Доржийн Баярхүү: Моңғолия қазақтары қоғамның барлық саласында белсенді
Доржийн Баярхүү: Моңғолия қазақтары қоғамның барлық саласында белсенді
Биыл Қазақстан мен Моңғолия республикасының арасында дипломатиялық байланыстың орнағанына 30 жыл толады. Екі елдің тарихи-мәдени өмірінде ұқсастық көп. Сонымен қатар Моңғолияда қазақ диаспорасының бір бөлшегі өмір сүреді. Біз жуықта ғана Моңғолиядан Қазақстанға Төтенше және өкілетті елші болып келген Доржийн Баярхүүді сұхбатқа тарттық. Сұхбат екі ел арасындағы экономикалық байланыс, сауда-саттық реті, Қазақстан мен Моңғолия арасындағы көлік қатынасы жайлы өрбіді.
– Құрметті елші мырза, Қазақстан мен Моңғолия арасындағы дипломатиялық қатынастың орнағанына 30 жыл толды. Осы жылдары екі ел арасында қандай ілкімді жобалар қолға алынды? Екі елдің экономикалық және сауда-саттық тұрғыдан байланыс орнатуына қандай мүмкіндіктер бар?
– Ең алдымен Сіздердің «Түркістан» газетінің қалың оқырмандарына арнап екі ел арасындағы қарым-қатынас пен ынтымақтастық туралы сұхбат бергеніме қуаныштымын. Моңғолия мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай бауырлас Қазақстан халқын шын жүректен құттықтаймын.
Соңғы 30 жылда Моңғолия мен Қазақстан халықтарының сан ғасырлық дәстүрлі тарихи қарым-қатынасы қазіргі заманға сай өзгеше бояулармен өрнектеліп ынтымақтастық жан-жақты қанат жайғанына ризашылық сезім білдірумен бірге моңғол мен қазақ халқының мүддесі мен игілігіне сай достық байланысымыз болашақта да қарқын алатынына кәміл сенемін. Қазақстан Республикасы Моңғолияның сыртқы саясатында айрықша орын иеленетін Орта Азия аймағында біздің еліміздің маңызды әріптесі. Біздің халықтарымыз тарихи-мәдени терең байланысқа, ортақ мұра, дәстүрге ие болумен бірге КСРО кезінде де жақын достық қарым-қатынаста болған елдер. КСРО ыдырағаннан кейін Қазақстан Республикасы тәуелсіздігін жариялаған соң 22 қаңтар күні екі ел арасында дипломатиялық қатынас орнаған болатын. Міне, биыл сол тарихи оқиғаға 30 жыл толып отыр. Біздің ел 1992 жылы Алматыда елшілігін ашып, 2010 жылы Нұр-Сұлтан қаласына көшірген болатын. Ал Қазақстан Республикасы 1997 жылы Моңғолия астанасы Ұланбатырда елшілігін ашқан еді.
Соңғы жылдары екі ел арасындағы саяси қарым-қатынас жоғары деңгейде қарқын алып келеді. Мәселен, Моңғолия Премьер-Министрі У.Хүрэлсүхтің 2019 жылғы ресми сапары моңғол-қазақ қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтерді деп тараптар есептейді.
