«Жаңа туған төлдерді жеп қояды»: Түркістан облысында шыбын-шіркей қаптап кетті (ВИДЕО)

«Жаңа туған төлдерді жеп қояды»: Түркістан облысында шыбын-шіркей қаптап кетті (ВИДЕО)

«Жаңа туған төлдерді жеп қояды»: Түркістан облысында шыбын-шіркей қаптап кетті (ВИДЕО)
ашық дереккөзі
Түркістан облысының Арыс, Шардара, Отырар аудандарында шыбын-шіркей қаптап кетті деп хабарлады turkystan.kz sputnik.kz-қа сілтеме жасап. Атап айтқанда, Көксарай су қоймасы мен Сырдарияның жағасындағы елдімекен тұрғындары жәндікке таланып жатыр. Зиянкестердің көп болғандығынан тұрғындар далаға шығудан қалды. Отырар ауданына қарасты Сарыкөл ауылының тұрғындары маса мен шыбын-шіркейден әбден зардап шеккендерін айтты.
 «Балабақшада  балаларды далаға мүлде шығара алмаймыз. Таңертең келгеннен кешке қайтарда бір-ақ шығады. Таза ауаға шығаруға, ойнатуға мүмкіндігіміз жоқ», - дейді балабақша меңгерушісі Замира Мұсаева.
Шіркей шағып, шағымданушылардың саны күрт көбейген. Емханаға келушілердің көпшілігі балалар. Ал соңғы 2-3 жылда ауылда залалсыздандыру жұмысы мүлде жүргізілмеген. Жергілікті тұрғындар күн санап қаптап бара жатқан шіркейді құртуға қауқары жетпейтіндігін жеткізді. Ал одан жан-жануарлар да зардап шегіп жатқанын айтты.
«Малдың өзі қазір жайылудан қалып, тығылып жатыр. Түнде ғана жайылады. Күндіз малдың да, адамның да жүруі мүмкін емес. Жаңа туған төлдерді жеп қояды. Жабылып, құлағын қанатып жібереді», - дейді мал дәрігері Ерлан Алтанов.
Мұндай жәндіктен Отырар ауданындағы барлық ауыл тұрғындары зардап шегіп отыр. Соның салдарынан шаруалар да егіс жұмыстарын жүргізе алмай отыр.
«Көктем аяқталып келе жатыр. Егіс егу керек, жұмыс істеу керек. Оған еш мүмкіндік жоқ. Қасқарайғанша осы шіркей маза бермейді, жұмыс істетпейді. «Жаздың бір күні қыстық азық» дейді. Біз еңбек етпесек, ол қалай өнім болады. Өнім болмайды. Қазір біздің ауданда шіркейге қарсы ешқандай шара жоқ», - дейді диқан Тұрсын Боранбаев.
Облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы Бақтыбай Убайдиннің айтуынша, 2023 жылдың бюджетіне есеп дайындалып жатыр.
«2023 жылы жұмысты бастаймыз. 2022 жылы аудан әкімдігі тарапынан өздері жұмыс жүргізеді. Елді мекен аумақтарын залалсыздандыру аудан әкімдігі тарапынан жүргізіледі», - дейді ол.