ІІМ-де мінсіз қызметімен ерекшеленген полицейлер марапатталды (ВИДЕО)

ІІМ-де мінсіз қызметімен ерекшеленген полицейлер марапатталды (ВИДЕО)

ІІМ-де мінсіз қызметімен ерекшеленген полицейлер марапатталды (ВИДЕО)
ашық дереккөзі
ІІМ-де Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңістің 77 жылдығына орай мінсіз қызметімен ерекшеленген полицейлер мен Ұлттық ұланның әскери қызметшілері марапатталды деп хабарлады turkystan.kz. Президенттің Жарлығымен ішкі істер органдарының 25 қызметкері мемлекеттік наградамен марапатталды. Сегіз басшы жоғары атақ – «генерал» шенін алды. Сондай-ақ ішкі істер министрінің бұйрығымен 820 қызметкер түрлі марапатқа ие болды.
«Ер азамат үшін Отан қорғаудан артық қасиетті міндет жоқ. Ата-бабамыз аманат етіп қалдырған жеріміз бен елдігімізді сақтау - біздің басты парызымыз. Бүгінде осы аманатты арқалаған ішкі істер органдарының қызметкерлері еліне аянбай еңбек етіп келеді. Олардың тынымсыз қызметіне Мемлекет басшысы да жоғары баға берді. Ол - адал еңбек пен антқа берік болудың жемісі», – деді ішкі істер министрі Марат Ахметжанов.
Марапатқа ие болғандардың қатарында ер адамды ажалдан аман алып қалған павлодарлық полиция қызметкерлері Данат Камалиев пен Бақытжан Мұхамбетов те бар. Қызмет барысында қауіпке бас тіккен қос жігітке «Ерлігі үшін» медалі табысталды.
«2022 жылдың наурыз айында біздің экипажға орын алған өрт туралы шақырту түсті. Оқиға орнында 2-қабаттағы пәтердің өртеніп жатқаны анықталды. Біз ол жерден есінен танып қалған азаматты шығардық. Оған алғашқы медициналық көмек көрсетіп, кейін жедел жәрдем бригадасына тапсырдық», – деді Павлодар қалалық патрульдік полиция батальонының инспекторы Данат Камалиев.
«Мұндай шараға бірінші рет қатысып тұрмын. Өте қуаныштымын. Жаңа генералдарды құттықтадық. Басқа өңірлерден келген әріптестерімізбен таныстық», – деп атап өтті Павлодар қалалық патрульдік полиция батальонының инспекторы Бақытжан Мұхамбетов.
Шараға марқұм Олжас Рысбектің ата-анасы арнайы шақыртылды. Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі учаскелік полиция инспекторы Олжас қауіптің алдын алу үшін көлікті тоқтатпақ болып, қызмет барысында қаза тапты. Оның ата-анасына ІІ дәрежелі «Айбын» ордені табысталды.
«Балам мектеп бітіргеннен өзі осы мамандықты таңдады. Өз ісін өте жақсы көрді. Оқыс жағдай орын алды. Бүгін баламның еңбегі үшін орден табыстап жатыр», – деді инспектордың анасы Гүлмира Нілдебаева.