«Тобаизм» – Тоққожаның бағыты мен бағы

«Тобаизм» – Тоққожаның бағыты мен бағы

«Тобаизм» – Тоққожаның бағыты мен бағы
ашық дереккөзі
Ұлттық мәдениетімізде қазақ бейнелеу өнерінің алатын орны ерекше. Себебі бұл өнер түрі кәсіби тұрғыдан бізде кештеу қалыптасса да, тез дамып әлемдік биікке көтерілді. Бұрын қазақ өмірін өзге ұлттардан шыққан суретшілер бейнелесе, ХХ ғасырдың 20-30 жылдары Қазақ бейнелеу өнері шеберлері алғашқы қадамдарын жасады. Бейнелеу өнерінің кескіндеме мен графиканы жақсы меңгерген Н.Крутильников, Ә.Қастеев, Ә.Ысмайылов, И.Савельев, Б.Сәрсенбаев, Қ.Қожықов т.б. өздерінің мазмұны қарапайым алғашқы туындыларында елімізде дәуір келбетін жан-жақты бейнелеуге күш салды. 1928 жылы Семейде бейнелеу өнері шы­ғар­маларының алғашқы көрмесі ұйым­дас­тырылса, 1933 жылы республика Суретшілер од­ағының ұйымдастыру комитеті құрылды. Ара­дан бір өткенде Мәскеудегі Шығыс мә­де­ниетінің мемлекеттік мұражайында қазақ су­рет­шілерінің тұңғыш көрмесі ұйым­дас­тыры­лып, 1934 жылы Алматыда Қазақ мем­ле­кет­тік көркемсурет галереясы ашылды. Міне, бұл жағдайдың бәрі қазақ бейнелеу өнерінің тез дамып, өз алдына үлкен өнер саласына ай­­­налуына жол ашты. Ал ІІ дүниежүзілік соғыстан кейінгі дәуір­де елімізде бейнелеу өнерінің барлық түрі (кес­кіндеме, мүсіндеме, графика) жедел да­мы­ды. Бұл тұста қазақ және өзбек халықтарына ор­тақ суреткер, қазақ табиғатын ерекше бей­не­леген, алғашқы академик-суретші Орал Таңсықбаевтың шығармашылығы ұлттық бей­нелеу өнерімізді биікке көтерді. Одан кейін­гі дәуірлерде Қанафия Телжанов, Мол­дахмет Кенбаев, Сабыр Мәмбеев, Айша Ғалым­баева, Гүлфайрус Исмаилова, Үкі Әжиев, Са­ла­хиддин Айтбаев, Мақым Қисамединов, Ер­болат Төлепбаев, Бексейіт Түлкиев, Темірхан Орда­беков, Анарбек Нақысбаев, Ағымсалы Дүзелханов, Қайырбай Зәкіров т.б. ондаған қыл­қалам шеберлері қазақ сурет өнерін биік­ке көтерді. Қазір де қазақ бейнелеу өнерінде өз ба­ғы­ты, өз стилі бар суретшілер аз емес. Солардың қа­тарында өнерде өз бағыты бар суретші Тоқ­қожа Қожағұлов та бар. Биыл алпыс жасқа то­лып отырған Тоққожа Мұқажанұлы – Алматы облысындағы Жамбыл ауылының тумасы. Ол 1984 жылы Абай атындағы Қазақ­тың педа­го­ги­калық институтының көркем­сурет – гра­фи­ка факультетін бітіріп, жолда­мамен Жам­был педагогикалық институ­тына жіберіліп, аталған институтының оқытушысы болып еңбек жолын бастаған. 1987 жылдан бүгінге дейін Абай атындағы Қа­зақ ұлттық педагогикалық университетінде қыз­мет атқарып келе жатқан Т. Қожағұлов со­дан бері облыстық, республикалық, бүкі­ло­дақ­тық, халықаралық көрмелерге үзбей қа­тысу­да. 2017 жылы ҚР орталық музейінде 50-ден астам портреттерімен өткізген «Үнсіз му­зыка» атты жеке шығармашылық көрмесіне 2000-нан астам көрермен жиналып, өнер­тану­шы­лар, ғалымдар мен мәдениет танушылар және көрермендерден жоғары баға алды. Сурет өнеріндегі портреттік жанрда өз жолы, соны стилі бар Тоққожа Қо­жағұ­лов қазақтың бас ақыны Абайдың (М.