Айбыны асқақ армия – азаттықтың кепілі

Айбыны асқақ армия – азаттықтың кепілі

Айбыны асқақ армия – азаттықтың кепілі
ашық дереккөзі
Қазақстанның Қарулы Күштері 1992 жылғы 7 мамырда құрылды. Осылайша бұл дата «Отан қорғаушылар күні» деп жарияланып, 2012 жылы мемлекеттік мейрам мәртебесіне ие болды. Елдің елдігін, елдігінің қуатын, қауіпсіздігінің деңгейін айқындайтын – қорғаныс саласының әлеуеті. Заман талабы басқа арнаға ойысқанымен, бұл саланың назардан тыс қалмағаны абзал екенін соңғы жағдайлар аңғартып отыр. Мереке қарсаңында еліміздің қорғаныс саласының әлеуеті мен ахуалына шолу жасап көрдік. Қорғаныс саласының қауқары қандай? Қай кезде болмасын Қарулы Күштер кез келген мемлекеттің тәуелсіздігінің және азаматтарының қауіпсіздігінің кепілі саналды. Халықаралық қатынастар мен дипломатия елдер арасындағы тұрақтылықты реттеудегі маңызды фактор болғанымен, оқыс жағдайда бұл тетіктердің қауқары кемшін түсуі ықтимал. Бұл кезде бүкіл жауапкершілік әскерге ауады. Әскер әдетте қару-жарақ, әскери доктриналардың санымен, күшімен ерекшеленеді. Әскер саны әскери әлеуеттің басты көрсеткіші деген түсінік бар, алайда қазір әскердің қуатын тек санға қарап бағамдау толық объективті тұжырым болмайтыны анық. Көбінесе әскердің күші санмен емес, сарбаздардың ерік-жігері, дайындығы және қару-жарақ сияқты факторларға қарап анықталады. Қазір мемлекеттердің әскери кү­шін анықтайтын түрлі рейтинг жетерлік. Соның ішінде әлемнің 140 елі­нің әскери күшін үнемі қадағалап, жыл сайын қорытындылап отыратын Global Firepower (GFP) аналитикалық пор­талының рейтингі салыстырмалы түр­де нақтырақ саналады. Себебі рей­тинг түзгенде 50-ден астам көрсеткіш сара­ланады. Әскер саны, танк, кеме, ұшақ және басқа да әскери техниканың са­нынан басқа, онда әскери саланы қар­жы­ландыру деңгейі, елдің көлік инф­ра­құры­лымы, мұнай өнімдеріне қолжетім­ді­лігі сияқты әскердің қарым-қабілетіне ық­пал етуі ықтимал басқа да факторлар ес­керіледі. Дегенмен ядролық қару фак­торы ескерілмейтінін атап өткен жөн. Рейтингте индекс мәні неғұрлым аз бол­са, ел әскері соғұрлым күшті дегенді біл­діреді. Global Firepower (GFP) биылғы рей­тин­гісінде бірінші орында – АҚШ, одан кейін Ресей мен Қытай тұр. Ал еліміз 1.0615 индекс көрсеткішімен Орталық Азия бойынша Өзбекстаннан кейінгі екінші, ал жалпы рейтингте 64 орында. 2020 жылғы дерекке сүйенсек, Өз­бек­станның Қарулы күштері Орталық Азия­дағы ең мықты армия саналады. 1992 жылы 14-қаңтарда құрылған армия құра­мында әскери басқарма, құрлық әс­кері, әуе күштері, теңіз күштері, ұлттық гвар­дия және кеден қызметі сынды ба­ғыттар бар. Әскери қызметкерлерінің жалпы саны – 50 000. Армиясының жылдық бюджеті – 975 000 000 доллар. Түрікменстанның Қарулы күштері 1992 жылы 28 қаңтарда құрыл­ған. Құра­мына әскери басқармалар, құр­лық әскерлері, әуе күштері, теңіз күш­тері мемлекеттік кеден қызметі жә­не басқа ұйымдар кіреді. Әскери қыз­мет­кер­лерінің жалпы саны – 22 000. Армия­сы­ның жылдық бюджеті – 200 000 000 дол­лар. Тәжікстанның Қарулы күштері 1993 жылдың 22 ақпанында құ­рыл­ған. Құрамында құрлық әскері, мо­биль­ді күш, әуе күштері, арнайы әскер­лер, әуе-десанттық күштері, президенттік ұлттық гвардия және қауіпсіздік ме­ке­мелері