«Мың бала» Ұлттық зияткерлік олимпиадасының II кезеңі өтіп жатыр

 27 сәуір күні «Мың бала» Ұлттық зияткерлік олимпиадасының II кезеңі басталды. 27-29 сәуір аралығында (үш күнде) I кезеңнің бес мың финалисі өңірлік тестілеу орталықтары базасында математикалық сауаттылық, қазақ тілі (оқыту қазақ тілінде жүргізілетін оқушылар үшін), орыс тілі (оқыту орыс тілінде жүргізілетін оқушылар үшін), ағылшын тілі және жаратылыстану бойынша академиялық білімді бағалауға арналған компьютерлік тестілеуден өтеді.

«Мың бала» олимпиадасы үшінші жыл қатарынан қабілетті ауыл оқушыларын анықтап келеді. «Мың бала» – ауылдық жерлердегі мектеп оқушыларының дарыны мен қабілетін қолдауға, сондай-ақ дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептерде оқу үшін академиялық қабілетті оқушыларды іріктеуге бағытталған ұлттық ауқымдағы бірегей жоба. «Мың бала» Ұлттық зияткерлік олимпиадасы ауыл оқушылары үшін білім беру саласындағы баспалдаққа айналды.

Ауыл мектептеріне арналған «Мың бала» Олимпиадасының бірінші кезеңі онлайн форматта арнайы әзірленген  платформада өткізіледі, оның ерекшелігі – бір уақытта 150 мыңға дейін қатысушылардың тест өтуге мүмкіндігі бар.

«Биыл біз еліміздің көптеген ауылдарын қамти алдық. Олимпиадаға 146 мыңнан астам оқушы тіркелді, 132 мыңнан астам оқушы I кезеңнің онлайн тестілеуіне қатысты. Тесттер кеңістіктік және логикалық ойлау қабілеттерін бағалауға бағытталған. Олимпиаданың орташа өту балы 5-сыныпта 347,28, ал 6-сыныпта 347,13 баллды құрады. Еліміз бойынша жоғары көрсеткішті Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарының оқушылары көрсетті», – деді «Елбасы Академиясы» КҚ директоры Асланбек Амрин.

Олимпиада жеңімпаздары квота бойынша дарынды балаларға арналған еліміздің жетекші мектептеріне: Республикалық физика-математика мектебіне, «Білім-Инновация» лицейіне, «Дарын» мамандандырылған мектептеріне оқуға түсуге мүмкіндік алады.

«Мың бала» олимпиадасын «Елбасы Академиясы» корпоративтік қоры Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігімен серіктестікте бірлесе өткізеді.

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button