Жеңіс күніне орай соғыс ардагерлері қанша теңге алады? – министрлік жауап берді

Жеңіс күніне орай соғыс ардагерлері қанша теңге алады? – министрлік жауап берді

Жеңіс күніне орай соғыс ардагерлері қанша теңге алады? – министрлік жауап берді
ашық дереккөзі
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Руслан Сәкеев Жеңіс күніне орай соғыс ардагерлеріне мемлекет тарапынан қандай көмек көрсетілетінін айтты деп хабарлады turkystan.kz. Еңбек министрлігі барлық өңірдің әкімдіктеріне Ұлы Отан соғысына қатысқан азаматтардың барлық санаты үшін материалдық көмектің кепілдендірілген ең төменгі мөлшерін белгілеуді ұсынған. Осыған орай, Жеңіс күніне әкімдіктер тарапынан 5 млрд 400 млн теңге біржолғы көмек қарастырылды. Жеңіс күніне орай біржолғы материалдық көмек алатындар:
  • ҰОС ардагерлері (381 адам) – 1 млн теңге;
  • қоршаудағы Ленинград тұрғындарына (92 адам) – 60 мың теңгеден кем емес;
  • соғыс кезінде қаза тапқандардың жесіріне (6 адам) – 60 мың теңге;
  • бұрынғы концлагерьлердің кәмелетке толмаған тұтқындарына (212 адам) – 100 мың теңгеден кем емес;
  • қайтыс болған ҰОС мүгедектерінің жұбайына (3 221 адам) – 30 мың теңге;
  • ҰОС жылдарындағы тыл еңбеккерлеріне (74 116 адам) – 30 мың теңге.
«Барлық өңірде соғыс ардагерлері тиісті төлемін алды. Тек үш-төрт өңір қалды. Оларға 9 мамырға дейін төлейді. Бұл мәселе шешіліп жатыр», – деді Сәкеев орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 77 жылдығын атап өту қарсаңында ардагерлерге естелік сыйлықтар табысталады. Вице-министрдің айтуынша, ҰОС-на қатысқандарға ай сайын азаматтардың 20 санатына арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленіп отырады. Оны, негізінен, аға буын өкілдері, соғысқа қатысқандар, тыл еңбеккерлері және басқа да адамдар алады.
«Биылғы жылдың 1 мамырындағы жағдай бойынша ай сайын алатын әлеуметтік төлемдердің орташа жиынтық мөлшері, зейнетақыны қоса есептегенде, ҰОС қатысушылары үшін 193 714 теңгені құрады. Мұны 289 адам алады. ҰОС мүгедектеріне 201 615 теңге төленеді. Олардың саны 98 адамды құрайды», – деді Сәкеев.
Сондай-ақ, ардагерлерге қосымша әлеуметтік қолдау шаралары көрсетіледі. Олардың барлығы әскери қызметшілерге ұсынылатын құқықтар мен кепілдіктерге ие. Салық төлеуде жеңілдік көзделген. Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында мамандандырылған госпитальдерде білікті медициналық көмек көрсетіледі. Бұған қоса, соғыс ардагерлерінің шипажай, курорттарда емделуге мүмкіндігі бар.