Қазақтан шыққан қанша Кеңес Одағының батыры бар?

Қазақтан шыққан қанша Кеңес Одағының батыры бар?

Қазақтан шыққан қанша Кеңес Одағының батыры бар?
ашық дереккөзі
Екінші дүниежүзілік соғыста қазақ­стан­­­­­дық 500 жауынгер Кеңес Ода­ғы­ның Батыры атанса, соның ішінде 96-сы қазақ батыры деп танылып жүр. Ресми құ­жат солай дейді. Кеңестік идеоло­гия­ның кесіп-пішуінен өткен осы шешім кү­ні бүгінге дейін тарих бетінде шегеленіп қал­ған. Бірақ уақыт тарихқа өз түзе­ту­ле­рін ендіріп жатыр. Жеңіс мерекесі қарсаңында Кеңес Одағының Ба­тыры атағын алған қазақ жауынгерлерінің ті­зімін 105-ке жеткізіп отырмыз. Бұл тізім 103 бо­ла­тын. Өткен жылы Екінші дүниежүзілік соғыста Кеңес Одағының Батыры атағын алған қазақ жауын­герлерінің қатары бірден екі адамға то­лықты. 104-батыр кезінде ұлты өзбек болып жа­зы­лып кеткен – Іният Наурызбаев. 1999 жылы Қара­қалпақстанда дүниеден өткен Іният Нау­рыз­баевтың тек марапаттау қағазында ғана ұлты өзбек болып қате жазылып кеткені болмаса, дү­ние­ге қазақ болып келіп, қазақ болып бақилыққа ат­танды. 105-батыр ормандай орыстың орта­сын­да Ростов облысы, бүгінгі Ақсай қаласында дү­ниеге келіп, Қырымда қаза тапқан қандасымыз­дың аты-жөні – Филипп Рубахо. Ол туралы алдағы уақытта арнайы зерттеу амалдарын жүргізбек­ші­міз. Ныспысына қарап, орыс демесең, тұла­ бой-тұрпатымен өзімізге таби­ғи­лас Филипп Рубахоның туу жөніндегі құ­жа­тында оның ұлты қазақ екені көрсетілген. Же­ке басы 400-ге жуық неміс солдатын жай­­­ратқан мергенге 1944 жылы 22 қаңтарда Кеңес Одағының Батыры атағы берілген. Екінші дүниежүзілік соғыста қазақ ұлан­дары ар мен намысты биік ұстап, ер­лігімен ұрпаққа ұран болған ата-баба­лары­ның өсиеттеріне адал, қайтпас ер халық еке­нін әлемге паш етті. Қазақ жауын­гер­лері­нің ерлігі соғыс басталған күннен бастап тари­хи шежіреге айналды. Сонымен, Екінші дүниежүзілік соғыста қанша қазаққа Кеңес Одағының Батыры атағы берілді? Олардың нақты тізімі бар ма? Осыдан бірер жыл бұрын Ресейде үш қа­зақтың, қарақалпақстандық бір қазақтың ба­тыр атанғаны белгілі болды. Кеңес Одағының Батыры атағы КСРО ке­зіндегі ең жоғары мемлекеттік ма­ра­пат болатын. Сұрапыл соғыс кезінде Украи­на үшін болған шайқаста 200-ге, Ресей үшін болған шайқаста – 70, Белоруссия үшін бол­ған шайқаста – 50-ден астам жерлесіміз осы атақты еншілепті. Қазақстандықтардың ішін­де үш адам екі мәрте батыр атағына ие бол­ды. Бұл көрсеткішті одан әрі жалғас­тыр­сақ, Латвия үшін шайқаста – 8, Молдованы азат етуде – 7, Литвада – 6, Эстонияда 1 жер­­­­ле­сіміз батыр атанды. Қазақстандықтар Еуропаны азат етуде де жан аямай шайқасты. Мәселен, По­­льшада – 47, Венгрияда – 22, Чехос­ло­ва­кия­да – 7, Ру­мынияда – 5, Австрияда – 3, Югос­­­­лавияда – 