«AMANAT»: Зиялы қауымның пікірі – елдің үні

«AMANAT»: Зиялы қауымның пікірі – елдің үні

«AMANAT»: Зиялы қауымның пікірі – елдің үні
ашық дереккөзі
«AMANAT» партиясы 5 маусымда өтетін Конс­ти­туция­ға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жө­нін­дегі жалпыхалықтық референдумды қолдау үшін партия жанынан штаб құрған болатын. Конституция реформаланып, ондағы 33 бапқа түзету ен­гізілетін маңызды оқиға Президент айтқан жаңа, әді­летті Қазақстанды құрудың негізгі қадамы болатыны анық. Ал Жаңа Қазақстанды құруға ел аза­мат­тары түгел­дей атсалысуы керек екені де мәселе көтерілгелі бері ай­ты­лып ке­леді. Соның ішінде Ұлт ұстыны зиялы қауым өкіл­­­дерінің орны бөлек. Ел тарихында екінші рет өткі­зіл­гелі отырған Конс­ти­­­туцияға өзгеріс­тер мен толықтырулар енгізу бойын­ша жал­пыхалықтық референдумның маңызы мен мәнін тү­сіндіру, елде бо­латын өзгерістерді талқылау мақ­са­тында «AMANAT» партиясы зиялы қауым өкілдерінің басын қо­сып, дөң­гелек үстел ұйымдастырды. Жиын­ды Turkistan ха­лық­аралық газе­тінің бас редакторы Бауыржан Баба­жанұлы жүргізіп отырды. Талқылауға Нұр-Сұлтан қаласының зиялы қауым өкіл­дері қатысты. Дөңгелек үстел ұйымдастырудағы бас­ты мақсат – жиналған зиялы қауым өкілдерінің ел­де болатын маңызды өзгерістер туралы пікірін, көз­қара­сын біліп, ескеру, басшылыққа алу екені айтылды.  width= Дөңгелек үстел басындағы талқылауда кезек-кезек сөз алған интеллигенция өкілдері еліміз жаңғыру алдында тұрғанын, үміт пен күдік аралас бұл кезеңде халық болып жұмылу керек екенін айтты. Өз ойларын ортаға салып, ел ішіндегі түйткілді мәселелерге де тоқталып өтті. Зиялы қауым өкілдері қатысқан осындай тал­қылаулар ел болашағы үшін аса маңызды екені де тілге тиек етілді. Себебі мұндай жиындар мен пікір алма­су­лар арқылы халықтың сөзін сөйлейтін интел­ли­ген­ция­ның үні айқын естіліп, сөзсіз ескерілетін болады. Естеріңізге сала кетейік, Референдумға қатысу құ­қығы азаматтардың тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлты­на, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне немесе кез келген өзге жағдаяттарға қарамастан Республиканың он сегiз жасқа жеткен азаматтарына берiледi. Дәулет КӘРІБЕК, «AMANAT» партиясының хатшысы: Біз елдің аманатын, айтарын да тыңдаймыз – Бұл іс-шара зиялы қауым өкілдерімен жүздесіп, ел дамуындағы жаңа кезең, жаңа қадамды кеңесу мақ­сатында ұйымдастырылып отыр. Интеллиген­ция­ның пікірін тыңдап, жұмыс барысында басшылыққа алуды жоспарлап отырмыз. 5 маусым референдум күні болып бекітілді. Соған орай «AMANAT» партиясының жанынан қоғамдық ш­таб құрылды. Штаб басшысы ретінде партия төра­ға­сы, Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов бекітілді. Қа­зақ­стан бойынша штаб жұмысы аясында 5 000 адам, рес­публикалық штабта 200 адам жұмыс істемек. Бұл референдум науқаншылдыққа ұласпас үшін мағыналы басқосулар, елдің алдында жүрген адамдардың пікірін тыңдау үшін кездесулер өткізілмек. Бұл кездесу – сол жиындардың алғашқысы. Осылайша түсіндіру жұмыстарын