ҚТЖ теміржолшылардың жалақысына Үкіметтен 90 млрд теңге сұрамақ па?

«Қазақстан темір жолы» АҚ өндірістік қызметкерлерінің жалақысын 66 пайызға көтерді. Бұл туралы аталған компанияның басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаев айтты деп хабарлады turkystan.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Іс жүзінде өндірістік қызметкерлердің жалақысын 66 пайызға көтердік. Жалақы қорын осы деңгейде ұстап тұра алсақ жақсы болар еді. Осы жалақы қорын өзіміз ұстап тұрмыз. Бірақ, жалақы қорының үштен екісі транзит есебінен өтеледі. Алайда, бүгінгі ахуалға байланысты Ресей арқылы транзит 43 пайызға құлдырады. Соған орай, біздің кірісіміз де төмендеді. Енді жалақы қорын қаржыландыру мәселесі көтеріледі. Жалақы деңгейін ұстап тұру үшін Үкіметке жүгініп, ішкі ресурстарды да іздеуге тырысамыз», – деді компания басшысы «2025 жылға дейін халықтың табысын арттыру бағдарламасы» кешенді жоспарын жүзеге асыру жөніндегі кеңес барысында.

Оның айтуынша, жалақының қазіргі деңгейін ұстап тұру үшін ҚТЖ мемлекеттен шамамен 90 млрд теңге сұрауды жоспарлап отыр.

 «Біз жалақыға 300 млрд теңгеден астам қаражат жұмсаймыз. Оның 111 млрд теңгесі тарифке қосылған. Ал 200 млрд теңгені өндірістік қызметтен, оның ішінде транзиттен түсетін кірістен аламыз. Демек, транзит есебінен өтейміз. Үкімет бізге алуға мүмкіндік берді. Егер қазіргі уақытта транзит төмендейтін болса, онда төмендеген көлемге ақша сұраймыз. Шамамен 90 млрд теңге деп есептеп отырмыз», – деді Нұрлан Сауранбаев.

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button