Жаңғырған аймақтар – Жаңа Қазақстанның екінші тынысы

Жаңғырған аймақтар – Жаңа Қазақстанның екінші тынысы

Жаңғырған аймақтар – Жаңа Қазақстанның екінші тынысы
ашық дереккөзі
4 мамырда Ақорданың ресми сайты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы жарлыққа қол қойғанын хабарлады. 8 маусымнан бастап күшіне енбек жарлықтың мәтінінде Абай, Ұлытау және Жетісу облыстарын құру, Алматы облысының орталығын Тал­дықор­ғаннан Қонаев қаласына көшіру, және бір ай ішінде ұйымдастырылатын іс-шаралар жоспарын бекіту қажет екені туралы жазылған. Осылайша, еліміздегі аймақтар саны 20-ға жетті. Естеріңізге сала кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың наурыз ортасындағы халыққа Жолдауында елімізде тағы үш облыс құрылатынын мә­лімдеген еді. Шығыс Қазақстан облысының Се­мей аймағында – Абай облысы, Қарағанды об­лы­сының Жез­қазған өңірінде – Ұлытау, Алматы облы­сы аума­ғын­да Жетісу облысы құрылады. Бұл об­лыстар тари­хымызда бұрын да болған. Ұлытау облысына Жезқазған, Қара­жал, Сәт­баев қалалары, Жаңаарқа мен Ұлытау аудандары кіре­ді. Облыс орта­лы­ғы Жезқазған қаласы болады. Ал Жетісу облысына Ақсу, Алакөл, Ес­кел­ді, Қара­тал, Кербұлақ, Көксу, Панфилов, Сар­қан аудандары және Талдықорған мен Те­келі қалалары кіреді. Облыс орталығы Тал­дықорған қаласы болмақ. Абай облысына Абай, Аягөз, Ақсуат, Бес­қара­ғай, Бородулиха, Жарма, Көкпекті, Үр­жар аудандары және Семей, Курчатов қа­лалары кіреді. Облыс орталығы Семей қа­­­­­ласы болады. Одан бөлек осыған дейін Шығыс Қа­зақ­станда облыс қана емес, екі ау­дан да бөлінетіні хабарланған. Көкпекті, Тар­бағатай аудандары 1997 жылға дейінгі қал­пына қайта келтіріліп, екіге бөлінбек. Қаржы мәселесі қалай шешілмек? 5 мамырда Сенат Министрлер Ка­би­не­тінің алдағы үш жылға арналған ре­с­­публикалық бюджетке енгізген түзе­ту­лерін мақұлдады. Жалпы есеп бойынша шы­ғындар 19 триллион теңгеге жетеді. Оның басым бөлігі Президенттің тап­сыр­маларын іске асыруға жұмсалады. Оның ішін­де осы өңірлерді құру мәселесі де бар. Жал­пы мемлекеттік қазынадан бөлінетін қо­сымша қаражаттың үштен бір бөлігі өңір­лерге жұмсалмақ. Нақтырақ тоқталар болсақ, Қаржы ми­нистрі Ерұлан Жамаубаев Пре­зи­дент тапсырмаларын орындауға 1,8 трил­лион теңге, әлеуметтік шығыстар мен теңге ба­ғамына – 173 миллиард теңге, бағдар­ла­малық құжаттар мен шұғыл міндеттемелерге 476 миллион теңге қарастырылғанын мә­лім­деген. – Бюджет түсімдері 2,7 триллион теңгеге ұл­ғайып, 15,8 триллион теңгеге жетті. Рес­публикалық бюджет шығыстары 18,8 трил­лион теңге болады деп жоспарланып отыр. Шығыстар қосымша 2,7 триллион теңгеге артады және оны бірнеше басым бағыттарға жұмсау көзделген. Жалпы көзделген шығыстардың 30 пайызға жуығы трансферттермен өңір­лерге берілетін болады. Олардың жал­пы сомасы 818 миллиард теңге болса, оның ішінде дамуға арналған трансферттер – 475 миллиард теңге. Нәтижесінде өңірлерге рес­публикалық бюджеттен жалпы шығыс­тар­дың 5,5 триллион теңгеден астамы не­месе 29,3 пайызы бағытталатын болады, – деді Қаржы министрі Сенат отырысында. Жалпы жаңадан облыстар ашу тура­лы тапсырма айтылған кезде құ­рыл­­мақ өңірлердің бюджет мәселесі қалай ше­шілетіні туралы сұрақ ең өзекті сауал­дар­дың бірі болған еді. Сол кезде Ұлт­тық эко­номика министрі Әлібек Қуантыров осы сұраққа жауап беріп, қажетті қаражат есеп­теліп жатқанын айтқан болатын. – Қажетті ақша мөлшері қазір есептеліп жатыр. Бізде оған қажетті резерв бар. Қазіргі бюджеттің аясына сыйғызуға тырысамыз. Бірақ қажет болса, қосымша ақша бөлінеді. Өйткені жаңа әкімшілік-аумақтық бірліктер пайда болады. Әкімдіктер, аудандар құры­лып, штаттар саны бекітіледі. Оның бәріне резервіміз бар. Орталықтың, нақты айтқан­да Мемлекет басшысының бастамасы бол­ған­дықтан, қажет болса республикалық бюд­жеттен қосымша ақша бөлінеді, – деген еді Әлібек Қуантыров. Сонымен қатар ол нақты соманы айта ал­майтынын, қаражатты жаңа об­лыс­тарға әкімдер тағайындалғаннан кейін ғана бөлетінін түсіндірген. Бірақ 2022 жылы шарт­ты түрде бекітілген Алматы облысы­ның бюджеті – 857,3 миллиард теңгені әкім­шілік орталықтар Талдықорған мен Қо­наев арасында бөлуге болатынын, Қара­ғанды және Шығыс Қазақстан облыстарына да қатысты екенін айтқан болатын. – Әкімдерді тағайындағаннан кейін об­­­лыстардағы қолда бар қаражаттан қара­жат бөлінеді. Қосымша штаттық санға, уа­қыт­ша жаңа ғимараттарды жалға алуға қара­жат қажет болады, әкімдіктер, мем­ле­кеттік органдар ғимараттары және сол сияқ­ты тағы да басқа шығындар. Барлығы пы­сықталып жатыр. Алдын ала есептелінді, бірақ әлі де есептеледі. Ал пысықтап үлгер­ген сома 800 миллиард теңгеден астам (не­месе барлық шығыстардың 30 пайызы) өңірлерге, оның ішінде 475 млрд теңгені оларды дамытуға бағыттады. Абай облысы Семей облысының тарихы сонау 1854 жылдан бастау алады. Аймақ Батыс-Сібір ге­нерал-губернаторлығының, кейін Да­ла ге­нерал-губернаторлығының құрамы­на кірді. Үлкен Ресей энциклопедиясының мәліметтеріне сәйкес, 1897 жылдары 503,3 мың шаршы шақырым аумақты алып жат­қан аймақта 684,5 мыңнан астам адам өмір сүрген. 1920 жылы Кеңес үкіметі орна­ған­нан кейін облыс Семей губерниясына айналды. Облыс екінші рет 1939 жылы Қазақ КСР құрамында құрылды. Оған 12 ау­дан: Абыралы, Ақсуат, Аягөз, Белағаш, Жаңасемей, Жарма, Көкпекті, Мақаншы, Новошульба, Үржар, Шыңғыстау, Шұбартау ау­дандары кірген. 