Орыс болып туып, қазақ болып өткен Зеңкі
Орыс болып туып, қазақ болып өткен Зеңкі
Біздің ауылда Иванов Евгеньи Василевич деген кісі болды. Ауыл оны Зеңкі дейтін. Соған қарағанда Евгеньи деген ұлын әкесі Женька десе керек, содан бізше Зеңкі боп кеткен сияқты.
Қолы шебер, қазақшаға судай еді. Әкесі Василий Матвеевич Доңызтау өңірінде болған. Оны жергілікті жұрт Мәтжан деп атапты. Таудан тасыған су келіп қалып, арбасы салдырлап келе жатқан орысқа «Қайда барасың?» десе «Кутумның астын су алып кетті» деген екен. «Астыңнан су шықты ма деген осы» деп күлген жұрт, өздері судан қаша алмай, әбден әбігерге қалыпты деседі бұрынғылар. Сөйтсе «Құтым деген шоқыдан тасыған су келеді» деп ескерткені екен ғой!
Ал Зекең біздің әкелерімізбен дос, жолдас болды. Мен ауылға барғанда, тек өз жұртымнан бақилық болғандардың басына ғана соқпаймын, үнемі қорымды түгел аралап шығамын. Кеше де сол әдетімнен жаңылмай аралап дұға ете жүріп, мына құлпытасты суретке түсіріп алдым. Мың болғыр балалары киіз үй мен жылқының суретін салдырып, Құран аяттарын жаздырған екен. Ерекшелігі сол, осы қорымда ұлттық нақышта өрнектелген жалғыз құлпытас осы екен.
Зеңкі ағамыз ауылдың шалдары қайтқанда қабірін қазысып, өзі ішіне жатып көріп, «маңдайы тіреліп қалмасын» деп отырып көріп, «өлгенде көрің кең болсын деген» деп әбден өлшейді екен. Жатқан жері жайлы болғай.
Бір жылы ауылда шешемнің 60-қа толған тойы болып, соңында «Ал, үлкендер бата беріңдер» дегенімде Зекеңнен бірер-жас кішілігі бар бір шал қолын көтере беріп еді, Зекең: «Батаны үлкен бермей ме, не әлде менен мұсылманшылығың асып бара ма?» дегені!
Сонда барша жұрттың бірауыздан «Батаны Зекең берсін» дегеніне куә болып едім.
Иә, Зеңкі ағамыз өмірден қазақ болып өтті.
Айтпақшы, біздің ауылда 1986 жылы туған баласына Бөкенбай деп ат қойған да жалғыз осы кісі. Ол кезде Бөкенбай батыр туралы ешкім айтпайтын еді. Бұл кісі батасы қабыл жанның бірі болды. Ұрпағы Адайдан қыз алып, Табынға қыз беріп, сол ауылдың табанынан қоныс аудармай өсіп-өніп, өркендеп отыр. Қазір ұлы Қалыбек – өрісін малға, айналасын тілекші жанға толтырған ауылдың нағыз арқасүйер азаматы!
Мәселе, кім болып дүниеге келгеніңде емес, кім болып өмір сүргеніңде ғой!
Орал-Қосай БАЙСЕҢГІР, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі