Дәуір жаңарса, құндылық өзгеруге тиіс

Дәуір жаңарса, құндылық өзгеруге тиіс

Дәуір жаңарса, құндылық өзгеруге тиіс
ашық дереккөзі
Адам болмысы жағынан табиғаттан алшақ емес. Оны айтасыз, жаратылыстың көктемі мен жазы, күзі мен қысы болатыны секілді адам өмірі уақыт өте солай өзгеріп тұрады. Ал сананың өсуі де тарихи жадыны жаңғырта тұра оның мән-мағынасын айқындап, керегін алып, керексізін күресінге лақтырып отыратынымен көрініп отырады. Себебі қоғам дамуы өткеннен сабақ ала тұра оны бүгінімен бағамдап, келер күніне қажет не қажетсіз екенін үнемі саралап отыруына байланысты. Жас қартаймақ, жоқ тумақ, туған өлмек, Тағдыр жоқ өткен өмір қайта келмек. Басқан із, көрген қызық артта қалмақ, Бір Құдайдан басқаның бәрі өзгермек. Ұлы Абайдың осы бір сөзінде жаратылыс заң­ды­лығы айқын көрінеді. Демек, қазақтың да дәуірлер тынысында ойы сергіп, өткеніне серлей қараса, көп нәрсенің сырын ашып, өзіне тізгін бермеген заман­дар­да санасына зорлап таңылған қайсыбір ұғым-түсі­ніктерден арыла бастауы тиіс. Статистика бойынша бүгінде жан саны 19 миллионнан асқан хал­қы­мыздың тең жартысы 30 жасқа дейін­гі­лер екен, яғни, тәуелсіздіктен кейін дү­ниеге келгендер. Бұл ендігі кезекте біз­дің елімізде идеологияны жаңаша жүр­гізу қажеттігін көрсетеді. Шынын айту керек, қай салада болса да, бізде әлі күнге дейін бас­­­­шылық қызметте жүргендердің көбі кеңес­тік кезеңде туып, білім алғандар. Де­мек, қоғамдық дамуға деген көзқараста әлі де ескішілдік басым деуге болады. Әрине, қоғам санаулы жылдардың ішін­де түбегейлі өзгеріп, жаңа­рып кете қоймайды. Қай дәуірдің адам­да­­­рында болса да, өзіне сай либералдық көз­қарастар болады. Бірақ қоғамдық даму адамзат үшін аса қажетті құндылық­тар­дан өзгесін ысырып тастап отырады. Сон­дықтан қанша қимасақ та, әлемдік даму үрдісіне кіндігімізден байланған мы­на дәуірде талай нәрсемен қимасақ та қош­тасуымызға тура келеді. Өйткені өт­кеннің рухани ресурсы таусылмай тұр­майды. Басқаны былай қойғанда, жасы елу­ден асып бара жатқан біздің қа­­тарластарымыздың азаматтық санасы қа­лыптасар тұс тәуелсіздікпен тұспа-тұс кел­ді. Ол бір жаңару, жаңғыру дәуірінің ба­сы еді. Ал тәуелсіздіктен кейін туған­дар өз елін азат сана, еркін даму жолында көріп ержетті. Ендеше қаншама ұлттық тарихымыздың белгілі бір кезеңін алып жатса да, кеңестік дәуір идеологиясы сіңір­ген талай рухани құндылықтардың біртіндеп-біртіндеп бояуы оңып келе жатқанын мойындауымыз қажет. Кеңестік дәуір ортақ Отан деген ұғым­ды миымызға сіңірді. Ол тек біз­­дің ғана емес, он бес одақтас респуб­ли­­када өмір сүрген барлық жұрттың са­­­­насынан мықтап орын алып, бір мақ­сат­қа жұмылдырды. Бірақ амал не, қазақ айт­пақшы, «Кезі келгенде бастан жақ та ажы­райды» екен. Алып империя іштен іріп, бір-ақ сәтте шаңы бұрқ еткенде әр­кім өз шаңырағын шаң-тозаңнан арыл­тып, қайта