кіреді. Әскери қызметкерлерінің жал­пы саны – 9000. Армиясының жыл­дық бюджеті – 1 600 000 000 доллар. Ал Қырғыз Республикасының Қа­ру­лы күштері 1992 жылдың 29 ма­мырын­да құрылған. Құрамында құрлық әскері, әуе күштері, мемлекеттік кеден қызметі және Қырғыз Республикасының ұлттық гвар­диясы бар. Әскери қызметкерлерінің жал­пы саны – 11 000. Армиясының жыл­дық бюджеті – 20 000 000 доллар. Әскер саны бойынша сараптаманы халықаралық стратегиялық зерт­­­­теулер институты жасайды. Ол жыл сайын 170 елдің әскери және қорғаныс әлеуетін (Military Balance) шолып, олар­ды әртүрлі көрсеткіштер бойынша, со­ның ішінде әр елдің Қарулы Күштері құра­мындағы әскер саны бойынша са­лыстыра отырып шығарады. Military Balance есебі өте көлемді әрі ақылы болғандықтан, көп жағ­дайда ашық дереккөзге жариялана бер­мейді. Еліміздің Қорғаныс министр­лігі де Қарулы Күштерінің жеке құра­мы­ның санын құпия сақтайтынын атап өт­кен жөн. Дегенмен ашық дереккөздерге сүйе­не отырып, еліміздегі әскер санын ша­малап көруге тырыстық. Мұнда қарулы күштердің (тұрақ­ты әскерлердің), резервтердің, қарулы күштерге жатпайтын әртүрлі әскерилендірілген құрылымдардың са­нымен танысуға болады. Сонымен қатар, ел­дегі 1 адамға шаққандағы әскери қыз­мет­керлердің саны туралы мәліметтер бө­лек келтірілген. Бұл көрсеткіш елдің қан­шалықты әскерилендірілгенін көр­се­те­ді. Рейтингтің соңғы нұсқасы 2021 жы­лы шықты, мұнда бірінші орын­да Қы­тай сосын Үндістан, ал АҚШ үштік­ті тү­гендейді. Рейтинг мәліметіне сүйенсек, елі­міз­дің Қарулы Күштерінде 39 мың, әскерилендірілген құралымдарда 31 500 адам бар. Резерв бос, сонда бар­лығы 70 500 адам деп көрсетілген. Рей­тинг­те Қазақстанның соғыс жағдайында қор­ғаныс саласына жұмылдырылуы мүм­кін азаматтарының саны 8,5 мил­лион шамасында деп көрсеткен. Әскери қыз­метке жарамды азаматтар саны – 6,5 мил­лион шамасында. Жыл сайын әс­кер­ге шақыру жасына жеткен азаматтар са­ны – 261 мыңнан астам. Әскериленген құра­ма қызметкерлерінің саны – 32 мың ша­масында. Елдің әскерилендіру деңгейі 3.8 балға бағаланыпты. Ал жалпы ар­мия­дағы әскери қызметкерлер саны ел хал­қы­ның бiр пайызын да құрамайды екен. 2021 жылы резервтік әскер жасақтау туралы мәселе көтерілген болатын. Бірақ оны нақты қашан енгізетіні белгісіз. Жос­пар бойынша Парламентте талқы­ла­нып, арнайы заң болып бекітілгеннен кейін, алғашқы шақыртулар 2024 жыл­дың ортасы мен 2025 жылдың басында бол­мақ деген жоспар болған. Қорғаныс министрлігі былтыр Қарулы Күштерге, басқа да әскерлері мен әс­кери құрылымдарына мерзімді әскери қызметке 33 мыңға жуық адам шақыры­ла­тынын айтқан. 2020 жылы мерзімді әс­кери қызметке 34 мыңға жуық адам ша­қырылған. Ал ведомство биыл көк­тем­де 19-27 жас аралығындағы 17 мыңға жуық азамат әскерге шақырылатынын мә­лімдеді. Олардың 6 500-ден астамы қару­лы күштердің бөлімдері мен бөлім­шелерінде қызмет етеді. Әскери арсенал әлеуетті ме? 2020 жылғы ресми мәліметтерге сүйен­сек, еліміздің ӘӘК, ӘТК және КҚПК авиациясында 222 аппарат бар. Оның ішінде 76 жойғыш, 39 жер бе­тін­дегі нысаналарға шабуыл жасайтын со­ғыс ұшағы, 18 әскери-көлік ұшағы, 18 оқу-көлік ұшағы, сондай-ақ 71 әскери жә­не 18 соққы тікұшағы бар. Global Firepower (GFP) танк саны бойын­ша шығарылған жеке рейтингісін де шолып өттік. 