«Түркиядағы кездесулердің нәтижесінде 30 келісімшартқа қол қойылды» – Руслан Желдібай

«Түркиядағы кездесулердің нәтижесінде 30 келісімшартқа қол қойылды» – Руслан Желдібай

«Түркиядағы кездесулердің нәтижесінде 30 келісімшартқа қол қойылды» – Руслан Желдібай
ашық дереккөзі
Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Қазақстан Республикасы Президентiнiң Түркияға сапары жайлы баяндады. Оның айтуынша, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркияға сапарының маңызы зор деп хабарлады turkystan.kz baq.kz сайтына сілтеме жасап. «Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы алғашқы мемлекеттік сапарын Түркия елінен бастады. Мемлекеттік сапар - Қазақстан Республикасы Президентiнiң шетелдiк сапарларының ішінде айрықша жоғары деңгейге ие. Осы орайда, Президенттің мұндай деңгейдегі сапарын Қазақстан тәуелсіздігін алғаш мойындаған бауырлас Түркия елінен бастауы ерекше символды мағынасы бар. Мемлекет басшысы ұшақтан түскен бойда заманауи Түркия мемлекетінің негізін қалаушы Ататүріктің мемориалына барып, ұлы қайраткердің бейітіне зиярат жасады. Кейін Президент Түркия басшысының сарайына бет алды. Мұнда Қасым-Жомарт Тоқаевты Режеп Тайип Ердоған ерекше салтанатпен қарсы алды. Қазақстан делегациясы бауырлас елдерге тән қарым-қатынасты түрік ұлтының әрбір ісінен, сөзінен, әрекетінен сезінді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияның тәуелсіздігімізді алғаш мойындаған ел екенін айтып, бауырлас, туыстас, достас елдің бұл қадамын қазақ халқы ешқашан ұмытпайтынын жеткізді. Бұл жолғы сапардың мазмұны мен мағынасы екі ел үшін де ерекше. Келіссөздер нәтижесінде 14 маңызды құжатқа қол қойылды. Олар әскери, сауда, мәдениет, экономика және басқа да салаларын қамтиды. Мысалы, Қазақстан мен Түркия ANKA ұшқышсыз барлау аппараттарын бірлесіп өндіруге келісті. Қазақстан - мұндай келісімге қол жеткізген алғашқы ел. Сапардың екінші күні Президент Түркияның ірі бизнес өкілдерімен кездесіп, кәсіпкерлерді қандай сұрақ мазалайтынын сұрады. Ашық әңгіме барысында көптеген проблема көтеріліп, Президент оларды жүйелі түрде шешуге тапсырма берді. Жасалған келісімшарттардың толық орындалуын өзінің жеке бақылауында болатынын айтып, түрік бауырларды Қазақстанға инвестиция құюға шақырды. Кездесулердің нәтижесінде құны 1 миллиард доллар болатын 30 коммерциялық келісімшартқа қол қойылды. Бизнестің дамуы, инвестициялардың келуі саяси жүйенің ашықтығы мен тұрақтылығына байланысты. Президент осы мақсаттағы реформаларға тоқталып: «Бесінші маусымда жалпыхалықтық референдум өткізілетін болды. Конституциямыздың 33 бабына түзетулер енгізіледі. Менің мақсатым – халқыма мейлінше еркіндік беру, демократия мен заң үстемдігін күшейту. Президент ретінде ешқандай артықшылықтар мен жеңілдіктерге құмар емеспін. Мұндайды қаламаймын», – деді. Режеп Тайип Ердоған Мемлекет басшысына арналған әр сөзін «бауырым» деп бастап, сөз жүзінде емес, іс жүзінде Қазақстанға жан-жақты қолдау көрсетуін жалғастыра беретінін айтты. «Қазақ бауырларымыздың тұрақтылығы, тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін біз жауапкершілік алуға дайын екенімізді тағы бір рет атап көрсетемін», – деді. Мемлекет басшысының екі күнге созылған Түркияға сапары осындай бауырластық, тілектестік, достық мазмұнда өтті. Ең бастысы, жемісті өтті. Себебі, мұндай кеңейтілген стратегиялық әріптестікке бұрын-соңды қол жеткізілмеген еді. Яғни, тек сөз жүзінде емес, нақты құжат арқылы стратегиялық әріптестік бекітілді. Айтпақшы, ел Президенттері үстел теннисінің кезекті партиясын осы күзде Қазақстанда жалғастыруға келісті. Тағы оқи отырыңыз: Қазақстанда Түркияның ұшқышсыз ұшақтары шығарылмақ