«Тобаизм» – Тоққожаның бағыты мен бағы
28 сәуір, 2022 /
Ахмет ӨМІРЗАҚ
«Тобаизм» – Тоққожаның бағыты мен бағы
Ұлттық мәдениетімізде қазақ бейнелеу өнерінің алатын орны ерекше. Себебі бұл өнер түрі кәсіби тұрғыдан бізде кештеу қалыптасса да, тез дамып әлемдік биікке көтерілді. Бұрын қазақ өмірін өзге ұлттардан шыққан суретшілер бейнелесе, ХХ ғасырдың 20-30 жылдары Қазақ бейнелеу өнері шеберлері алғашқы қадамдарын жасады. Бейнелеу өнерінің кескіндеме мен графиканы жақсы меңгерген Н.Крутильников, Ә.Қастеев, Ә.Ысмайылов, И.Савельев, Б.Сәрсенбаев, Қ.Қожықов т.б. өздерінің мазмұны қарапайым алғашқы туындыларында елімізде дәуір келбетін жан-жақты бейнелеуге күш салды.
1928 жылы Семейде бейнелеу өнері шығармаларының алғашқы көрмесі ұйымдастырылса, 1933 жылы республика Суретшілер одағының ұйымдастыру комитеті құрылды. Арадан бір өткенде Мәскеудегі Шығыс мәдениетінің мемлекеттік мұражайында қазақ суретшілерінің тұңғыш көрмесі ұйымдастырылып, 1934 жылы Алматыда Қазақ мемлекеттік көркемсурет галереясы ашылды. Міне, бұл жағдайдың бәрі қазақ бейнелеу өнерінің тез дамып, өз алдына үлкен өнер саласына айналуына жол ашты.
Ал ІІ дүниежүзілік соғыстан кейінгі дәуірде елімізде бейнелеу өнерінің барлық түрі (кескіндеме, мүсіндеме, графика) жедел дамыды. Бұл тұста қазақ және өзбек халықтарына ортақ суреткер, қазақ табиғатын ерекше бейнелеген, алғашқы академик-суретші Орал Таңсықбаевтың шығармашылығы ұлттық бейнелеу өнерімізді биікке көтерді. Одан кейінгі дәуірлерде Қанафия Телжанов, Молдахмет Кенбаев, Сабыр Мәмбеев, Айша Ғалымбаева, Гүлфайрус Исмаилова, Үкі Әжиев, Салахиддин Айтбаев, Мақым Қисамединов, Ерболат Төлепбаев, Бексейіт Түлкиев, Темірхан Ордабеков, Анарбек Нақысбаев, Ағымсалы Дүзелханов, Қайырбай Зәкіров т.б. ондаған қылқалам шеберлері қазақ сурет өнерін биікке көтерді.
Қазір де қазақ бейнелеу өнерінде өз бағыты, өз стилі бар суретшілер аз емес. Солардың қатарында өнерде өз бағыты бар суретші Тоққожа Қожағұлов та бар. Биыл алпыс жасқа толып отырған Тоққожа Мұқажанұлы – Алматы облысындағы Жамбыл ауылының тумасы. Ол 1984 жылы Абай атындағы Қазақтың педагогикалық институтының көркемсурет – графика факультетін бітіріп, жолдамамен Жамбыл педагогикалық институтына жіберіліп, аталған институтының оқытушысы болып еңбек жолын бастаған.
1987 жылдан бүгінге дейін Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде қызмет атқарып келе жатқан Т. Қожағұлов содан бері облыстық, республикалық, бүкілодақтық, халықаралық көрмелерге үзбей қатысуда. 2017 жылы ҚР орталық музейінде 50-ден астам портреттерімен өткізген «Үнсіз музыка» атты жеке шығармашылық көрмесіне 2000-нан астам көрермен жиналып, өнертанушылар, ғалымдар мен мәдениет танушылар және көрермендерден жоғары баға алды.