Әуезов мұра­жайы), Жыр алыбы Жамбылдың «Жыр­дың қызыл жолбарысы. Жамбыл» (Жамбыл мұражайы), Жамбыл Жабаев (ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев жекеменшігінде), Ер-Қарасай (Рахат-палас қонақүйі), Әйтей батыр (Қас­келеңдегі тарихи-өлкетану мұражайы), Мұхтар Әуезовтің (Қырғыз Республикасы, Шол­панатадағы М.Әуезов мұражайы), ақиық ақын М.Мақатаевтың (М.Мақатаев мұражайы), менің анамның портреті (Ресей, көркемсурет ди­рекциясының қоры), Тәттімбеттің (Қара­ғандыдағы мұражай) ерекше портреттерін дүниеге әкелді. Сөйтіп, 1995 жылы Абайдың, 1996 жылы Жамбылдың, 1997 жылы М.Әуезов­тің мерейтойларына арналған көрмелерде бас жүлдені жеңіп алып, жұмыстары Мәдениет ми­нистрлігі тарапынан музейлерге сатып алын­ды. Оның бейнелеу өнеріне сіңірген осын­дай сүбелі еңбектері үшін «Дарын» мем­лекеттік жастар сыйлығының лауреаты атанды. Соңғы жазылған «Ұлы дала дидары» бү­гінде күнде тарихи көркем дүниеге ай­налды. Сонымен бірге батыр бабаларын («Ер-Қарасай», «Әйтей батыр», «Байсейіт батыр Тө­лесұлы») кескіндеді. Сондай-ақ оның іздем­паздықпен әрі шеберлікпен жазып шыққан Тәттімбет, Әлмеректің, Әйтей батырдың, Тө­лесұлы Байсейіт батырдың, Көдек ақынның портреттері оны тұпнұсқа портреттердің авторы етті. Ал Тоққожа Қожағұ­лов­тың сурет өнерін­дегі ба­ғытына келсек, ол бү­гін­де өз алдына жа­ңа ба­ғыт ретінде мойын­­далған. Түркі ха­лық­­тарының ежелгі тү­сі­нігінде, кейбір адам­дар­дың өзінің киесі (аң, жануар бейнесінде) және иесі (адам бейнесінде) болатыны, олар сол өмір сү­ріп жатқан адамды қор­ғап-қоршап, желеп-же­беп жүретіні, сол ар­қылы олардың санасы кеңейіп, әруақтар әлемі­мен байланысқа түсуі, со­лар арқылы Жарату­шы­ға (оның атын Тоба де­ген, То – Жаратушы, Ба – Баба, яғни Жаратушы ие дегенді білдіреді) жал­бары­нып, құдіретін мойын­дауы, сол арқылы ерек­ше бір тылсым күш­ке, қасиетке, ие болатыны туралы ұғым бар. Бұған әу­лие Бекет атаның «ар­қары», Райымбек батыр­дың «түйесі», Қарасай ба­тыр мен Жамбылдың «жолбарысы», Кемпірбай ақынның «көк ала үйрегі» т.б. сияқты киелерге бай­ланысты ел арасында ай­тылып жүрген аңыз-әңгі­мелер дәлел бола алады. Міне, Тоққожа осы ұғымды өз шығарма­шы­лығына арқау ете отырып «Жыр­дың қызыл жол­барысы. Жам­был», «Ер-Қара­сай», «Жыр­дың қара жорғасы.Үмбетәлі», «Мен» деген туындыларын жазу арқылы бей­нелеу өнеріне «Тобаизм» атты соны бағытын әкелді. Т.Қожағұловтың көптеген туындысы Қа­зақстан, Ресей, Қырғыз Республикасы мұра­жайларында, АҚШ, Түркия, Алмания, Жа­по­ния, Ресей, Балтық жағалауы елдері және Қа­зақ­станның жеке азаматтарының қолында сақтаулы. Ол қырықтан тан аса ғылыми ма­қаланың, 1 монография, 4 оқу-әдістемелік құрал­дың, «Зергерлік өнер әлемі» атты 2-томдық кітаптың құрастырушысы, сонымен бірге «Зергерлік өнер нақыштары» кітап-аль­бомның, «Бейнелеу өнері және сызу» ма­ман­дығы бойынша типтік бағдарламалардың ав­торы және өзінің «Тұлғат» атты шығарма­шылық жұмыстарының каталогын шығарған. Т.