Жаңалықтар

АҚШ Тәжікстанға қаржылай көмек көлемін ұлғайтты

ашық дереккөзі

АҚШ Тәжікстанға қаржылай көмек көлемін ұлғайтты

АҚШ Мемлекеттік департаменті 2017 жылға арналған бюджет сметасын жариялады, онда Тәжікстанға бөлінетін қаржылай көмек көлемі 41,6 млн доллар деп көрсетілген. Бұл 2015 жылы бөлінген қаражаттан әлдеқайда көп, сол кезде Душанбе Америкадан 28,9 млн доллар алған еді. Америкалық сыртқы саясат мекемесінің бюджет жобасына түсіндірмесінде айтылғандай, Тәжікстанға бөлінетін қаражат мемлекеттік құрылымдарға қолдау, қауіпсіздік органдары жұмысының тиімділігін арттыру, АҚШ-тың Тәжікстанмен қауіпсіздік саласындағы әріптестігін кеңейту және азаматтық қоғамды дамыту жұмыстарына арналады. Мемлекеттік департамент Тәжікстанды әлемдегі ең кедей елдердің бірі ретінде сипаттап, халықаралық қаржылай қолдауға зәру мемлекеттер қатарына жатқызды. Америкалық сыртқы саясат мекемесінің мәліметі бойынша, қазіргі таңда Тәжікстан азық-түлік тапшылығы, электр қуатының дефициті, суды тиімсіз пайдалану, Ауғанстанмен шекарасындағы тұрақсыздық, сыбайласқан жемқорлықтың дендеуі, денсаулық сақтау және білім беру жүйесінің нашарлауы сынды күрделі мәселелерді шешуі керек. 1992 жылдан бері Вашингтон Тәжікстанға 1 млрд доллардан астам қайтарымсыз қаржылай көмек көрсетті. Бұған қоса, Душанбе халықаралық қаржы институттары арқылы 1 млрд доллардан астам жеңілдікпен және қайтарымсыз несие алды.