Сапар барысында ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты күшейту, Қазақстанға ет, ет өнімдері мен мал шаруашылығы өнімдерінің көлемін ұлғайту, Моңғолияның батыс аймағында ұсақ мал шаруашылығына арнап бірлескен және тікелей инвестиция құру мәселелері талқыланды. Ветеринария, карантин саласында, Өсімдік және егін шаруашылығы институттары арасында «Ынтымақтастық туралы меморандум» орнады. Бұл біздің елдің ет пен ет өнімдерін осы елге шығаруға құқықтық негіз қалыптастырған қадам деуге болады. Сонымен бірге осы сапар кезінде Ұланбатыр мен Нұр-Сұлтан қаласы арасында достық қатынас орнап, Қазақстан тарапынан студенттерге бөлінген грантты 25-ке жеткізуге келісім жасалды. Қазіргі жағдайда Қазақстанда біздің елдің 1045 азаматы бакалавр, магистрант, докторант санатында білім алып жатыр. Сапар кезінде Моңғолия, Қазақстанның бизнес форумы ұйымдастырылып, оған біздің тараптан 31 шаруашылық бірлік, Қазақстан тарапынан 160 бизнес өкілі қатысты. Нәтижесінде іскер бизнес топтары арасында 40 миллион доллардың қаржысы көлемінде 8 құжатқа қол қойылды. Жалпы бұл жолы екі елдің арасында сауда, экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға үлкен мүмкіндіктер бар екені дәлелденіп, соған бизнес-іскер топтардың қызығушылығы артқаны айқын байқалғанын атап өткім келеді. Моңғолия Премьер-Министрі сапарынан кейін екі елдің қарым-қатынасы, соның ішінде сауда, экономикалық байланыс артуға бағыт алғанымен пандемия салдарынан кедергілер келіп, көрсеткіштер төмендеді.
2021 жылғы 10-14 қазанда Моңғолия Сыртқы қатынастар министрі Б.Батцэцэг Қазақстан Республикасына ресми сапармен келді және Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің (АӨСШК) 6-министрлер кездесуіне қатысты. Бұл сапар 1992 жылы еліміз бен Қазақстан арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағаннан бергі уақытта жүзеге асқан Моңғолияның Сыртқы қатынастар министрі деңгейіндегі алғашқы айрықша сапар болды. Сапар барысында Моңғолия Сыртқы қатынастар министрлігі мен Қазақстан Сыртқы істер министрлігі арасында 2021-2024 жылдарға арналған өзара түсіністік туралы меморандумға және Моңғолия Сыртқы қатынастар министрлігі мен Қазақстанның Сауда және интеграциясы министрлігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
Біздің елдеріміз арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға зор мүмкіндік бар деп есептейміз. Моңғолияның Қазақстанға және аймақтың басқа елдеріне ет және ет өнімдері экспортын айтарлықтай арттыру, құрғақшылыққа төзімді астық сорттарын жерсіндіру, зерттеу, ветеринария және карантин мекемелері арасындағы ынтымақтастықты жандандыру, теңізге шыға алмайтын елдер ретінде Азия мен Еуропа екі құрлықты байланыстыратын географиялық орынды тиімді пайдалана отырып, транзиттен табыс табу үшін Қазақстандағы әріптестерімізбен бірге жұмыс істеп жатырмыз.
2021 жылғы жағдай бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 21,06 миллион АҚШ долларын құрайды. Оның ішінде Моңғолия 2,1 миллион АҚШ долларын құрайтын азық-түлік өнімдері, жылқы еті, кілем,тоқыма өнімдерін экспорттаған, ал 18,92 миллион доллар көлемінде ұн, нан-тоқаш өнімдері, күріш және темекі импорттаған. Алдағы уақытта екі ел арасындағы тауар айналымын арттырып, Моңғолия экспортының түрлері мен көлемін ұлғайтуға мүмкіндік бар. Мен елші қызметін атқарған кезде осы мәселеге ерекше назар аударатын боламын.
Екі ел арасындағы саяси және экономикалық қарым-қатынастардан бөлек, мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейту – менің маңызды мақсаттарымның бірі.
– Қазақстан мен Моңғолия елдерінің арғы тарихында, рухани-мәдени өмірінде ұқсас тұстары көп. Екі елдің ортақ тарихын бірлесе зерттеу жөнінде ауқымды жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік бар ма? Осы уақытқа дейін қандай ортақ зерттеулер қолға алынды?