Қожағұловтың ғылыми-педа­го­ги­калық қызметінің үлкен бір саласы – Қазақ­стандағы жоғарғы оқу орындары мен орта мектеп үшін оқулықтар мен оқу құралдарын, бағ­дарламалар жасау, оларды жарыққа шы­ғару ісімен байланысты десек, 1999-2013 жыл­дар аралығында оның «Композиция пә­нінде дәстүрлі дүниетанымның негізінде студенттердің шығармашылық қабілетін қа­лыптастыру», «Натюрморт», «Живопись кафедрасының студенттеріне дипломдық жұмыс орындауға арналған әдістемелік нұсқау», «Тұлғат», «Болашақ бейнелеу өнері мұға­лімдерінің живопистік біліктерін дамытудың теориялық және практикалық тұрғылары» атты оқу құралдары, «Теоретичес­кие и практические аспекты развития живо­пис­ных умений будущих учителей изоб­ра­зительного искусства» монографиясы т.б. ғы­лыми еңбектері қазақ, орыс тілдерінде жарық көрді. Бұлардың бәрі де мамандар тарапынан жоғары бағаланған. Тоққожа Қожағұлов ұзақ жылғы жемісті ғы­лыми педагогикалық, шығармашылық, қоғамдық еңбегі Үкімет және қоғамдық ұйым­дар тарапынан жоғары бағаланып, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының, Халық­ара­лық Жамбыл атындағы сыйлықтың, М.Мақа­таев атындағы сыйлықтың лауреаты атанды. Со­нымен қатар көптеген медаль мен диплом­дар­дың иесі. «ҚР Білім беру ісінің Құрметті қызметкері», «Бейнелеу өнеріне сіңірген еңбегі үшін», «Ұлы елдің тарандысы» медальдарымен мара­патталған ғалым-ұстаз. Жалпы, Тоққожа Қожағұлов туын­ды­лары ха­лықтың ұғым-түсініктер не­гі­зінде жасалып, оларға ұлттық мифо­ло­гия­лық астар беріледі. Бұл – киелі аруақтардың құ­діретін қадірлейтін қазақ халқының ұлттық таным-түсінігінің өнерде трансфор­ма­ция­лануы арқылы ерекше адамдардың болмысын беруді мақсат тұтқан бағыт. Демек, қазақ кес­кіндеме өнеріндегі Тобаизм бағытының әлем­дік бейнелеу өнерінде алатын бар. Ол сурет­ші­нің ғана емес, ұлтымыздың әлемдік өнер та­ри­хында алатын орнын айқындайтыны анық. Тоққожаның «Абай», «Жамбыл», «Мұқа­ғали» атты портреттері көзге өте ыс­тық көрінеді. Ол картиналарға қараған адам аталған ақындарды тірлігінде көргендей күй кешеді. Өйткені ол портреттердің энергиясы өткір және ашық-жарқын және әрбірінің көз­дерінен сондай өмірсүйгіш ұшқынды сезесіз. Ал «Мен» деген автопортретінде өзінің талант құдіретін ақ қасқырмен байланыстырып сал­ғандықтан туындыдан рух асқақтығын се­зі­несіз. Міне, осындай ерекшеліктер суретшінің бол­мысын даралап, шығармашылық өзгеше­лігін танытады. Жақында Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің «Жасампаз» га­лерея­сында үздік портреттік туындылары қойы­лып, оның шығармашылығына арналған «Тоқ­қожаның қызыл алмасы» атты деректі киноновелланың тұсаукесері өтті. Фильмнің ре­жиссерлары әкелі-балалы Қалила және Мұх­тар Омаровтар. Музыкасын белгілі компо­зитор Бейбіт Дәлденбаев жазған. Фильм авторларының айтуынша, оның алғашқы түсірілімдері бұдан ширек ға­сыр бұрын басталған, бірақ фильм кейіп­керінің өтініші бойынша түсірілім жұмыстары уақытша тоқтап, ол биыл ғана толық жасалып біт­кен. Фильмде авторлар суретшінің дара­лығын барынша ашуға тырысқан. Тұсаукесерде сөйлеген белгілі режиссер Сергей Азимов пен фильм авторы Қалила Омаров­тар талантты суретші Тоққожа Қо­жағұлов шығармашылық ерекшелігі туралы, сөз сөйлеген өзге кісілер суретшінің шы­ғар­машылығымен қоса, «Тоққожаны қызыл ал­масы» фильмі туралы ойларын айтып, баға­сын берді. Сөйтіп қазақ бейнелеу өнерінің бір тұлғасы Тоққожа Қожағұлов шығармашылығы көрермендер алдында жан-жақты сарапталып, лайықты бағасын алды. Қалила ОМАРОВ, кинорежиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: – Менің су жаңа кино кейіпкерім Тоққожа Қожа­ғұлтың бойын да, ойын да өзімен кін­діктес ақиық ақын Мұқағалидың Хан тәңіріне ұқса­та­мын. Қылқалам ұстаған қолы одан да алтын. «Жам­был», «Мұқағали», «Абай» т.