Әділетті Қазақстанды әділ азаматтар құрады

Әділетті Қазақстанды әділ азаматтар құрады

Әділетті Қазақстанды әділ азаматтар құрады
ашық дереккөзі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда «AMANAT» пар­тиясының ке­зектен тыс XXIII съезінде сөйлеген сөзінде мемлекет пен қоғамды түбегейлі жаңарту үдерісі басталғанын, әлеуметтік әділдік қағидатын орнықтыруға баса мән берілетінін айтқан болатын. «Аза­маттар тарапынан: «Жаңа Қазақстан дегеніміз не?» – деген сауал жиі қойы­лып жүр. Менің ойымша, бұл сұраққа қыс­қа да нұс­қа жауап беруге бо­ла­ды. Жаңа Қазақстан де­геніміз – шын мә­нінде әділетті Қазақстан» дей келіп, Пре­зидент қарапайым азаматтарға әлеу­меттік әділ­дік жетіспейтінін мойындау ке­рек­тігін айт­ты. «Қарапайым халықтың мүд­десі үне­мі елене бермейді, кейде, тіпті әді­летсіздік ме­млекеттік аппарат өкілдері та­ра­пынан да жа­салып жатады. Азамат­тар­дың мем­ле­­кет­тік мекемелерге сенімсіздігі осыдан туын­дайды», – деді Мемлекет басшысы. Иә, мұ­ның бәрі шындық. Бұған дейін сол аталған қарапайым адамдар тарапынан қанша ай­тылса да еленбеген шындық. Осы бір мойын­­даудың өзі қоғамда оң өзгерістердің бас­талғанына сендіреді. Әрбір адам қоғамда өмір сүреді. Әр қадамын қоғамда жасайды. Бүкіл тір­шілігі де, іс-әрекеті де қоғамда өтеді. Жақсылықты да, жамандықты да қо­ғамда бастан кешеді. Адам қоғамнан қашып ке­те алмайды. Қоғамның жақсы не жаман болуы оның өміріне әсер етеді. Ол өзінен-өзі сол қоғамға сәйкес мінез-құлықпен өмір сүре­ді. Егер қоғам жақсы болса, адамның өмірі, тұрмысы да жақсы. Президентіміздің «Мен азаматтарымыздың ертең емес, бүгін ба­қытты болуын қалаймын» деген сөзі осы­ны меңзейді. Егер бүгін біз әділетті Қазақстанға мұқ­таж болып отырсақ, бұл – осы уа­қытқа дейін кеткен олқылықтар­дың салдары. Бай мен кедей аражігінің шек­тен тыс алшақтауы, әлеуметтік әді­лет­сіздік, заңсыздықтың етек алуы, жоғары­да­ғы­лардың төмендегілерді естімеуі, қоғам игі­лігіне, ел болашағына қызмет ететін бас­тамалардың аяқасты болуы, ұлттық мә­селелердің тасада қалуы секілді келең­сіз­дік­тер қарапайым азаматтардың билік ор­ган­дарына деген сеніміне селкеу түсірді. Билігі мен байлығы бардың заң құрығынан сы­тылып кетуі, заң үстемдігінің тек қара­пайым азаматтарға күші жетуі әділет­сіз­дік­тен. «Батпандап кірген ауру мысқалдап шы­ғады». Енді бұл сенімді қалпына келтіру бір күн­нің жұмысы емес. Барлық салада дәйе­к­тілікпен іске асырылатын жүйелі жұмыс. Мемлекетімізді сақтау, тәуелсіз­ді­гі­­мізді баянды ету әділетті Қа­зақ­стан құруды талап етіп отыр. Тек әділетті қоғамда халық билік ор­ган­дарына сенеді. Әділеттілік дегеніміз бы­лай қарағанда күрделі ұғым болып кө­рін­генімен, шын мәнінде заң алдында бар­шаның теңдігі, әлсіздерге қамқорлық қой. «Қоғам өмірінің барлық саласы заңмен, құ­қықтық нормалармен реттелетін мемле­кет – әділетті мемлекет. Бұндай қоғамда әді­леттілік дегеніміз – ең алдымен адалдық» деп­ті қазіргі заманда демократияның үлгісі болып отырған Америка Құрама Штаттарын құру­шы саяси қайраткерлердің бірі, ойшыл фи­лософ Бенжамин Франклин. Рас, Қазақ­стан­да жақсы заңдар, керемет бағдарла­ма­лар бұған дейін де болды. Бірақ толыққанды іске