Сурет өнеріндегі портреттік жанрда өз жолы, соны стилі бар Тоққожа Қожағұлов қазақтың бас ақыны Абайдың (М.Әуезов мұражайы), Жыр алыбы Жамбылдың «Жырдың қызыл жолбарысы. Жамбыл» (Жамбыл мұражайы), Жамбыл Жабаев (ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев жекеменшігінде), Ер-Қарасай (Рахат-палас қонақүйі), Әйтей батыр (Қаскелеңдегі тарихи-өлкетану мұражайы), Мұхтар Әуезовтің (Қырғыз Республикасы, Шолпанатадағы М.Әуезов мұражайы), ақиық ақын М.Мақатаевтың (М.Мақатаев мұражайы), менің анамның портреті (Ресей, көркемсурет дирекциясының қоры), Тәттімбеттің (Қарағандыдағы мұражай) ерекше портреттерін дүниеге әкелді. Сөйтіп, 1995 жылы Абайдың, 1996 жылы Жамбылдың, 1997 жылы М.Әуезовтің мерейтойларына арналған көрмелерде бас жүлдені жеңіп алып, жұмыстары Мәдениет министрлігі тарапынан музейлерге сатып алынды. Оның бейнелеу өнеріне сіңірген осындай сүбелі еңбектері үшін «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты атанды.
Соңғы жазылған «Ұлы дала дидары» бүгінде күнде тарихи көркем дүниеге айналды. Сонымен бірге батыр бабаларын («Ер-Қарасай», «Әйтей батыр», «Байсейіт батыр Төлесұлы») кескіндеді. Сондай-ақ оның іздемпаздықпен әрі шеберлікпен жазып шыққан Тәттімбет, Әлмеректің, Әйтей батырдың, Төлесұлы Байсейіт батырдың, Көдек ақынның портреттері оны тұпнұсқа портреттердің авторы етті.
Ал Тоққожа Қожағұловтың сурет өнеріндегі бағытына келсек, ол бүгінде өз алдына жаңа бағыт ретінде мойындалған. Түркі халықтарының ежелгі түсінігінде, кейбір адамдардың өзінің киесі (аң, жануар бейнесінде) және иесі (адам бейнесінде) болатыны, олар сол өмір сүріп жатқан адамды қорғап-қоршап, желеп-жебеп жүретіні, сол арқылы олардың санасы кеңейіп, әруақтар әлемімен байланысқа түсуі, солар арқылы Жаратушыға (оның атын Тоба деген, То – Жаратушы, Ба – Баба, яғни Жаратушы ие дегенді білдіреді) жалбарынып, құдіретін мойындауы, сол арқылы ерекше бір тылсым күшке, қасиетке, ие болатыны туралы ұғым бар. Бұған әулие Бекет атаның «арқары», Райымбек батырдың «түйесі», Қарасай батыр мен Жамбылдың «жолбарысы», Кемпірбай ақынның «көк ала үйрегі» т.б. сияқты киелерге байланысты ел арасында айтылып жүрген аңыз-әңгімелер дәлел бола алады. Міне, Тоққожа осы ұғымды өз шығармашылығына арқау ете отырып «Жырдың қызыл жолбарысы. Жамбыл», «Ер-Қарасай», «Жырдың қара жорғасы.Үмбетәлі», «Мен» деген туындыларын жазу арқылы бейнелеу өнеріне «Тобаизм» атты соны бағытын әкелді.
Т.Қожағұловтың көптеген туындысы Қазақстан, Ресей, Қырғыз Республикасы мұражайларында, АҚШ, Түркия, Алмания, Жапония, Ресей, Балтық жағалауы елдері және Қазақстанның жеке азаматтарының қолында сақтаулы. Ол қырықтан тан аса ғылыми мақаланың, 1 монография, 4 оқу-әдістемелік құралдың, «Зергерлік өнер әлемі» атты 2-томдық кітаптың құрастырушысы, сонымен бірге «Зергерлік өнер нақыштары» кітап-альбомның, «Бейнелеу өнері және сызу» мамандығы бойынша типтік бағдарламалардың авторы және өзінің «Тұлғат» атты шығармашылық жұмыстарының каталогын шығарған.
