«AMANAT» партиясының фракциясы Мемлекет басшысының референдум өткізу туралы шешімін қолдады

29 сәуірде Мәжіліс Спикері, AMANAT партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов фракция жиналысын өткізіп, саяси реформалар аясында депутаттар алдында бірқатар жаңа міндеттер жүктеді деп хабарлады turkystan.kz.

Жиын барысында Ерлан Қошанов Фракция мүшелерімен Президент Тоқаевтың ҚХА сессиясы барысында Конституцияға өзгерістер енгізуге қатысты бүкілхалықтық референдум өткізу туралы бастамасының маңыздылығына ерекше назар аударды.

«Бұл жан-жақты сараланған тарихи шешім. Біз мемлекет құрудың жаңа кезеңіне аяқ басқалы тұрмыз. Ол – азаматардың саясатқа араласу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған еліміздің қоғамдық-саяси жүйесінің трансформациясы. Алдағы өзгерістердің ауқымын ескере отырып, оған күллі халықтың қатысуы өте маңызды. Сондықтан Мемлекет басшысы референдум өткізуді ұсынды», – деді Ерлан Қошанов.

Мәжіліс Төрағасы атап өткендей, Қазақстан мемлекет пен қоғамның өзара іс-қимылының жаңа моделіне көшуде. Ол өзгерістердің ауқымы ескеріле отырып, «Екінші республика» деп аталды.

Е. Қошанов Мәжіліс депутаттарына да зор жауапкершілік  жүктеліп отырғанын айтып, олардың түсіндіру жұмыстарына қатысуы маңызды екенін атап өтті.

«Біздің міндетіміз –  Мемлекет басшысы ұсынған саяси реформаларды халыққа дұрыс жеткізу», – деді палата Төрағасы.

Сонымен қатар Ерлан Қошанов Мәжіліс депутаттарына өңірлердегі түрлі диалог алаңдарында, еңбек ұжымдарында және дәрігерлер, мұғалімдер, жастар, қоғамдық көшбасшылармен, сондай-ақ ғылыми-сарапшылық орта өкілдерімен кездесулер өткізудің қажеттігіне назар аударды. Сондай-ақ барлық реформалардың қоғам мен әрбір азамат үшін маңызын қарапайым тілмен жеткізуге тиіс екенін атап өтті.

Мәжіліс Спикері депутаттардың сапары қалалар мен аудандарға ғана емес, сондай-ақ әр түрлі санаттағы азаматтарды барынша қамти отырып, шалғай елді мекендерге шығуын ұйымдастыруды тапсырды.

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button