асырылған жоқ. Өйткені шешім қабыл­дай­тын орындарда отырған кейбір тұлғалар әді­леттілік пен адалдық қағидатын басшы­лыққа алуды ұмытты. Кемшілікті көре тұра тү­зетуге құлықсыз болды. Сондықтан қазір­гі қазақстандық биліктің алдында осы ол­қылықтың орнын толтыру міндеті тұр. Қазақ топырағында дүниеге келген ұлы ой­шыл әл-Фараби «Қайырым­ды қала тұр­ғындарының көз­қарас­­тары» атты трак­та­тында: «Адамдардың бір-біріне көмектесуін мақсат еткен ел – ізгі, кемелденген ел» деп жа­зыпты. Ендеше ең алдымен билік ор­ган­дары халыққа қарайлауы қажет. «Әлемнің екін­ші ұстазы» атанған ғұламаның «Озық әрі өркениетті елдердің негізгі тірегі – әді­лет­ті қоғам мен парасатты адамдар» деген сөзі – Жаңа Қазақстанды қалыптастырудың негізіне алынуы тиіс тұжырым. Дамыған ел­дер қатарына ұмтылған қоғамның бас­шылыққа алар басты қағидасы. Жалпы, әл-Фараби бабамыздың «Қайырымды қала тұр­ғындарының көзқарастары» атты ең­бегінде Мемлекет басшысының, әкім-қара­лардың, түрлі деңгейдегі лауазымды тұл­ға­лардың бойынан табылуға тиіс қасиеттер жан-жақты сипатталған. Сондықтан да бұл трак­тат еліміздегі мемлекеттік қызметке үміт­керлер тапсыратын сынақта қамтылған бас­ты құжаттар мен заңнамалармен қатар тұруы, әрбір лауазымды тұлға әл-Фараби ең­бек­терінен хабардар болуы қажет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қа­зақ­стан әділетті Қазақстан бо­лады» деп кесіп айтуы халықтың және ел бо­лашағына алаңдайтын мемлекетшіл аза­маттардың көптен күткен сөзі еді. Осы­ған орай белгілі тарихшы, академик Хан­кел­ді Әбжанов пен философ-публицист Әб­дірашит Бәкірұлының әділетті Қазақстан жай­лы ой-пікірін білген едік. Бұл сөздер жауап­ты орындарда отырған лауазым ие­леріне ой салады деген сенімдеміз. Ханкелді ӘБЖАНОВ, тарих ғылымдарының докторы, академик: Көктен іздегенім жерден табылды
– Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев биылғы ха­­лыққа Жолдауында жаңа Қазақстанды құру бағдарламасын паш еткені белгілі. Жаңа Қазақстан идеологиясы осыдан 15-20 жыл бұрын Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың Жолдауында да күн тәртібіне қойылған болатын. Онда жаңа әлемдегі жаңа Қа­зақ­станды қалыптастыру идеясына басымдық берілген еді. Бұл жол­ғы бағыт-бағдардың мәнін Президентіміз «AMANAT» партия­сы­ның кезектен тыс ХХІІІ съезінде сөйлеген сөзінде былайша тия­нақтады: «Жаңа Қазақстан дегеніміз – шын мәнінде Әділетті Қа­зақстан». Қысқа да нұсқа, тамаша анықтама! Жемқорларға, заңды белден басу­шыларға ұнай қоймас, ал мен үшін көктен іздегенім жерден та­былғандай болды. «Әділетті» сөзінің бірнеше синонимі бар: «Әді­лет», «Әділеттілік», «Әділдік». Бәрінің түбірі бір сөз – әділ. Осынау сөз­ді кезінде Һакім Абай да молынан қолданған екен. Әділ жан тен­текті де тыятынын, дұшпанына да қиянат жасамайтынын өлең­мен өрнектепті. Абай «Әділетті» сөзін бірде хақтың жолы деп білсе, ке­лесіде ерлік мағынасында қолданады. Мұндағы хақ – Құдай, ал ер­лік дегені, ғұламаның сөзімен айтсақ, «әділетті ақыл мойындаған нәр­сені, қиын да болса мойындау». Иә, бүгінгі Қазақстан үшін әлеммен бәсекелесуден бұрын, хақ жо­лына түсу маңыздырақ болып тұр. «Ұрлық түбі – қорлық», «Өтірік­тің арты бір уыс» екеніне көзіміз әбден жетті. Өтірік пен ұр­лық бір жыл, екі жыл емес, ондаған жыл бойы қоғамымызды обыр­дай жеген екен. Енді міне, Тұңғыш Президенттің мәртебесіне, Кон­ституцияға қатысты мәселелерді қалай шешерімізді білмей отыр­ған жайымыз бар. «Кім – кімді?» сұрағымен бетпе-бет келдік. Мұндайда батыл да бас­тамашылдықпен қимылдағандар ғана жеңіске жетеді. Қаңтар­дағы бүлік тұсында Қ.