Т.Қожағұловтың ғылыми-педагогикалық қызметінің үлкен бір саласы – Қазақстандағы жоғарғы оқу орындары мен орта мектеп үшін оқулықтар мен оқу құралдарын, бағдарламалар жасау, оларды жарыққа шығару ісімен байланысты десек, 1999-2013 жылдар аралығында оның «Композиция пәнінде дәстүрлі дүниетанымның негізінде студенттердің шығармашылық қабілетін қалыптастыру», «Натюрморт», «Живопись кафедрасының студенттеріне дипломдық жұмыс орындауға арналған әдістемелік нұсқау», «Тұлғат», «Болашақ бейнелеу өнері мұғалімдерінің живопистік біліктерін дамытудың теориялық және практикалық тұрғылары» атты оқу құралдары, «Теоретические и практические аспекты развития живописных умений будущих учителей изобразительного искусства» монографиясы т.б. ғылыми еңбектері қазақ, орыс тілдерінде жарық көрді. Бұлардың бәрі де мамандар тарапынан жоғары бағаланған.
Тоққожа Қожағұлов ұзақ жылғы жемісті ғылыми педагогикалық, шығармашылық, қоғамдық еңбегі Үкімет және қоғамдық ұйымдар тарапынан жоғары бағаланып, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының, Халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтың, М.Мақатаев атындағы сыйлықтың лауреаты атанды. Сонымен қатар көптеген медаль мен дипломдардың иесі. «ҚР Білім беру ісінің Құрметті қызметкері», «Бейнелеу өнеріне сіңірген еңбегі үшін», «Ұлы елдің тарандысы» медальдарымен марапатталған ғалым-ұстаз.
Жалпы, Тоққожа Қожағұлов туындылары халықтың ұғым-түсініктер негізінде жасалып, оларға ұлттық мифологиялық астар беріледі. Бұл – киелі аруақтардың құдіретін қадірлейтін қазақ халқының ұлттық таным-түсінігінің өнерде трансформациялануы арқылы ерекше адамдардың болмысын беруді мақсат тұтқан бағыт. Демек, қазақ кескіндеме өнеріндегі Тобаизм бағытының әлемдік бейнелеу өнерінде алатын бар. Ол суретшінің ғана емес, ұлтымыздың әлемдік өнер тарихында алатын орнын айқындайтыны анық.
Тоққожаның «Абай», «Жамбыл», «Мұқағали» атты портреттері көзге өте ыстық көрінеді. Ол картиналарға қараған адам аталған ақындарды тірлігінде көргендей күй кешеді. Өйткені ол портреттердің энергиясы өткір және ашық-жарқын және әрбірінің көздерінен сондай өмірсүйгіш ұшқынды сезесіз. Ал «Мен» деген автопортретінде өзінің талант құдіретін ақ қасқырмен байланыстырып салғандықтан туындыдан рух асқақтығын сезінесіз. Міне, осындай ерекшеліктер суретшінің болмысын даралап, шығармашылық өзгешелігін танытады.
Жақында Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің «Жасампаз» галереясында үздік портреттік туындылары қойылып, оның шығармашылығына арналған «Тоққожаның қызыл алмасы» атты деректі киноновелланың тұсаукесері өтті. Фильмнің режиссерлары әкелі-балалы Қалила және Мұхтар Омаровтар. Музыкасын белгілі композитор Бейбіт Дәлденбаев жазған.
Фильм авторларының айтуынша, оның алғашқы түсірілімдері бұдан ширек ғасыр бұрын басталған, бірақ фильм кейіпкерінің өтініші бойынша түсірілім жұмыстары уақытша тоқтап, ол биыл ғана толық жасалып біткен. Фильмде авторлар суретшінің даралығын барынша ашуға тырысқан.
Тұсаукесерде сөйлеген белгілі режиссер Сергей Азимов пен фильм авторы Қалила Омаровтар талантты суретші Тоққожа Қожағұлов шығармашылық ерекшелігі туралы, сөз сөйлеген өзге кісілер суретшінің шығармашылығымен қоса, «Тоққожаны қызыл алмасы» фильмі туралы ойларын айтып, бағасын берді. Сөйтіп қазақ бейнелеу өнерінің бір тұлғасы Тоққожа Қожағұлов шығармашылығы көрермендер алдында жан-жақты сарапталып, лайықты бағасын алды.
