«Қазақстан Аруы-2016» – қызылордалық Гүлбану Әзімхан
«Қазақстан Аруы-2016» – қызылордалық Гүлбану Әзімхан
Қазақстан Аруы-2016» атағын Қызылорда өкілі, 18 жасар медициналық колледждің студенті Гүлбану Әзімхан иеленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Енді ол «Әлем Аруы-2017» байқауында еліміздің намысын қорғайтын болады. Сонымен қатар оған 5 миллион теңге сомасында сыйақы табыс етілді. Қарашаның 30-нан бері «Қазақстан Аруы» ресми сайтында смс арқылы халықтық дауыс беру өткізілген болатын. Бірінші вице-мисс атағын «Астана Аруы» Елназ Нұрсейітова алса, екінші вице-мисс болып «Көкшетау Аруы» Жанар Найманбаева танылды. Үшінші вице-мисс атағына «Өскемен Аруы» Анастасия Усольцева ие болды.
Ал «Қазақстан Аруы-2016» байқауының жүргізушісі, танымал опера әншісі Сүндет Байғожин байқау қатысушыларының біріне үйлену туралы ұсыныс жасаған болатын. Финалдық шоу барысында ол кенет «Мәңгі махаббат» әнін француз тілінде шырқай бастады және оның аяқталуын күтпестен «Қазақстан Аруы-2016» байқауына Қостанай атынан қатысып отырған 19 жастағы Айткүл Нұрмановаға сөз салды. Қыз көпшілік алдында келісімін берді. Әншінің сүйіктісі Астанада Еуразия ұлттық университетінің халықаралық қатынастар факультетінде білім алуда. Айта кетейік, «Қазақстан Аруы-2016» байқауын «Астана Опера» солисті Сүндет Байғожиннен бөлек, танымал тележүргізуші Динара Сәтжан жүргізді.
«Қазақстан Аруы-2016» байқауының 20-шы мерейтойлық шоуы Астанада Бейбітшілік және келісім сарайында өтті. Биыл байқаудың финалдық кезеңіне 25 қатысушы жолдама алды. Олардың ішінде ең кенжесі - 16 жаста.