Президент 9 мамырда «Отан қорғаушылар» монументіне гүл шоғын қою рәсіміне қатысады
Президент 9 мамырда «Отан қорғаушылар» монументіне гүл шоғын қою рәсіміне қатысады
Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай мәлімдеді деп хабарлады turkystan.kz.
«БАҚ өкілдері Президенттің Жеңіс күні мейрамына орай өткізілетін іс-шараларға қатысуына байланысты сауалдарын жолдап жатыр. Биыл 9 мамыр күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы «Отан қорғаушылар» монументіндегі Мәңгілік алауға дәстүрлі гүл қою рәсіміне қатысуды жоспарлап отыр» деп жазылған хабарламада.
Сонымен қатар Президент 6 мамырда Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күніне арналған салтанатты жиынға қатысады.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, биыл барлық өңірде соғыс ардагерлеріне кем дегенде 1 миллион теңгеден біржолғы жәрдемақы беріліп жатыр. Тыл еңбеккерлері мен оларға теңестірілген азаматтарға да материалдық қолдау көрсетіледі. 8-9 мамыр күндері облыс әкімдері деңгейінде соғыс ардагерлерімен және олардың отбасы мүшелерімен арнайы кездесулер ұйымдастырылады. Бүкіл еліміз бойынша «Ардагерлерге тағзым» қайырымдылық акциясы өтеді», - деді Руслан Желдібай.
Сондай-ақ соғыс ардагерлеріне мемлекет тарапынан қажетті көмек алдағы уақытта да жүйелі түрде беріледі.