– Біздің екі халық ежелден тарихи-мәдени байланысқа ие киіз туырлықты, ортақ мұрасы бар байырғы көшпелілер. Моңғолиядағы Ұлы Түркі қағандығының тарихи-мәдени ескерткіштерін зерттеу мақсатында Нұр-Сұлтанда орналасқан Халықаралық Түркі академиясы Моңғолия Ғылым академиясы, Моңғол Ұлттық музейі, Моңғолия тарих және археология институтымен ынтымақтастықта табысты жұмыс істеді. Осы бағытта 2016 жылдан бері көне түркі дәуірінің тарихи кешендерін зерттеу мақсатында «Шивээт улаан», «Номгон» және «Хаяахудаг», «Гүнбурд» киелі ескерткіштерінде археологиялық зерттеулер мен далалық қазба жұмыстары атқарылып, бірқатар ғылыми жаңалықтар ашылды. Сондай-ақ Түркі академиясы жанынан Алтайтану, түркітану, моңғолтану қауымдастығының тұрақты хатшылығы құрылып, Моңғолтану орталығы ашылғаны да қуантады. Соңғы жылдары екі елдің тарихшылары мен археологтарының моңғол және қазақ халықтарының мұраларын зерттеу саласындағы ынтымақтастығы айтарлықтай кеңейіп келеді. Моңғолия Үкіметі бұл саладағы табысты ынтымақтастықты жоғары бағалап, Президент Жарлығымен Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәліні мемлекеттік жоғары награда «Алтын жұлдыз» орденімен марапаттаған болатын. Бұл сыйлықты Моңғолия Сыртқы қатынастар министрі Б.Батцэцэг сапары барысында табыс еткенін ықыласпен атап өткім келеді.
– Моңғолияда қазақ ұлтының өкілдері тұратынын біз білеміз. Олардың ұлттық болмысы, рухани-мәдени өмірі қандай деңгейде? Қазақтардың тұрмыс тіршілігі мен рухани өмірі жайлы мәліметтер бізді қызықтырады.
– Моңғолияда өмір сүретін моңғолдан өзге, екінші үлкен ұлт – қазақтар. Яғни, халқымыздың 95 пайызы моңғолдар, 4 пайызға жуығы қазақтар, 1 пайызы өзге ұлттар мен ұлыстар. 2021 жылғы санақта Моңғолияда 128 886 қазақ бар болса, олардың көпшілігі, яғни 77,1 пайызы Баян-Өлгий аймағында, қалғандары Ховд, Селенге, Дархан, Төв аймақтары мен Ұланбатырда мекендейді.
Моңғолиядағы қазақтар – қоғамымыздың ажырамас бөлігі және Моңғолия үкіметі олардың салт-дәстүрін сақтауға әрқашан қолдау көрсетіп келеді. Бүгінде қазақ халқы саясаттың, экономиканың, қоғамның барлық салаларында белсенділік танытып, Моңғолияның гүлденуіне үлес қосқанын ризашылықпен атап өткім келеді.
Бұл ретте менің сенім грамотамды қабылдау кезінде Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев Моңғолияда тұратын қазақтар екі елдің достық қарым-қатынасының «Алтын көпірі» екенін жылы лебізбен атап өткенін айта кеткім келеді. Расында да, екі ел арасындағы ынтымаққа елімізде тұратын қазақ ұлты өкілдері, сонымен бірге Моңғолиядан Қазақстанға қоныс аударған азаматтар елеулі үлес қосқаны белгілі. Жалпы, Моңғолиядан Қазақстанға көшіп келгеннен кейін қоғамның барлық саласында жемісті еңбек етіп, екі ел арасындағы өзара түсіністікті кеңейтуге қызмет етіп жүрген кісілер аз емес.
– Пандемия шектеулері кезінде Қазақстан мен Моңғолия арасындағы қарым-қатынас қалай жүріп жатыр? Әсіресе, екі елге бөлініп қалған қазақ этнос өкілдері үшін қандай да бір қиындықтар туындап отырған жоқ па?
– Әлемге таралған GOVID-19 індетімен күрестің осы қиын кезеңінде біздің Елшілігіміз екі ел арасындағы қалыпты қарым-қатынастар мен ынтымақтастықты сақтау үшін көп жұмыс істеп жатыр. Мәселен, Моңғолияның Сыртқы қатынастар министрі Б.Батцэцэгтің сапары, сонымен бірге 2020 және 2021 жылдары Моңғолия мен Қазақстанның Сыртқы істер министрліктері арасындағы саяси және консулдық консультациялар сәйкесінше электронды түрде сәтті ұйымдастырылды.