Қалила ОМАРОВ,
кинорежиссер, Қазақстанның
еңбек сіңірген қайраткері:
– Менің су жаңа кино кейіпкерім Тоққожа Қожағұлтың бойын да, ойын да өзімен кіндіктес ақиық ақын Мұқағалидың Хан тәңіріне ұқсатамын. Қылқалам ұстаған қолы одан да алтын. «Жамбыл», «Мұқағали», «Абай» т.б. сол сияқты тұшымды живопись портреттері – соның айғағы.
«Тоққожаның қызыл алмасы» деректі фильмінде айтар басты изюминка оның бағы мен соры туралы болмақ!
Бағы – Адамзат тарихына Сальвадор Дали сюрреализмді, Пикассо кубизмді, Ван Гог постимпрессионизмді қалай әкелсе, Тоққожа да тобаизмді солай ашты, тұғырына қондырды! Соры – әлемдік деңгейде насихаты жоқ!
Жаныма бататыны, тағы бір қазақтың ғұламасы Әбіш Кекілбаевтің қанша жыл бұрын тұғырына қондырған манкуртизм жаңалығын әлемдік деңгейде құбылысқа айналдырып, жемісін көрген ұлы Шыңғыс Айтматов болды!
Тобаизм – Тоққожаға әлемдік насихатты бұйыртса, ол үшін Тоққожаның көрмесі өнертану меккесі – Парижді мойындатуы тиіс. Міне, «Тоққожаның қызыл алмасы» осы жолдағы менің де бір тамшы үлесім болмақ!
Айткүл ШАЛҒЫНБАЕВА,
Тележурналистика ардагері, қоғам қайраткері,
Қызылорда «Болашақ» университетінің ұстазы:
– Қалеке, фильмді қарап шықтым. Сіздің фильмдеріңізді қашанда көркем туынды деңгейіндегі шедевр десем, артық айтқандық емес. Сіз мықты суреткерісіз. Сіздің фильмдеріңіз кейіпкерлеріңіздің шынайы бейнесі мен шынайы өмірінің баянын көрсетумен қатар, кейіпкеріңіздің болмысын сакральды, кие, қастер, қасиеттерімен параллель алатыныңыз фильмдеріңіздің көркемдік шешімдерін анықтай түседі. Дәл осы фильмде суретшінің өз табиғатын сұхбат берушілер мен өнертанушылардың берген бағалары арқылы аша отырып, кейіпкеріңіздің талантымен бірге, өзіңіздің де дүниетанымыңызды, сурет әлемін қабылдауыңызды шебер жеткізгенсіз. Фильмнің өзегін ұстап тұрған сарқырай аққан тау өзені, судың асау ағынымен асыға домалаған қызыл алма – ол сіздің суреткерлік шеберлігіңіз. Талант өз иесін тапты. Фильмнің соңында да сарқылмаған сол талант өнер иесінің қолында қалды. Қазақтың бейнелеу өнерінде, өз әлемінде Тоққожа жалғыз емес екен. Оны қоршай тұра қалған, бір топ өзіңіз бастаған белгілі тұлғалар тұрған кадр, суретшінің өз өнерімен бірге жалғыз емес, рухани қолдаушы, тілекшілері бар екенін байқатады. Мұндай кадрды өз басым бірінші көруім.
Көбіне таланттар жалғыз. Ол туралы пікір мен сыни баға берген сұхбаттар әр жерден, әр жақтан түсіріледі. (Отырған және суретшімен бірге отырғандардың артында азаматтар тұрған кадр, ортада бір кісі сөйлеп отыр). Әрине суретшінің жазған шығармалары жәй портрет емес. Киім, көзқарасы, мимика, поза, бояудан бөлек, айналасындағы детальдар арқылы суретші кейіпкерінің дүниелік миссиясы мен өмір жолындағы белестерін де көрсете білген. Әсіресе, Мұқағали портретінде теріс қойылған сағат – Мұқағали феноменінің уақытқа бағынбайтынын, Мұқағали өлеңдерінің жасай беретінін паш еткендей. Фильм көп қырлы, мазмұнды, мәнді әрі жаңа идеялық детальдарымен құнды деп ойлаймын.