Ермек ӘБДІРАСЫЛОВ: Халықтың 50 пайыздан көбі қолдаған кезде бұл жоба күшіне енеді

Ермек ӘБДІРАСЫЛОВ: Халықтың 50 пайыздан көбі қолдаған кезде бұл жоба күшіне енеді

Ермек ӘБДІРАСЫЛОВ: Халықтың 50 пайыздан көбі қолдаған кезде бұл жоба күшіне енеді
ашық дереккөзі
– Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында көп бағытты айтып өтті. Соның ішінде Президенттің партияға төрағалық етпеуі, жақын туыстарының саяси жоғары лауазымдар атқармауы, сондай-ақ квазимемлекеттік секторда басшы болып жұмыс істемеуі туралы шешімдер Конституцияға енгізілетін жобаға кіріктірілді. Сонымен қатар бұл жобада 46 бапта бірінші Президенттің мәртебесі туралы тармақ алынып тасталды. Бұрынғы Президенттердің мәртебесі Президент туралы Конституциялық заңда көрсетілген. Онда олардың иммунитеті, қауіпсіздігі туралы айтылған. Бірақ бұдан былай одан артық ерекшеліктер болмайды. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІ сессиясында Конституцияға өзгерістер енгізу жөнінде референдум өткізуді ұсынды. Елдің ойы осы референдумда айтылады. Бәлкім, тағы да өзгерістер болуы мүмкін. Бір жағынан бұл өзгерістерді Сенат пен Мәжіліс депутаттары бас қосқан отырыста талқылап, Президент сол заңға қол қойған соң қабылдауға да болатын еді. Бірақ Мемлекет басшысы екінші жол – референдум арқылы толықтыру енгізуді жөн санады. Десе де референдум өткізу үшін Конституциялық кеңес алдымен бұл өзгертулер 91-баптың 2-тармағына сәйкес келе ме, келмей ме, соны қарау керек. Қазір осы мәселе қаралып жатыр. Ол қаралып біткен соң Президенттің референдум өткізу туралы Жарлығы шығады. Сосын референдумды өткізу уақытын туралау қажет. Өткізу уақыты Жарлық шыққаннан кейін 1 айдан аз болмауы керек немесе 3 айдан көп болмауы қажет. Мысалы, Президенттің Жарлығы 10 мамыр шықты делік, ал референдум 10-11 маусымнан кейінгі уақытта өткізілуі керек. Бастысы 10 тамыздан аспауға тиіс. Бірақ ол Жарлық шықпас бұрын Конституциялық кеңестің шешімі шығуы қажет. Айтпақшы, референдумға халықтың 50 пайызы қатысуға тиіс. 50 пайыздан көбі енгізілгелі тұрған өзгерістерді қолдаған кезде бұл жоба күшіне енеді. Референдумда нақты қандай сұрақ қойылатынын білмеймін, бірақ тәжірибеге сүйенсек, «Сіз Конституцияға енгізілетін өзгерістерді қолдайсыз ба?» деген сұрақ қойылуы әбден мүмкін. Мүлде басқа сұрақтар да қойылуы мүмкін. «Түгелімен консти­туциялық өзгерістер болғанын қалайсыз ба?», «91-бапта бірінші Президенттің мәртебесін «тәуелсіз Қазақстанның негізін салушы» ретінде қалдыруды қолдайсыз ба әлде қарсысыз ба?» деген екі сұрақ қойылуы мүмкін. Олай болса, екі бюллетень болады. Азаматтар «Мына сұрақты қабылдаймын. Бірақ мына сұрақты қабылдамаймын» деп таңдау жасауы мүмкін. Ал егер көпшілігі екінші сұраққа қарсы болса, 91-баптан әлгі сөздерді алып тастауы да ықтимал. Біз болжағанмен, референдумды қалай ұйымдастыру керек екенін Конституциялық кеңес шешеді. Оны өткізу жөнінде түрлі ұсыныстар айтылып жатыр. Бірақ көбінде референдумда Конституцияға толық өзгеріс енгізуге басымдық беріледі. Ал кейде кішкене, бірақ маңызды бір ғана сұрақ бойынша өткізуі мүмкін. Мысалы, 1962 жылы Францияда өткен референдум бір сұрақтың төңірегінде болды. Бұрын Францияда президентті ұлттық жиында тағайындайтын, сол референдумда тікелей халық сайласын деген нұсқа құпталды. Бұған дейін бізде екі референдум өткізілген: 1995 жылы ҚР жаңа Конституциясының ресми таныстыру салтанаты өтті. Одан бұрын бірінші президенттің 1996 жылы аяқталуы тиіс өкілеттілігін 2000 жылға дейін созуына байланысты екінші референдум өткізілді. Алда болатын референдум ел тарихында үшінші рет өткелі тұр. Оған дейін өзгерістің барлығы Парламент арқылы енгізілетін. Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныстарды тұжырымдау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі болдым, көппен бірге дауыс бердім, көптің арасында талқыға салдым. Әлбетте, енгізілгелі жатқан өзгерістің барлығы – дұрыс әрі маңызды. Бұл өзгерістер – алға қарай ілгерілеу үшін шешуші қадам.