2, Германияда – 63 және Ж­а­понияға қарсы со­ғыста 3 жерлесіміз Кеңес Одағының Ба­тыры атағына ие болды. Бір адамға екінші батыр атағы беріл­мей қалды. Мысалы, Днепр өзенінен өткен кездегі қиян-кескі ұрыста көрсеткен ер­лігі үшін Кеңес Одағының Батыры атағын алған Жұмағали Қалдығараев Белоруссияның Мо­зырь қаласын азат етуде жаудың 6 тан­кі­сін қирату кезінде көрсеткен жанқиярлық ер­лігі үшін екінші мәрте Кеңес Одағының Ба­тыр атағына ұсынылған. Бірақ ол атақ бе­ріл­меген. Бүгінде осы қалада батырдың же­­ке өзіне ескерткіш қойылған. Жоққа жүй­рік жетпес. Алайда осы кеңестік марапаттар иерар­хия­сындағы ең жоғары атақтан түрлі жағ­дай­да айырылып қалғандар да бар. Олардың ара­сында қазақстандық батырлар болған жоқ. Жалпы, Кеңестер Одағының Батыры ата­­­ғының шығуы мен оның берілу тари­­хы­ның да өз тәртібі, құпиясы бар. Енді сол туралы айта кетсек. Кеңестер Одағының Батыры атағы 1934 жылы 16 сәуірде КСРО Атқару ко­митетінің қаулысымен бекітілген. Бұл атақ­қа ие болған батырларға Орталық ат­қару комитетінің ерекше грамотасы қоса тап­сырылады. Кеңес Одағы Батыры атағы ең алғаш 1934 жылы 20 сәуірде полярлық «Челюс­кин» мұзжарғыш кемесін құт­қару­шы­лар тобындағы 7 адамға берілді. 1936 жылы 29 шілдеде КСРО Орталық ат­қ­ару комитетінің Қаулысымен Кеңестер Одағының Батыры атағы туралы ереже бекітілді. Ереже бойынша бұл жоғары атаққа ие болғандарға грамотаға қоса Ленин ордені қоса тапсырылатын болды. Ленин ордені қаулы шыққанға дейін бұл жоғарғы атаққа бұрын ие болған 11 батырға кейінгі күнмен табыс етілді. 1938 жылы 2 қарашада Мәскеуден – Қиыр Шығысқа қос моторлы АНТ-37 «Ро­дина» ұшағымен қонбай ұшу кезіндегі көр­сет­кен ерлігі үшін ұшқыштар В.Гризо­ду­бова­ға, капитан П.Осипенкоға және аға лей­те­нант М.Расковаға Кеңестер одағының ба­тыры Алтын медалі мен Ленин ордені қоса тап­сырылды. Ал В.Гризодубова әйелдер ара­сындағы тұңғыш батыр атанды. 1939 жылы күзде КСРО бойынша 122 адам Кеңестер Одағының Батыры атанды. Олардың екеуі ұшқыштар В.Чкалов пен С.Леваневский бұл кезде қаза болған еді. Ал олардың 19-ына бұл атақ қаза тапқаннан кейін берілді. 1939 жылы 1 тамызда КСРО Жоғарғы Кеңе­сі Президиумының «Кеңестер Ода­ғы­ның Батыры ерекше атағы туралы қосымша бел­гілер» жөнінде Жарлығы жарық көріп, ол 1936 жылы «Батыр атағы бір-ақ мәрте бері­ліп, екінші рет батырлық көрсеткендерді Ал­тын медальмен ғана марапаттап, туған жерін­де қола мүсінін орнату» жөніндегі ере­жеге өзгерістер енгізілді. Осы ережеге сәйкес, 1939 жылы 29 тамызда Монғолияның Хал­кин-Гол аумағында жапон интервенттерімен болған ұрыста көрсеткен жанқиярлық ерлігі үшін ұшқыштар майор С.Грицевец және пол­ковник Г.Кравченко алғашқылар қа­тарын­да екінші мәрте Кеңес Одағының Ба­тыры атағына ие болды. 