көтеріп жатты. Сөйтіп бір жа­рым ғасырға желкелеп тұрған жуық жат­тың бодандығынан басымыз босап, жаңа мемлекет құрдық. Ал жаңа мем­ле­кеттің жаңа бағыты болары анық. Біз ол ба­ғытта да айтуға болатындай жетістікке жет­тік: әлемнің барлық елдерімен тере­зе­мізді тең ұстап еркін байланыс жасай бас­тадық, саяси-экономикалық жүйеміз жаңар­ды, рухани әлемімізді керексіз нәр­селерден тазарта бастадық. Дегенмен әлі күнге көшкенде ескі-құсқысын тас­тау­ға қимайтын сүйегіне жоқшылық өтіп кеткендердің әдеті бізден әлі күнге қала қоймаған секілді... Айталық, халқымыз үшін тозбайтын ру­хани құндылықтарды түгендеп жатқан за­манда орынсыз кертартпалық – біздің құ­тылуымыз тиіс бір әдет. Адамдар сана тәуел­сіздігіне ұмтылып жатқан шақта құ­ны төмендеген кейбір нәрселерден бас тарту ең әділ іс дер едік. Кеңестік дәуірдің біз орны толмас қай­ғы-қасіреттерін сезіне білуі­міз керек. Сондықтан өткеннің бізбен са­нас­паған саясаты санамызға зор­лық­пен таң­ған кейбір пафостары ендігі жа­­­ғында бізбен бірге еріп жүрмеуі керек. Айталық, Екін­ші дүниежүзілік соғыс. Шы­ны керек, ол соғыста біз­дің аталарымыз қан май­дан­да ерлік көр­сетті, миллион­да­ған қазақ қыр­шын кет­ті. Бірақ соның пай­дасын ақыр-соңын­да кім көріп отыр? бүгін­гінің санасы ояу, зердесі жүй­рік жас­тары «жеңіс күні» мейра­мын той­лау­ға, шын мәнінде, құлқы жоқ. Оларға өк­­­пелей алмайсың, өйткені бү­гін­гі күн­нің шындығы солай екенін көз көріп, құ­лақ естіп жүр... Қазір бұл мәселеде халық пікірі екі­ге жарылған. Бір тобы «Сол со­ғыста аталарымыз қан төгіп, жеңіске үлес қосты. Сондықтан оны тойлауға мо­ралдық қақымыз бар» десе, екіншілері «Жет­піс миллионнан аса адамды жер жас­тандырған, оның ішінде миллион­да­ған қазақты келмеске жіберген соғыс екі елдің, екі түрлі жүйенің арасындағы сая­си текетірестің кесірінен тұтанды. Ен­деше жазықсыз халықтың қанын төк­кен және игілігін өзгелер иеленіп отыр­ған жеңісті тойлаудың қазаққа не керегі бар?» деген уәж айтады. Міне, осыларды сарап­тай келгенде, шындықтың кейін­гілерге бүйрегі бұратынына көңіл се­нер­дей. Тарихқа әрдайым кейінгілер дұры­сырақ баға береді. Өйткені адам ба­ласы уақыт өткен сайын ес жиып, са­рап­­тауға мүмкіндік алады. Демек, бұл – ой­ланатын нәрсе. Өткен жылы әлеуметтік желіге мы­надай деп пікір қалдырып­пын: «9 мамыр да өтті өйтіп-бүйтіп. Ол жайын­да пафостар болды біраз, сын кө­зімен қарағандар да аз болмады. Бұл нені көр­сетеді? Ең бірінші сабақ алатын нәрсеміз – жаттың жерін қорғау үшін төгіл­ген қан зая кетеді екен. Сосын, тарих, ер­лік дегеннің тек Қа­зақстанға – өз Ота­­­нымызға қатысты жерін ғана ұлық­тай­мыз деген санасы азат ұрпақ өсіп келе жа­тыр. Олар­дың «Отан соғысы», «Ұлы жеңіс» де­ген ұғымдарға көзқарасы бас­қа­ша, егер дұрыстап түсіне алсақ – әділ­дігі басым. Демек, қанша тырмысқанымызбен қолымызға қызыл