2020 жылғы ресми де­рек­терде танк саны 650 деп көрсе­тіл­ген екен. Көш басында тұрған Ресейде 12 420 танк бар. Рейтингті түзгенде әскер түр­лерінің танктері, сондай-ақ барлық клас­тағы танктер (соның ішінде стинг­рей моделі сияқты жеңіл танктер) есеп­ке алынған. Бұл тізімге қолданыстағы танк­тер де, сақтаулы тұрған танктер де кі­реді. Осы орайда КСРО ыдырағаннан кейін елімізге одақтың страте­гия­лық қару-жарақ қоры қалғанын ай­тып өту керек. Ал қазіргі жағдайға келер бол­сақ, жауапты ведомство қару-жарақ пен әскери техниканың заманауи, жо­ғары технологиялық үлгілерімен тех­никалық және жауынгерлік жарақтан­дыру жоспарлы тәртіппен жүзеге асыры­лып жатыр деп сендіреді. Мәңгілік сабақ боларлықтай Арыс қаласы мен Жамбыл облысындағы оқиғалар бұл мәселенің кезек күттірмеу керегін анық байқатқан еді. Содан соң елдегі барлық әскери арсе­нал­ға жіті тексеру жүргізілуі керек екені де айылған еді. 3 мамыр күні Орталық комму­ни­ка­ция­лар қызметінде өткен бри­финг­те Қорғаныс министрінің орын­ба­сары Сұлтан Камалетдинов еліміздің Қарулы Күштерін жан-жақты дамытуға байланысты шараларға баса назар ау­дары­­лып жатқанын мәлімдеді. – Басым бағыттар бойынша әскери өнім атауларының тізбесі айқындалған. Оған майдандық және әскери-көлік авиа­ция ұшақтары, зымыран-артил­лерия­лық қару-жарақ, сауытты танктік тех­ника, ұшқышсыз ұшу аппараттары, ро­бототехникалық құралдар, оқ-дәрілер жә­не басқа да номенклатуралар кіреді, – деді вице-министр. Бұл ретте отандық кә­сіпорындарда жасалған өнімдерге басымдық берілмек екен. – Импортқа тәуелділіктің төмендеуі, қару-жарақ пен техниканы қолдану бағасының, сапасы мен тиімділігінің оңтайлы арақатынасы, өндіріс әлеуетін арттыру және тиісінше мемлекеттік қор­ғаныс тапсырысының уақытылы орын­далуы басты талап болып отыр. Бұл салада Индустрия және инфрақұры­лым­дық даму министрлігімен жүйелі жұмыс ат­қарылып жатыр, – деген еді. Сондай-ақ Қорғаныс министрлігі қару-жарақ пен әскери техника­ның заман талабына сай түрлерін жасау жө­ніндегі ғылыми-зерттеу және тәжі­ри­бе­лік-конструкторлық жұмыстарды қар­жыландыруды ұлғайтуға мүдделі екен­дерін мәлімдеді. Қаржы неге қат? Қорғаныс министрлігінің дерек­теріне сәйкес, еліміздің қорғаныс сала­сы­на деп белгіленген үш жылдық бюджет (2020–2022 жылдар) 961 миллиард теңге (2,55 миллиард доллар) деп есептелген. 2020 жылға 331,9 млрд теңге тиесілі, оның ішінде 313,6 миллиард теңге Қарулы Күштерге және 18,3 миллиард теңге кадрлық әлеуетті дамытуға және ме­дициналық қамтамасыз етуге бөлін­ген. 2021 жылдың 11 айында қорғанысқа салынған инвестициялардың жалпы құны бар болғаны 50 миллиард теңге бол­ған, бұл 2020 жылдың сәйкес кезеңі­мен салыстырғанда 21 пайызға төмен. Жалпы соңғы 10 жыл ішінде қор­ғанысқа 550,1 миллиард теңге кұйы­лыпты, бұл – басқа салалармен са­лыстырғанда төмен көрсеткіш. Мыс­а­лы, сол кезеңде өнеркәсіпке 45,6 трил­лион теңге, ауыл шаруашылығына 2,8 триллион теңге инвестицияланған. Ал биылғы қаңтар-наурыз аралы­ғын­дағы 5 244 миллиард теңге бюджет шы­ғынының 189 миллиарды қорғаныс са­ласына жұмсалыпты. Қарулы Күштер негізінен, өте қым­бат сала саналады. Сондық­тан барлық елдер толық жабдықталған, күшті әскерге ұстауға қауқарлы