1939 жылы күзде Кеңес одағының ба­тыры атағына ие болғандарға алғашқы «Ал­тын медальдар» беріле бастады. Ең алғаш­қы «Ал­тын медаль» ұшқыш А.Ляпидевскийге беріл­ді. Шығыс қыздары арасында Кеңес Ода­ғының Батыры атағына ие бол­ған Мәншүк Мә­метова мен Әлия Мол­дағұловалардың Кеңес Одағы Батырына бері­летін «Алтын ме­дальдары» алынбай қалды. Осы мәселеге орай, біз Қазақстанның Ре­сей­дегі елшілігіне хат жазып, ықпал жасауын өтін­ген бола­тын­быз. Бірақ мәселе қозғалыс­сыз қалды. Сонымен, Екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында КСРО бойынша 626 Кеңес Одағының Батыры болды. Олардың бе­­сеуіне бұл атақ екінші мәрте берілді. Соңғы со­­ғыс кезінде 11 739 адамға батыр атағы беріл­­се, олардың 3 051-іне бұл атақ өлгеннен кейін берілді. Соңғы рет Кеңес Одағының Батыры атағы 1991 жылы 24 желтоқсанда су ас­­­тын­да 500 метр тереңдікте тәжірибе жа­са­ған 3-рангалы капитан Л.Солодковқа беріл­ді. Ал қазақтардан бұл атақты гвардия пол­ковнигі Бауыржан Момышұлы алды. Жалпы, КСРО кезінде Кеңес Одағы­ның Батыры атағын 12 862 адам алса, оның ішінде, бұл атақ – 3 266 адамға өл­геннен соң тапсырылған. 154 адам бұл атақ­пен екінші мәрте марапатталса, 9 адамға ол қаза тапқаннан кейін берілген. Сондай-ақ бұл жоғарғы атақ үш адамға үш мәрте беріл­ген (Буденный, Кожедуб, Покрышкин). Екі адам­ға батыр атағы төрт мәрте берілген (Жу­ков, Брежнев). Батырлар арасында 95 әйел бар, олар­дың ара­сында ғарышкер-ұшқыш Са­виц­кая бұл атаққа екі рет ие болған. Кеңес Ода­ғы Батыры атағына ие болғандардың ара­­­сында шетелдіктер де бар. Олардың саны – 44. Шетелдіктер арасында жалғыз әйел бар. Ол – Польша әскерінің жауынгері А.Кжи­вонь. Батырлардың арасында 100 адам түрлі жағдайлармен бұл жоғарғы атақтан ерік­сіз айырылған. Кейін олардың бірне­шеуі­не атақтары қайта берілген. 13 адамға Кеңес Одағының Батыры атағының берілгені қате шешім болғаны себепті ол күшін жой­ған. Бүгінде батыр атағынан айырыл­ған­дар­дың саны – 73 адам. Кеңес Одағының Батыры атағына ұсы­нылғанымен, түрлі идеологиялық ұғым­дарға байланысты сол тұстағы көз­қарас­тарға сай қазақстандық он шақты жауын­гер тиісті атақтармен марапатталмай қал­ды. Мәселен, кезінде Ташкент, Алматы қа­лаларының бас архитекторы болған, про­фес­сор Малбағар Меңдіқұлов соғыс жыл­дары саперлер батальонының командирі болған. Жаудың миналап кеткен жолдарын тазарту кезінде көрсеткен ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған. Алай­да Жоғарғы қолбасшылық оны «Жауын­гер­лік Қызыл Ту» орденімен марапаттаған. Невель қаласын азат етуде фа­шис­тер­дің 280 жауынгерінің көзін құртқан мерген, жамбылдық Ыбырайым Сүлейменов те Кеңес Одағының Батыры атағына ұсы­ныл­ған. Бірақ даңқты жерлесімізге Ленин ор­дені ғана бұйырған. Полковник Әбілқайыр Баймолдин ірі әс­кери басшы болатын. 