Жаңалықтар

Жақсылыққа жаны жақын Елгезек аға

ашық дереккөзі

Жақсылыққа жаны жақын Елгезек аға

Сүлеймен Мәмет ағамен «Егеменге» қызметке орналасқан 2004 жылы таныстым. «Жақсыда жаттық жоқ» деген емес пе, Сүкең мені бірден өзімсініп, өзінің ақпейіл, елгезек мінезімен тез баурап, екеуміз бірден шүйіркелесіп кеттік. Ержұман Смайыл аға бас редактор болып жүргенде менің Желтоқсан оқиғасы туралы жазылған «Бітеу жара» атты кітабымды Сүкеңе беріп, пікір жазуға нұсқау берген екен. Ол кезде «Егемен» елдің аға басылымы, халықтың жанашыры ретінде әлеуметтің барлық жылт еткен жақсылығына назар аударып, қолдау білдіріп отыратын. Сол үрдіспен Ерағаң марқұм Сүкеңе менің кітабым туралы жылы пікір жазуды жүктеген ғой... Сүлеймен аға ол жолы пікір жаз­ған жоқ, өйткені сол кез­де Қызылжардың пе­динс­титутынан Самал Жәметқызы деген филология ғылымының кан­дидаты, әдебиетші қыздан ұзақ пікір келе қалып, сол материал жария­ла­нып кетті. Бірақ Сүкең жергілікті бас­паханада жарық көріп, сырт са­па­сы нашар болған сол «Бітеу жара­ны» үнемі айтып жүретін еді. Сөйтіп, «Бі­теу жараның» сылтауымен біз тез жа­қындасып, пікірлес, жан дүниеміз үндес болып кетті. «Бітеу жарадан» басқа «Өзгеленді бұл ғалам», «Жылдар жылжып бара­ды», «Күзде гүлдеген алмалар» және т.б. кітаптарыма ол өзінің пікірін біл­діріп, «Егеменнің» «Жаңа кітап» ай­дарына жариялап отырды. Бәрінде өзі­нің әділетті сөздерін айтып, кі­тап­тардың ойлы оқырманға берер пай­дасы мен көркемдігіне назар ау­дара­тын. Сүкең­нің өзі әлеуметтік маңы­зы зор, іргелі тақы­рып­тарға үнемі қалам тар­тып, сұхбаттасқан адамының ау­зы­на өткір мәселелерді салып оты­ра­тын еді. Әлі есімде, ол бірде белгілі мем­лекет және қоғам қайраткері Мыр­затай Жолдасбековтен дін мә­се­лесіне байланысты сұхбат алып, оның аузына «ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң қасіретің» деген сөз сал­ған. Шынында дін мәселесі бір кез­де бізде қатты күйіп тұрды. Құ­ран­­ды тереңнен ұқпай, оның та­лап­тарын үстірт танып және содан ай­нымаймыз деушілердің дауысы қат­ты шығып, қоғамда асыл діні­міз­дің өзін әр түрде танытушылар кө­бейіп, пікір таластары өрістеп бара жатты. Ішінара тартысқа да жол бері­ліп, Ақтөбе облысында қан тө­гіл­генін де білеміз. Осындай кезде абыз ақсақалдың аузымен өрттің өріс­теуіне жол берілмей, қуа өшірі­ліп, ақыры бықси сөніп, тартыс бір­тіндеп жойылған. Сүлеймен Мә­меттің осы сұхбаты еліміздің бар­лық түкпірінде талқыланып, ол туралы оң пікірлер қаулап айтылып жатты. Ген­дерлік саясат, баланың құ­қы деген сияқты мәсе­ле­лер­мен де сырттан келген «ақыл­­шылар» ежелден бұл мәсе­ле­лерде толеранттығы қалыптасқан, әйел­ді ешқашан кем тұтпаған, бала­ның құқын шектемеген қазақ еліне келіп, болмайтын әңгімелер айта бастаған кездер де болды. Соның жел­детуімен желегін желпілдетіп, ар-ұяттан безіп бара жатқан бір әйел­дер әлі де анда-санда көшеге шы­ғып, желігіп жүр. Батыстың адам құ­қының бұзылмауын қадағалау­шы­лары оның сақталуын алдымен бізден үйренсе керек еді. Қазақ «қыз­дың жолы жіңішке» деп ұятты алға қойғанымен әйелдің орнын ежелден «қыз бала – қонақ» деп құр­меттеп, төрден берді емес пе? Ақылды болса әйел­дің би болатын құқын да шек­теген емес. Ел билеп, билік айтқан, та­лас-тартысқа төрелік берген әйел­дер қаншама? Ал баланың азамат болып, адам болып қалыптасуының бар­лық кезеңіне көңіл бөліп, ата кө­ріп оқ жонған, шеше көріп тон піш­кен жастың қалыптасуын қада­ға­лаған қазақ тәрбиесі емес пе еді. Со­ның бәрін ескермей «Азия болса бол­­ды, әйелдің, баланың құқы бұ­зы­лады» деп ұрандатып бізге жеткен «ақылшылардың» қылықтарына, біз­дің нормаларымыздан ауыт­қы­маң­дар деген талаптарына күйіп-піс­кен жанның бірі – Сүкең. Ол ауы­зе­кі әңгімеде де, қаламының ұшымен де ұлтымыздың ұстынына іріткі са­­­латын осындай «ақылдарды» қат­ты сынап жүретін. Жалғыз өзі емес біз сияқты пікірлес інілері мен қа­рын­­дастарын да қосып алатын. Сү­кең­нің сөздері талай жанға ой са­лып, желікті басқанына өзіміздің де көзіміз жеткен. Сүкеңнің жаны шырылдап ара­­ласқан дүниесінің бірі – қазақ тілінің тағ­дыры. Бір кезде ол Алматыда, Шона Сма­хан­ұлы­ның соңынан еріп қазақ мек­тептерінің ашылуына ұйытқы бол­са, кейін Астана қаласында да жаңа қазақ мектептерінің ашылуына тер төкті. Еліміздің астанасы Ақмола қа­­ласына көшкенде қазақша бір-ақ мек­­тептің бар екеніне ол қатты на­мыс­­танып, өзіндей патриот жан­дар­мен бірлесіп бірнеше мектептің ашылуына ұйытқы болды. Сонымен бір­ге басқа білім ордаларының қа­за­қылануына, тілдің тереңдетіп оқылуына үнемі назар аударып оты­ра­тын. Астананың шенеуніктер қа­ла­сы емес, қазақтың рухани аста­насы болуы керек екенін ол қаламы тал­май жазып жүрді. Өзінің істерін еш­қашан бұлдамайтын Сүкең тек оңа­ша әңгімелерде ғана талай есік­терге кіріп, талай көзқамандардан ауыр сөздер естігенін де айтып жү­ре­­тін. Бірақ ұлтқа деген жана­шыр­лық, бойдағы мызғымайтын берік дің­гек Сүкеңді алған бетінен қай­тара алған жоқ. Ол әлі күнге ұлттық істердің жанашыры, күйіп-пісіп жүретін жанкүйері. Бір жылдары ол германия­лық неміс Ганс Цольман деген­нің қымызға автор­лық құ­қық бекіттіріп, ие болғанын естіп, қат­ты намыстанды. Сөйтсе өзімізде, Ал­матыда тұратын биоло­гия ғылым­да­рының докторы Зұл­қарнай Сейі­тов деген ақсақал қымыз дайын­дау­дың әлемдегі бірінші патентін тір­кеткен екен. Тіпті, құр­ғақ қымыз ұн­тағының, қойытылған қымыздың, саумалдың патентін де алыпты. Бірақ соның бәрін өзіміздегі Стан­дарт­тау, метрология және сер­тифи­кат­тау комитеті берген. Ал енді ха­лық­аралық деңгейде патент алайын десе біздегі Үкімет жұмыс­тарының ба­сында отырған безбүй­рек ше­неу­нік­тер ақша бөлуге баспай қойыпты. Сөй­тіп жүргенде немістер халық­ара­лық дәрежеде тіркетіп алып, барлық қы­мыз өндіретін кә­сіпорындарға па­тентін қолдануға рұқсат беріп, ақ­шасын күреп алып отыр. Сүкең про­фессор Зұлқарнай Сейітов аға­мыз­дан сұхбат алып, осы­ны елімізге күйінішпен жет­кізген еді... Қазақтың ұлттық дүниелерін жа­ны шырылдап қорғайтын, қо­лы­нан келіп жатса талмай қолдайтын Сү­леймен Мәмет ағамыз бүгінгі таң­да 70 жасқа толып отыр. Ол – қа­зақ­тың алғыр ойы мен патриоттарының ұста­ханасы ҚазМУ-дың түлегі. Оның курстастары күні бүгінге дейін бір-бірінен ажырамайтын қызу қарым-қа­тынаста. Осы қатынастың негізгі ұйыт­қысы Ержұман Смайыл аға бол­ғанда оның жанынан Сүлеймен Мә­мет, Қуаныш Жиенбай және т.б. іні­лері табылатын. Бірін-бірі іздеп, туыс­тарындай қолдап, қорғап жүре­тін оларға қызығып қарайсың. Елдің қай шетінде болса да олар бір-бірі­нен көз жазбай, хабар алып, қуа­ныш­­тарын бөлісіп жүреді. Осылар­дың ішінде біздің жерлес ағамыз, ақын, рәмізтанушы Ербол Шәй­мер­денов те болды. Өмірден ерте кеткен Ере­кеңнің барлық жабдықтарында жастары алпыстан асқан курс­тас­тары жас жігіттердей қызмет етіп, аяқ­тарының ұшымен жүрді. Әрқай­сы бір-бір үстелдің басында шіреніп отырса да жарасатын халыққа таны­мал жазушы, ақын, журналист, бас­па­гер адамдардың тізе бүкпей, жас жігіттердей қызмет көрсетіп жүгіріп жүр­геніне қалай таңғалмассың, қа­лай риза болмассың?.. Бұл – олардың ара­сында туыстықтан да ыстық сый­ластықтың, құрметтің қалып­тас­­қандығының белгісі. Және сон­дай қасиетті бәрінің бірдей бой­лары­на сіңіргеніне де таңғаласың. Сү­кең солардың ішіндегі де бір ел­ге­зегі болып көзге түсетін. Оның кі­ші­пейілдігі, адамға үнемі құрметпен қарай­тын сыпайылығы да ерекше. Өзінен әлдеқайда кіші өзімізді де ол тура атымызбен атамай, үнемі «Жә­ке­леп» тұрады. «Сыйға – сый, сыраға – бал» дегендей осындай ағаларды қа­лай сыйламассың... ҚазМУ-ден кейін Сүкең өзі туған Нарын­қол ауданындағы ауылында жеті жыл бойы мұғалім болған. Қо­лы қалт еткенде өлең, әңгіме, эсселер жазып, оны аудандық, облыстық республикалық газеттерге бастырып тұрады. Нарынқол ауданында жүріп Алматыны алған таланттар легі көп еке­нін білеміз. Мұқағали Мақа­таев­тан басталған ақындар мен жазу­шы­лар санын атап шығудың өзіне біраз уақыт керек болар еді. Бұл жағынан Нарынқол да Торғай өңірі сияқты қа­­­зақтың ақын-жазушыларын жүз­деп ұшырған құнарлы топырақ. Со­ның бірі болған Сүлеймен аға­мыз­­дың да барған сайын ұштала түскен қаламы астанаға тартып, ол республикалық «Жалын» баспасына редактор болып орналасады. Бас­па­гер қызметінің қаламгердің ішкі ты­­нысын тануға қол жеткізетін құ­­­діреті бар. Кез келген ақын-жазу­шы­ның поэзиясы мен прозасының іске татырлығын олар анадайдан біліп отырады. Сүкең де осындай ше­бер­лікке жетіп, баспада бірнеше жыл қызмет істегеннен кейін, 1990 жылы «Егемен Қазақстан» газетіне қызметке ауысады. Осы қызметте ол зейнет демалысына шыққанша ши­рек ғасырдай еңбек етті. Сүкең өзінің журналистік қыз­метінде, жоғарыда айт­қа­нымыздай, ұлтына қыз­мет етуді арттыра түсті. Әсіресе, өзі бөлім меңгерушісі болған білім мен мә­­дениет саласының пробле­ма­ларын көтеруде оның жазбаған та­қырыбы жоқ шығар. Шетелдіктерге беріл­ген асыраушысы жоқ балалар­дың тағдырына дейін араласып жүрді. Осы балалардың жағдайын көру үшін АҚШ-қа іссапармен ба­рып, олардың ешқандай ауру бала­лар емес екенін, тамақтары тоқ бол­­са да көздерінде мұң бар екенін жа­­зып, «Ар алдында» атты кітап шы­ғарды. Бұл талай жанның жүрек­те­рін толқытып, қоғамдық резонанс тудырып, ақыры шетелдіктерге асы­рап алуға берілетін балалардың тек аурушаң, туғаннан емдеуді қажет ете­тіндіктер ғана болу керек екеніне мән берілетін болды. Сүкеңнің еңбегін Үкімет пен «Егеменнің» басшылары да жоғары бағалады. Ол – «Құр­мет», «Парасат» ордендерінің иегері, Мәдениет қайраткері. Оның ұш­қыр қаламынан «Жыр бесік» атты жыр жинағы, «Ана суреті», «Перзент парызы» «Бейбаян тірлік» сияқты про­залық кітаптары, «Абай бол, қа­зақ», «Уақыт үні», «Ар алдында», «Көңіл көзі» секілді хикаят, әңгі­ме­лерден, публицистикалық сыр-сұх­баттардан тұратын кітаптары жа­рық көрген. Бірнеше кітабына өзіміз де пікір жазып, «Егеменнің» бетіне жа­риялап жүрдік. Ол – Жазушылар жә­не Журналистер одағының мү­ше­сі, «Нұр Сұңқар» сыйлығының иегері. Өздерінің кейбір мәсе­ле­лері­не қызу араласып, жа­на­шырлық біл­ді­ріп, олар­дың шешілуіне қолқабыс ти­гі­зіп жүрген соң жерлестері де Сү­­­кең­ді қатты құрметтейді. Ол – Ал­ма­­ты об­лы­сының Райымбек, Нарын­қол, Ең­бекшіқазақ аудан­дары­ның Құр­метті азаматы. Жетіп, пісіп отырған жасында біз Сүлеймен ағаға әлі де ұзақ ғұмыр, ұр­пақ қызығын көруді және шығар­ма­шылық табыс тілейміз. Аңқыл­да­ған ақ көңілімізбен әлі де арамызда аттай шауып, ұзақ жүруіңізге Алла нәсіп етсін.

Жақсыбай САМРАТ, жазушы

Қызылжар