«Самұрық-Қазына» 106 кеңесшісін жұмыстан босатты

«Самұрық-Қазына» 106 кеңесшісін жұмыстан босатты

«Самұрық-Қазына» 106 кеңесшісін жұмыстан босатты
ашық дереккөзі
Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстан экономикасының квазимемлекеттік секторының тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретін «Самұрық-Қазына» АҚ реформалау бағдарламасы таныстырылды деп хабарлады turkystan.kz. Баспасөз мәслихатына «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма Төрағасы Алмасадам Сәтқалиев қатысты. А.Сәтқалиевтің айтуынша, жыл басынан бері «Самұрық-Қазына» қоры бірқатар кадрлық реформаларды іске асырды. Нұр-Сұлтан қаласындағы корпоративтік орталық қызметкерлерінің саны екі есеге қысқартылды (248-ден 124 адамға дейін), Компаниялар тобында 106 кеңесші жұмыстан босатылды, «кеңесшілер» институты ұйымдық құрылымнан толығымен жойылды. Қордың барлық шетелдік өкілдіктері: Лондонда, Бейжіңде, Абу-Дабиде және Мәскеуде жабылды. «Самұрық-Қазына» тобындағы алты компанияның, оның ішінде «ҚазМұнайГаз» бен «QazaqGaz» компаниясының басшылығы өзгерді. Персоналды оңтайландыру «Самұрық-Қазына» корпоративтік орталығына 2 миллиард теңгеден астам қаражатты үнемдеуге мүмкіндік берді. Қор қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету және қаржылық-экономикалық құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен және Қаржы мониторингі агенттігімен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Қордың Қоғамдық кеңесінің рөлі күшейтілді. Айта кетсек, 2022 жылы Қор жалақысы аз мамандықтарға назар аудара отырып, жұмыскерлердің жалақысын көтерді. Топтың барлық компанияларындағы (239 мың жұмысшы мен инженерлік қызметкерлер) өндірістік персоналдың жалақысы 5 пайыздан 48 пайызға дейін өсті. Жыл соңына дейін тағы төрт компания жұмысшылардың жалақысын қосымша көбейтеді.