100-дербес ат­қыштар бригадасы командирінің орын­ба­сары Әбілқайыр Баймолдин нағыз ерліктің үлгісін көрсетіп, қарамағындағы жауынгер­лер­ді ұрысқа бастап шығып, ерлікпен қаза тап­қан. Әскери басшылық оны да батыр­лық­қа ұсынған. 1942 жылы мергендер полкін басқарған шымкенттік Тілеуғали Әбдібеков бір өзі 395 фа­шисті жер жастандырған. Соғыс кезіндегі көр­сеткен ерлігі үшін батыр атағына ұсы­ныл­­ғанымен, оған бұл жоғары атақ беріл­меген. Сондай-ақ Чехословакия жерінде ер­лік­пен қаза тапқан мерген қыз орын­бор­лық Сұлушаш Нұрғожина Кеңес Ода­ғы­ның Батыры атағына ұсынылса да, ұсыныс қол­дау таппаған. Ерлігі сол кезде еленбей қал­ған жауынгердің бірі – ақтөбелік Әлеу­кеш Көбеков. Белоруссия жерін азат етуде көр­сеткен жанқиярлық ерлігі үшін Батыр атағына ұсынылғанымен, марапат өз иесін таппаған. Қызылордалық Мұса Рыскелдиев Гер­манияның Франкфурт қаласы үшін бол­ған ұрыста ерлікпен қаза тапқан. Қызыл ізші­лердің тапқан құжаттары бойынша оған Кеңес Одағының Батыры берілген болып шы­ғады. Бірақ іздестіру жұмыстарында оның «Қызыл жұлдыз» орденімен марапат­тал­ғаны анықталады. Даңқты армия генера­лы Сағадат Нұрмағанбетовтің қандыкөйлек майдандас досы, жаудың он бес танкісінің көзін жойған Аманша Меңдіғалиев те Кеңес Ода­ғының Батыры атағына ұсынылады, бір­ақ ол атақ оған бұйырмаған. Даңқты ұш­қыш Байтұрсын Есіркеповті көпшілік біле бер­мейді. Ол Жоғарғы Бас қолбасшы Ста­лин­нің 12 рет Алғысхатына ие болған. Суво­ров полкінің №127-гвардиялық бомбалаушы авиациясының Борисов орденді эскадрилия командирінің орынбасары ретінде жан­қияр­лық ерлік көрсеткен. 1945 жылы 7 маусымда әс­кери басшылық оны Кеңес Одағының Ба­тыры атағына ұсынған. Алайда бұл атақ қол­дау таппай, оның орнына «Жауынгерлік Қы­зыл Ту» ордені берілген. Мұндай тізімді одан әрі жалғастыра беруге де болады. Мәселен, «Даңқ» орденімен төрт рет мара­патталған Темірғали Исабаев­қа, Берлинді алғаш бомбылаған Біләл Қа­лиев­ке, қазақтың жүзінші ұлттық бригадасы­ның зеңбірекшілері Әбдірахман Бимурзин, Мырзаби Ерназаров, Рымбек Бәйсейітовке, ар­тиллерия командирі Балтабек Жетпіс­баев­қа, саяси жетекші, Рашид Жанғожинге, ұрыс ке­зінде жаудың екі жүз жиырма жеті жауын­герін жер жастандырған Ысқақ Әлиевке, бір ұрыс­та жаудың отыз сегіз жауынгерінің кө­зін құртып, қырық тоғызын тұтқынға ал­ған Алқар Оңғаровқа, КСРО Жоғарғы Кеңе­сінің депутаты, полк комиссары болған Хаби Халиуллинге, гвардиялық танк пол­кі­нің командирі Ғали Әділбековке, Берлинді алу­ға қатысқан, зеңбірекші Әбен Ахметовке, жаудың он екі танкісінің көзін жойған, зең­бірекші Сембай Қалиевке, Белоруссияда пар­тизандар штабын басқарған