1987 жылы облыстың ау­даны 179,6 мың шаршы шақырым, ал хал­­­қы 816 мың болған. Осылайша облыс 1997 жылы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев­тың Жарлығымен таратылып, Шығыс Қа­зақ­стан облысының құрамына енгізілгенге дейін жұмыс істеп тұрған. Содан бері өңірдің халқы Семей об­лы­сының мәртебесін жаңғырту қа­жет­тігін оқтын-оқтын айтып келген. Оған се­беп те жоқ емес еді. Аймақтың географиялық орны Азияны Еу­ропамен байланыстыруға мүмкіндік бере­ді. Семей арқылы Азия танымының қақ­пасын ашқан атақты зерттеушілердің қа­тары қалың. Сонымен қатар аймақ металл емес құры­лыс материалдарына бай. Кур­чатов технопаркінің базасында силикат және қыш кірпіш, шыны, құрылыс кера­ми­­ка­сы, құрылыс наноматериалдарын шы­ғара­тын мемлекеттік сектор зауыттарының құры­лысын қарастыру дұрыс болар еді. Ертіс өзенінің бассейнінде қиыршық тас­тар­дың болуы да назар аудартатын мәселе. Елі­міздің кей аймақтарында осы қиыршық тас тапшылығы мәселесі байқалады. Сон­дай-ақ өңірде ағаш өңдеу өнеркәсібін да­мы­туға мүмкіндік зор. Дегенмен облыс орталығы – Семей қаласының қазіргі ахуалы мәз емес еке­ні байқалады. Инфрақұрылымдар тоз­ған, әлеуеті әлсіреген. Қалада жаңа құрылыс сау­сақпен санарлық. Мұны Мемлекет бас­шы­сы да айтып өткен. – Семей қаласы жаңа облыстың орта­лы­ғы болады. Қазір ол жақта шешімін тап­па­ған түйткілдер аз емес. Мысалы, аймақ­тың ішкі инфрақұрылымы әбден тозған. Кезінде Алаш арыстарының басын қосқан Семей қаласының жағдайы мәз емес. Біз та­рихи әділдікті орнатып, ұлыларымыз дү­ние­ге келген киелі өлкені қайта жаң­ғыр­туға тиіспіз, – деген еді Президент. Қаладағы ірі зауыттар сауда ор­та­лық­тарына айналып, ал кейбіреулері жұмысын тоқтатқан. Жұмыссыз қалған ха­лық базар жағалады. Қаланың «базарлар қа­ласы» деп аталып кетуінің өзі жаңа жұ­мыс орындарын құру кезек күттірмейтін мә­селе екенін аңғартады. Бұл мәселені ше­шу, әрине, аймақтағы экономикалық жағ­дай­ға әсер ететіні сөзсіз. Одан бөлек, денсаулық сақтау, ғылым мен туризм, индустриялық-инно­ва­ция­лық бағыттарды дамыту Семей өңі­рі­нің Қазақстанның саяси, экономикалық ор­талықтарының біріне айналуына серпін бе­рер еді. Өңірдің дамуы жалпы ел эконо­ми­касының нығаюына ықпал ететіні сөзсіз. Одан бөлек, өңірдің тасын түртсең, ше­жіре төгілетін тарихи мекендері ел хал­қының ғана емес, алыс-жақын шет­ел­дерден келген туристердің де қызығу­шы­лығын тудырады. Яғни аймақтың туризм са­ласындағы әлеуеті де өте жоғары. Облыстың аты өзгергенімен, заты – cол, не десек те, қайта жаңғырған ай­­­мақ­тың жаңа тынысы ашылатынына се­нім мол. Ұлытау облысы Жезқазған облысы 1973 жылы 20 нау­рызда Қазақ КСР құрамында Қара­ғанды облысының оңтүстік бөлігінен құрыл­ған. Орталығы Жезқазған болған об­­лыс құрамына Балқаш және Қаражал, сон­­дай-ақ Ақтоғай, Жезді, Ұлытау, Жаңаар­қа, Шет және Ағадыр аудандары кір­ген. Об­лыстың жалпы аумағы 313,4 шар­шы ша­қырым болды, 1989 жылғы мәлімет бойын­ша, 496 мың халқы болған. Облыс 1997 жылы таратылып, оның ау­мағы қайтадан Қарағанды облысының құра­мына кірді. Ұлытау облысы болып қайта жаң­ғы­рып, жаңадан құрылып жатқан ай­мақ­тың ауданы 300 мың шаршы шақы­рым­нан асады. Өңірде туризмді дамытуға жақсы мүмкіндіктер бар. Әсіресе этнотуризмді дамыту