Үкімет: БҚО жолдарын жөндеуге қомақты қаражат бөлінді

Үкімет: БҚО жолдарын жөндеуге қомақты қаражат бөлінді

Үкімет: БҚО жолдарын жөндеуге қомақты қаражат бөлінді
ашық дереккөзі
БҚО-дағы жол-көлік инфрақұрылымын дамыту мәселелері Үкіметтің тұрақты бақылауында деп хабарлады turkystan.kz. Бұл туралы Сенат депутаттарының сауалына  Премьер-министр Әлихан Смайыловтың жауабында айтылды.
 «2022 жылға арналған республикалық бюджетте «Казталов-Жәнібек-РФ шекарасы» және «Өнеге-Бисен-Сайқын» жол учаскелерін күрделі жөндеу жобаларын іске асыруды жалғастыру үшін 10 млрд теңге көзделген. Республикалық бюджетті нақтылау кезінде көрсетілген мақсаттарға қосымша 5 млрд теңге бөлінді. Батыс Қазақстан облысының облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын реконструкциялауға биыл республикалық бюджеттен берілетін трансферттер аясында 3,4 млрд теңге мөлшерінде қаражат бөлінді», - деді Үкімет басшысы жауабында.
Сонымен қатар Премьер-министр 2022 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау кезінде қосымша 4,9 млрд теңге мөлшерінде қаражат көзделгенін атап өтеді.
 «Оның ішінде: «Чапай-Жаңақала-Сайқын» автожолын реконструкциялауға, 130-191 шақырым – 1,5 млрд теңге; «Бөрлі-Ақсай-Жымпиты» автожолын реконструкциялауға, 68-139 шақырым – 1,5 млрд теңге; «Барбастау-Ақжайық-Индер» автожолын реконструкциялауға, 43-93 шақырым – 1,9 млрд теңге. Батыс Қазақстан облысындағы жол-көлік инфрақұрылымын дамыту мәселелері Үкіметтің тұрақты бақылауында», - деді Әлихан Смайылов.
Бұған дейін Президент ұзақ жылдар бойы шешілмей келе жатқан Батыс Қазақстан облысындағы күре жолдар проблемасы бойынша Үкіметке және аймақ басшысына тапсырмалар жүктеген еді. Сондай-ақ аталған себептерге байланысты Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиев қызметінен босатылған болатын. Ал бүгін Батыс Қазақстан облысында жол жөндеу жұмыстарының кешігуіне байланысты «QAZAVTOJOL «ҰК» АҚ және ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитетінің бірқатар қызметкерлері жауапқа тартылған болатын.