келелі жиындардан бастап жатырмыз. Сенат және Мәжіліс депутаттарымен бірлесіп, ай­мақ­тарды аралап, насихат жүргізіп, елмен кездесетін болады. Сонымен қатар біз елдің аманатын, айтарын да тыңдайтын боламыз. Президент «AMANAT» партиясының төрағалы­ғы­нан кеткенімен, партия Президенттің тірегі болып қа­ла бермек. Құрметті зиялы қауым өкілдері, осы ел үшін маңыз­ды келелі мәселеге қатысты ой-пікірлеріңізді орта­ға сала отырсаңыздар. Дархан ҚЫДЫРӘЛІ, «Егемен Қазақстан» АҚ басқарма төрағасы: «АМАNАТ» ПАРТИЯСЫ ЕЛІМІЗДЕГІ ЕҢ ҮЛКЕН АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМ ҚҰРЫ­ЛЫМ­ДАРЫНЫҢ БІРІ – «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» деп Шәкәрім атамыз айтқандай, бұл референдумның шынында да жөні бөлек. Осы кезге дейін референдум деген сөзден қор­қып қалған жұрттың ойы қазір сан-саққа жүгіріп, әлеуметтік желілерде әртүрлі пікір айтып жатыр. Біз жалпы өзіміз өте секемшіл халықпыз ғой. Пандемия кезінде неше түрлі жағдайлар болды. Соның бәрі әсер еткен болу керек, әр өзгеріске күмәнмен қарап, сы­нау­ға, пікір қосып қалуға тырысып жатамыз. Бірақ мә­се­ленің барлығын бір сәтте қамту мүмкін емес. Алда бола­тын референдумда ең басты мәселелер көтеріледі. 30-дан астам заң баптарын өзгерту – шынында да өте үл­кен жұмыс. Бұл жердегі басты тақырып – әділетті Қа­зақстанды құру. Соның ішінде, заң алдында бүкіл аза­маттардың тең дәрежеде болуы, барша ел тұр­ғын­дары­ның бірдей мүмкіндіктерге ие болуы, мо­но­по­лия­ға жол бермеу. Азаматтық қоғам, құқықтық мемлекет деген ұғым­дарды біз көбіне ауызша айтқанымызбен, оның ең не­гізгі мәнін түсінбей жатамыз. Ал оның Ата Заңда нақ­­ты көрініс табуы, сол арқылы жүйеленуі мүлде бас­­­қа мәселе. Әрине, осының бәрі халықтың даусымен, ха­лық­тың өзінің шешімімен жүзеге асуы үшін референдумды асы­ға күтіп отырмыз. Сол үшін мұндай маңызды сәтте ха­лық өте белсенді болуы керек. Азаматтық қоғамға талпынамыз ғой, ал «АмаNат» пар­тиясы еліміздегі ең үлкен азаматтық қоғам құры­лымдарының бірі. Сол себепті ел аманатын арқалаған пар­тияға артылған сенім жүгі ауыр. Меніңше, рефе­рен­­дум – ұрандату емес, кеңесу, ойласу, ел тағдырына қатыс­ты сұрақтарды бірге талқылау. Бұл референдум басқасынан өзгерек деп отырған себебім, осы жолы су­перпрезиденттіктен бас тарту, Парламентке иек арту, конституциялық соттың құрылуы сияқты іргелі өз­герістердің бастауына айналатын сияқты. Сон­дықтан бұл маңызды шараға баршамыз атсалысуымыз керек. Өйткені ол – әділетті Қазақстанға жасалатын үлкен қадам. Нұртөре ЖҮСІП, Сенат депутаты: Бұл – қазақ баласының баспанасы, кәсібі болуына жол ашатын бастама – Кең байтақ Қазақстандағы қаншама елді ме­кен­нен азаматтар өтініш айтып жатыр. Солардың бар­лығының айтқанын есепке алып, зерделеп келіп, өз ойы­мызды ортаға салып отырмыз. Норвегия – біз сияқ­ты мұнай өндіруші ел. Бірақ онда жан басына мұнайдан келіп түсетін пайда қазір норвег халқының жағасын жайлауға жеткізіп отыр деп айтуға болады. Тура сол сияқты біздің жер қойнауындағы байлықты Қазақстан