«Дүние-жалған» рухани кеші
«Дүние-жалған» рухани кеші
Биыл өзіндік стилі бар «Жастар театрының» құрылғанына – 15 жыл. Осыған орай театр ұжымы «Дүние-жалған» атты рухани кеш өткізіп, қос туындының тұсауын кесті.
Кеш барысында қырғыз жазушысы Сұлтан Раевтың «Жұмаққа қарай ұзақ жол» әфсанасы сахналанды. Онда қараңғыға қамалып, сенімі жоғалып, айдалада адасып жүрген адамдардың тұрмыс-тіршілігі баяндалады. Көне мен жаңаны бір арнаға тоғыстыра білген қоюшы-режиссер Нұрқанат Жақыпбай қойылым соңында «Қасиетті айда осындай бір шығарманы көрермен көрсе екен дедім. Мүмкін, мазалап жүрген ойларына жауап табар деген ойдамыз. Негізі, бұл біздің халықтың басынан өткен оқиға ғана емес, мен осы шығарма арқылы әлемдік деңгейде, жалпы адамзатқа жолымды салдым деп есептеймін» деді. Ізінше Нұрқанат Жақыпбай бастаған топ Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрлан Оразалиннің «Қарақазан ғасыр» драмалық дастанын ықшамдалған нұсқасын көрермен назарына ұсынды. «Қылкөпір» деген атпен шыққан бұл қойылым өткен ғасырдың 30-50 жылдарында қазақ еліндегі тарихи кезең шындығын суреттейді. Көрерменге ой салатын бұл спектакльде адамзатқа тән адамгершілік, имандылық секілді қасиеттерді ұлықтау, сондай-ақ жарық дүниеге келген сәттен бастап басқа өмірдің бар екенін ұмытпай, тәубеге келуі керек екені баяндалады. «Бұл – өлеңмен жазылған дүние. Мұнда бәрі бар, тозақ оты бар, жұмақтың төрі де бар. Онда адамдардың өмір үшін күресі баяндалады. Біз – Құдайға қайта оралып жатқан кезеңдердің адамдармыз. Жұмақ деген сөз жанымызға майдай жағады. Осының бәрі осы туындыда сипатталады», – деді Нұрлан Оразалин.
Театр ұжымын атаулы мерейтоймен құттықтап келген 300 адам ауызашар дастарқанынан дәм татты. Кеш соңында зиялы қауым өкілдері, ел ағалары тұсауы кесілген қос туындыға жоғары баға беріп, ыстық ықылас, ақжарма тілектерін жеткізді.
Ә.ІЗТІЛЕУ