Жаңалықтар

Шекарадан заңсыз жолмен тауар өткізген компания директоры қамалды

ашық дереккөзі

Шекарадан заңсыз жолмен тауар өткізген компания директоры қамалды

Бас прокуратура Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес кеден саласында тексеру жүргізді деп хабарлады turkystan.kz. Бұл жайында ведомство өзінің Youtube каналында мәлім етті. «Нәтижесінде мемлекетке 165 млрд теңгеге залал келтірген кедендік төлемдерден жалтару және тауарларды жалған декларациялау фактілері анықталды. Тек Қытаймен шекаралас кеден бекеттерінде тауарларды жалған декларациялаудың 367 фактісі анықталды. Кәсіпкерлердің салықтан жалтаруы үшін, уәкілетті экономикалық операторлар соңғы екі жылда 221 миллиард теңгеге жалған счет-фактура жасаған. Тексерудің тек бір айында жалпы құны 800 миллион теңгені құрайтын контрабанданың 16 фактісі анықталды. Мысалы, «GROUP OF THE COMPANIES TDA» компаниясы 287 млн теңгенің тауарын шекарадан заңсыз өткізген. Аталған компанияның директоры қамауға алынды», - делінген видеода. Сондай-ақ кеден саласындағы жұмыскерлер өз қызметін лайықты орындамаған. Атап айтқанда, 27 қаңтарда «Нұр жолы» кеден бекетінің маманы Мошканов, «Берекет Логистик» компаниясына тиесілі декларацияланбаған тауардың салмағын заңсыз азайтып, оны 337 кг деп көрсеткен. Алайда, прокурорлар жүкті қайта тексерген кезде, декларацияланбаған тауардың салмағы 22 тонна екендігін анықтаған. Ол тауарлардың құны - 127 миллион теңге. «Бұдан бөлек, ақпараттық жүйелерде мәліметті заңсыз өзгерту салдарынан 9 импорттаушы бюджетке 143 млн теңге шығын келтірген. Бұл іске Алматы мемлекеттік Кірістер департаменті қызметкерлерінің қатысы бар. «Нұр жолы» кеден бекетінің басшысы мен оның орынбасары прокурорға 50 мың АҚШ доллары көлемінде, ал «Cargo Management» операторының өкіліне 30 мың АҚШ доллары көлемінде пара берген. Алайда, прокуратура қызметкері олардың заңсыз әрекетіне тосқауыл қойып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметімен бірлесіп арнайы шаралар жүргізу кезінде пара берушілердің әрекетін әшкерелеген. Жоғарыда аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Кедендік реттеу саласындағы проблемаларды жою үшін Үкіметке прокурорлық қадағалау актісі енгізілді», - делінген хабарламада.