халқына теңдей үлестіруге мүмкіндік беретін үлкен жобалар ертең жүзеге асады. Бұл – тек бастамасы. «Референдум бізсіз де өтеді ғой, оған осыншама шығындалып не керегі бар?» деген секілді әң­гімелерді де естіп жатырмыз. Мұның барлығы – біз­дің өмірімізге қатысы бар өзгерістер. Мұны ертең қазақ баласының алақан жаймай, біреуге кіріптар болмай, жеке өзінің баспанасы, кәсібі болып, әлеу­меттік-экономикалық жағдайы дұрыс болуына жол ашатын, байлықты әділетті бөлуге септігін тигізетін шын өзгерістердің бастамасы, соған жол ашатын жаңалық деп қабылдау керек. Бұл туралы жүрген жер­де айтып жүрген жөн. Әлеуметтік желіде мұны дұрыс тү­сінбеген көпшілік түрлі пікірлер айтып жүр. Қымбатшылық өршіп барады, баға болса өсіп жатыр. Бірақ ертең «Бай республиканың халқы неге кедей?» де­ген сұрақтың жауабына әлі күнге дейін бәріміз ба­сы­мызды шайқап, зар еңірейміз. Ал енді сол әділет­сіздіктер болмас үшін мына өзгерістердің бастамасына бәріміз қолдау білдіргеніміз абзал. Айгүл ҚАПБАРОВА, Сенат депутаты: Референдум біздің тағдырымыз болғаннан кейін оған атсалысуға міндеттіміз – Бұрын елдің бастапқы даму кезеңінде саяси мо­дель­дің бәрі жүзеге асты, өз қызметін атқарды. Ал қа­зіргі жаңа сипатқа ие болған қоғамның дамуына жаңа­ша өзгеріс қажет болып тұр. Оның ішінде Пре­зи­денттің өкілеттілігін тек бір жерге шоғырландырмау мәселесі де бар. Мысалы, облыс, аудан әкімдеріне өз бетін­ше акті қабылдауға, дербес шешім шығаруға мүм­кіндік беру керек. Ауданға, әр өңірге барған кезде аудан немесе облыс әкімінің қолы қысқа болып жатады. Мысалы, бір маңызды актіге қол қою үшін Прези­денттің құзыреті мен одан рұқсат сұрауға тура келеді. Бізде әр облыс, аудан, ауылдар әртүрлі ғой. Сондықтан ол өңірлердің ерекшеліктеріне сәйкес әкімдер өздері дербес шешім шығара алатындай құзыреттілік берілуі керек деп санаймын. Бірақ олар сол құзыретті халық­тың емес, өзінің жеке игіліктеріне қолданып кетпеуін бақылауда ұстаған дұрыс. Тағы бір маңызды тақырып – жер мәселесі. Заңда «Жер мен ондағы табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Халық онда меншік иелігін жүргізуге құқылы» деген сөз бар. Ал оны қалай пайдаланамыз, игереміз деген сұрақ туындайды. Жалпы, «Жер – халықтікі» деген ұғым нені білдіреді, оның игілігін қарапайым халық көре ала ма, оны жер комитеті, мәслихаттар басқара ма, референдумда осы мәселелерді ел тұрғындары мін­детті түрде бірге талқылауға тиіс деп санаймын. Мы­салы, 1994 жылдары жерді сатып алғандардың дәуірі басталды да, сол мезетте тексерулер мен зерт­теулер жүргізілген жоқ. Бізде көбіне елдің тағдыры өте тар ауқымда ше­шіледі. Мысалы, 2 жылдың ішінде Мәжіліске барған 9 заң кері қайтты. Мәжілісте заң талқыланып болғаннан кейін де халық тарапынан келіспеушілік, дау-дамайлар туындап жатады. Әлеуметтік желілерде шу көтеріледі. Ал оның бәрі – заңды дайындаушы органдардың, ми­нистрліктердің ел тұрғындарының сөзіне құлақ аспай, олармен санаспауының кесірі. Тағы бір мәселе – адам құқықтары жөніндегі уәкіл. Осы жолы сол