Нұрғаным Бай­сейітоваға, пулеметшілер взводының ко­мандирі Ернияз Сәтовке, Сталинград қа­ласын қорғауда ерлігімен көзге түскен Қо­жамсейіт Шаяхметұлына, Ленинград, Курск, Тула қалаларын азат ету кезінде жанқиярлық ерлік көрсеткен Қабыкен Жарылқасынов пен Қотырбай Құдакелдіновтерді әскери бас­шылық батыр атағына лайықты деп тауып, ұсыныс жасалса да, оларға бұл атақ беріл­меді. Өз қаһармандарының өмір дерегін білу және оларды құрметтеу, келе­шек ұрпақтың жарқын болашағы үшін жеңіс­ті жақындату жолында майданда со­ғыс­қан және тылда еңбек еткен ардагер­лері­міздің ерлігін ұмытпау – әрбіріміздің қа­сиет­ті парызымыз болмақ. Өмірде түрлі жағдайда осы құрметті атақтарынан айырылып қалғандар да болды. Кеңес Одағының Батыры атағынан айы­рылғандарға негізгі айып НКВД қыз­мет­керлерінің ойдан құрастырған «Батырлар қас­тандығы» жаласы себеп болған. Олардың ба­сым көпшілігі 1941-1942 жылдары сотсыз, тер­геусіз атылған. Батырлардың жетеуі ге­нерал дәрежесінде болған. Арасында Батыр атағымен екі рет марапатталған генерал-лей­тенант Смушкевич те бар. Соғыстың алғашқы айында-ақ қос бір­­дей батыр – армия генералы Пав­лов және генерал-майор Черных атылған. Командалық құрам арасындағы реп­рессия соғыс біткеннен кейін де Ста­лин қайтыс болғанға дейін жүргізілген. Жеңіс­­тен соң үш Кеңес Одағының Батыры – маршал Кулик, генерал-полковник Гордов, майор Косса ең жоғары айып – ату жазасын ал­ған. Жоғарыда ату жазасын алған 12 Кеңес Одағының Батыры кейін олардың іс-қимы­лында қылмыстық әрекет болмағандықтан ақталған. Алайда батырлардың арасында қоғам­дық өмір салтын бұзып, өзінің іс-қимылына есеп бермегендер де болған. Ондайлардың ара­сында Кеңес Одағының Батыры ұшқыш, под­полковник Полозды айтуға болады. От­ба­сындағы тұрмыстық кикілжің кезінде екі бірдей адамның өмірін қиғаны үшін ол өлім жазасына кесілген. Әрине, кешірім жасауға да болар еді. Бірақ өз дегенінен қайтпаған По­лоз билік орындарынан кешірім сұрауға бар­маған. Оның үстіне өлім құшқан адам да осал емес, СОКП Орталық комитетінің бірін­ші хатшысы Никита Хрущевтің көмекшісі Фомичев пен оның әйелі болатын. Бүгінде екі бірдей Кеңес Одағының Батырын ақтап алу мүмкін болмай отыр. Олар туралы адам жады да ұмытты. Со­ғыс кезінде жау жағына өтіп кеткен ұш­қыштар – капитан Бычков пен аға лейтенант Антилевскийге Отанға сатқындық жасады де­ген айып тағылған. Жеңістің 77 жылдығы той­ланып жатса да, оларға кешірім жасау мүм­кін емес көрінеді. Кейбір батырлардың сүйегінің қайда қалғаны да белгісіз. Олардың кей­бірі­нің аттары тарихтан да өшіріліп тастал­ды. Көбінің әйел, бала-шағалары кезінде Қа­зақстанға жер аударылған. Олар туралы мар­дымды ақпарат жоқ.

Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