емес. Осы орайда Стокгольм халықаралық бей­біт­шілік мәселелерін зерттеу инсти­туты жүргізген зерттеу негізінде Дүние­жүзілік банк әлем елдерінің қорғаныс шығындарының тізімін ұсынды. Рейтинг елдің әскери қажеттілік­терге қанша ақша жұмсайтынын жалпы ішкі өнімнің пайызымен көр­сетеді. Бұл әскери шығындардың ең дәл көр­сеткіші саналады. Бірақ әскери шы­ғын­дарды қаржыландыру мемлекет эко­номикасы туралы аз мәлімет бере­тінін ескеру керек: ЖІӨ-нің көп пайы­зын әскери салаға жұмсайтын елдердің арасында дамыған, дамушы, кедей елдер де бар. Қорғаныс шығындары бойынша әлем елдерінің рейтингінде елі­міз 115-орында, елдің қауіпсіздігіне ЖІӨ-нің тек 1 пайызы ғана бөлінеді, бұл – әлем­дегі ең төмен, ЕАЭО-ның бар­лық ел­дерінен төмен көрсеткіш. Және атал­­ған меже тәуелсіздік алғаннан бері өз­­гер­меген. Посткеңестік елдердің ішінде қорғаныс саласына қомақты қар­жы құйған мемлекеттердің ішінде Украина 2,6 миллиард доллармен көш бас­тап тұр. Әзербайжан – 2,4 миллиард дол­лар, Грузия 1,2 миллиард бөлген. Яғни бізде қорғанысқа ел бойын­ша да, әлемдік ауқымда да қара­жат­тың аз бөлінетінін байқауға болады. Еліміз БҰҰ-ның Ливандағы бітім­гер­шілік миссиясына, сондай-ақ ха­лықаралық әскери маневрлерге қа­тысады. Бұдан басқа ынтымақтастық шең­берінде өңірлік қауіпсіздікті нығай­туға ықпал ететін бірқатар елдермен тұ­рақты бірлескен оқу-жаттығулар серия­сы өткізіледі. Бақытжан ЕРТАЕВ, генерал-лейтенант, «Халық Қаһарманы»: Әскери саладағы реформа казармадан басталуы керек – Осы күнге дейін біздің Қарулы Күш­теріміз, қорғаныс саласы белгілі бір деңгейде өсіп-өркендеді, талай белес­тер­ден өтті. Еліміздің экономикасын ескер­сек, біздің Қарулы Күштеріміз ешкімнен кем болған жоқ. Үкімет тарапынан са­ла­ға жеткілікті көңіл бөлінді, бір сәт ұмыт қалған емес. Әлеуметтік мәселелер де шешіліп жатыр, әскерилердің баспаналы болуы туралы мәселе көтерген едік, ол да шешімін тауып жатыр. Бірақ әсіресе ше­каралық аймақтарда, горнизондарда қызмет ететін әскерилердің отбасылары­на әлі де жағдай жасау керек, олардың ба­ла-шағасы басқа қалалар мен аймақ­тар­дағыдай толыққанды білім алып, үйірмелерге қатысып, жан-жақты дами алу­ға тиіс. Жоғары оқу орнына түсерде жеңіл­дік қарастырылса да, артық етпей­тін еді. Офицер адам ешқайда алаңда­мауы керек, ол Отанын қорғап жүрсе, Ота­ны да оны алаңдатпауы керек. Генерал ретінде әрине, барлығы ке­ремет деп айтпаймын, әлем әр сәт сайын жаңарып жатыр, бұрынғы құ­рал-жабдықтармен ескіліктің құр­сауында қалсақ, онда көштен қалатыны­мыз анық. Бірақ қару-жарақ ала берген­нен де ештеңе өнбейді. Қазір реформа деп жатырмыз. Әскери саладағы ре­фор­ма казармадан басталуы керек. Сар­баз­дардың арасындағы тәртіп бұзудан бас­­тап, бағанағы айтқан әлеуметтік жағ­­дайға дейін барлығы реттелуге тиіс. Қорыта айтқанда, отыз жыл ішінде қорғаныс саласында айтарлықтай қарқынды даму да, құлдырау да болмағандай көрінеді. Бөлінетін қаржы да, әскери әлеуеттің көрсеткіштері де бірсыдырғы, бірқалыпты. Осы уақыт ішінді салада он үш министр ауысқан екен. Не десек те, қандай заман болмасын, айбынды әскер ел қайратын айқындайтын маңызды көрсеткіш болып қала бермек. Ал әскери салаға да кешенді реформа қажеттігі – әлдеқашан көзіміз жеткен мәселе.