уәкілдің конституциялық сотқа жүгіне ала­тын бағыты қосылып отыр. Бұрын мұндай құзырет қарас­тырылмаған болатын. Референдум біздің тағдырымыз болғаннан кейін оған атсалысуға міндеттіміз. Ал оған қатыспастан бұрын осы 30 бапқа қандай өзгерістер енгізіліп жатыр, сонымен танысып алған жөн. Сұраған РАХМЕТҰЛЫ, ақын: Ата Заң туралы пікірталастар жиі жүргізілуі керек – Қазір референдум туралы әртүрлі пікірлер айтылып жүр. Францияның Ата Заңына 42 рет, Түркиянікіне 21 рет өзгеріс енгізіліпті. Мұның бар­лығы – халықтың игілігі үшін жасалған үлкен саяси реформа. Бұл бізге сабақ деп ойлаймын. Қазір біз қазақ тілінде сауатты жазылған Ата Заңның негізгі баптарын насихаттайтын үлкен жолдың үстінде тұрмыз. Бұл жолды жасайтын – билік, «АМАNАT» пар­тиясы, сонымен қатар белсенділер. Референдумға қа­тыс­ты телеарналар мен газеттерде ұсыныстар, пікір­та­ластар жиі жүргізілген жоқ. Осыған қатты назар аударса екен деймін. Қайрат САҚ, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың Журналистика және саясаттану факультетінің деканы: Бізді тарихи миссия күтіп тұр – «Айналамызға қарасақ, түнерген бұлттар көрінеді. Ол бұлттар жауын болып себіле ме, дауыл болып ше­біміз­ді қирата ма, білмейміз. Етегіміз жиюсыз, қол жеңіміз киюсіз үшін қамсыз жатқан елміз» деп Алаш қайраткерлері жүз жыл бұрын айтып кеткен. Содан бері бір ғасыр өтті, көп нәрсе өзгерген жоқ. Қазіргі еліміздегі жағдайда тура сол ХХ ғасырдағы ахуалды еске салады. Қаңтар оқиғасы кезінде бәріміз уайым­дадық, бәріміз алаңдадық. Қазір халық арасында бір үміт, бір күдік бар. Енді сол күдік сейіліп, үміт асса екен деп ойлаймыз. Осы бағытта Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев үлкен бастамалар көтеріп, сөзіне адал болып, айтқанын іспен орындап келе жатыр. Барлығы халықтың сұранысына сай атқарылып жатыр. Соның бірі – саяси реформа. Бір кезде осыны армандадық. Қазір Мемлекет басшысы реформаларды іске асыруды қолға алды. Сол реформаларды жүзеге асыру үшін ал­дымен Ата Заңымызды өзгерту керек. Ата Заң – барлық заңның темірқазығы. Кеше халық ортасынан келдім, халық референдум туралы жаңалықты дұрыс түсініп жатқан жоқ. Сондықтан оны зиялылардың емес, қарапайым халықтың ортасына барып, бізге мұның не үшін керек екенін, мұның бізді қайда апара­тынын түсіндіруіміз керек. Президент қызметіне кіріс­келі бері барлығын ашық айтып келе жатыр. Ол бас­таған реформалардың барлығы аяғына дейін іске асы­рылып, жүзеге асса, дамыған елдердің қатарына қо­сы­ламыз деген сенім бар. Біздің Отанымыз – біреу. Ол – Қазақстан. Қазақстанның болашағы мықты бол­са, барлығымыздың арманымыз орындалды деуге бо­лады. Бізді тарихи миссия күтіп тұр. Егер бұл ре­формалардың түгелі дұрыс іске асырылмайтын болса, ертең ұрпақтың алдында қалай жауап береміз? Елі­міздің тәуелсіздігі бар кезде мұндай тірліктер атқарыл­май жатса, кінәні қайда қоямыз? Бұрын барлығын Кеңес Одағынан, Мәскеуден көрдік. Ал қазір өз алдына бөлек тәуелсіз мемлекетпіз. Сондықтан референдум өткізу – біз үшін үлкен жауапкершілік.