«ҚазАҚ»-қа қатысты мәселелер шешілмесе, оның саяси тұрғыдан елімізге үлкен зияны тиюі мүмкін
Балнұр ҚЫДЫРБЕК, «Қазақстан авторлары қоғамы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы

Елімізде мәртебесі қоғамдық бірлестік деңгейінде болса да, халықаралық дәрежеде маңызды ұйымдар бар. Соның бірі – «Қазақстан авторлары қоғамы» (ҚазАҚ) Республикалық қоғамдық бірлестігі. Өзінің атқаратын қызметі жөнінен авторлардың мүліктік құқығын ұжымдық негізде басқаратын бұл ұйымға қатысты соңғы жылдарда біраз даулы мәселелер туындағаны белгілі. Біз ұйым төрағасы Балнұр Қыдырбекті сұхбатқа шақырып, авторлар қоғамында болып жатқан жағдайлардың мән-жайын анықтауға тырыстық.
– Балнұр Балғабекқызы, соңғы үш жыл көлемінде «Қазақстан авторлары қоғамы» ұйымына қатысты біраз дау-дамай болғанын естіп жатырмыз. Соның не себепті өріс алғанын өз аузыңыздан естісек деп едік…
– Иә, мен басшылыққа келгелі біздің қоғамға қатысты біраз күрделі жағдай жүз берді, онымен жұртшылық біраз хабардар. Десек те оның бүге-шігесіне дейін түсіндіру үшін бәрін басынан бастап айтуға тура келеді.
О баста менің Қазақстан авторлар қоғамына келуіме бұл ұйымның бұрынғы басшысы Марал Ысқақбай ағамыздың өзі себепкер болды. Ол кісі маған телефон шалып «Сен авторлар қоғамына кел, осында басшылық жасап менің ісімді жалғастыр» деген. Мен тосын ұсынысқа таңғалып «Аға, мен авторлар қоғамының жұмысын түсіне бермеймін ғой» деп бас тартып едім, «Сен келе бер, істі өзіміз жүргіземіз. Сен алатын ақшаңды алып, баратын жеріңе барып жүре бересің. Тек бір шартым бар, ешқандай жиналыссыз келесің де отыра қаласың», – деді Марал ағамыз. Бұған таңғалдым. Мен ертең тым-тырыс келіп отыра қалсам жұрт не дейді, мынау қайдан келген демей ме? Екінші жағынан әйелдік әуестік жеңіп, неге бұлай деп жатыр деп ойладым. Сөйтсем, аяқ астынан мені қоғамға басшылыққа шақырудың себебі бар екен: М.Ысқақбай бұрын авторлар қоғамын басқаруға Байғали Есенәлиевті әкелген, бірақ негізгі басшы өзі болып, оның түрлі қитұрқы істері білініп қалған соң, Байғалидан құтылғысы келген. Сол екі арада Байғалиды жақтайтын авторлар қоғамының мүшелері менімен байланысқа шығып, «осындай жиналыс болғалы жатыр, келіңіз» деді.
– Марал Ысқақбаймен бұрын таныстығыңыз бар ма еді?
