Жаңалықтар

Арқадағы 100 елді мекен су астында қалуы мүмкін

ашық дереккөзі

Арқадағы 100 елді мекен су астында қалуы мүмкін

Күннің күрт жылынуы Қарағанды облысының тұрғындарын әбігерге салды. Аймақтағы 100 елді мекенді су басу қаупі басым. Әсіресе өзен-көлдер мен су қоймаларына жақын ораналасқан ауылдар дабыл қағуда. Тау-тау боп үйіліп жатқан қар күрт ерісе, қызыл су солтүстік аудандарды шайып кетуі бек мүмкін. Жағдайдың қиын екенін төтенше жағдайлар қызметінің мамандары да мойындады. Жақында ғана олар облыс аумағын тікұшақпен бақылап, қардың әлі де қалың екеніне көз жеткізген. Сондықтан «Қазгидрометтің» сәуірдің 8 мен 17 аралығында ауа температурасы күрт жоғарылайды деген болжамы қарағандылықтарды аса қуантпай тұр. Өңірдегі 61 ауыл өзен-көлдердің қасында, ал 40 елді-мекен су қоймалары маңында орналасқан. Естеріңізде болса, наурыздың 23-нен басталған жаңбыр Қарқаралы, Шет, Ұлытау аудандарының ондаған ауылын әбігерге салған еді. Қызыл судың кесірінен 100-ге жуық ірі-қара мен 241 бас ұсақ мал қырылып қалған болатын. Төтенше жағдайлар қызметінің айтуынша, әлі күнге дейін 17 үйдің ауласы мен қора-қопсысы және 8 тұрғын үй судың астында көлкіп тұр. Адам шығыны болмағаны ғана көңілге медеу. Құтқарушылардың айтуынша, биыл мөлшерден 3 есе артық түскен қар ерісе, Осакаров, Нұра, Бұқар жырау аудандарында тасқын жүреді. Ал ауылдардың төтенше жағдайға төтеп берерлік техникасы да жоқ екен. «Техника жеткіліксіз. Келесі жұмадан бастап, солтүстік аймақтар Самарқанд өзеніннен бастап, Абай ауданынан бастап өзендердің тасуы басталады» , –дейді Қарағанды облыстық ТЖД бастығының орынбасары Мұрат Қатпанов. Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары Шет, Жаңаарқа аудандарындағы су деңгейі 50 сантиметрге дейін көтерілген өзендерді бақылауға алған. Тасу қаупі жоғары 49 су қоймасы да тәулік бойы қадағалауда екен. Төтенше жағдайлардың алдын алу үшін қазір Қарағанды облысына еліміздің оңтүстік облыстарынан 350-ге жуық құтқарушы және 51 техника жеткізіліпті.