Негізгі ҰБТ-ға өтініш қабылдау басталды

Негізгі ҰБТ-ға өтініш қабылдау басталды

Негізгі ҰБТ-ға өтініш қабылдау басталды
ашық дереккөзі
Негізгі ҰБТ-ға өтініш қабылдау басталды. Ол 14 мамырға дейін жалғасады. ҰБТ-ға қатысу үшін http://app.testcenter.kz сайтында тіркеуден өтуге болады деп хабарлады turkystan.kz. Бұл туралы БҒМ баспасөз қызметі хабарлады. Тестілеудің өзі 16 мамырдан 5 шілдеге дейін өтеді. Бұл ретте талапкерлер негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсырып, үздік нәтижемен гранттарды тағайындау конкурсына қатыса алады.
«Бұған дейін министр Асхат Аймағамбетов түлектерге жолдаған хатында талапкерлерге тиімді шешім қабылданғанын мәлімдеген болатын. Енді олар ҰБТ тапсыруға және грантқа түсуге екі мүмкіндік алды. Сонымен қатар бір бейінді пәндердің комбинациясын екі рет таңдауға болады», - деп түсіндірді  БҒМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.
Айта кетсек, алдыңғы екі ҰБТ-2022 (қаңтар, наурыз) қорытындысы бойынша тестіленушілердің орташа балы 68,5 балды құрады, бұл былтырдың нәтижелерінен жоғары. Қатысушылардың 70%-дан астамы шекті балды жинай алды, ал ең үздік көрсеткіш - 135 балл. Талапкерлердің академиялық адалдықты сақтауында да оң өзгеріс байқалады. Тыйым салынған заттарды алып өту әрекеттері, сондай-ақ оларды тестілеу кезінде пайдалану 2-3 есе азайды. Сонымен қатар наурыз айында өткен ҰБТ-да әр пән бойынша жеке тақырыптық талдау енгізілді. Бұл талапкерлерге өздерінің әлсіз тұстарын жақсартып, негізгі ҰБТ-ға бұдан да тыңғылықты дайындалуға мүмкіндік береді. Түлектердің ҰБТ-ға жақсы дайындалуының тағы бір мүмкіндігі – Ұлттық тестілеу орталығының тегін онлайн-сынақ тестілеуін іске қосуы. Онымен қоса, ҰТО-мен бірлесіп әзірленген білім беру орталықтарының тегін онлайн сабақтары да жалғасып жатыр. Айта кетейік, академиялық адалдықты сақтау үшін талапкерлердің тест нұсқасы таңбаланады. Яғни әрбір ҰБТ-ға қатысушысының жеке тест нұсқасы болады. Ережелерді бұзған және тест тапсырмаларын аудиториядан тыс жерге шығаруға тырысқан жағдайда, Ұлттық тестілеу орталығы ереже бұзушыларды анықтап, оның тест нәтижелерін жояды.