– 1977 жылдан бері Бүкілодақтық авторлар құқығын қорғау ұйымының мүшесімін. Ара-тұра бұл мекеменің тұсынан өтіп бара жатқанда соғып кететінмін, сол кезде «қаламақың» деп аздаған тиын-тебен беріп жататын, өзің бармасаң ешкім іздеп те жатпайтын. Бертінде бұл қоғамды басқарған қаламгерді жақсы жазушы ретінде білетінбіз, шығармаларын оқыдық. Бірақ жақын араласқан емеспін. Тек қоғамды басқарып отырған кезде ол кісіге қатысты оғаштау бір жағдай есімде қалыпты: мен 50-ге толғанда ағамызды қонаққа шақырдым. Мерейтойыма байланысты концерт өтіп, кейін банкет болғанда ол ағамыз сөз сөйлеп игі тілегін білдірді, «Мынау сенің 50 жасқа толуыңа әкелген 50 мың теңге сыйлығым» деп қолыма конверт берді. Ол сенбі күні болатын, дүйсенбі күні таңертең авторлар қоғамының есепшісі, менің құрдасым – М.Ысқақбайдың келіні Динагүл телефон соғып «бізге келіп кетші» деді. Бардым. Ол маған бір ведомосты көрсетіп «мынаған қол қой» деді. «Ол не» десем, сенің жиналып тұрған қаламақың» деді. Сөйтіп 52 мың үш жүз теңге ақшаны алуға қол қойдым. Сосын ол «Кеше саған атам (М.Ысқақбайды айтады) 50 мың теңгесін беріпті, мынау қалғаны» деп 2300 теңгені қолыма ұстатты. Сөйтсем, Марал ағамыздың мерейтойлық банкетімде маған жұрттың көзінше маған «сыйлығым» деп берген ақшасы өзімнің қаламақым екен ғой! Шынымды айтсам, ағамыздың бұл әрекеті маған біртүрлі әсер етті.
– Сөйткен кісі арадан біраз жылдар өткенде сізді Қазақстан авторлар қоғамын басқаруға шақырды дейсіз ғой!
– Иә, шақырды. Дегенмен ол кезде әлгі жағдайды ұмытып та кеткем, тек өзің «Бұрын таныстығыңыз бар ма еді?» деген соң еске түсіп отыр ғой.
– Ал енді сіз неге Марал Ысқақбайға ұнамай қалдыңыз?
– Оның біраз себебі бар. Енді соны ретімен айтып берейін.
Жалпы, әлем елдерінде авторлық құқықты қорғауға қатысты ары кетсе екі ұйым болады, оның бірі авторлық құқықты қорғау мекемесі болса, екіншісі – сабақтастық құқықты қорғау мекемесі. Мәселен, шығарма жазатын ақын-жазушылар, композиторлар, суретшілер секілді туындыгерлердің құқығы авторлық құқық болса, ал орындаушылар – әншілер, күйшілер т.б. құқығы сабақтастық құқыққа жатады. Мәселен, АҚШ пен Ресейде авторлық құқықты бір ұйым, сабақтастық құқықты тағы бір ұйым қорғаса, Франция, Италия, Германия сияқты елдерде авторлық және сабақтастық құқықты бір-ақ ұйым қорғайды. Ал бізде бұрыннан жұмыс жүргізіп келе жатқан «Қазақстан авторлары қоғамынан» басқа авторлық құқықты қорғау ісіне байланысты 20 ұйым бар! Қараңыз: «Аманат» авторлық және сабақтас құқықтарды қорғау жөніндегі коммерциялық емес ұйым, республикалық қоғамдық бірлестіктер – «Абырой», КОУПИС, «Авторлар әндерінің одағы», «Қазақ әуендерінің орындаушылары», «Шапағат», «Адал», «Казахстанское общество правообладателей», жауапкерлігі шектеулі серіктестіктер – «Ғалам-мюзик», «Первое Казахстанское музыкальное издательство», «Бахыт-мюзик», «Много музыки», «Легал-мюзик», «Арт-мюзик», «Өнер-32», «Азия-Фомникс», «Асыл-мюзик», заңды тұлғалар бірлестіктері – «Казахстанкое агентсво интеллектуальной собственности», «Евразийский Союз правообладателей» және «Национальное авторское объединение» қоғамдық бірлестігі. Бұлардың бәріне түрлі мекемелерге барып өз бетінше авторлардың қаламақысын жинауға заң жүзінде рұқсат берілген. Жоғарыда өзіңіз көріп отырғандай, авторлық құқықты қорғайтын ұйымдардың жартысына жуығы жауапкершілігі шектеулі серіктестік ретінде тіркелген, ал қазір орта және шағын бизнесті тексеруге мораторий жарияланғандықтан оларды ешкім тексермейді. Ал біздің Байғали Есенәлиев екеуміздің басшылыққа келуіміздің өзгелерге ұнамауының себебі әлгі ұйымдардың бәрі бір-бірімен тығыз байланысты, оның ішінде Қазақстан авторлары қоғамының бұрынғы басшылығымен. Олардың бәрі бір-бірімен өзара келісіп қаламақы жинаған. Оның үстіне бұлар Әділет министрлігіндегі Зияткерлік меншік құқығын қорғау департаментімен келісімдері бар болуы мүмкін. Сөйтіп, қайсысы кімдердің қаламақысын жинап жүргені, одан қанша қаражат жинағаны белгісіз, ешкімге өз бетінше ештеңе бермейді. Тек дауласып барғандар болса, оларды азын-аулақ тиын-тебенмен алдарқатады. Міне, осыларды Байғали біліп қалғандықтан мүдделі адамдар оны қудалағысы келді, сөйтіп жүргенде авторлар қоғамының мүшелері мені басшылыққа сайлады. Бірақ бізді М.Ысқақбай кеңсеге жібермей қойды. Жібергісі келмейтіні – біз авторлар қоғамын басқарсақ, оның жоғалтатыны көп еді, өйткені бұл мекеменің бас есепшісі өзінің келіні және өзінің үш қызы осында істейді екен, сондай-ақ өзге де өзіне жақын адамдар бар дегендей. Ал жаңағы айтып кеткен авторлық құқықтарды қорғау ұйымын құрғандардың бірталайы бір кезде Қазақстан авторлары қоғамында істеген адамдар, бәрі М.Ысқақбайдың танысы.
2019 жылдың 27 наурыз күні қоғам мүшелері жиналыс өткізіп, дауыс беру арқылы мені «Қазақстан авторлары қоғамы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы етіп сайлады. Даудың бәрі содан кейін басталды. Қазақстан авторлары қоғамының бұрынғы басшылығы мен оның жақтастары «Балнұр Қыдырбек заңсыз сайланды» деп арызданғандықтан, Әділет министрлігі менің басшылыққа келуімді бекітпей қойды. Бірақ кейін жиналыстың заңды өткенін, барлық хаттамаларын көрсетіп, өзімнің заңды түрде сайланғанымды дәлелдеп шықтым. Жиналысқа қатысқан Алматыдағы авторларды қоспағанда өзге шет аймақтардан келген авторлардың саны қырықтан асқан еді.
Сөйтіп 2019 жылдың 1 сәуірінде заңды түрде Қазақстан авторлары қоғамының төрағасы болғаннан кейін ұйымның банктердегі есепшоттарының бәрін жаптырып тастадым. Тексеріп қарағанда авторлар қоғамының шотында әлі таратылмаған 850 миллион теңгеден артық ақша барын білгенде төбе шашым тік тұрды. Сосын ол ақшаны қозғауға өздерінің қолы жетпейтінін білген соң бұрынғы басшылық мені сотқа берді. Бірақ менің заңсыз сайланғанымды олар дәлелдей алмады. Содан кешегі күнге дейін менің үстімнен 50-ге жуық арыз жазды. Бәрінің мағынасы бір, мені басшылықты басып алды деп айыптайды. Қолдарында авторлар қоғамының бланкілері мен мөрі бар, авторлардың бәріне хат жіберген, ол аздай біздің қоғаммен келісімшарты бар мейрамханалардың бәріне де хат жолдаған, осылай да осылай, Балнұр Қыдырбек пен Байғали Есенәлиев деген алаяқтар, олар басшылықты рейдерлік жасап басып алды, оларға сенбеңіздер, олармен байланыспаңыздар деген сияқты. Сосын тиісті мекемелер арнайы бланкіге жазылып, қоғамның мөрі басылған қағаз барып тұрған соң олар да бізге қаламақының ақшасын төлемей қойды. Соны пайдаланып РҚБ «Абырой» деген ұйым «Қазақстан авторлары қоғамы» жұмысын тоқтатты» деп «Қазақстан», «Хабар» телеарналары мен біздің арамызда жасалуы тиіс 2020 жылғы келісімшартын иеленіп кетті. Ал «Аманат» авторлық және сабақтас құқықтарды қорғау жөніндегі коммерциялық емес ұйымы «КТК», «НТК» сияқты коммерциялық телеарналарды алып алды. Оның үстіне 2020 жылы басталған пандемия да аяққа тұсау болды. Айналып келгенде, осының бәрінен авторлар зардап шекті.
– Сіз басшылыққа келген соң Қазақстан авторлары қоғамының бұрынғы басшылығы ұйымның құжаттарын бермей қойды деп жүрсіздер…
– Иә, бізге бұрынғы басшылық авторлар қоғамына тиесілі құжаттарды бермеді. Кейін сот арқылы құжаттарды талап еттік. Сот құжаттарды қайтаруды міндеттеді. Одан соң бір ай күттік, болмаған соң жеке сот орындаушыларды жіберсек, олар да М.Ысқақбайдың таныстары ма кім білсін, бүкіл құжаттарды мәшинеге тиеп алып, өздерінің қоймасына апарып тастапты. Ал М.Ысқақбай бізге бүкіл кіріс-шығыс сақталатын 1С деген бухгалтерлік есеп-қисап құжаттарын қайтармады. Кейін «бәрі осында бар» деп бір компакт диск берді, бірақ паролін «ұмытып қалдым» деп айтпайды. Оны өзіміз ашып көре алмаймыз.
Онысымен қоймай кейбір авторларды бізге айдап салады. Олар келіп «бес-алты жылдан бері қаламақы алған жоқпын» деп шағымданады. Ал оған қаламақыны қалай төлейміз? Біз келместен бұрын жиналған 850 миллион ақша банкте жатыр, бірақ ол қай жерден жиналды, кімге қанша тиесі – оны білмейміз, себебі қолымызды құжаттар жоқ, сондықтан ақшаны ешкімге тарата алмаймыз ғой. Ал авторлар қоғамына келген 2019 жылдың екінші жартысынан бері жиналған қаламақыларды иелеріне бергізіп жатырмын. Соның өзінде арыз-шағымнан көз ашпай келеміз, кейбір авторлар қаламақымызды бермейді деп арыз жазады, ал олардың бұрын біздің ұйыммен жасалған келімшарты қолымызда жоқ, жаңадан жасайық десек келгісі келмейді. Телефонмен хабарласқан қызметкерлерімізге дөрекі сөздер айтады.
– Олардың шағымдарынан соң тексеріс болып тұра ма?
– Болғанда қандай! Шағым түссе, тексеру жасалмай тұра ма?
2021 жылдың шілде айында пандемияның өршіп тұрған кезі еді. Күнде пәлен адам ковидтен қайтыс болды деген үрейлі статистиканың шошытып тұрған шағында біздің ұйымның заңгері және авторлық кеңестік екі мүшесі – Бақтияр Аманжол деген композитор мен белгілі ақын Есенғали Раушанов дүние салды. Бухгалтерия қызметкерлерінің бәрі індет жұқтырып алып, емделіп жатқан. Сөйтіп бүкіл кеңсе қызметкерлері қашықтан жұмыс істеуге мәжбүр болды. Соның алдында Әділет министрлігі Зияткерлік меншік құқығы департаменті директорының орынбасары Гүлнара Кәкен авторлардың арызы бойынша бізге тексеру жүретінін айтқан, ал 9 шілдеде елордадан 10 адам келіп тұр. Ол кезде екпе алмаған адамдардың қандайда бір жерге кіруге рұқсат етілмейтін кез. Ешқайсысы ковидке қарсы вакцина алмаған, ПТР-тесті жоқ. Кеңседе бір қыз ғана болатын, мен әлдебір құжатты алуға келіп қалғам. Мұндай жағдайда мен оларды қалайша кеңсеге кіргізем? Кіргізбедім. Тексерістен қашпаймыз, қажет құжаттардың бәрін тиісті орынға электронды пошта арқылы жіберемін дедім. Ал олар тексеруге қарсылық жасады деп мені сотқа берді, бірақ қалалық сот менің пайдама шешім шығарды. Ол аз болса, әлгі тексерушілер қалалық соттың шешімін ала сала, ертесіне қайтадан сотқа берген, бұл жолы ұйымның атына шағымданған «бізді жібермей қойды» деп, және өздері берген сот боламын дегенше екінші тексеріс жіберді…