бойынша әлеует зор. Дегенмен аймақта мәселе де аз емес. Со­ның ішінде су жүйесінің тозығы жеткен. Аймақтағы жауапты шенділер қа­зіргі кезде жобалық-сметалық құжат толық дайындалып, мемлекеттік сараптамаға берілгенін мәлімдеген болатын. Сол кезде өңірлік даму бағдарламасына сәйкес қа­лаішілік құбырдың 219 шақырымын ауыс­тыру жоспарланғаны айтылды. Одан бөлек, инфрақұрылымдарды жаңарту мәселесі де бұл өңірді айналып өтпейді. Жалпы Жезқазған және Сәтпаев қа­лалары өнеркәсіптік моноқала­лар саналады. Өндірістің 96 пайызы мыс кор­пора­циясының жұмысымен бай­ла­нысты. Жақында жаңадан құрылған өңірдің да­муын қолдауға атсалысу мақ­са­тын­да «Қазақмыс» компаниялар тобы бір­қа­тар компанияның Ұлытау облысы, Жез­қаз­ған қаласындағы заңды мекенжайын қай­та тіркеу туралы шешім қабылдағанын мә­лімдеген еді. Атап айтқанда «Қазақмыс Кор­порациясы» ЖШС, «Қазақмыс Коппер» АҚ, «Қазақмыс Барлау» ЖШС, «Қазақмыс Энер­джи» ЖШС, «Қазақмыс Дистрибьюшин» ЖШС, «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС, «Қазақ­мыс Прогресс» ЖШС, KAZ GREEN ENERGY ЖШС бөлімшелері. Бұрын бұл бөлімшелер Нұр-Сұлтан, Ал­маты, Қарағанды қалаларында тір­келген болатын. Бұл шешім осы аймақта ор­наласқан кәсіпорындардан қосымша са­лық шегерімдері арқылы еліміздегі жаңа ай­мақтың қалыптасуына қолдау көрсетуге бай­ланысты қабылданған. Осылайша «Қазақмыс» тобының кә­сіп­орындары мемлекетпен бірлесе отырып, өңірлерді дамытуға және «Қазақ­мыс­тың» негізгі өндірістік алаңдары орна­лас­қан Жезқазған, Балқаш және Қарағанды қа­лаларындағы бизнестің әлеуметтік жауап­кершілігін нығайтуға белсенді үлес қо­суды жалғастыратындарын мәлімдеді. Аймақтағы жол мәселесі де назарға алу ке­рек түйткілдердің бірі. Аймақ геогра­фия­лық жағынан тоғыз жолдың торабында ор­наласса да, жол сапасы өңірдің әлеуетін то­лық ашуға кедергі болып отыр. Аймақтың ло­гистикалық әлеуетін Жолдауда Президент те айтып өткен болатын. – Бұл аймақта дербес облыс құру – эко­номикалық қана емес, рухани жағынан да маңыз­ды шешім. Кең-байтақ қазақ жерінің дәл жүрегінде орналасқан Ұлытаудың төл тарихымыздағы орны ерекше. Ел тағдыры ше­шілген ұлы жиындар осында өткен. Са­рыар­қаның төрінде орналасқан аймақтың турис­тік әлеуеті өте зор. Оның өндірістік қуа­тын, логистикалық мүмкіндігін ұтымды пай­далану керек. Бір сөзбен айтқанда, біз Ұлы­тау аймағының дамуына жол ашамыз, – деген еді Президент. Жетісу облысы 1867 жылы құрылған Жетісу облысы 1924 жылға дейін сақталды, кейіннен об­лыс­­тың оңтүстігі бөлініп, қалған бөлігі Же­тісу губерниясына айналды. Облыстың ау­да­ны бастапқыда 402,2 мың шаршы ша­қы­рым, ал 1920 жылға қарай халқы мил­лионға жуық болған. Ал жаңадан құрылатын Жетісу об­лы­сы­ның аумағында 352 елді мекені бар 8 аудан мен 2 қала, Алматы облысының құрамына 380 елді мекені бар 9 аудан мен 1 қала кіре­тін болады. – Алматы агломерациясына қатысты