Тоқаев қалай ерен батырлық көрсетсе, енді бү­гін одан он есе ірі ерлік пен қаһармандық керек. Жартыкеш ше­шім мен әрекет жарға соқтырады. Тәуелсіздік дұшпандарының күт­ке­ні де сол. Қолы таза, ақыл-ойы сергек әрі жаужүрек жігіттерді жұ­мылдырғаннан басқа жол жоқ. Әділетті Қазақстанды адал да әділ жандар ғана құра алады. Әді­лет салтанат құрғанына көзі жеткен сәттен халықтың жасампаз бұла күші сыртқа шығады. Билік сол құлшынысқа сай болса, әлем­дік бәсеке биігінен көрінеріміз сөзсіз. Халық пен билік және зиялы қауымның әділдікке құрылған одағына ешқандай қара ниетті күш қарсы тұра алмайды.
Әбдірашит БӘКІРҰЛЫ, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Философия факультетінің аға оқытушысы: Әділетті қоғамда пассионарлық қуат артады
– «Әділетті Қазақстан» – нақты мақсатты атау. Мұндай жағ­дайда мемлекетті басқару форматы мен оның барлық инс­титуттарын нақты бағытқа (әділеттілікке) бағындыра оты­рып, «Жаңа Қазақстанды» орнатуға қол жеткізуге болады. Ал қазіргі «Жаңа Қазақстан» атауында мақсат нақтылан­ба­ған. Бұл – абстрактілі ұғым. Ендеше, «Әр кәллада бір қиял» де­мекші, оның мағынасын әркім әр жаққа тарта алады. Нәти­жесінде, бюрократиялық жүйе оның мағынасын жоққа шы­ғарып, жаңа дегеніміз өңі өзгерген ескі болып шығады. «Жаңа Қазақстан» мемлекеттік кадрларды жаңаламайды. Өйт­кені онда кадрларға қоятын белгілі бір талап жоқ. Ал «Әді­летті Қазақстанда» кадрларға қойылатын бір ғана талап бо­лады, ол – қызметінде әділеттілікті басты орынға қою. Сөй­тіп, бұл талап табиғи түрде кадрларды жаңалауға, жаңа фор­мат­тағы адамдарды билікке әкелуге мүмкіндік әпереді. Әрі ол сы­байлас жемқорлықтың тамырына балта шабатын болады. «Жаңа Қазақстан» жағдайында барлық жауапкершілік тек қана Президентте болады. Қалған буын (ескі кадрлар) бұрын­ғы­ша тіршілігін жалғастыра береді. Ал «Әділетті Қазақстан» жағ­дайында әрбір кадр әділеттік қағидаттары алдында жауап­кершілік арқалайды. Ол принциптерді (ереже) алдай алмай­сың. Өйткені әділеттілік принциптері моральдық, құқықтық, заңдық тұрғыдан алғанда нақты болады. Одан ауытқу – заңды алдау. Бұл заң алдында жауапқа тартылуға әкеледі. Ал билікке қол жеткізген кадр қаласа да, қаламаса да әділетті болуға мәж­бүр. Осылайша, Әділеттілік жалпы қоғамдық қатынастар жүйе­сінде басымдыққа ие болғаннан бастап қоғам да, мем­ле­кет те шынайы демократияға бет бұрады. Әділетті қоғамда халықтың пассионарлық қуаты артады. Ең­бек өнімділігі, кәсіпкерлік, шығармашылық дамиды. Қазақ­стан халқының тұрмыс жағдайы, адами капиталы, өмір сүру са­пасы еселеп артады. Қазақ мәдениеті мен тілі «жұтылушы» емес, кез келген өзге мә­дениетті өзіне сіңіріп алатын (ассимиляциялайтын) қау­қарға жетеді. Сонда «Қазақстан мемлекеті» деп ауыз толтырып айту­ға әбден болады.

Дина ИМАМБАЙ