияға қатысып, ғылыми-теориялық баяндама жасады. Сонымен бірге, 2021 жылы поэзия алыбы Жамбыл Жа­баевтың 175 жылдығына арналған Ха­лық­аралық онлайн конференцияға қа­ты­сып, қарақалпақ халқының атынан бауыр­лас­тық-туыстық тілектерін арнап сөз сөй­леді. Қазіргі ХХІ ғасыр басындағы қара­қалпақ-қазақ поэзиясындағы поэти­калық үндестіктер, әдеби ықпалдастықтар туралы ғылыми жоба зерттеу жоспарын да ұсынып жүр. ХХІ ғасыр – түркі әлемі кеңістігіндегі түр­кітілдес халықтардың қайта жа­қындасу, рухани бірігу дәуірі. Мен «Алаш әде­биетінің ажырамас арналары (қазақ-қа­ра­­қалпақ әдеби-фольклорлық бай­ла­ныс­тары туралы)» атты еңбегімде туысқан екі ха­лықтың көпғасырлық тарихының бір­тұ­тас арналарын жүйелеп-жинақтап қарас­тырдым. Тұрмыс-салт өлеңдеріміздің, эпос­тық, тарихи-аңыздық дастандары­мыз­дың, ақын-жазушыларымыз және жаңа жазба әдебиетіміздің ортақ сипаттарын бағаладым. Қарақалпақ және қазақ ақын­дары айтыс жырларының поэтикасын тал­дадым. Қарақалпақ және қазақ әдебие­тіндегі көрнекті ақын-жазушылар шығар­ма­ларын екі халық оқырмандары да тұрақ­ты оқитындығы – тарихи шындық. Түйін­деп айтқанда: «Қарақалпақ-қазақ әдеби-фо­льклорлық байланыстары – сан ғасыр­лық тарихы бар түркітілдес халықтар та­ри­хының құрамдас бір саласы. ... Тарих кө­шінің асу-белестерінен Тұран, Түркістан ат­ты айбарлы алып атақтарын сақтап, бү­гінгі күндері ұлы бірігу, қайта тұтасу жо­лына бет алған түркі халықтарының бо­ла­шағы жарқын». Қорыта айтқанда, қарақалпақ хал­қы­ның тарихындағы көрнекті ға­лым-ұстаз, филология ғылымдарының док­торы, профессор Қуанышбай Келім­бет­ұлы Оразымбетовтің ғылыми-педагогика­лық шығармашылығы – бүкіл түркі әле­мі­нің де рухани құндылық көрсеткіші. Туған халқының киелі сөз өнерін зерттеп, оны жас ұрпаққа оқытуды ұштастыра еңбек етіп жүрген ғалым әріптесіміздің жаңа тари­хымызда да жаңа жетістіктерді жүзеге асы­ратынына кәміл сенеміз.

Темірхан ТЕБЕГЕНОВ, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі, Жамбыл атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты