«Петропавлдан немесе Павлодардан қазақ ұлттық мектебін ашамыз» – Аятжан Ахметжан

Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласындағы  90-гимназия директоры, белгілі педагог Аятжан Ахметжан «Сұрауы бар» Youtube арнасында берген сұхбатында мәлімдеді деп хабарлады turkystan.kz.

Бастамашыл топ әзірге халықтан жылу жинап, демеушілер тартып Петропавл немесе Павлодар қаласынан ұлттық негіздегі жекеменшік білім ошағының іргетасын көтермек.

«Петропавл немесе Павлодар қаласынан қазақ ұлттық мектебін ашамыз. Мектеп емес, мектеп интернатын ашамыз. Суретін жасап қойдық. Бүгін-ертең халыққа жариялаймыз. Оған заңдық кедергілер жоқ. «Мемлекеттік мектептің директорының халықтан жылу жинауына болмайды» деген заңдық норма да жоқ. Сондықтан мен соны жариялап, қазір әлеуметтік желіде дамытып жатырмын. Қазір қаншама жұртқа үй алып беруге мүмкіндік болып жатыр ғой. Ақша жинап, мешіт салатындар бар. Сондықтан осы дүниені неге мектеп салуға қолданбасқа?! Қанша мектеп жетіспейді», – дейді Аятжан Ахметжан.

Педагогтың айтуынша, орыс тілінде сөйлейтін тұрғындары көп өңір мақсатты түрде таңдалып отыр. Сондай-ақ, мектеп-интернат мың балаға жоспарланып, 300-400-і жатып оқитындай етіп жасалады.

«Менің арманым – мың балаға шақталған мектеп-интернаты. 300-400-і интернатта жатып оқитындай мүмкіндік жасаймыз. Бір ауысымды болуы керек. Мемлекеттен жан басына шаққанда берілетін қаржыны игерсек те мектептің жұмысын әрі қарай жүргізе беруге болады», – дейді ол.

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button