түйт­кілдер көп. Облыс тұрғындары негі­зі­нен қала төңірегіне шоғырланған. Ұзына­ғаш­тағы немесе Талғардағы мәселені сонау Тал­дықорғанда отырып шешу оңай емес. Об­лыс орталығына бару үшін халықтың алыс­­қа сабылуына тура келеді. Осы және бас­қа да жайттарды ескере отырып, Алматы облысын екіге бөлуді ұсынамын. Бұл өңірде Жетісу және Алматы облыстары құрылады. Ал­маты облысының орталығы Қапшағайда болуы керек. Ал Жетісу облысының орта­лы­­ғы Талдықорғанда орналасады. Бұл қа­дам­дар аймақтарды дамыту ісіне тың серпін бере­ді деп санаймын. Жалпы, жаңа облыс­тар­дың құрылуы – көпшіліктің көкейінде жүрген мәселе. Кезінде облыс мәртебесінен айы­рылған өңірлерде тұрғындар саны азайып, тұрмыс сапасы төмендеп кеткені бел­гілі. Осы олқылықтың орнын толты­ра­тын кез келді. Әкімшілік-аумақтық өзгеріс­тер мемлекеттік басқару үдерісін жеңіл­де­теді. Жұрттың облыс орталығына барыс-ке­лі­сін оңайлатады. Ішкі көші-қон мәселесін рет­­теуге септігін тигізеді, – деген еді Жол­дауда Президент Қ.Тоқаев. Ашық дереккөздерге сүйенсек, қазіргі Алматы облысында соңғы 20 жылда жалпы өңір­лік өнім көлемі 25 есе, өнеркәсіп өнімі 17 есе, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 16 есе, құрылыс жұмыстары 30 есе, сауда 27 есе өскен. 20 жыл ішінде 13 миллион шар­шы метрден астам тұрғын үй пайдалануға бе­ріліп, облыс экономикасына 7,2 триллион теңге инвестиция тартылған, облыс бюд­жеті 2001 жылғы 21 миллиард теңгеден 2021 жылы 830 миллиард теңгеге дейін өс­кен. Ал аумақтың екі облысқа бөлінуі өңір­­­лердің дамуына одан әрі серпін беруге тиіс. Талдықорған өңірін дамыту мақ­са­тын­да 6 542 жұмыс орнын ашатын, 999,5 млрд теңгеге 182 жобаны іске асыру көз­делген екен. Ал болашақ облыс орталығына ай­на­ла­тын Қонаев қаласында құрылыс қарқынды жү­ріп жатыр. Қазір 3 мыңға жуық азамат үй кезегінде тұр екен. – Қазір маңызы бар әкімшілік-аумақтық бір­­ліктердің жаңа шекаралары және басқа да географиялық деректер көрсетілген схе-ма­лық карта дайындалып, Қапшағай қа­ла­сының жаңа бас жоспарын егжей-тег­жейлі ұйымдастыру жобасы әзірленуде. Эко­но­ми­калық есептеулер жасалып, Алматы және Же­тісу өңірлерінің әлеуметтік-эконо­ми­ка­лық дамуы бойынша талдау материалдары дайындалды. Қолданыстағы штат санын қай­та бөлу және мемлекеттік органдарды ор­наластыру үшін нысандарды айқындау жұ­мыстары басталды, – деп мәлімдеген еді Ал­маты облысының әкімі Қанат Бозымбаев. Үш облыс қайта жаңғырады деген ақжолтай мәлімдемеден кейін-ақ осы өңірлердің халқы бөркін аспанға атып, бір-бірін құттықтап, ерекше қуанған. «Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды» дегендей, екі үлкен орталықтың бір облысқа бірігуі жаңадан құрылмақ аймақтардың орталығы болатын қалалардың тынысын тарылтқаны жасырын емес. Не десек те, жаңа облыстар елдің экономикасына, жалпы әлеуетіне серпін беруге ықпал ететініне сенім мол.