Биыл біз жоғары деңгейдегі бірқатар ресми сапарлар ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Екі ел арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынасты кеңейтуде маңызды рөл атқаратын үкіметаралық комиссияның отырысы осы жылдың екінші жартыжылдығында өтеді.
Пандемия салдарынан шекаралар жабылып, халықаралық рейстер мен автокөлік жолдары тоқтаған қиын кезеңде тараптардың күш-жігерінің арқасында екі ел өзара вакцинация сертификатын мойындауға келісім жасады. Соның нәтижесінде Hunnu Air ұшағы 2020-2022 жылдар аралығында екі елде бөгеліп қалған 2000 жолаушыны 28 арнайы рейстер арқылы тасымалдады.Айта кетейік, компания осы жылдың наурыз айының соңынан бастап Ұланбатырдан Алматыға тікелей рейстерді жүзеге асырып келеді. Сондай-ақ жақын арада қазақстандық Scat әуе компаниясынан Нұр-Сұлтан-Ұланбатырға тікелей әуе қатынасын қалпына келтіру туралы келіссөз жүргізіліп жатыр. Жалпы, кез келген екіжақты қарым-қатынаста тікелей рейстердің болуы маңызды. Тікелей рейстер өзара трафикті арттырады. Өздеріңіз білесіздер, екі елдің азаматтары мен туристерінің саны артып, бизнес үшін де жаңа мүмкіндіктер ашылады. Сондай-ақ 2022 жылдың 14 ақпанында Моңғолияның пандемиядан қорғанудың жоғары деңгейін жойып, халықаралық көлік қозғалысына толықтай ашық болды. 11 сәуірде Қазақстан да жермен қатынауға өз шекарасын ашты, бұл екі елдің азаматтарына автокөлікпен еркін жүруіне мүмкіндік береді.
– Қазақстанға елші болып келгеніңізге де бірер ай болды. Әйткенмен қазақ халқының ұлттық болмысы, салт-санасы, саяси-экономикалық өмірінен хабардар болып қалдыңыз. Қазақстан жөнінде алған әсеріңізді айтып берсеңіз.
– Менің Қазақстан Республикасындағы елші болып тағайындалғаныма 4 айдан асты. Осы жылдың 21 ақпанында Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевқа сенім грамотасын тапсырдым. Қазақстанға жақында ғана келсем де, Қазақстан мен Моңғолияны көшпелілер мәдениеті, тарихы, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы жағынан ұқсастықтары көп. Кейбір тіл мамандарының айтуынша, моңғол мен қазақ тіліндегі түбір сөздерінің шамамен 70 пайызы ұқсас. Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде Қазақстан мемлекеті мен халқы өркендеуге бағытталған ауқымды реформаларды сәтті жүзеге асырып, дамудың даңғыл жолымен нық қадам басып келе жатқанын ризашылықпен атағым келеді. Осы қысқа мерзімде Қазақстан үлкен әлеуметтік-экономикалық дамуы арқылы аймақтық және халықаралық жоғары беделге ие болғанымен құттықтаймын. Сондай-ақ осы сәтті пайдалана отырып, Қазақстан халқына қаңтардағы қайғылы оқиғаларды мойымай еңсеріп, жағдайды тұрақтандырғанына разылық білдіремін. Сұхбат соңында Қазақстан Республикасы географиялық жағынан да, тарихи жағынан да біздің үшінші жақын көршіміз екенін ерекше атап өткім келеді. Елші ретіндегі басты мақсатым – Қазақстанды саяси және экономикалық тұрғыдан маңызға ие үшінші көршіге айналдыруға күш-жігерімді жұмсайтын боламын.
Сұхбаттасқан Бейбіт ТОҚТАРБАЙ