империя ұста­тып кеткен арқан сусып не шіріп барады. Сон­дықтан алдағы жылдарда кеңестік ке­зеңде «Ұлы Отан соғысы» делінетін со­ғысты ІІ Дүниежүзілік соғыс деп атап, 9 мамырды «Жеңіс күні» емес, «соғыс құр­бандарын еске алу күні» ретінде атап өтуге дайындала бергеніміз жөн. Жасанды тарихты замана желі өз­гертпей тұрмайды!» Бұл қандай да бір эмоцияның жете­гін­де емес, ойланып айтылған сөз. Әрине, біз қатары тым селдіреп қал­ған Екінші дүниежүзілік со­ғыс ардагерлерін құрметтейміз, бірақ олар қорғаған мемлекет қазір жоқ және ол мемлекеттің қазаққа жасаған қия­нат­тарын да ұмыта алмаймыз! Адамзат қоғамы алға қарап өмір сүр­генді ұнатады, сондықтан ендігі жағында қай­сыбір оқиға болса да оның қазақ ұлты­ның өткені мен болашағына қатысы қан­дай деген мәселе біз үшін аса маңыз­ды. Жаңа мемлекет өз бағытын табуы үшін оны алаңдатар жайттар болмауы керек, ол үшін жүретін үдерістің аты сана деколонизациясы. Жалтақтық­тан арылмаған мемлекеттің өз бағытын табуы да, өз даму жолына түсуі кешеуіл­дей береді. Әлі күнге біздің елде ақпанның 23-і күні «Кеңес армиясы» күнін­де бір-бірін құттықтап жүретіндер аз емес (тіпті бір депутатымыз Парламент Мә­жілісінде отырып құттықтағанын ел ұмы­та қоймаған шығар). Керісінше, Қа­зақ армиясының күні – 7 мамырдың біз үшін мейрам екенін ұмытып кететіндер көп! Ал Желтоқсанның 16-17-сі күндері тәуел­сіздік күні десек, содан бұрын жаңа­­жылдық шыршасын тігіп, көше­лерде «Жаңа жылыңызбен» деген жазулар пайда болатынын немен түсіндіруге болады?! Деколонизация демекші, ол үде­ріс­ті бізбен бірге тәуелсіздігін ал­ған елдер әлдеқашан бастап кеткен. Мә­селен, 1999 жылы Өзбекстанның тұң­ғыш президенті Ислам Каримов 9 ма­мыр­ды «Соғыс құрбандарын еске алу күні» деп белгілеп, содан бері көршілес ел­де о­л күн «Жеңіс күні» ретінде тойлан­бай­ды. Сол сияқты Балтық бойы елдері де ол күнді мейрам тізімінен шығарып тас­таған. Демек, біз де соны ескеруіміз керек. Жеңіс күні деп алаулатып, жа­лау­лат­қанымыз аздай, «Ажалсыз полк» деген бір шерусымақ өткізу тәуел­сіз ел үшін аса ыңғайсыз нәрсе. Ол аздай, кешегіде біреулер алаңда кеңестік қызыл туды желіретіп, қазақты қан-қасапқа ұрындырған Сталин мен Берияның порт­реттерін көтеріп шығып жүр. Бұл – елді сыйламау, халықтың қасі­ре­тіне күлу деген сөз. Демек, деколонизация жүр­меген елде адамдардың санасы тұ­ман­да­нып, әлі баяғыны көксей беретін­дердің даусы шыға береді. Өзін сыйлай білген адам ғана халықты да, мемлекетті де сый­лайды. Егер ондайды жарат­пай­тын­дар болса оларға тозған мейрам мен күні өткен идеология туралы түсінік беру­ге, әрі-беріден соң заңмен тыйым са­лып, көн­бегендерді жауапкершілікке тар­ту керек болады. Жаңарған дәуірде құндылық өзгеруі тиіс. Жаңа Қазақстан ескірген құн­ды­лықтармен өмір сүрмейді!

Ахмет ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