– Естуімізше, Ресейдегі авторлық құқық жөніндегі ұйымдар да сіздермен бірге жұмыс істеуге келіссөз жүргізген көрінеді…
– Иә, ондай да жағдай болды. 2021 жылы тамыздың аяғында бізге Ресей авторлар қоғамының төрағасы Андрей Кричевский келіп, бірге жұмыс жүргізейік деп ұсыныс жасады. Соңынан екі-үш күн өткен соң Ресей авторлар қоғамы төрағасының және сабақтас құқықтар қоғамы төрағасының орынбасарлары келді. Сосын сөйлесе бастадық. «Фонмикс» деген ұйымның осында бөлімін ашпақшы екен. «Фонмикс» ұйымы мен ҚазАҚ-тың арасында келісім жасау үшін бізге бүкіл пайдаланушылардың тізімін беріңіздер (1С деген бухгалтериялық құжат)» дейді. Біз оны қалай береміз? Олардың ұсынған келісімшарты бойынша «Қазақстан авторлар қоғамы» өздері жинаған авторлар қала-
мақысының 30 пайызын соларға беріп, 70 пайызы өзімізде қалады» екен. Шындығында, біздің қоғам қаламақы жинағанда барлық жиналған ақшаның 70 пайызы авторларға таратылып, 30 пайызы қаламақы жинау т.б. атқарылатын жұмыстар үшін авторлар қоғамында қалуы тиіс. Ресейліктер бізді арбағысы келеді, «Біз сіздермен бәсекелес болып отырған «Аманат» авторлық және сабақтас құқықтарды қорғау жөніндегі коммерциялық емес ұйым мен Бүкіләлемдік зияткерлік меншік ұйымы арасындағы келісімшартты бұздырамыз да, ол құқықты сіздерге береміз, сосын Қазақстандағы басқа да авторлық құқықтар ұйымдары да жойылады, сөйтіп Қазақстанда авторлар құқығын қорғайтын жалғыз ұйым өздерің боласыңдар» дейді. «Оған қандай кепілдік бар?» десек, міне деп «Аманатпен» Бүкіләлемдік зияткерлік меншік ұйымы арасындағы келісім-шартты бұзатынын көрсеткен қағаз жіберді. «Ал бұларыңа келіссек, одан әрі не болады?» десек, «2021 жылдың аяғына дейінгі пайдаланушылармен (мейрамхана, т.б.) жасасқан келісімшарттарды бізге аударасыздар» дейді. «Ал сосын Қазақстан авторлары қоғамы қалай күн көреді?». «Сіздерде телеарналар мен радиоларға жасалған келісімшарттар бар, солармен жұмыстарыңызды жүргізе бересіздер». «Ал сосын?». «2022 жылдан бастап теле-радиолармен жасаған келісімшарттарды бізге аударасыздар…». «Сонда бұл қалай?». «Кричевский айтып жатыр, Қазақстандағы барлық авторлар қоғамы түбінде жабылып қалады…». Сонда біздің авторлардың бәрінің қаламақысы соларға аударылып, ақыр-соңында біздің ұйымның жұмысының бәрін солар атқарады екен да!. Міне, 20 күнге созылған «келіссөздердің» сиқы! Сосын біз олармен ешқандай келісім болмайтынын айтып едік, онда «Аманатқа» барып, солармен келсім жасаймыз» дейді. Бара ғой дедік.
«Келісім» осылай аяқталған соң Мысырға демалуға кеттім. Барған соң поштамды ашсам, Ресей авторлар қоғамынан хат келіп тұр. Онда бізбен келісімшартты бұзғанын, үстімізден сотқа арыз түсіретінін жазыпты. Сөйтіп, біздің Әділет министрлігіне хат жазған. Ал оны министрлік біздің пайдаланушыларымызға жіберген. Мұны енді қалай түсінуге болады? Сонда біздің өкілетті орган ресейліктердің сойылын соғып отыр ма? Бұл енді елдегі барлық пайдаланушылар (мейрамхана, ойын-сауық орталықтары, радио-телеарна) ҚазАҚпен байланысты үзіп, «Аманатпен» жұмыс істесін дегендегісі ме? («Аманат» авторлық және сабақтас құқықтарды қорғау жөніндегі коммерциялық емес ұйымын басқаратын Балмагамбетова Любовь Юрьевна деген әйел. Кезінде Алматы облысы Іле ауданының соты болып жүрген жерінен жұмыстан қуылған. Содан Рахат Әлиев сырттай сотталғанда соның өкілі болып жүрген. Сөйтіп Дариға Назарбаеваға жол тапқан. Кейін Д.Назарбаева AlmaTV-ны сатып алғанда содан авторларға берілетін қаламақы басқа жаққа кетпесін деп, соның жанынан «Аманатты» ашқанда оны басқаруға осы Балмагамбетованы қойған). Ал енді «Аманат» пен Ресей авторлық қоғамының ортасында келісім жасалса, қазақстандық авторлардың қаламақысы көрші елге кетеді деген сөз.
Ресейліктердің бізге жасаған қитұрқылығы жалғыз бұл емес. Ресей авторлық қоғамы, сабақтастық құқықтарды қорғау қоғамы, фирма «Мелодия» т.б. бізге ешқандай қатысы жоқ ұйымдар біздің үстімізден қылмыстық іс қозғау туралы Қазақстан Ішкі істер министрлігіне арыз түсірген. Оларға осы жердегі өзге де авторлық құқықтарды қорғау ұйымдары қосылған. Біз оны білмейміз. Бір күні авторлық құқық мәселесіне қатысты Мәскеудегі бір жиналысқа барсақ, бізді оған кіргізбей қойды. Сол жерде әлгі Балмагамбетова айтады «Сіздердің үстеріңізден қылмыстық іс қозғалып жатыр» деп. Осыдан соң Әділет министрлігі бізге тағы тексеріс жасады. Бұл іс бойынша біз министрлікке қарсылық танытатынымызды білдіріп хат жібердік, бірақ жауап болмады.
Біздің жалғыз кемшілігіміз – ол шетелдік авторларға қаламақы жібере алмаймыз. Себебі шетелдік 148 ұйыммен жасасқан келісімшарттың түпнұсқасы бізде әлі жоқ (оны М.Ысқақбайдан ала алмай жүрміз). Соның кесірінен, ыңғайсыз болса да 16 мемлекетпен сөйлесіп, келісім-шарттың дубликатын алуға мәжбүр болдық. Жалпы, шетелдіктермен жасасқан келісімшартта 3 миллион автор мен 40 миллион шығарма бар. Қолымызда құжат жоқ болса, біз шетелдіктердің қаламақысын қалай аударамыз?!
Жалпы, қаламақы мәселесін шешуге арнайы бағдарламалар бар, оны өзіміздің айтишниктер жасамай ма деп ойласам, ондай бағдарламада 40 миллион шығарма енгізілген каталог болады екен. Соның бірі – Швейцарияның КОСИУС бағдарламасы. Ол бізде бұрын болған. 2017 жылы бағдарламаға модернизация жасалғанда Қазақстан авторлары қоғамының бұрынғы басшылығы ақша төлемеген (100 мың евро) соң ҚазАҚ оны пайдалану құқығынан айырылған. Ал ресейліктердің береміз деген КОСИУС секілді бағдарламасы жоғарыда айтқан келісімшарт жасалған соң оған қолымыз жетпеді. Одан соң украиндермен сөйлестік, олардың бағдарламасы нашарлау болды. Сосын түріктермен сөйлесіп едік, олар «жарайды көрейік, 2022 жылдың қаңтарында барамыз» деді. Ал Әділет министрлігі бізге шетелдік авторлардың қаламақысын 2022 жылдың 14 қаңтарына дейін төлеңдер деп талап қойды…
Біз жыл сайын авторлармен қорытынды жиналыс жасаймыз ғой, соған ЗУМ арқылы тапсырыс беріп, 30 желтоқсан күні жасайтын баяндамамды жазып отырғанмын. Сөйтіп 29 желтоқсан күні баяндама жазудан бас көтере алмай отырсам, кешкі сағат 19-дың кезінде аяқ астынан айқай-шу болып кетті. Бетіне маска киген, қолында автоматы бар төрт адам жүгіріп кіріп «Быстро на коридор» деп айқайлайды. Кім дейсіз бе? Алматы қалалық Полиция департаментінің полициялары. Бүкіл құжаттарымызды, компьютерлерімізді алып кетті. Прокурордан да тексеру, тәркілеу туралы санкциясы жоқ, бір судья қол қойған рұқсаты ғана бар. Себебі не десеңіз, бұл әлгі ресейліктердің ҚР Ішкі істер министрлігіне жазған арызы бойынша тексеру екен. Қарулы адамдардан қорыққан қызметкер қыздарымда зәре жоқ. Ана жақ, мына жаққа телефон соғамын, бәрі корпоративтік кештерде жүр. Сосын амалсыз прокуратураға арыз жаздық. Бағдарлама әкелетін түріктерге телефон соғып келмей-ақ қойыңдар дедік. Прокуратура полицияның әрекетін терістеп, заттарымызды қайтарып беруге қаулы шығарып берді. Бірақ қаңтар оқиғасы басталып кетіп, бәрі жөніне қалды. Сөйтіп бір айдан соң құжаттарымыз бен компьютерлерімізді әрең қайтарып алдық. Ұзамай Әділет министрлігі тағы тексерді. Кейін сотқа берді, талабы – біздің ұйымды жауып тастау…
Ал енді бізді жауып тастаса не болуы мүмкін? Авторлардың қаламақысы төленбегені үшін халықаралық ұйымдар біздің елге «Адам құқықтары бұзылған» деп АҚШ, Еуроодақ біздің елге санкция салуы мүмкін. 2012 жылы Украина осындай жағдайға ұшыраған. Оларда да біз сияқты 20-дан аса авторлар қоғамы құрылып, соның кесірінен авторлар қаламақысын ала алмай, АҚШ-қа, Еуроодаққа арыз жазып, оның соңы Украинаның көміріне санкция салынумен тынған. Сондай жағдай бізге керек пе? Осыны неге Әділет министрлігі түсінбей отырғанына қайранмын.
Бұрынғы Қазақстан авторлары қоғамы басшылығы қаламақыны қолма-қол ақша түрінде жинатқан. Ал біз оны электронды түрде банк арқылы жинауды бастадық. Бұл арқылы қай жерден кімдердің қаламақысы жиналды, ол қанша болды және түскен ақша авторларға қалай таратылды – бәрі көрініп тұрады. Сондықтан ақша мәселесінде біздің қолымыз таза деп айта аламын.
Мұның бәрі тиісті тұлғалардың авторлар қоғамына тиесілі құжаттарды бермегендігінен болып отыр. Құзырлы органдар осы әділетсіздікті жоюдың орнына бізді қайта-қайта тексеріп, жауып тастағысы келеді. Ал ресейліктер бізге неге қызығып отыр дегенге келсек, олардың авторларының шығармалары бізде көп орындалады. Ал көршілес өзбек, қырғыз секілді елдерде көбіне өз авторларының шығармалары орындалады. Бұл да есімізде болуы тиіс нәрсе.
Міне біздің қоғамның басынан өтіп жатқан жағдай қысқаша айтқанда осылай. Егер тиісті орындар бізге жөнсіз тиіспей, жұмыс істеуге мүмкіндік берсе, қиындықтардың бәрін аз уақытта еңсеріп кетер едік.
Сұхбаттасқан
Ахмет ӨМІРЗАҚ