б. сол сияқ­ты тұ­шымды живопись портреттері – соның айғағы. «Тоққожаның қызыл алмасы» деректі фи­ль­мін­де айтар басты изюминка оның бағы мен соры туралы болмақ! Бағы – Адамзат тарихына Сальвадор Дали сюр­реализмді, Пикассо кубизмді, Ван Гог пос­тимпрессионизмді қалай әкелсе, Тоққожа да то­баизмді солай ашты, тұғырына қондыр­ды! Соры – әлемдік деңгейде насихаты жоқ! Жаныма бататыны, тағы бір қазақтың ғұла­ма­сы Әбіш Кекілбаевтің қанша жыл бұ­рын тұ­ғырына қондырған манкуртизм жаңа­лығын әлем­дік деңгейде құбылысқа айнал­дырып, же­місін көрген ұлы Шыңғыс Айтматов болды! Тобаизм – Тоққожаға әлемдік насихатты бұйырт­са, ол үшін Тоққожаның көрмесі өнер­тану меккесі – Парижді мойындатуы тиіс. Міне, «Тоқ­қожаның қызыл алмасы» осы жол­дағы ме­нің де бір тамшы үлесім болмақ! Айткүл ШАЛҒЫНБАЕВА, Тележурналистика ардагері, қоғам қайраткері, Қызылорда «Болашақ» университетінің ұстазы: – Қалеке, фильмді қарап шықтым. Сіздің фильмдеріңізді қашанда көркем туынды дең­гейіндегі шедевр десем, артық айтқандық емес. Сіз мықты суреткерісіз. Сіздің фильмдеріңіз кейіпкерлеріңіздің шынайы бейнесі мен шынайы өмірінің баянын көрсетумен қатар, кейіпкеріңіздің болмысын сакральды, кие, қастер, қасиеттерімен параллель алатыныңыз фильмдеріңіздің көркемдік шешімдерін анықтай түседі. Дәл осы фильмде суретшінің өз табиғатын сұхбат берушілер мен өнертанушылардың берген бағалары арқылы аша отырып, кейіпкеріңіздің талантымен бірге, өзіңіздің де дүниетанымыңызды, сурет әлемін қабылдауыңызды шебер жеткізгенсіз. Фильмнің өзегін ұстап тұрған сарқырай аққан тау өзені, судың асау ағынымен асыға домалаған қызыл алма – ол сіздің суреткерлік шеберлігіңіз. Талант өз иесін тапты. Фильмнің соңында да сарқылмаған сол талант өнер иесінің қолында қалды. Қазақтың бейнелеу өнерінде, өз әлемінде Тоққожа жалғыз емес екен. Оны қоршай тұра қалған, бір топ өзіңіз бастаған белгілі тұлғалар тұрған кадр, суретшінің өз өнерімен бірге жалғыз емес, рухани қолдаушы, тілекшілері бар екенін байқатады. Мұндай кадрды өз басым бірінші көруім. Көбіне таланттар жалғыз. Ол туралы пікір мен сыни баға берген сұхбаттар әр жерден, әр жақтан түсіріледі. (Отырған және суретшімен бірге отырғандардың артында азаматтар тұрған кадр, ортада бір кісі сөйлеп отыр). Әрине суретшінің жазған шығармалары жәй порт­рет емес. Киім, көзқарасы, мимика, поза, бояудан бөлек, айналасындағы детальдар ар­қылы суретші кейіпкерінің дүниелік миссиясы мен өмір жолындағы белестерін де көр­сете білген. Әсіресе, Мұқағали портретінде теріс қойылған сағат – Мұқағали фено­мені­нің уақытқа бағынбайтынын, Мұқағали өлеңдерінің жасай беретінін паш еткендей. Фильм көп қырлы, мазмұнды, мәнді әрі жаңа идеялық детальдарымен құнды деп ойлаймын.